• Әдебиет
  • 07 Маусым, 2012

Тірілердің тамыршысы – уақыт

Нұрлан Оразалин, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты «Дүние – үлкен көл, Заман – соққан жел...» Абай Бабаның сөзі Жыртылып ғасыр парағы, жұлдыздар көктен қарады. Бабадан қалған асылым, қай жаққа кетіп барады?! Күтуде қандай өр алдан? Білмеймін. Жауап бере алман. Жанымның алай-дүлейін... Үңіліп көрші! Көр, Аллам! Қысқартып үміт-қараны, ұзартып екі араны; Бабадан қалған киелім Далаға жел боп тарады... Тіл қатып қырдың бұлағы, қара орман сыңсып жылады; Алтайдан жеткен қазынам, өзен боп таудан құлады. Сағым боп көшіп жондардан, шаң басқан күре жолдардан Сарыарқа, Жайық жөңкіліп, кеудеме келіп қонды арман. Жүректі қозғап жиі ұрған, сарын боп жетіп қиырдан... Тәңіртау текті тұмарым, Жыр болып маған бұйырған... Сыздатып ескі жараны, теңселіп ойдың дарағы... Бабадан қалған қазынам, ортайып қайда барады?! Өртеніп дәуір құрағы, белгісіз бағыт, тұрағы... Ғарышқа кетіп бара ма? Көңілде – күдік-сұрағы?! Сырымды кімге төгейін? Кім үшін азап шегейін? Бабадан қалған асыл сөз, Сен кетсең... Ертең не дейін?! Дүние неден тарылды? Бүтінім неге жарылды? Өтінем жаңа ғасырдан, Сақтай көр! Сақта барымды. Сезімді сел қып, бу атып, төзімді тоз қып уатып, Өтінем Сөзін бабамның сақтай көр! Сақта, Тәңір-Уақыт! * * * Еңіретті... Өмір өтті... Келмейді... Өртеніп бос ұшырмағын желге ойды. Тірілердің тілегінде қанат бар, бір өлген жан екі қайтып өлмейді. Сабыр! Сабыр! Жарық ғалам – бір демдей, сұрапыл ой жүректі кеп бүргендей. Тірілердің қадамында қатер бар, құл пендеңіз жар жағалап жүргендей. Байқашы бір... Жер менен Көк арасы, қандай сұлу?! Неткен әсем қарашы?! Құрлықтарды сақтандырып мың сан үн, Сұмдықтардан сыздайтындай жарасы?! Сабыр! Сабыр! Ұшырмағын желге ойды, Өткен – өтті... Өртке кетті, келмейді. Тірілердің тамыршысы – Уақыт, бір өлген жан екі қайтып өлмейді. * * * Ей, жас ұрпақ! Қауырсының талмасын! Сөзің өткір... Ойың биік самғасын! Сенің анау кеудеңдегі көк жалын кешегімді келешекпен жалғасын! Сабырлы бол! Салауат айт өткенге досты кешір, жау жасама, кектенбе! Жарлы байып, жас жетілер күн туар, қолыңды соз, ойдан азап шеккенге. «Болдым» деме... «Толдым» деме... Сөтілме! Қу жалғанның қылкөпір тұр шетінде. Құдай – әділ... Қара қылды қақ жарар, Жақсылығың шығады алдан... Өкінбе! Тәңір – Ұлы таразылап, тұр қарап, қаһарланса, дүниені ырғамақ. Бар болу да, жоқ болу да – Құдайдан, күні жетсе, өзен мен көл құрғамақ. Жаратушым бүтіндейді жартыны, құзырында – бар ғаламның қарқыны. Өтінемін! «Ұлтым, аман болсын» деп, өткіз бәрін жүрек, сана арқылы... * * * Бүлік-ой... Бүлік-мұң... Жалғасты... Жеткізбей таң қашты. Ұстатпай ән қашты. Әлдекім миымды сүргілеп, жағама жармасты. Әлдекім үргізіп төбетін, көшемнен сән қашты, көгімнен ән қашты... Сезім – мұң... Ой – төсек... Сөз – жалқау... Тесердей жамбасты. Кеше кім едік? Бүгін кім болдық? Дүние алмасты, Даламды қар басты, Ғаламды шаң басты. Күдік-ой... Күдік-үн – кеудемде, жеткізбей таң қашты, ұстатпай ән қашты. Әлдекім жанымды жаңқалап, жағама жармасты. Шаршадым бидауа ғасырдан, Ақпаным... Көктемге жалғасты. Даламды қар басты, Ғаламды шаң басты. Жеткізбей таң қашты... Ұстатпай ән қашты... Аруақтары алаштың Жан алысып, жан беріскен кезім боп, қара көрік ғасырларым... Көзінде – от... Ала құйын заманалар күркіреп, бас көтеріп, сөйлейтіндей безілдеп... Бабалардың бірі – батыр, текті, ірі, бірі – дауыл, бірі – жауын, от – бірі, Жасқанбастан байтақ үшін бас тіккен, ақ сүңгі мен ақ семсердің өткірі. Жігер, намыс, жұмылдырған тілек бір, өткендердің бәрі – жайсаң, жүректі ұл. Әлі күнге Алашымның аспанын, сеземісің, аруақтарым тіреп тұр. Өңгерместің ауыр жүгін өңгеріп, теңгерместі тұрғандайын теңгеріп. Жүректерге жал бітіріп тұрғандай аруақтарым айдыныма өң беріп. Қуанғанда көзден жасы тамшылап, сөйлейтіндей (Тұрмақ қалай жан шыдап?!) Қамыққанда аруақтарым сілкініп, сабайтындай санамды кеп қамшылап. Шалыс бассам... Күңіреніп кейде шын, ақ дауыл боп сапырардай ой көшін... Қалың аруақ көкірегімде қозғалып, көктің ұлы жыртатындай жейдесін... Ерлік... Елдік... Жұмылдырған тілек бір, ерлерімнің бәрі жайсаң жүректі ұл. Әлі күнге Алашымның аспанын аруақтарым айбынымен тіреп тұр... * * * Өмір шіркін көнер емес, көнер емес ой-дағы; әлдеқайдан төнер елес, қуатты алып бойдағы. Жүрек сорлы тыпырлайды, сезімімді уатып; ескі қақпа сықырлайды, сыбырлайды уақыт. Құлағымның тұсына кеп, еске салып ертеңді... Өңім түгіл, түсім әлек, ойдан бойым өртенді... * * * Шапқан аттың дүбіріндей құлағымда бір үн бар кәрі еменнің түбіріндей қозғалмайтын сырым бар. Ұшқан құстың суылындай аспанымды шарлайды үн ұлы ғалам шуылындай қалғу көрмей – сарнаймын. Бір күн баймын, бір күн кедей, кеңістікті кеземін; бәрі, бәрі – бір күнгідей, өтеді өмір, сеземін. Бабалардай кешегі өткен, біз де бір күн көшерміз; қалып артта көше, көктем, жұлдыз сынды өшерміз. Аққайыңның күбіріндей қараша, күз мұңданар шапқан аттың дүбіріндей құлақтарда үн қалар... * * * Өмір сүру қиын, ә?! Басар жерің – қақпандай. Ойың – балға... Миыңа сына қағып жатқандай. Белгісіз ұл тынымсыз түртетіндей өкшені. Аспан үнсіз... Түн үнсіз... Үнсіздіктің жоқ шегі. Бірін-бірі кеміріп қысқа жіптей тірлікте жалғасуда өмір, ұқ, қойылғанша бір нүкте. Кеше... Бүгін... Осылай... Болмақ солай ертең де. (Ұрпақ едік, досым-ай, өскен қаулап өртеңде?..) Ерте, ерте көктемде ертегідей көркем-ді... Көп көрді ме көп пенде, өртеңіміз өртенді?! Сезу қалай қиын, ә?! Ой салмағы батпандай. Көктен біреу миыңа сына қағып жатқандай... * * * Түсінемін, түсінем... Алты миллиард адамзаттың ішінен дарындылар оза шауып ісімен, жалындылар көрінеді күшімен. Шешілмеген кешегі жұмбақ сырды бүгінгілер шешеді... Алымдылар уақытпенен алысып, шалымдылар жібермейді есені. Өр тірегі – өлі шың... Жер тірегі – үйлесім мен келісім. Мұңсыздардың Айы туып оңынан, қырсыздардың кезеді үні ел ішін. Ағараңдап білегі, қайың-ғалам күрсінеді, күледі. Армансыздың Күні туып солынан, қорғансыздың қалтырайды жүрегі. Түсінемін, түсінем... Алты миллиард адамзаттың ішінен дарындылар оза шауып ісімен, жалындылар көрінеді күшімен!.. Түсінемін... Түсінем!.. Қарадала (Туған жермен тілдесу) Қарадалада – қалың із, Қарадалада – жанымыз. Қарадалада – өткенім, төгілген кіндік қанымыз. Өргізген малын тебінге, біздің ел бай-ды тегінде... Қарадалада – әніміз, қыраны қалқыр көгінде. Беткейі – өлең-өрісім, Аспантаулардың төрі – шың; Түркіден қалған өлке бұл ту қылған Ана – Бөрісін. Көк жалын... Өрттей өзегім... Қанат қып ойды кеземін. Алаштың ұлы жұрты ғой, жұртымнан қайда беземін?! Сөйлеп бір кетсе боз далам, жел тиген шоқтай қозданам; бабадан қалған кең байтақ, өзің боп кейде қозғалам. Білгенге сырын ақтарған, қозғалар жыр бар Сақтардан тіл қатар Ғұн боп, Қаңлы боп Таңбалы тастан – хаттардан. Көгіне ән мен күй сіңген, көшпелі жұртым исінген, шежіре болып сөйлейді жаңғырып көне Үйсіннен. Баһадүр, ақын шетінен, қайтпаған алған бетінен, замана болып қол бұлғар Уақыт-желдің өтінен... Сілкініп таулар үн қатар, сергек құлақты тыңдатар. Дулыдан қалған тұмарым – қалың обалар тіл қатар. Шабылған, мың-сан таланған, бұзылған, неше қаланған сөйлейді Құндақ кеудемде, бұйырған ұлы ғаламнан. Қарадалада – қалың із, Қарадалада – жанымыз. Қарадалада киелі – төгілген кіндік қанымыз... * * * Ой сүреңі қопарылып талайғы, сезім шіркін аш бөрідей талайды. Талайды кеп жалғыз-жалқы пендесін, Тағдыр – асау... Сағат тілін санайды. Саяқ пенде... Теңіз... Дала... Дара шың... Іздейтіндей Жан дауасы жарасым; көрмек болып үйлесімін ғаламның, кезетіндей ғарыш пен жер арасын. Өткен дәуір... Дәуір емес, елестей, қалған алыс бір мәжіліс-кеңестей. Тояр емес, қояр емес талауын, сезім шіркін көнер тіпті еместей... Тіл қатып бір мұң-қуаныш, ән-қайғы, Өмір дейтін қанатты құс самғайды. Ой сүреңі қопарылып теңіздей, көнер емес, жалғанады, жалғайды. Жалған – түлкі алдайды... Мойындау «Любви все возрасты покорны...» У.Шекспир Ессіз кезде Жыр қолымен Айды алған... Қалай? Қашан? Көрдім Сені қай маңнан?! Есіңде ме, менің есті сыңарым, талайыма тағдырым боп байланған?! Алматының жыр саулаған кешінде, Көктөбенің көк мұнарлы төсінде... Жиырма жасар жас ақынды жаулаған, кекілді қыз, жымиғаның есімде. Іңір ме әлде? Екінді ме? Бесін бе?!. Құшағыма тығылғаның – есімде. Жаңғырып тұр жүрегімде сол бір сәт, қалған алыс уақыттың көшінде. Алатауға жұлдыз жауып аспаннан, жанарымнан моншақ-моншақ жас тамған. Сол бір кезді ұмытайын мен қалай, Махаббаттың сұрапылы басталған?! Жасыра алман... Қуанғаным – есімде, Ғасыр-арман... Жұбанғаның – есімде. Алматының нұр саулаған кешінде, Сезіміңмен суарғаның – есімде... Қайталанбас кез кешкенім – есімде, жұмбақ сәтпен кездескенім – есімде. Сенің нәркес жанарыңа мас болып, уақыттың тез көшкені – есімде... Жыл құсындай оралатын алыстан, жады шіркін секілді бір ән ұшқан. Тағдырыма мың шүкірлік айтамын, Ессіз күнде... Естім болып табысқан. * * * Танауымды кеулеп иісі аршаның, қиялдаудан, қия алмаудан шаршадым. Бозбала күн, боз тауымды іздеймін, тірлігімді қысатындай қарсы ағын. Қарсы ағында құдіретті күш бардай, мен көрмеген қараша-күз, қыс бардай. Көкіректі қысатындай ақ толқын, арманыма тіл бітірген құстардай. Сезім дел-сал... Көңіл күпті... Қорғасын... Әлдекімдер торитындай төр басын. Кешегінің кең мінезді қарттары қарсы алдымнан тартатындай жорғасын. Бала күнді сағынамын жиі шын, сағынғаннан – күмбір-күмбір күй ішім. Немеремді иіскеп тұрып аңсаймын туған елдің түтінінің иісін. Шамырқану Жоқ үстінде отырып, барларменен сөйлестім; айта алмаймын өтірік, ортайып сан – ой кештім. Жоқ үстінде отырып, байларменен теңестім; айта алмаймын өтірік, баймен байша кеңестім. Үрлеп ойдың көрігін, өрім үшін күрестім; Намыс – қамшы – серігім, Жерім үшін жыр естім. Жоқтың демеп иығын, бимен бише тілдестім; кешіп ойдың күйігін, оңашада мұң кештім. Ғаламменен тілдесіп, жазылды өрт-өлеңім; жоқ үстінде күн кешіп, жол үстінде келемін... 03.03.2001 жыл. Экспромт Ойлану керек! Ойланбай, сірә болмайды, ойланбау түбі – мол қайғы, ойланбай шықсаң – жол қайғы, ойсызға бақыт қонбайды. Ойсыздар несін толғайды?! Ойсыз пенделер... Бағыты, бағы беймәлім оспадар ұрпақ «сомдайды»... Ел менен Жұртты, Ұрпақ пен Ұлтты адастыруға болмайды! Ойлану керек! Ойланбай енді болмайды, ойсыздың ісі оңбайды, ойсызға сөзің қонбайды, ойлының ойын қамкөңіл ойлылар ғана қолдайды... Дүние – шолақ... Жол-қайғы. Толғайды көңіл, толғайды, қанатын өлең қомдайды... Өр менен Төрді, Ел менен Ерді адастыруға болмайды! Қоштасу (Бәйкен Әшімовтің рухына) Байекем өтті дегенше... Мызғымас емен-қалыптай, жеткізер ойын жанықпай Асылым өтті десеңші, Ғасырым өтті десеңші. Байекем өтті дегенше... Алыптарымның көзіндей, анықтарымның өзіндей Дарамыз өтті десеңші, Данамыз өтті десеңші. Байекем өтті дегенше... Қамқалы тонның жағасы, халқының қамқор ағасы Иеміз өтті десеңші, Киеміз өтті десеңші. Байекем өтті дегенше... Сабыры сары алтындай, сөйлейтін сөзін сарқылмай Беттіміз өтті десеңші, Тектіміз өтті десеңші. Бір дәуірі қазақтың, өтті-кетті десеңші... * * * Екі ғасыр тартысуда ішімде, екі ғасыр шарпысуда ісімде. Ой, санаға алдыратын еместей, алысуда өңім түгіл, түсімде... Екі ғасыр – қимасым мен қиғаным, кім жеңіліп, кім жеңеді? Беймәлім?! Бірі – сүлей... Бірі – дүлей тәрізді, қағысуда, шабысуда ми, қаным. Екі ғасыр... Бірі – жорға, бірі – асау, екі дәуір... Бірі – дертті, бірі – сау. Заман шіркін көнер емес ырыққа, Көңіл – зорда... Өмір – зорға... Жыр – асау... Айырмақ боп ақиқатын, анығын, өзімді-өзім шарболаттай жаныдым. Елестеді... Бірі – балам, бірі – өзім, жанарынан немеремді таныдым. Сілкіп-сілкіп жалынды мен оттыны, бабалардың қозғайтындай көкті үні. Екі ғасыр – көздің ақ пен қарасы, келіспейтін, бөліспейтін жоқ түгі... Екі ғасыр – ойым, сөзім, ісімде, алай-дүлей, ақ түтек бар ішімде. Жүрегімде көкпар тартып жатқандай, екі ғасыр өңім түгіл, түсімде...

3086 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8775

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7067

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4811

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4197

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4159

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4120

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3850

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3850

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы