• Тұлға
  • 21 Маусым, 2012

Қаламгер қарымы

Мәкең менің күнде бірге жүрген қатар құрбым емес, ол кісі өмірде де, шығармашылықта да аға буынның өкілі саналады, сондықтан, мен бұл жерде ағаның жеке өзі туралы көсіліп көп ештеңе айта алмас едім, алайда жазушылық тұрғыдан келгенде, алдыңғы толқын ағаның шығармашылығы хақында ауыз толтырып айтуыма әбден-ақ болады. Марат аға Алматыдағы қазіргі әл-Фараби атындағы университеттің журналистика факультетін бізден көп бұрын оқып бітіріпті. Алайда қазақ журналистикасының қара шаңырағы саналатын бұл жоғары оқу орнының бұрынғы өткен бай дәстүрі де бар ғой, онда кезінде бүгінде есімдері аңыздай айтылатын талай қайраткер, зиялы тұлғалар дәріс оқып, шәкірттер тәрбиелегені де рас. Сонау Атыраудың Мақатынан (қазіргі Қызылқоға) Алматыға қаламгер болуды мақсат етіп келген Марат аға сол кездегі «КазГУ»-дің тұнығынан қанып ішіп, зиялылық жолына да ерте түсіпті. Өзінің тырнақалды шығармаларымен-ақ алдыңғы толқын ағалардың көздеріне ерте ілікті. Ағаның болашақта жақсы жазушы, байсалды қаламгерлер санатына қосылатындығын да алғаш рет сол тұстағы алдыңғы буын өкілдері анық сезінді. Әйтпесе, 1979 жылы «Қып-қызыл жалын», 1983 жылы «Құлынды жон» прозалық жинақтарымен-ақ қазіргі заманғы қазақ прозасының қалың ортасына келіп қосылған жазушы Алматыдағы өзінің бағына бұйырған журналдар редакцияларында кәдімгідей-ақ қадала жұмыс істеп, бір жерде ұзақ уақыт бойына еш тапжылмай отырар ма еді?! Оған темірдей төзім, әрі қаламгердің өзіне және өзінің шығармашылығына деген зор сенімі мен үлкен бір үміті де болуы қажет қой.

Менің бір білетінім, Марат аға кезінде өзінің әңгіме, хикаяттарымен «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз», «Жалын» журналдарында жиі көрініп, қалың қазақ оқырмандарына сөзге ұста, шығармашылық ұстаныма берік қаламгер ретінде жақсы-ақ танылғанымен, қарапайым өмірде сол тұстағы республикалық «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») журналы редакциясының отымен кіріп, күлімен шыққан «еңбек торыларының» санатынан саналады. Елдің аса беделді зиялылар журналының талғам-талабы, елдің әр қиырындағы зиялы оқырмандарының сұранысына сай жұмыс жасап, кезінде бұл басылымның талай мыңдаған данамен таралуына біз қадір тұтатын қаламгер ағаның да маңдай тері төгіліп, көп еңбегі сіңді. Осы басылымның шығармашылық ахуалына кәдімгідей-ақ ықпалы жүріп, қолында көптеген мүмкіндіктері бола тұрса да, Марат аға кезінде көрінген тақырыпқа жармасып, журналдың бетінде тым жиі көріне беруге де аса құмар болмағандығы тағы шындық. Бұны мен тегіннен-тегін айтып отырғаным жоқ, бертінде біз Марат ағамен «Қазақ газеттеріне» (ЖШС) қарасты редакцияларда қызметтес те болдық. Мәкең республикалық «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналы бас редакторының ұзақ жылдардан бергі орынбасары еді. Ол кезінде өзінің «Парасат» журналының редакциясында ұстанған парасатты ұстанымдарын осы редакцияның шығармашылық өмірінде де берік ұстана білді. Марат аға редакцияда бас редактордың орынбасары болған жылдарда басылымның әрі қарай өзіндік бағыт-бағдарын берік ұстанып, қалың қазақ оқырмандарын қызықты да, мазмұнды, татымды материалдарымен баурай беруіне бір кісідей-ақ атсалысты. Көбінесе жергілікті авторларды көбірек тартуға тырысып, кезекті басылымға жаздырту науқаны кезінде жер-жердегі оқырмандардың арасына өзі де жиі баратын. Бұл ретте осыдан алты-жеті жылдай уақыт бұрын, «Қазақ газеттері» ұйымдастырған шығармашылық топтың құрамында Марат ағамен Алматы облысында сапарлас та болғанымыз бар. Сонда көрдік, жасы бізден анағұрлым үлкен, аға буын қаламгер, лауазымды қызметкер бола тұрса да Мәкеңнің ешқандай менмендігі жоқ, әрі оқырман жұртшылықтың алдында өте қарапайым да, байсалды түрде сөйлеп, өзінің көп білетінін, өмірдің парқын тереңнен түсінетіндігімен ол сонда жергілікті қарапайым оқырмандарды ғана емес, талайдан бері өзінің жанында жүрген біздің өзімізді де бір сүйсініп еді. Жалпы, жазушы Мәжитовтың бойында өзгелерді таңғалдыратын жайттар аз емес. Ол қай кезде де бейнебір мектепке бара жатқан балалар секілді, өте таза, әрі келісті киінеді. Өзінің қаламдас қатарластары мен кейінгі өзінің ізін басқан інілерінің қадамдарына да назар аударып жүреді. Өзімен бір редакцияда ұзақ жыл бірге қызмет жасаған жазушы Ахат Жақсыбаев ағамыз кезінде партизан жазушы, Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтың өмірінен көлемді роман жазып, кейін өз алдына бір жеке кітап етіп шығартып еді, соған да Марат аға қолына қалам ұстағандардың арасында алғашқылардың бірі болып, жылы пікірін білдіріп, «Қайтпас қайсар Қайсенов» романына ақ жол тіледі. Елбасының бастамасымен астанамыз Сарыарқаның төсіне көшіріліп, әлем картасында Астана деген алып шаһар пайда болғанда, қарымды қаламгер, ел зиялысы Марат аға сол кездегі өзі қызмет жасайтын «Ақиқат» журналында көлемді мақала жазып, Астанамыздың алдағы алар асу-белестері хақында да алғашқылардың бірі болып төгілте жазған еді. Ал, былтыр қаламдас інісі Мереке Құлкеновтың шығармашылығы хақында ағалық ой-пікірлерін ақтарыла ортаға салды. Осы шағын мақаламыздың өзінде-ақ Мәжитов-журналист, Мәжитов-публицист хақында да біраз әңгіме айтуға болар еді. Өйткені Мәкең қандай тақырыпты қолға алса да, оған ешқашан жүрдім-бардым қараған емес, ол қайта өзінің не айтып отырғандығына және қалай айтып отырғандығына үлкен мән беріп, кейін оның елге-жұртқа қалайша әсер етіп, қалайша қоғамдық өмірдің қозғаушы күшіне айналарына дейін де алдын ала өзінің зейін-зердесіне мұқият тоқып алады. Ащы айтатын да, қатты айтатын да кездері баршылық, бірақ ол қай кезде де жұрт білетін жазушы деген биігінен төмендеп, өзінің болмыс-бітімін жоғалтып көрген жан емес. Жалпы, жазушы қауымның шығармашылығының болмыс-бітімі оның мінезіне де байланысты болып келеді, ал, жазушының мінезі дегеніміз оның туған жеріне, өскен ортасына да байланысты болып, сондағы өзінің бойға ілген жақсы қасиеттерінен де қалыптаспайтын ба еді? Кезінде Асан Қайғының өзі жырлап өткен Ойыл өңірі – Марат ағаның туып-өскен жері. Бұл өңір тарихқа бай. Жазушы Мәжитовтың шығармашылығына қарап отырып, оның көркем шығармадағы таусылмайтын тақырыпты, шынайы оқиғаларды, кейіпкер болмыстарын, кісі қызыққандай сөз саптаулары мен сөзден өрілген өрелі пайым-парасатты да сол бір тарихи өңірден бойға сіңіргенін байқаймыз. Бір таңғаларлығы, Мәжитовтың қай жанрдағы туындысын алсаңыз да олардың кейіпкерлері оқырманын мезі етіп жалықтырмайды. Мен бұл жерде жазушы ағаның бұрынырақта жарық көріп, өзін сөзге ұста, шебер жазушы ретінде танытқан «Қып-қызыл жалын», «Құлынды жон», «Соңғы айналым», «Құмдағы із» кітаптарына енген ондаған әңгіме, хикаяттарына тоқталмай, соңғы жылдары бірінен соң бірі жарық көрген «Құныскерей», «Тобанияз» атты тарихи романдарына қарай ойыссам, ауыз тұщытып айтылар әңгімелер аз емес. Жаңа кезеңдегі қазақ әдебиетін тақырып жағынан да, өзінің көркемдігі жағынан да толықтырып, байыта түскен бұл екі романның кейіпкерлері – тарихта болған адамдар. Ал, тарихи тақырыптың өзіндік қатпар-қырлары мен жауапкершілігі көп. Қай кезде де, қай заманда да тарихи тақырыпқа қалам тербеген қаламгерлер ел жадымен есептеспей отыра алмаған. Осы тұрғыдан келгенде, Мәжитов өзінің аталмыш қос туындысын жазуға отырар кезде, атақты «Үш қиян» – алып аймақты ұзақ жылдар бойына аралап, кезінде «банды» деген атымен елге танымал болған кеңестік өкіметтің қас жауы Құныскерей мен кешегі тоталитарлық қоғамға бүтіндей жан-тәнімен қарсылық көрсетіп өткен қайраткер тұлға Тобанияз туралы көптеген мұрағаттық деректерді ел арасындағы танымдық деректермен де салыстыра зерттегендігі аңғарылады. Бұлай дейтін себебіміз, бұл екі тұлғаның өмірі кешегі кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарында небір дүрбелеңді оқиғаларға толы болды. Бірі қазақ қоғамына қайғы-қасіретін өзімен бірге ала келген кеңестік жүйені қабылдай алмай, асыра кеңесшіл болғандармен арпалысып, оларға бой бермей, кей жағдайларда солардан кек алумен өтсе, екіншісі кеңестік жүйенің қазақ қоғамы әліге дейін түсіне алмай отырған көп кілтипандарын ерте ұғынып алдағы қауіп-қатерлерден ерте сақтанып, сол бір қатыгез қоғамдық жүйеге қарсы қарулы көтерілістерді де ұйымдастырады. Бірақ кезінде олардың екеуі де жеңіске жете алмады, екеуі де кеңестік қатал биліктің өктемдігінен қатты зардап шекті. Дей тұрсақ та, көзі ашық, көкірегі ояу, ірі қайраткер тұлға Тобанияз да, тірісінде ондай биікке дейін көтеріле алмағанмен, көңілі пәк, жаны таза, қаншама жылдар бойына кеңестік биліктің құрығынан қашып-пысып, түз-далада саяқ жүрсе де, қарапайым ауыл тұрғындарына ешқандай қиянаты болмаған Құныскерей де қалың елдің тәуелсіздікке деген ұмтылысы мен ішкі әлеміндегі сенімінің туын жықпай, тік жүріп өтті. Қос романның көркемдік идеясы, ішкі рухының тылсымы, терең сырлары осындай. «Құныскерейге» қарағанда, «Тобанияз» романы жазушының тарих тереңіне қарай батыл қадамдар жасап, кесекті ой айтуға деген үлкен бір ұмтылысын да көрсетіп отыр. Қысқартып айтар болсақ, жазушы Мәжитовтың бұл туындысы – өте сәтті шыққан романдар. Қабырғалы қаламгер соңғы екі-үш жылдан бері кезінде өзі ақ тілеу тілеп, қаламдастары арасында алғашқылардың бірі болып мақала жазған Астана қаласында тұрады. Демек, Астанадағы шығармашылық, зиялылық орта қазақтың Мәжитовтай сөзге ұста, шығармашылық ұстанымына берік, азаматтығы мен адамгершілік қасиеттері мол тағы бір қаламгермен толықты. Жақсы аға жақында жетпістің белесіне көтерілді, рухы мықты қаламгердің өз оқырмандарын талай тың туындыларымен қуанта береріне сеніміміз мол. Серікқали ХАСАН, жазушы

3602 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7067

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6137

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3876

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3268

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3222

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3197

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2925

Бақытжан Сатершинов, дінтанушы: ЗАҢДЫ БІЛГЕН ЗАМАНДЫ ДА БІЛЕДІ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2913

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы