• Тұлға
  • 21 Маусым, 2012

Бір күндік іссапар

Автордың ойы: ...Қаладан ертелетіп шыққан «Джип» батысқа қарай бет алып, жүйткіп келеді. Атырау-Астрахань тас жолына түскесін, жүрісін тіпті үдете түсті. Алдыңғы орында отырған Бақтыгерей жан-жағына барлай қарап келеді. Тым жақсы өндірістік аймақ қалыптасып қалыпты-ау деп ойлады ол. Қараңызшы, ана тұрған «Атаба» терминалы, анау «Пластик құбырлар зауыты», мына бір еңселі үй «Қазтурборемонт» ЖШС, битум зауыттары, тіпті бірнеше құрылыс мекемелері бар. Осының өзі Атыраудың қаншама өсіп-өркендегенін көрсетпей ме? Тек, теміржолдың арғы бетіндегі «КазТранс­Ойл» АҚ-ның қазандарының маңындағы қоқыс полигонынан шыққан қою түтін ойын бөліп жіберді. Бақтыгерей Өтешқалиұлының монологы: Осы қою түтіннен шығады-ау, экологияны сақтау әрбір азаматтың борышы емес пе? Ілеспе газды өндіріске тікелей пайдалану мақсатында 2004 жылдың сәуір айында үлкен бағдарлама жасақталды біздің компанияда. Сол бағдарлама бойынша жылына өндірілетін 2 миллион текше метр ілеспе газды толықтай өзіміздің мақсатымызға пайдалануға қаражат бөлдік. 2005 жылғы ҚР «Мұнай туралы» Заңның 35-бабының 5-тармағында «ілеспе газды алауларда жағуға рұқсат етілмейді» деп жазылған. Біздер осыны алты ай бұрын, Үкімет ескертпей-ақ орындағанымызды бүгінгі таңда мақтанышпен айта аламыз. Мүмкін, тек Атырау облысында ғана емес, Қазақстан Республикасында жер қойнауын пайдаланушылардың ішінде алғашқылардың бірі болып 100 пайыз ілеспе газды өз шаруашылығымызға пайдаланып келеміз. «Атырау-Жарық» АҚ-ның қуат көзі қымбат. Бұрын айына 50 мың доллар төлейтін едік. Қуат көзін өндіретін қондырғыны қосқаннан кейін соның жартысын, яғни 25 мың доллар төлейтін болдық. Мыңтеке кен орнында 100 пайыз өз газын пайдаланып отырмыз, Үкі­меттен энергия алып, пайдаланбаймыз. Артық газды «Сазанқұрақ» ЖШС-не айдап отырмыз. Олар оны жылу орталығына, мұнайды қыз­дыруға пайдаланады. Республикамыздың батыс аймақтарына энергия көзі жетпейтіні өз­деріңізге белгілі. Ресейден, басқа да жерлерден сатып аламыз. Бірақ өзіміздің барымызды пайдалануға мүмкіндік тұрғанда, біреуден қуат сатып алып неміз бар? Тек, біздің тәжірибеміз­ге облыстағы 43 мұнай компаниясы әлі күнге дейін назар аудармай отырғаны көңілге келеді. Жақсы тәжірибені неге пайдаланбасқа. Автордың ойы: Бір сәт «Прикаспиан Петролеум Компани» ЖШС-нің бас директоры Бақтыгерей Жұбанов өздерінде қолданылатын шетелдік технологиялардың өміршеңдігін ойлап кетті. Өндіріске енгізілген жаңа технологияларға тоқталса, оның 60-70 пайызы еуропалық қондырғылар екен. Мыңтекеге қытайлар өз елінде жасалған 500 GFI-PwT газбен жасайтын генераторын орнатып берді. Қондырғы газды қозғалтқыш, генератор, ажыратқыш және цифрлі басқару жүйесінен тұрады. Шағын компанияның Қытай агрегатына үміт артқанын қолдауға болады. Әрине, бұл жерде қытайлардың жұмыртқадан жүн қырыққан үнемшілдігін де айта кетуге тиіспіз. Олар газ алауын жаққанда төлейтін айыппұл­ды есептеп, есесіне электр энергиясын осылай өндіруді шешкен. Төрт жыл болды, генератор тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Айтпақшы, өткен жылдың наурызынан бері ілеспе газдың құрамындағы күкіртсутегін тазарту қондырғысы жұмыс жасауда. Мұндай қондырғы біздің облысымызда бұрын болған емес. Компания Қытай Халық Республикасындағы Сиань Чанлин ғылыми-техникалық институтына кеніштің ерекшелігін ескеріп, тапсырыс берген-ді. Қы­тайлықтар болса, қуаты тәулігіне 1000 текше метр газ өңдейтін CTEC-DS100-1.6-I моделді қондырғысын жасап берді. Айтып отырса, компанияда мұндай жаңалықтар көп-ақ. Бақтыгерей Өтешқалиұлының монологы: Осы «Сазанқұрақ» және «Прикаспиан Петролеум Компани» ЖШС-тері құрылғанда, 1997 жылы арнайы жоба жасалды. Жұмысты да алдымен жоба дайындаудан бастау керек қой. «Каспиймұнайгаз» институтының жобасы бар. Бірінші жобаны Лондондағы инженерлік орталықта жасатып, біздің «Каспиймұнайгаз­ға» беріп, заңға сәйкестендірдік. Сонда 70 пайыз қондырғылардың барлығы еуропалық стандарттармен алынды. Себебі Үкіметтің сол кездегі саясаты солай болды. Уақыт бір орында тұрмайды дегендей, енді жиырма жыл уақыттан кейін еліміз басқа саясатқа көшіп жатыр. Өзімізден өндірілген тауарларды алып, енгізу керек дейді. Қазақстандық үлес болу керек, қазақстандық ішкі өндірісті қолдау керек көрінеді. Біздер енді шетелдік қондырғыларды алып қойдық, солармен жұмыс жасап жатырмыз. Осы жері кішкене үйлесіңкіремей тұр. Қазақстандық тауар өндірушілерді қолдайын десең, ондайлар бізде шығарылмайды. Осы жерлері жаңа заңда қарастырылмай қалған. Тауарлар мен қызмет түрін пайдалану туралы ережеде тек Қазақстанның азаматтарына көп жеңілдік берілген. Өкінішке қарай, біздің бұрынғы саясатқа қайшылау келеді. Бұрын барлығын шетелден әкелгенбіз. Алға қарай осы тұстары жайлап түзелетін шығар деп ойлаймын. Автордың ойы: «Джип» жүрісін сәл тежегендей болып еді, Бақтыгерей Тұщықұдық ауылынан өтіп бара жатқанын байқады. Шіркін, кіндік кесіп, кір жуған жерден артық не бар дейсің? Бүкіл балалық шағы осы жерде өтіпті-ау. Бақтыгерейдің ата-анасы Чапаев совхозында еңбек еткен. Арғы аталары колхоздың басқарма төрағасы болған. Дәулетті, сауатты адамдар көрінеді. Үйлерінде төрт түлік мал түгел болды. Соның бәрін көріп өсті, бағып-қақты, шөбін салып, қи-тезегін жинап, 1966 жылға дейін далада өсті. Бір әке-шешеден жеті бала еді. Үш ұл, төрт қыз. Көңілге қаяу түсіретіні өткен жылдың желтоқсан айында кіші қарындасы Гүлжан кездейсоқ оқиғадан көз жұмды. Оның отбасына көмектесу бауырларының міндеті болып қалды. Ағасы 30 жылдан бері әкімшілік жағында жұмыста, артындағы інісі органда, полиция подполковнигі. Қарындастары әр жерде тұрмыста. Өзінің отбасында жолдасы, төрт баласы бар. Үлкен ұлы Нұрпейіс аға технолог, өзінің қарауында жасайды, Нұрсейіт Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне жұмысқа кіріп жатыр, Жансейіт Назарбаев университетінде компьютерлік техниканың қыр-сырын меңгеретін мамандықта оқуда. Қызы Нұргүл жобалау институтында жасайды, тұрмыста. Айтпақшы, өзі осы мұнайшылық кәсіпке қалай келіп еді? Бақтыгерей Өтешқалиұлының монологы: Шынымды айтсам, менің арғы аталарымда мұнайшы болған ешкім жоқ. Осы Исатай ауданында туып-өстік. Әке-шешелеріміз Чапаев атындағы совхоздың маманы болды. Әкем есепші, шешеміз сол совхоздың шаруашылығында істеді. Алғашқы алған мамандығым өзіміздің институтта физика-математика факультетін бітіргенмін. Соған байланысты мектепте бір жылдай жұмыс жасадым. Ол кезде мектепте кадр көп. Кеңес үкіметі кезінде мұғалім жетпейді деген сөз болған жоқ. Мен оқу бітіріп барғаннан кейін мені бір ай да демалдырған жоқ. Ауылсоветке шақыртып алып, аупарткомның бюросына салады, неге жұмысқа кірмей жүрсің деп. Осы күнде жұрт диплом алып келіп, жұмыс таба алмай қиналып қалып жүр ғой. Ауданымызда 1974-1976 жылдары мұнай көздері бірінен соң бірі ашылды. Керемет технологиялар енгізіліп жатты. Жайық мұнай-газ өндіру басқармасы алдыңғы қатардағы мұнай өндіруші мекеме болды. Сол мамандыққа қарай бейімделіп, келіп қалдық қой. Мен мұнай өнеркәсібіне 1980 жылы келдім. Қазір осы кәсіпте жүргеніме 32 жыл болыпты. Қ.Сәтбаев атындағы Алматы политехникалық институтында оқыдым. Алғашында сырттай, соңғы екі курсын Алматыда жатып оқыдық. Еңбек жолымды С.Балғымбаев атындағы кен орнында оператордан бастадым. Ол кезде әкең құдай болса да, бірден инженер болу деген жоқ. Сегіз жыл кәсіпшіліктерде жүрдім. Өндірісте сегіз жыл жүргеннен кейін, кеңсеге ауыстым. Онда технолог, бас технолог, технология бөлімінің бастығы міндеттерін атқардым. 1997 жылы мұнайға инвесторлар келе бастағанда, мені жұмысқа шақырды. Сол кезде бірлестік бастықтарының бірі Карл Тұрабайұлы Жакиев бастаған ағалардың рұқсаты мен батасын алып, шетелдік компанияға кетіп қалдым. Алғашында кен орнының бастығы болдым. Мың доллардан астам еңбекақы берді, ол кезде ол көп ақша. Көп адамда ондай еңбекақы болған жоқ. Бастапқыда басшылары америкалықтар, ағылшындар болды. Кейіннен түріктерге қарады. Соңында Қытай деген халықпен жұмыс жасап жатырмыз. Бүгіндері 14 жыл болып қалыпты шетелдіктермен қолтықтасып, жұмыс жасап келгеніме. Автордың ойы: Жүрдек «Джип» жер апшысын қуырып, Манашқа да жетіп қалыпты. Жол бойы үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе, төрт түлік мал жиі кездесе бастады. Шіркін, елде болса ерінге тиеді деген осы-ау. Малдың өрісі табылса, төрт түлік қаптай өспей ме? Өріс демекші, Бақтыгерейдің компаниясы құмға шөп шығарып отыр деген әңгіменің тарағаны қашан. «Біздер мына жерде өндіріс болады дегенде, табиғаты құрып, қу тақырға айнала­тын болды деп ойласақ, Бақтыгерей айналайын, айналаны жайнатып жіберіпті ғой, ана Жайық мұнай-газ өндіру басқармасының ке­ніште­рінің айналасы тулақ сүйреткендей тап-тақыр болып жатыр. Осыдан 40-50 жыл бұрын сол жерлер ну қамысқа толы еді» деп Жан­байдың бір ақсақалы айтты деген сөз бар. Шындығында, құм жиегіндегі «Сазан­құрақ» ЖШС-мен «Прикаспиан Петролеум Компани» ЖШС-терінің өндірістік аймағы алыстан қарағанда өндіріс орны емес, демалыс аймағы деп ойлап қаласыз. Өйткені жасыл желектер жыл өткен сайын биіктеп барады. Тіпті өткен жылы Исатай бабамыздың 220 жылдық тойына келген қонақтар «Сазанқұрақ» ЖШС-не келіп, құм төсінде өсіп тұрған жасыл желектерді көріп, таңданғаннан таңдай қағып кеткен-ді. Бақтыгерей Өтешқалиұлының монологы: Иә, бұл мәселе 2002 жылы көтеріліп еді-ау. Ең алғашқы рет «Жасыл ел» бағдарламасының жарияланғанына биыл 10 жыл толады ғой. Егер 2002 жылы осы саясатты қолдап, жұрттың бәрі ағаш егіп кеткенде, келесі жылы ағаш кесуге шығуымыз керек еді. Өкінішке қарай, олай болмай қалды. Елбасы атынан ұран тасталды, шынын айту керек, әрі қарай дамымай қалды. Жер жаман, құнарсыз, тұзы көп, суы жоқ деген сөздерді айтамыз да, отыра береміз. Мысалы, Араб елдерінде ала құмның іші, 150-200 шақырым асфальттың екі жағы түгел тоғай болып тұр дейді барып келгендер. Іздегенге сылтау көп болып тұр. Ең сорақысы – жауапкершілік аз. Мысалы, өзіміздің өндірісіміздің басын­дағы ахуалды өте жоғары дәрежеде деп есептеймін. Құмның ішінде екі кен орнымыз бар. Нарын құмының шығыс жақ бетінде орналасқан екеуінде мыңнан астам, екі мыңға тарта әртүрлі ағаш өсуде. Оны өсіру үшін 20 шақырым жерден арнайы су тартып алдық. Қазір ол ағаштар мен талдар өсіп тұр, мұнайшылар мекені керемет ауа райы бар жайма-шуақ жерге айналды. Мұнай өндіріп болғаннан кейін, бұл жерді демалыс орнына пайдалануға болады деп ойлаймын. Өндіріс басталмас бұрын 1997 жылдан 2000 жылға дейін, үш жыл бойына құрылыс жұмыстары жүрді. Үш жылда біраз жұмыс жасалды. Сөйтіп, жердің бетіне біраз зиян келді. Шұңқырлар қазылды, құбырлар салынды, ұңғымалар бұрғыланды, техника жүрді, құрылыс салынды дегендей. Бүлінген жерлерді қалпына келтіру үшін 2001-2002 жылы әр кенішке 40 қаптан, 80 қап табиғи шөптің дәнін ектік. Негізінде, заң бойынша, ертең мұнай өндіру біткеннен кейін, пайдаланылған жерді қайта Үкіметке тапсырарда биологиялық рекультивация жасалу керек. Сол жұмыстарға жинақталып жатқан арнайы қор бар. Оны зардаптарды жою қоры дейді. Бізде оған 2 миллион доллардай ақша қарастырылған. Демек, біздің компания жұмысын жасап болып, кетерінде сол ақшаны алып, жоятындарын жойып, жерді қайта өңдеп, қалпына келтіріп, тапсыруы керек. Бұл талап барлық жер қойнауын пайдаланушыларға қойылады. Мұнай өндіруді аяқтамай тұрып, сол бүлдіргендерімізді қолма-қол түзетіп тастадық. Айналада отырған елдің, осы жердің қарттары сол жақсылықты көріп, ризашылығын білдіріп жатыр. «Біздер мұнайдан зиян болады, жер бүлінеді десек, мына жер құлпырып тұр ғой деп» айтады ақсақалдар. Арнайы Нарын құмының жиегінен теріп алған өзінің табиғи шөбінің дәнін екпесек, ол құмға Жайық бойынан, не болмаса Жылой жақтан әкелген дән өспейді. Тек, сол құмның дәнін жинап егу керек. Мысалы, Забурын, Жаңаталап, Мартышиға сол маңдағы шөптердің дәнін жинау керек. Оған осы Атырауда арнайы компания бар екен. Тапсырыс бересің, ақшаңды төлейсің, өздері жинап әкеліп, өздері себеді. «Жасыл ел» бағдарламасын барымызша қолдап жатырмыз. Тіпті түрлі жеміс ағаштары да өсуде. Құмның ішінде 2000 түп тал деген біраз дүние ғой. Соны күтіп-бағу үшін арнайы маман ұстамаймыз. Өзіміздің жұмысшыларымыз өз үйінің шаруа­шы­лы­ғындай жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан біздің Атырау облысында ағаш өспейді деген пікірге келісе алмаймын. Оған жауапкершілікпен қарап, ағашты балаша баптау керек қой. Автордың ойы: «Джип» Атырау-Астрахань тас жолынан бұрылып, Нарын селосына бет алды. Газовиктер салған бетон жол көліктің жолын аздап бөгегендей болды. Бұл жолдың салынғанына да 20 жылдан асып кетіпті. Бүгіндері иесі жоқ жолдың кімнің балансында екені белгісіз. Ойыма осыдан 16 жыл бұрынғы сапар түсті. Онда да осы жолмен келе жатқанбыз. Сапарластарым Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат, облыстық Әділет басқармасының бастығы Ирак Елекеев және Жайық мұнай-газ өндіру басқармасы өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы осы Бақтыгерей Жұбанов болатын. Мақсатымыз – Нарын селосының сайлаушыларымен кездесу. Осы сапарда Бақтыгерей бізбен төрт күн бірге жүрді. Сонда, оның пікірін ашық айтатынын, күлбілтелеуге жоқ екенін аңғардым. Тіпті техникалық бөлімнің бастығы ретінде бірлестік басшыларына сол кездің өзінде 20 компьютер сұрап хат жазғанын, бірақ ол мәселесі шешілмегенін де айтып қалды. Басшы ағамыздың бірі «Қазақтар 90 жыл бойы компьютерсіз мұнай өндіріп жатыр, саған 20 компьютер неге керек?» деп кекесінді жауап қайтарыпты. Енді бірде, Қамысты кен алаңындағы құбырларды ауыстыру үшін 35 шақырым құбыр сұраған-ды. Себебі құбырлар тесіле-тесіле топырағы қайсы, парафині қайсы айыру мүмкін болмай қалған. Дұрысында, ол құбырлар 7 жылдан кейін ауыстырылуы қажет екен. Өйткені біздің табиғат жағдайымызда құбырлар мерзімінен бұрын пайдаға аспай қалады. Оған да алған жауабы: «Сен бірлестіктің бір жылғы қорын сұрап отырғаныңды білесің бе, адамда қанағат деген болу керек қой». Сөйтіп жүргенде, бір жылдан кейін Бақтыгерейді шетел инвесторлары жұмысқа шақырып кетті дегенде: «Е-е, жақсы болған екен. Енді ойға алған істерін жүзеге асырады ғой» деп сүйсінгенбіз. Шетелдіктер де осындай іскер әрі жаңалыққа жаны құмар, ұйымдастырушы жігіттерді таңдайтынына таң қаласың. Асылы, бізде мамандарды зерттеу жағы жетіспей жатады-ау. Ең бастысы – тамыр-таныстық орын алатыны жасырын емес. Бақтыгерей Өтешқалиұлының монологы: Әрине, шетелдік компанияда еңбек еткесін, жиі сапарға шығып тұрамыз. Менің есімде қалып, көңіліме орнаған Ұлыбританияда болған жағдайлар. Қытай да үлкен мемлекет. Бүгінгі таңда ақпарат көздерінен бұл ел туралы біраз мағлұмат алуға болады. Әртүрлі бағыттағы әңгімелер айтылып жүр. Әрине, ол бүгін пайда болған ел емес, өзінің ерекшеліктері бар, өзінің саясаты бар. Сондықтан ол елде маған ұнаған нәрсе – ол осы елде орнатылған тәртіп. Қай шаруаның басы да тәртіпсіз үйлеспейді. Көл-көсір қаражатың болса да, тәртібің болмаса, бір нәрсені бүлдіресің. Әл-Фарабидің айтқан сөзі бар: «Тәртіпсіз адамға білім беруге болмайды» деген. Бұл тегін айтылған сөз емес деп есептеймін. Қытай заңының қаталдығы сондай, жемқорлықтың шыққан жерін түп-тамырымен жоюға бағытталған. Шенеунігі парамен немесе сыбайлас жемқорлықпен айыпталса, оның бүкіл ағайынының, қыз-күйеуі, бала-келіндері, аға-інілерінің, тіпті жиен-немерелерінің дүние мүлкі кәмпескеленеді. Мейрамхананы, кафені, қонақүйлерді, коттедждерді өзгенің атына жазып қою атымен жоқ. Ал, Ұлыбританиядан қандай ой түйдім? Ол да тарихы тереңде жатқан ел. Ағыл­шындар елінде өткізген 12 күн мені ерекше көңіл-күйге бөледі. Құрметтеуге тұратын дәстүрі мен мәдениеті бар. Оксфорд, Гарвард университеттерінің тарихи тағылымы қаншама. Лондондағы әйгілі Букенгем сарайының өзі неге тұрады. Үкіметтің шығарған заңын орын­дауға келгенде, халқы өте бағынышты. Еуропаның көп елдері заңға бағыныш­тылығы мықты болса да, Ұлыбританияда одан да мықтырақ сияқты. Негізі, жер­гілікті халық дінге, сосын заңға сенгіш. Мысалы, медициналық жедел жәрдем туралы арнайы заң бар. Онда үш гудок, яғни 45 секундта қоңырау берілгенде ешкім көтермесе, арыздануға құқығыңыз бар. Ол кісіге міндетті түрде шара қолданылады. Бізде, өкінішке қарай, жарты сағатсыз жедел жәрдем келіп болмайды, тіпті телефон көтерілмей қалуы да мүмкін жағдайлар кездеседі. Екінші бір заң, оларда үйдің қоршауы туралы арнайы заң бар. Қоршауды көше жағынан жабуға болмайды. Және оның биіктігі 90 сантиметрден аспау керек. Үйдің алдындағы егілген талдар, судың ішінде жүзіп жүрген құстар, барлығы қаланың көркін әспеттеп, ашық тұру керек. Бұл да біздер үйренетін, көңіл бөлетін болмашы нәрселер. Біздерде екі-үш қатарлы үй салып, қоршауын үш метрден асыратындар аз емес. Ұлыбританияда біраз жерлестеріміз бар екен. Ресми емес ақпарат бойынша 40 мыңға тарта қазақстандықтар бар дейді. Кеңес үкіметі кезінде бүкіл Еуропада сонша қазақстандық болмаған болар деп ойлаймын. Оның ішінде бизнеспен, оқуға барып жатқандар да болар. Жақсы өмірді көріп, соған қызығып кетушілер де бар. Менің көңіліме келетіні, әсіресе оқуға барған жастардың елге келуге онша зауықтары болмайтыны. Екі-үш баламен сөйлескенімде, олар: «Аға, еуропалық дипломмен Ақтауға, Алматыға барып не істейміз? Ол жердегі орта бізді түсінбейді. Төрт-бес жыл осы жақта жұмыс жасап, елде бір жақсылықтар болып жатса, барамыз ғой» деген-ді. Сондағы 20 жастағы жігіттің әңгімесінен қатты қынжылдым. Қанша қиын болса да, біздің елден кеткіміз келмейді, өйткені тәрбиеміз солай. Ағылшындардың мектептерінде бір сыныпта 8-ден 12 балаға дейін оқиды. Біздердегідей 25-30 баланы бір бөлмеде қамап, сабақ бермейді. Мағынасы жоқ, білім одан сапалы болмайды деп есептейді. Бізде мектеп жетіспегендіктен бе, әлде мұғалім жетіспегендіктен бе, 25 баладан кем болмайды ғой. Оқушы кезімізде ІІІ пен ІV сынып бірігіп оқыдық, апай – біреу, сынып екеу. Олардың балалары біздерден гөрі зерек деп айта алмаймын. Бірақ мүмкіндігінше сапалы білім беруге жағдай жасалған. Шекспирдің зиратының басында әдебиет сабағы жүріп жатса, Генрих VI-шының зиратының басында тарих сабағы өтіп жатса, өздерінің арғы тегін, түкпірін біліп, көріп тұрса, сол балалардан нағыз патриот шығады ғой. Оларда тарих үзілмеген, керемет. Біздің балаларымыз мектепті бітіргеннен кейін шетелге оқуға кетеді де, Абай мен Шәкәрімді білмей қалады. Олардан қандай патриот шығуы мүмкін?! Бұл менің жеке пікірім. Жиі-жиі реформа жасағанның өзі қай саланы да аздырады. Заңдарды өзгерте беру де зиянын тигізеді. Негізі заң қай салада да тұрақты болғаны жөн ғой. Астанада Назарбаев университетінің ашылғаны дұрыс болды. Төлеген ақшамыз өз елімізде қалады. Оны өзіміздің мұғалімдер алады. Тағы бір айта кетейін дегенім, студенттер несиеге білім алады деген нәрсе көңіліме қонбайды. Мәселен, 21 жасар бала институт бітіргеннен кейін үйлену керек, үй салу керек. Диплом алғанда, үкіметке 2 миллион теңге берешек болып шығады. Былай қарағанда көмек сияқты, бірақ өмірді бас­тайын деп тұрған баланың мойнында қарыз болған қиын емес пе? Оның үстіне жұмыс жоқ болса ше? Несиеге оқытқасын, оны қайтаруға мүмкіншілік жасалу керек. Автордың ойы: «Джип» бір сәт солқ ете түсті. Бақтыгерей қараса, құм жолы басталған екен. Айтпақшы, құм төсіндегі компанияда қазір кадр мәселесі шешілген. Тіпті «Прикаспиан Петролеум Компани» ЖШС-нен білікті маманға сұраныс беретіндер де бар. Әрине, жастарды тәрбиелеп, өсірген жөн. Ал жалпы, экономикамыз не күйде? Жастар тәрбиесі ше? Осыны ойлағанда, Бәкеңді кейде мазасыз сұрақтар қаумалап алады. «Сазанқұрақ» ЖШС-нен соңғы төрт жылда төрт маман бас директор, үш маман бас геолог болып басқа компанияларға тағайындалғанын айтсақ та жеткілікті. Әрине, маман сұраған жердің еңбекақысы олардікінен төмен болса, ол мамандар кетпейді ғой. Айтпақшы, Сазанқұрақ және Мыңтеке кен орындарын игеру, жайғастыру жұмыстарына ерекше үлес қосқан мамандар ретінде Рахымжан Әбенов, Нұржау Салықов, Мәлік Жүнісов, Қадырғали Тутимов, Әлібек Семғалиев, Қадырғали Найзабеков, Сәкен Саудабаев, Шектібай Беркалиев, Мұхамбет Нұржанов және Отарбай Молдағалиевтардың есімдері мақтанышпен аталады. Бақтыгерей Өтешқалиұлының монологы: Мамандармен біздер толық қамтылғанбыз. Мүмкін, мұғалімдер, дәрігерлер жетіспей жататын шығар. Ал, мұнайшы мамандар жетіспейді деп айта алмаймын. Себебі Қазақстанда мұнай өндіргенімізге 113 жылдан асты ғой. Осы мерзім ішінде дұрыс маман дайындамаған болсақ, осы уақыттан кейін мұнайшы табылмаса, онда не болғанымыз? Маман бар. Мәселен, өзім басқарып отырған компанияда мамандар толық жеткілікті. Маман сұраушылар болса, қажетті маманды осы жерден тауып беруге болады. Экономика туралы пікір білдірер болсақ, біздер мұнайшылармыз, 250 адамнан құралатын ұжымды басқарып отырмыз. Жалпы елдің экономикасы туралы сарапшылар, министрлер салмақты пікірлерін айтып жүр. Дегенмен, менің де өз ойым бар. Экономикасы тұрақты іргелі елдердің экономикасының негізін орта және шағын бизнес ұстап тұрады. Түркиядан, Қытайдан, Ресейден тағы басқа жерлерден тауар әкеліп сатуға келсек, мұны баяғыда спекуляция дейтін еді ғой. Сауда-саттықтың экономикаға көп қатысы жоқ. Экономика дегеніміз – бюджетке ақша толтыру. Мыңдаған бизнесменді аяғына тұрғызып, сол арқылы бюджетке ақша толтыру қажет. Екіншісі, жұмыссыздықты жою. Орта және шағын бизнесті аяғына қойса, осы екі мәселе өзінен өзі шешіледі. Бюджетке де ақша толады, жұмыссыздық та жойылады. Енді жастар тәрбиесі мен білім жағына келсек, олар бізден ілгері дер едім. Бүгінгі жастардың білімі біздерден төмен деп айта алмаймын. Балалардың көріп, оқып, зердесіне түйіп жатқаны көп. Ең үлкен мәселе – ата-ана мен баланың ортасындағы байланыстың шеттеу қалып жатқаны. Анасы отбасын асыраймын деп ала сөмкесін арқалап, таңертеңнен кешке дейін базарда жүреді. Түркиядан, Қытайдан, Ресейден тауар тасиды, ал бала үйден ата-анасын жиі көре алмайды. Тіпті дас­тарқан басында отырып, жақсы әңгімесін де айта алмайды. Сондықтан балалар өзімен-өзі бөлек кетіп, ата-ана өзімен-өзі шаруашылық қамымен жүріп, аралары қашықтап кеткендей. Бұл өзі түбі жақсылыққа апармайды. Әсіресе тәрбие жағынан қарасақ. Әкенің айтар ақылы болмаса, ананың айтар мейірімді жылы сөзі болмаса, ол бала «қоғам», «отбасы» деген ұғымдардан алыстап кетеді ғой. Оның барлығы дастарқан басында, кешке қарай шай ішіп отырып айтылатын әңгімелер емес пе. Сол қасиетімізден айырылып барамыз. Еуропаға еліктегеннен, теледидардың ішінде өмір сүріп жүрген виртуалды әлем дегендей, біздің балаларға таныс нәрсе емес негізі. Оны қабылдайтын да бар, қабылдамайтын да бар. Жастардың теріс бағытқа кетіп қалуы да мүмкін. Сондықтан өзіміздің қатарларымызға жалпы айтатын тілегіміз ата-ана мен баланың ара-жігі ажырамағаны жақсы. Мұны мен тәрбиелік мағынада айтып отырмын.

Автордың түйіні: Жүрдек «Джип» жүрісін бәсеңдетіп, жасыл желекке бөленген кең қақпадан ішке кіре берді. Бұл «Прикаспиан Петролеум Компани» ЖШС-ның орталық мекенжайы еді. Бас директор Бақтыгерей Жұбанов компания мамандарымен мәжіліс өткізді. Иә, Бақтыгерейдің құмды өңірдегі компа­нияға аптаның әр сәрсенбісіндегі іссапары осылайша жалғасып жатты. Бақтыгерей Өтешқалиұлы еңбек жолын 1975 жылы қатардағы электриктен бастады. 1982 жылдан бастап мұнайшы мамандығын игерген. Жайық мұнай-газ өндіру басқармасында оператор, шебер, геолог, инженер-технолог, учаске бастығы, цех бастығы болып қызмет атқарды. Басқарманың өндірістік-технология бөлімінің бастығы лауазымына дейін көтерілген. 1997 жылдан бастап шетел компанияларында жұмыс жасап келеді. Мәселен, 2002 жылы кен орны бастығы, бас технолог, 2006 жылдан бастап атқарушы директор, ал 2008 жылдан бастап бас директор лауазымдарына тағайындалды. Биылдан бастап «Сазанқұрақ» ЖШС-ның атқарушы директорлығын Қытай азаматына тапсырып, өзі «Прикаспиан Петролеум Компани» ЖШС-ның бас директоры болып қалды. Исатай ауданындағы Жаңаталап, Сазан­құрақ және Мыңтеке кен орындарының жобалау-жайғастыру жұмыстарына тікелей ара­ласып, мол үлес қосты. Әсіресе шетелдік жетілген жаңа технологиялар енгізудегі қосқан үле­сін ерекше атаған жөн. «Бизнестің әлеумет­­тік жауапкершілігі», «Жасыл ел» бағдарламалары­на толық қатысып, оны іске асыру жөнінде ерекше табандылық танытып келеді. 2004 жылы облыста бірінші болып алауларды жойып, ілеспе газды толықтай мұнай қыздыруға, электр қуатын шығаруға, жылу өндіруге пайдалануға қосқан үлесін ерекше атап өткен жөн. Айта кету керек, Бақтыгерей басқарып отырған ұжым бірнеше рет жоғарғы марапаттарға ие болды. Швейцарияның Женева қаласында «Өндірістің қауіпсіздігі және экология талаптарын орындаудағы мінсіз беделі үшін» Алтын медалімен, Ресейдің «ТМД елдері арасындағы ұлттық экономика көшбасшысы» медалімен, екі дүркін Елбасының «Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» бастамасын қолдағаны үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алғыс хатымен, оқу саласын қаржылай тұрақты қолдағаны үшін Білім және ғылым министрлігінің екі рет «Меценат» медалімен марапатталыпты. Бақтыгерейдің жарғақ құлағын жастыққа тигізбейтін бір нәрсе бар. Ол – туған ауылға деген қамқорлық. Өзі Исатай ауданының түлегі болғандықтан болар, сол ауданға әрқашан да бүйрегі бұрып тұрады. Басқаны былай қойып, тек биылғы жылдың ішінде аудандық ауруханаға 6 миллион, Аққыстау селосында салынып жатқан аудандық мешітке 5 миллион теңге қаражат аударған. Балалар мекемелеріне жасап жатқан көмегі өз алдына. Менің есіме өткен жылдың желтоқсан айында Исатай ауданында тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиналыс түсті. Сонда, бір топ азаматтарға «Исатай ауданының Құрметті азаматы» атағы берілген-ді. Атақты алушылар сахнаға көтерілген сайын халықтың ризашылығы білініп, қол шапалақтап жатты. Кезек Бақтыгерей Жұбановқа келгенде, зал ду ете түсті. «Еңбегі зор!», «Жарайсың!», «Құрметті атақты алуы дұрыс!» деген сөздер залдың әр тұсынан естіліп жатты. Жалпы Бақтыгерей елдің азаматтарына: «елге шапан кию үшін келмеңдер, бір нәрсе бітіріп келіңдер!» деп жиі айтады. Дұрыс болар. Әркімге өзінің туған жері Мысыр шаһары ғой. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының бір саласы мұнай өнеркәсібінің жетістіктеріне оның қосқан үлесі мол. ...Он бес минуттық басқосудан шыққандар енді Бақтыгереймен бірге өндіріс орындарына аттанып кетті. Бұл сәтте маусымның ми қайнатар ыстығы да басталған-ды. Әне, маң-маң басқан түйелер де талдың көлеңкесіне ұмтылуда... Құттыгерей СМАДИЯР, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Атырау облысы Исатай ауданы Мыңтеке кен алаңы

3885 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7221

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6207

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3947

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3338

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3296

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3265

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2993

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2982

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы