• Тұлға
  • 21 Маусым, 2012

Аузы дуалы, ісі бәтуалы

Ақтөбе қаласының тұрғыны, жасы сексеннің бесеуіне толған Төлебай Құрманалин қай кезеңде де сырбаз қалпынан ауытқымай аузы дуалы, ісі бәтуалы ардагерлер қатарында келеді. Көпшілікке мәлім, Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға Қазақстаннан шақырылғандардың соңғы легі 1926 жылы туғандар болатын. Бұдан бір жыл кейін дүние есігін ашқан Төлебай әкесі, ағаштан түйін түйген шебер Құрманалының қасында жүріп, бой бекіткенін тебірене есіне алады. Жалғыз аға әскерге алынып, хабар-ошарсыз кетті, әке-шешенің жасы ұлғайып қалған, арқа сүйер ешкім жоқ, Төкең өзін-өзі қайрамағанда қайтеді?! Сұрапыл жылдардың сол сабақтары кейін ауылшаруашылығы құрылымдарын, ауданды басқарған кезеңде кәдеге асты.Ұжымшар тірлігіне жегіліп, өзін-өзі шыңдаған балаң жігіт Темірдің техникумында небәрі екі ай оқып алған білімімен төрт жыл ауыл мектебінде мұғалім болады. Соғыс аяқталған соң көп ұзамай әскер қатарына шақырылып, Қиыр Шығыста төрт жыл екі ай азаматтық борышын өтеді.

Аға сержант шенімен оралған жігіттің орыс тілін тым-тәуір меңгергені Қарабұтақ ауданы басшыларының назарына іліккен еді. Төкең көбіне-көп өзінен гөрі алдында жол нұсқап, бағыт сілтеген ағаларын еске алуды жөн көреді. Ақтөбе облысында әр кезеңде ел басқарған Нұрқасым Бердіқұлов, Ідіріс Ермағанбетов, Бақи Шанов, Сейітмағамбет Қалпенов, Жағыпар Әміров, Алексей Трофимович Маркевич, Рамазан Нұржанов, Кемейдулла Төлеубай, Жақсылық Мусин, Нұралы Қаниев сияқты азаматтардың қимыл-қозғалысы, парасатты сөзі өзіне өмірлік сабақ болғанын айтудан жалықпайды. Әсіресе, Социалистік Еңбек Ері Бердіқұловтың жөні бөлек. Білімі аса көп болмаса да көкірегі кенен, толы, баяғы хандық дәуірдің жағы жоқ шешен билеріне ұқсайтын осы азамат Ақтөбе облысында теміржолдан шалғай жатқан Ойыл, Қарабұтақ, Ырғыз аудандарында бірінші басшы қызметін атқарып, соғыстан кейінгі ауыр кезеңде елді абыржытпай келелі іске жұмылдыра білді.Сталиннің қылышынан қан тамып тұрған шақта – 1948 жылы бір ғана Ырғыздан 23 адам Социалистік Еңбек Ері атағын алуы (ішінде аупарткомның бірінші хатшысы Нұрекеңнің өзі де бар) неге тұрады?! Қарабұтақ ауданының басшылығында Бердіқұловтың қырағы көзі аудандық жоспарлау бөлімінде экономист болып жүрген Құрманалинге түсіп, аудандық комсомол конференциясында екінші хатшылыққа сайланды. 1955 жылдың тамыз айында СОКП Орталық Комитетінің әйгілі қыркүйек Пленумы өткізілгені тарихтан мәлім. Пленум қаулысына сәйкес тың және тыңайған жерлерді игеруге отыз мың коммунист пен комсомол жіберілді. Жоғарыда біз айтып өткен Бердіқұлов Төлебай Құрманалинді шақыртып алып, Ленин атындағы ұжымшар басқармасының төрағалығына баруды ұсынады. Бюро қаулысын алып, облыстық партия комитетінің ауылшаруашылығы жөніндегі хатшысы Ыбырай Бақырайұлы Жұмағалиевтің қабылдауында болып, келісімін алды. Келесі жылы ұжымшар 3600 гектар алқапқа егіс салды. Жас төрағаның тәртіпті босаңсытпай талап қоя білуі бар, бір жағынан ауа райының қолайлығы ықпал етіп, ұжымшар жоспарды екі жарым есе асыра орындап, мемлекет қоймасына 12 мың 800 центнер астық құйды. Миллиард пұт астығымен Отанды қуантқан Қазақстанның ауылшаруашылығы құрылымдарына «Победа» маркалы үш жүз жеңіл автокөлік берілді. Соның екеуі Қарабұтақ ауданына бөлініп, бірін жасы жағынан үлкен төраға Төреғали Жұмағалиев, екіншісін ең жас басшы Құрманалин мінді. Төкеңнің бұдан кейінгі еңбек жолдары ғибратты істерге толы. Кеңшар парткомының хатшысы, кеңшар директоры, аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметтерін адал атқарып, республикалық дәрежедегі дербес зейнет демалысына шықты. Қажырлы еңбектің айғағындай болып, омырауында екі Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендері, сегіз медаль жарқырайды. «Қазақ КСР ауылшаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері» атағымен марапатталды. Үш ұл, бес қыздың жоғары білім алып, әр­қайсысы шаңырақ көтергені, олардан 17 немере, 2 шөбере сүйіп отырғаны – ардагер үшін Алланың өзі берген абырой. «Өз дәуірінде салиқалы ісімен, терең бі­лімімен елге аты шыққан Тахауи Боранқұловтың қызы Расбекпен көңіл жарастырып, шаңырақ көтергенім бақытыма жол ашты» дейді ағамыз таяу жылдары дүниеден озған қосағын еске алып. Шынында ол кісі ұстаздық жұмыстан қол үзбей жүріп, отағасына барынша қолдау жасады, еркін тұрып-жүруіне ықпал етті. Қарт атасы мен енесін қолында жиырма жеті жыл бағып, ақтық сапарға шығарып салды. Сөйтіп жүріп, дүниеге сегіз перзент әкеліп, қатарға қосты. Ойы терең, көзі ашық азамат жанына жалау, көкірегіне самал бола білген жарына тағзым ретінде «Асыл жан» атты кітапты баспадан шығарып, сөреде тұрған өзінің «Өмір өткелдері» деп аталатын кітабының қасына қойды. Қарабұтақ селосына таяу жердегі Саришан қорымында марқұмның кесенесін тұрғызғаннан кейін балалары Нағашыбай мен Бағланды арнайы ертіп барып, кесене іргесіне үш түп ақ қайың отырғызды. Қазір сол қайыңдар әдемі бой алып келеді. Төкең айына кемінде екі рет Ақтөбеден 210 шақырым жердегі Саришан қорымына әдейі барып, марқұмға тәу етуден жаңылған емес. Төлебай Құрманалиннің соңғы жылдарда тындырған үлкен шаруасы – тарихта Алшын Қаражігіт би деген атаумен қалған даңқты бабаны ұрпақ жадына оралтуы еді. Ел ішінде құймақұлақ қариялар баба мүрдесі Қызылорда облысы, Арал ауданының Төбебұлақ деген жерінде жерленгенін айтып кетіпті. Алғашқы деректер Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Зәкіратдин Байдосовтың «Үш ғасыр перзенттері» атты кітабында келтіріледі. Бір қа­уым ағайынның ақсақалы Төлебай қасына әкелі-балалы Өтеміс пен Мұрат Жөребековтер­ді ертіп, Ақтөбе қаласынан жеті жүз шақырымдай қашықтықтағы Төбебұлаққа барып қайтады. Сол ауылдың тұрғылықты адамдарымен құрған ашық-жарқын әңгіме-сұхбат барысында олар көнекөз қариялардың зираттағы мүрде өз дәуірінде танымал болған тұлғанікі екенін айтқанын баяндайды. Бұдан әрі суретін салдыру, мүсін жасату, кесене жобасын дайындату, кесене салу жұмыстары­ның басы-қасында Төлебай ағамыз ерінбей-жа­лықпай жүрді.Ұрпақтарының өтінішімен про­фессор Зәкіратдин Байдосов мұрағат дерек­тері негізінде «Қаражігіт» атты кітап жазып шы­ғарды. Әрине, бұл жұмыстардың бәрі арнайы ашыл­ған қорға зерделі азаматтардың өз ықыласы­мен қаржы аударуы арқылы шешілді. 2010 жылы желтоқсан айында шалғайдағы Төбебұлақта халқымыздың мақтан етер ұлдарының бірі Қаражігіт Бектауұлының зәулім кесенесі салтанатты түрде ашылды. Дипломат, шешен, ел мұңын жоқтаған абзал баба Қаражігіт Бектауұлының мөрі Шалқар қаласында тұратын ұрпағы Қаражан (Тайша) Дәулетұлының үйінде сақтаулы. Шалқар қаласында тарихи тұлға есімі көшеге берілді. Енді Төлебай Құрманалин қанатын кеңге жайып келе жатқан әсем қала Ақтөбеде жаңа, кең көшелердің біріне баба есімін алып беру шаруасының басы-қасында жүр. Бұл істің сәтімен орындаларына бек сенімді. Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ, журналист Ақтөбе

3314 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7265

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6233

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3974

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3364

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3323

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3292

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3020

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3008

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы