• Мәдениет
  • 30 Наурыз, 2009

Ақша бұлттар жеткізсін сәлемімді

Құрметті «Ана тілі» газетінің редакциясы сіздерді жарым жылдай іздеп жүріп әрең таптым. «Дәм айдаса қалман» демекші осыдан тоғыз жыл бұрын Белгия топырағына келдім. Содан бері қазақтың ән-күйі түгілі сөзі де жоқ тым-тырыс күй кешудемін. Жан серігім өлеңге де қаламым жүрмей қалған. Өткен жылы консуль арқылы сіздердің газеттеріңізбен таныстым. Спутинктен «қазақ» хабарын көретін болдым. «Сөз патшасының» өзі басылыммен, тыңдарманмен, оқырманмен қатар дамитын қасиетті дүние-ғой! Енді міне қолыма қалам алып өлеңіммен қайта қауышып отырмын. Құрметті қандастарым! Жырақта жүрген жалғыздың үнін жатырқамассыздар! Тіл тілмен жетеді, тілді тіл ұғады. Сондықтан да өлеңімді ойы дана, көкірегі сара адамдар отыр-ау деп «Ана тілі» газетіне жолдап отырмын... Ырысалды ТӨКЕЕВА Келді қайтып өлеңім! Келді қайтып оятып, Өлең дейтін киелім. Әсем әндер тыңдатып, Берік қойып тиегін. Шыныменен ұмытып, Кеткенің бе бізді деп. Жүрегімді уатып, Аймалады ізгі леп! Нұрға толса көңілім, Жан дабылын қағысқан. Күрес-тірес өмірдің, Толқынында тоғысқан. Қайда менің жырларым, Адал, әділ серігім. Тоқтап қалған отымның, Қайта басты көрігін. Өшкенім орны толсын деп Қуанышым, ертеңім, Қызыл гүлім, өркенім. Жалықтырмас жайдарым, Әлди әнім, ертегім. Ертелі-кеш уілдеп, Еркелейді, тынбайды. Тілі шықты апалап, Қазақша ән тыңдайды. Еуропада тұрса да, Қазақ болып қалады. Өзге тілді игеріп, Биікке жол салады. Кәмила деп ат қойдым, Кемелді адам болсын деп. Қазақ тілмен баптаймын, Өшкенім орны толсын деп! Қазақ тілі Қазақ тілі биіксің мұнар, мүсін, Өзіңмен жыр жазамын мұң арылсын. Шабытымды шақырып тебіренейін, Шөлдеген жүрегіме нұр ағылсын! Қазақ тіл – қанға сіңген қасиетім, Мен ұрпағың өзіңе бас иетін. Қазақша ойлау қайтейін былай тұрсын, Тіл менсінбес ұрпағың – қасіретің. Қай мекенде тұрсам да, қандай елде, Өз нәсілім, өз тілім талмай өрле! Аспанда қалықтаған ақша бұлттар, Жеткізші сәлемімді туған елге!

3218 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы