• Тұлға
  • 14 Маусым, 2012

«Алашқа атым шыққан Әсет ақын» деген өнер дүлдүлінің атын әспеттеп жүрген азамат жайлы сыр

Алашта ән оздырған Әсет Найманбайұлының есімін білмейтін қазақ жоқ шығар, сірә. Ия, Әсет десе, ән десе ішкен асын жерге қоятын қазақ әншінің ғұмырына да, өмір сүрген ортасына да әркез қызығушылықпен қарайды. «Жақсының аты ортақ» демекші «Әсет бізде туған, Әсет бізде өскен» дегендей әңгіме айтудай-ақ айтылып келеді. Әйтсе де, Әсеттің қайда туып, қайда өскенін, оның өмірбаянын, оның ет жақын туысынан, қандасынан артық кім біледі дейсіз. Бұлай айтуымыздың себебі де жоқ емес. Сонау бір жылдары, нақтылағанда осыдан бес жыл бұрын «Арқаның Ақтоғай өңірі Әсеттің асын берейін деп жатыр екен» деген сөз жалпақ қауымға жайылды. Әсеттің атын естігенде елең етпейтін қазақ бар ма?! Естіген жұрт бір-біріне: «Оу, мұның ұйымдастырушысы, іздеушісі бар екен ғой. Артында қалған тұқымы кім екен?» деп жатты.

Әсеттің асын оның аталасы Нәуетайдың Майлы­ғынан тарайтын Смағұлдың ұрпағы Қапанның баласы Бақытбек соған мұрындық болып, қолға алыпты. – Ия, Бақытбектің аталары Байыс пен Қалыбай бірге туса, Қалыбайдан Найманбай, одан Әсет емес пе?! Әсеттің асын беруді ұйымдастырған Бақыт­­бек Қапанұлының атын көпшілік сол жолы кеңі­нен бір танып қалған еді. Ия, осылайша исі қазақ құрмет тұтқан Әсет­тің сол асы 2007 жылы Ақтоғайдың Қы­зыларайындағы Әулие тауының оңтүстік жағындағы Тастыбұлақ жайлауында, Әсеттің туған жерінде өткенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Ал, білгендер «Әсет Найманбаевқа арнап берілген сол ас өте ғажап өтті» деп оған жоғары баға бергенін де естідік. Ең бастысы – осы ас барысында Әсеттің туған жері Тастыбұлақта оның аты, тегі жазылған белгітастың қойылғаны. Сөйтіп, осы күнге дейін Әсеттің туған жерін әрі-сәріге салып жүргендер оның кіндік қаны осы Қызыларай бөктеріндегі Тастыбұлақта тамғанына көз жеткізді. «Бұл да болса Әсеттің тарихына қатысты орнықты бір деректің орнына келгені дейік» деп еді сол жолы ас ұйымдастыруға белсене қатысып, қол ұшын берген ел азаматы, қоғам қайраткері, заңгер Қабылсаят Әбішев. Бұл пікірге Әсет шығармашылығын зерттеп жүрген ақын-жазушылар Жәркен Бөдеш пен Бексұлтан Нұржекеевтер де қосылды. Әнші Әсетті әспеттеп, атын ардақтап, ас берген Бақытбек Қапанұлы Сыздықовтың ұлттың әдет-ғұрып, салт-дәстүрін жетік білетіндігі және біліп қана қоймай, оларды осы ас беру барысында ежелгі жол-жоралғыға сай атқарып өткенін баса айта кеткен жөн. Әсеттің белгілі туындыларымен бірге, ел арасына әлі де кең тарала қоймаған әндері де сол жолы көкке қанат қақты. Осының бәрі айналып келгенде көп ізденістің, көп төгілген тердің жемісі. Ал, төгілген терді, атқарылған істі бабасына бағыштаған Бақытбектің осы бір елдік істі ерлікпен атқарып шыққанын қашан, қай уақытта болса да ерекше бір сезіммен, ықыласпен, пейілмен, тіпті мақтанышпен айтуға әбден болады. Ия, мамандығы тұрғысынан келгенде Бақытбекті өнерге тікелей қатысы бар деп те айта алмайсыз. Жалпы Бақытбек жайлы, оның ататегі туралы, ол туып-өскен өңірде, Ақтоғай жерінде «Олар ұстаздардың ұрпағы!» деген тіркес қоса айтылады. Мұның да мәнісі бар. Бақытбектің үлкен атасы Смағұлдың Әбдірахымы кезінде тәп-тәуір білім алып, Қазан төңкерісінің алдында-ақ маңайдағы балаларға білім нәрін ұсынған. Ал, Әбдірахымның әкесі Смағұл белгілі қоғам қайраткері, Алаш ардақтысы Әлихан Бөкей­хановпен қатар туғанын айтсақ, тұрғыластары­нан қалмай, ел ішінде ерте көзге түскен айтулы­лар­дың бірі болғанын көзі көргендер кейін­гі­лер­ге айтып кеткен. Өз қатарының ішінде батыр­лығымен аты шыққан Смағұлдың суретін оның шөбересі Бақытбектің жұмыс кеңсесіндегі үстелінің үстінен көрдік. Ірі тұлғаның сексенге жақындағандағы түскен суретінің өзі оның жасында қандай болғанынан хабар беріп тұрғандай. Бір ғажабы – Смағұлдың өткір жанары айна қатесіз Бақытбекке көшкен­дей. Суреттегі бейнеге бір, Бақытбекке бір қарасаңыз ата мен баланың жалғасын көргендей боласыз. Ал, Смағұлдың мұндай ірі болуы оның арғы атасы, бүгінде қазақ тарихындағы ірі-ірі тұлғалармен, батырлар, бимен бірге аталып жүрген Айтқұлдың Қожам­бердісіне тартқандығынан болар. Ал Қожамберді батыр жайлы айтылатын аңыз-әңгіме көп. Соның бірі – мынау Іргелес отырған Тәуке төренің жыл сайын жылқысын қаптатып келіп, Қожамбердінің жайлауының үстінен шұбыртып өткеніне және мұның ауылын көзге ілмей өте шығатынына ыза болған Қожекең бір кеште төре жылқысының ішіндегі ең бір жарамды семізін иығына салып, көтеріп алып кетеді. Жылқы іздеген ізшілер төреге қайтып барып: «Уа, төре, қызық жайға тап болдық. Жылқыдан жаяу із шықты. Шамалыдан соң жаяудың ізі атқа ауысты. Осылайша кезектесіп белден асып, алыс кетті. Осыған аң-таң қалдық» дегенде, төре: «Оған несіне таң қаласыңдар, бұл маңайда Қо­жамбердіден басқа жылқыны тік көтеріп кететін кім бар дейсің. Батыр бізге ерулік бермедің деп, қарымтаға жылқы әкеткен екен. Енді оны со­йып та алған шығар» дейді. Шынында да, Қо­жамберді батыр жылқыны тік көтеріп кеткені кейін белгілі болады. Бұл әңгіменің соңы – төре мен батыр бітімге келіп, құдандалы жекжаттыққа жалғаса­ды. Әне, осындай алыптан осал кісі туа ма?! Ауыл арасында Смағұлдың – Смағұл батыр атануының бір негізі де осында жатқан сияқты. Ал, Смағұлдың Әбдірахымы төңкерістің алдында білім алған, кейін кеңестік жүйеде де оқу-ағарту ісінде үлкен жетістіктерге жеткен жан. Әбекеңнің абыройлы еңбегі сол кездерде де бағаланыпты. Ұлы Отан соғысының алдында, 1939 жылы жалпы Қарағанды облысы бойынша ұстаздар арасында тұңғыш рет Ленин орденін омырауына таққан адам осы Әбдірахым болғанын айтсақ та көп жайды аңғаруға болады. Тұтас бір өңірден әріптестері арасында бірінші болып Мәскеудегі Кремль сарайында, бүкілодақтық ақсақал атанған Калининнің өз қолынан Ленин орденін алған Әбдірахым Смағұлов. Міне, сол Әбдірахымның жолын оның кейінгі ұрпағы да жалғастырып, ұстаздық үрдіс үзілмей келген. Смағұлдың Сыздығының Қапаны да ұстаздықпен шұғыл­данып, көптің құрметіне бөленген. Ал Қапанның жұбайы, Қазақ КСР-іне еңбегі сіңген ұстаз Мәкен Ақатаева 40 жыл бастауыш сынып­қа сабақ беріп, бүлдіршіндерді болашаққа жете­леген. Осындай өнегелі, оқыған, білімді, зиялы ортадан қанаттанған ұл-қыздар да ел қажетіне жарап, тәуелсіз елдің көк туының еркін желбіреуіне хал-қадірлерінше үлес қосып келеді. Қапан мен Мәкеннің тәлім-тәрбиесін алып өскен, ата-тегінің атақ-даңқына қанық болған Бақытбектен ауылдастары бала кезінің өзінде-ақ үлкен үміт күткені рас. Бірі оны атақты жазушы болар десе, енді бірі көргенін қалт жібермейтін ғаламат суретші болады деп болжайтын. Ескі қисса-дастандарды, Әсеттің жырларын жатқа айтатын оны – бұл бала ақын болар дегендер де аз болған жоқ. Қалай дегенде де айтулы бір өнер иесі болар деген көптің ойына өзге емес Бақытбектің өзі де солай қосылатын. Мектепте жүргенде 7-сыныпқа дейін талапты суретші болды. Ол өсе келе Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы өнер училищесіне құжат тапсырсам дегенді қиял­дайтын. Ата-анасы да құп көргендей болды. Ата-ананың беттен қақпағанына мәз болып, мектепті бітірісімен аталған училищеге барған Бақытбек онда жалпы емтиханның әлдеқашан басталып кеткенін естіп, амал жоқ, өнер жолынан басқа жаққа бет бұрады. Бірақ өнерпаз ортадан сырт айналған жоқ. Күні бүгінге дейін жолдастары өнерлі азаматтардан саналады. Елдің ішіндегі от ауызды, орақ тілді шешендердің небір тамаша әңгіме-сөздерін жадында сақтап қалады. Бұрынғы билердің тоқтам сөздерін әр ісіне басшылыққа алады. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегенді өмірлік қағидасына айналдырған. Содан да болар «Сот жүйесіндегі бүгінгі заңдар­дың аясында бұрынғы бабалардың бітімгершілік саясатын ұстанған жан ұтпаса, ұтылмайды» дегенді де өз ортасында тұңғыш рет айтқан Бақытбек Қапанұлы дегенді оның әріптестері­нен естігенімізге де біраз болған. Одан қазылық­ты, билікті бұрмай, әділ жүргізу арға сын дегенді де жиі-жиі естиміз. Арғы атасы аруақты батырлар, атақты әнші, күйші, палуан болған Бақытбектің Қазыбек би атасындай қара қылды қақ жарар әділеттің жақтаушысы болуы заңды. Сонау бала кезіндегі арманы суретші болудан күдерін үзіп, алаң көңіл болған бала кейін келе Қазыбек би атасындай би болуды қалап Е.А.Бөкетов атын­дағы Қарағанды мемлекеттік университетінің құқықтану бөліміне құжат тапсырады. Университетте де үздіктердің көшін бас­тайды. Түрлі әдеби кештер мен кездесулердің бел ортасында да Бақытбек жүргенін, университетті қызыл дипломмен бітіргенін бірге оқыған достары, бүгінде ел таныған азаматтар қатарындағы Нұрлан Дулатбеков, Әмірхан Аманбаев, Берік Құлтасов, Талғат Зейнуллин, Бауыржан Смағұлов әр кезде де орынды мақтан етеді. Бақытбек 2010 жылдың 23 қыркүйегінде заң ғылымының кандидаты атағын қорғады. Жалпы сот жүйесіндегі өтілі 25 жылды қамтып отыр. Осынау жылдардың ішінде Бақытбек атына алғыстан басқа айтылмапты. Әсілі, соттың атына мақтаудан гөрі көбіне-көп өкпе-реніш айтылып жатса, біздің Бақытбекке байланысты осы уақытқа дейін бір де бір адам шағымданбапты. «Жақынға да, жатқа да ортақ болу міндетім» дейді ол өзі. Республика бойынша сот жүйесіндегі көрсеткіштерге көз жіберсек те, Бақытбек басқаратын Жезқазған қалалық сотының ұжымы алдыңғы лекте тұр. Ал, облыс бойынша үздіктер көшін бастаған Жезқазған қалалық сотының іс-тәжірибесі негізінде арнаулы облыстық семинар, тәжірибе алмасулардың өтуі де жемісті істің жетістігі саналады. «Бір күндік жақсы ат керек емес. Ардан аттап өте алмаймын. Ардан аттасам өлгенім емес пе? Қазыбек бабам «Ардан аттағаннан, өлген аюдың өті ар­тық» деген жоқ па?» деп шындықты пір тұтаты­нын аңғартады. Оның өмірлік қағидасы да осы. Қай істе де арлы болуды қалайды. Балаларына да ат қойғанда арды алға шығарған сияқты. Үлкені Қызғалдақтан кейінгі үш баласының аты да «Ар»-дан басталуы тегін емес. Арман, Аржан, Арназ. Қараңызшы мұнда да әділдіктің бас­тауы, адалдықтың ақ туы саналған ардың алға шыққанын көресіз. Сөз ретіне қарай айта кетейік, Бақытбектің сүйген жары да текті жерден. Қазақтың соңғы ханы Кенесарының Ақжолтайы атанған атақты Ағыбай батырдың Аманжол Тәтиінен тарайтын Өскембектің Бидәулетінің немересі Балтабайдың қызы Алмагүл. «Екі жақсы қосылса жаққан шамдай» деген емес пе. Шаңырақтары шуақты. Жеті атадан бері үзілмей келе жатқан қонақжайлық дәстүр, үлкенді сыйлау, кішіге ізет деген қазақы қалып бұзылмаған. Елдің ертеңі мен бүгінін елеп-екшеп, болашаққа үкілі үмітпен қарап, әр таңын жақсылыққа балап отырған Бақытбектің өзі де бүгінде ердің жасы елуге келіп қалды. Тәуелсіз елдің алға басқан қадамына өз үлесін қосып жүрген Бақытбек бір әңгіменің ретінде «Енді бір бес жылдан кейін Әсет бабамның туғанына 150 жыл толады. Оны республика көлемінде айтарлықтай атап өтуді ойлап жүрмін. Оған мүмкіндік те, жағдай да бар» деген еді. Қазақтың атын ән көгінде қалықтатып, алысқа жеткізген Әсет Найманбаевтың атын асқақтатып, асын берген азамат оның 150 жылдығын да өз деңгейінде атап өту мәселесін осы бастан қолға алған сыңайлы. Алдағы жылдары Әсеттің сүйегі жатқан Қытай еліндегі Іле аймағы «Көкқамыр» жайлауына барып, басына құлпытас орнатып, Құран бағыштап қайтуды ойлайды. Әсеттің поэ­малары мен ән-жырларын қайта бастырып, құрастырып шығару да ойда жүр. Әсет жайлы айтылғанда, түптеп келгенде түбі бір туысқаны Әсеттен тараған ұрпақты да тауып, танып, оларды ортаға әкеліп қайта қосқан да – осы Бақытбек. Әсеттің ұрпақтарынан Қожеке деген баласының немересі Ардақты туған-туыстарымен, басқа да бауырларымен Ақтоғайдың Қызыларайына арнайы шақырып, бабасы туған жерге табанын тигізіпті. Бұл да болса көргенділік. Бабалар ісінің бүгінге жалғасқаны дейік. Ердің жасы елуге келіп, жан-жағына көз салып, ұлт мүддесін ұлықтаған азаматтың аты алысқа жеткенін қалаймыз. Өз ортамызда осындай ұлтжанды, елім деген азаматтың болғанына қуанамыз. Батырбек Мырзабеков Жезқазған

5884 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 6786

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6005

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3743

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3132

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3090

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3066

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2794

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2779

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы