• Тіл
  • 21 Маусым, 2012

Өзіміз де, сөзіміз де ксерокөшірмеге айналып кетпегей

Өзімізді қайдам, бүгінде Қазақстанда тұратын қазақтардың сөзі, яғни тілі орысшаның көшірмесіне ай­налып барады. Бүгінгі қазақтың ішінде мынау ел қа­зақтың елі, мына жер, оның байлығы қазақтікі, бұл елде қазақ тілі, қазақтың ұлттық салт-дәстүрі салтанат құ­руы керек дейтіндей ұлттық санадан, ұлттық намыс­тан айрылып қалған мәңгүрттер жүз мыңдап саналады. Әрине, физиканың заңы бойынша бір дене екінші дене­ге қан­дай күшпен әсер етсе, ол дәл сондай қарсылыққа тап болады. Сірә, бір ақынның тілімен айтқанда осы күні: Ең киелі кітабым бар, ол – Құран Ата-дәстүр – сарқылмайтын мол мұрам. «Қазақстан деген елдің Иесі – Тек Қазақ!» – деп күмбірлейді домбырам,– деп ар-намысты ат қып мінген азаматтары да, әлі де құлмінезден құтыла алмай, құтылуды ойлауға парық-парасаты жетпей жатқан ұлтының ертеңіне ерекше бір ерендікпен қа­райтын қатепті қара нардай қазақ жастары да жетерлік. Олар алты Алаштың бірі боп саналатын қазағының қанша жерден азаттық алдым деп жарияға жар салғаны­мен соңғы жиырма бір жылда тілінің де, ділінің де баяғы жалы күдірейген көк бөрі кейпіне қайтып келе алмай, жығылған жонын тіктей алмаған қарны тойғанына мәз ши бөрі қалпында қалып бара жатқанын да біледі. Білсе де «бөрі арығын білдірместің» кейпімен онысын сыртқа сездіргісі келмейді. Олар өз елінің Қазақ Елі немесе Қазақ Республикасы атанбай, Қазақстан Республикасы атануының да ар жағында қазаққа ту сыртын беріп тұрған бір сырғаяқ саясатсымақ жатқанын да сезеді. Олар «Құдай қайдан береді дерің бар ма, күндердің бір күні басқа түркі тектес тілі бір, діні бір бауырлас респуб­ликалар сияқты біз де қол-аяғымызды бауырымызға алып, етек-жеңімізді жинап, нағыз ұлттық мемлекет құрып алуымыз да мүмкін-ау» деп ертеңгі күнге үздіккен бір үрзада үмітпен қарайды. Және олар елде жүргізіліп отырған мынадай саясат жағдайында ондай күн тек Жаратушы Иеміздің ғана құдіретімен келуі мүмкін екенін де жақсы біледі. Бұл – киелі Ислам дінінің «Тек шайтан ғана үмітсіз» деген даналық қағидасына негізделген үміт. Енді бір қазақтар бар. Оларды осы заманның Асан Қайғысы десе де болады. Бұлар кешегі Мәскеу басқарған Кеңес заманында қазақтың басына үйіріліп тұрған қара бұлттың әлі де сейіле қоймағанын сезінеді. Құлмінез болған құлыным, Шаттығын іздеп шет елден. Сұмырай болды сұлуым, Көрпесін әркім көтерген. *** Қараймын оңға, солға да, Күңгірттеу боп тұр келешек. Біз күткен бақыт, сонда да Дәл мына бақыт емес ед, – деп күңіренеді. Құдай күңіренгеннен сақтасын! Үмітсіз-шайтан ғана, – дейікші. Алайда сырт көз сыншы, сен өз мініңді өзің байқамасаң да, қанша жерден бүркемелеп, жуып-шайсаң да сенің титімдей мініңді үйіңнен дәм татып кеткен мейманың да әп дегеннен аңғарып кетеді. Әнебір жылы Қазақстан Республикасына келіп, бір-екі күн жата-жастана кеткен италиялықтың әлемдегі мемлекет атаулыны түгелге жуық аралап жүріп, дәл қазақтар сияқты өз тілінен, бүкіл болмыс-бітімінен айрылған халықты көрген емеспін деп кеткені туралы талай газет жазды. Қарапайым қитабан қазақ та, қабат-қабат «харом» салып, көркіне көз тоймайтын көлік атаулыны мінген көсем қазақ та естіді сол сөзді. Мынауымыз масқара екен, оянайық ұйқыдан демек түгіл ешкім қылп еткен жоқ. Тіпті, кейбір орыстілді қазақтардың «Ну, и что!», «Мы строим гражданское общество!», «У нас полнейшая демократия!», «Казахстан наш общий дом!» деп байқатқанын да көрдік. Әшейінде, сол орыстілді қазақтарға «Қазақстаннан орыстар көп кетіп жатыр ғой, бұған не себеп?», «Орыс тілі қағажу көре бастады, бұның арты не болуы мүмкін?» деген сыңайдағы сұрқылтай сауалдар қойып жататын орыс газеттері бұл туралы ләм деген жоқ. Бәрінен де жанға бататыны – бүгінгі қазекем осындайдан кейін есімді жинайын демейді. Осындайда баяғы Жан-Жак Руссоның орыстар туралы айтқаны еске түседі. Ол орыс халқы ешқашан өркениетті бола алмайды дей келіп, оның себебін былайша дәлелдемек болады. «І-Петрдің істеген жақсы істері көп, – дейді ол. – Бірақ ол ең әуелі орыстарды орыс ұлтын бастапқы қалпына келтіріп алмай, өйтудің орнына ағылшын, неміс сияқты өзгелердің мәдениетін тықпалағаны, соларды көптеп енгізгені зор қателік болды». Егер сол Руссо бүгінгі Қазақстанда жүргізіліп жат­қан «өркениеттендіруді» көрсе, не дер еді? Қазір кейбір қазақ шонжарлары 300 жыл Ресей бодандығында болған қазақты қазақ қалпына келтіруді ойламақ түгіл оның қазақ атауын «казахстанец» қып өзгерту керек деген әнебір жылғы пиғылынан әлі де айни қойған жоқ. Соның салқыны ма қайдам, қазір Қазақтар балаларына қазақша ат қоюдан да қаша ма? – деген күпірлік ойға кетесің кейде. Әрине, бұл өзі қазақ арасында сонау Кеңес заманында да шаң беріп қалған мәңгүрттік құбылыс болатын. Сол кездердің өзінде-ақ кейбір Ертісбайлар өзін – Егор деп, Мұсалар – Миша, Саудабайлар – Саша, Жақсыбектер – Женя, Зағипалар – Зоя деп таныстыруды дәреже көретін. Олар сол орыс­ша есімдерін қолының сыртына, саусақтарына көкпең­бек қып инемен (татуировка) жазып алатын. Тіпті, бір-бірі­не «Коля», «Алеша» дейтұғын. Ауылдарда Совхозбек, Колхозбек, Фермебай деген сияқты, «ауылшаруашылық» есімдер, Советхан, Социал, Ауданбек, Коммунар тәрізді «қоғамдық-формациялық» есімдер, Сайлаубай, Съезбек секілді «саяси іс-шаралық» есімдер толып кетті. Ұшар басы қара бұлтты қақ жарып өтіп, оның ар жағындағы көк аспанның төсін түрткілеп тұрған өз жеріндегі небір заңғар шыңдарды қомсынып, баласының атын Эверест, Эльбрус қойғандар да болды. Атлант мұхитының арғы бетінен өз елімен сыйыспай қашып келген Луис Корваланның атымен аталған Корвалан деген баланы қыздар Қорболған, Көрбала деп мазақтап жүргізбеге­сін, әлгі байғұс талай мекеменің табалдырығын тозды­рып жүріп, әзер дегенде Қорғанбек атанды. Сталиннің қан­ды қанжар саясаты қылкеңірдекке тақалып тұрған қара заманның өзінде бүкіл мәжіліс, мәслихатты тек қазақ тілінде өткізу керек деп ұрандаған, қазақтың тілін, дінін, салт-дәстүрін, ұлттық тәрбиесін саф күйінде сақтау үшін жан алып, жан беріп арпалысқан, сол үшін халық жауы атанып, атылып кеткен Ұзақбай Құлымбетовпен аттас болып жүрмеймін деп Ұзақбай деген есімін өзгерткен адам да бар дейді. Бұрынғының Төле, Қазбек, Әйтеке, Сартай, Жетес, Майқы, Мөңке билердің атын қою артта қалушылық боп саналды. Олардың орнына Лумумбасын алып тастаған Патристер, Иосиф пен Брозын алып тастаған Титолар туып, бүгінде сақалы жоқ ақсақалдарға айналды. Осыдан бірер жыл бұрын қазақ телеарнасының бірі бір қазақ отбасы баласының есімін Альберт Гор қойыпты деп жаһанға жар салды. Ол кезде Альберт Гор АҚШ-тың вице-президенті болып қызмет істейтін еді. 2000-жылы дүниеге келген Миллениум, Милен, Милена деген қарадомалақ, тәмпіш танаулар қазір өріп жүр. Бұл үшін де жалпы қазақты жазғыру – жала, күнә. Егер елді түгелдей қаны да, жаны да қазақы азаматтар басқарып, сол кезде солар Жаңа мыңжылдық келді деп ұрандатып жатса, ешқайсысы тағынан түсіп қалмас еді ғой. Әлде Конгрес Холл деген еуропаша аты бар ғимараттың ішінде қазақша «Жаңа ғасыр», «Жаңа мыңжылдық» деген сөздердің айтылуының өзін қазаққа көп көрді ме кім білсін, солар сол кезде «Миллениум Патти» деп екі ай бойы ұлардай шулады. Иә, тұтас бір ұлтты не жағымпаз, еліктегіш ұлт деп, не түп-түгел басқыншы, қанаушы ұлт деп кінәлау ағаттық. Мысалы, сонау жылдары «Я представитель великого русского народа» деп кеудесін соғатындарды да көрдік. Өйткені сол тұста Кремльде оны да, басқа толып жатқан орысты да «Біз ұлы халықпыз!», «Біз басқаларды үйретуші халықпыз» деп есіртіп қоюшылар отырды. Бүгінде заман өзгеріп, әлем басқаша жолға түсе бастағасын енді әлгілер ашық үстемдік саясатын өзгертіп, жымысқы саясатқа, Қазақстанда орыстарға, орыс тіліне қысым жасалып жатыр, орыстар көшіп кетіп жатыр деген сияқты мүттәйім, байбалам саясатқа көшті. Бұл әсіресе Қазақстандағы орыстілді газеттерде соңғы кезде өте жиі жарияланатын болды. Қазақстанда орыс мектептері мен орыстілді телеарналардың үлес салмағы әлі де басым күйінде. ТМД елдерінің ішінде тек Қазақстанда ғана орысша мектеп саны жетіп артылып жатыр, тек Қазақстанда ғана телеарна орыс тілінде сарнап тұр. Міне, қазақтың өзі де, сөзі де, аты да, заты да әлі орысшаның шырма­уынан шыға алмауы, шықпақ түгіл шырмалып баратқаны осыдан. Айтпақшы, қазір қазақтардың ішінде есімі орысша, фамилиясы қазақша, ұлты кім екені беймәлімдер өте көп. Мысалы, Валерий Құманов немесе Евгений Сақыпжанов дегендер ше? Рас, ондайлар кейде өзін қазақпын деп те атай береді. Бірақ тілі орысша. Егер адам өзін бағзы заманнан бері туған ұлтына тән есіммен емес, орыстың есімімен атаса, онысымен қоймай орысша сөйлеп тұрса, ол ешқашан өз ұлтын, дәлірек айтсақ, қазақты жан-тәнімен, саф сезіммен сүйетін азамат бола алмайды. Өйткені оның миының бір қатпарында қазаққа қарағанда орыс мәдениетті, орыстың тілі құдіретті, орыс күшті деген бір құлмінез түсінік мықтап орнығып қалады. Кешегі Кеңестік Қазақ Республикасының әнұранындағы «Зор алғыс айтамыз, ұлы орыс халқына» деген жолдар да сол кездегі Қазақстан басшылығы күштеп қостырған жолдар болатын. Қазіргілерді қайдам, бірақ КСРО заманында ала-бөле Қазақстан басшыларында құлмінез басым болды. Біз соның зардабын әлі тартып келеміз. Солардың құлмінезінің кесірінен қазіргі қазекемде ата-бабасының аты-жөнін орысшаға бейімдеп, бұрмалап жазатын ғадет әлі қалмай келеді. Мысалы, Джанбуршин, Сатувалдыев, Чукаев, Акчалов, Кучуков, Чукуров деген сияқты адам түсінбейтін фамилиялар шықты. Жақында газеттен Умирьяев деген қазақты көрдік. Балалы болған қазақ Аллаға мың да бір шүкір, Алла есіркеп, мүсіркеп берді ғой деп атын Шүкір, Есіркеп деп қояды. Ал сондай бір Аллаға деген ынта-ықыласпен, игі, ниетпен берілген Есіркеп атасының атын орысшаға бейімдеп өзін Есергепов деп атауды қандай «жетістікке» жатқызар едіңіз. Есер деген әумесер, дөрекі, бұзақы және басқа да жағымсыз мағынаны білдіреді. Ендеше, өз атаңның атын орыстың айтуына ыңғайлап соншама бүлдіруді саналылықтың, намысқойлықтың немесе санасыздық пен намыссыздықтың қай түріне жатқызар едіңіз? Қазір қазақтарда Тарғын, Қамбар, Алпамыс, Қобыланды, Абылай, Әбілхайыр, Оразмұхаммед, Құлмұхаммед, Нәдір, Бәкір, Мамай, Тоқтамыс, Сартай, Жәңгір, Махамбет, Исатай сияқты бұрын жиі кездесетін айбынды есімдерді емге табу қиын. Оның орнына не мағынасы, не мәнісі жоқ Ернұр, Еркебұлан, Диас, Жасұлан екінің бірінде бар. Сонда қазекем-ау, Диас деген не деп бір сәт ойлану қабілетінен де айрылып қалғаны ма? Мысалы, бұлан деген жылқы тәрізді, бірақ ашатұяқ жабайы аң. Қазақта «Бұлан, бұлан сан, бұлан санын оқ тесер, Бұлықсып жүрген жігіттің жомарт қолын жоқ кесер» деген жыр жолдары бар. Бұланның орысшасы – лось. Сонда баласын қошақаным, құлыншағым, ботам деп еркелететін қазақ баласын енді ерке бұланым яғни, шаловливый лосым деуге шыққаны ма? Ал зу етіп өмір құрғыр өте шығып жетпіске келгенде әлгі Жасұлан қай ұлан болады? Қазақтағы құлмінездің қалмақ түгіл өршіп баратқаны, әсіресе қазақ қыз-келіншектерінің өз есімдерін бұрмалап айтуынан айқын көрінуде. Қазір Баянымыз өзін Баяна, Шолпан – Шолпана, Қымбат – Кымбата, Айнұр – Айнура, Нұргүл – Нургуля, Әсем – Асема деп атайды. Бұл енді барып тұрған құлмінездің нақты көрінісі. Өйткені бұл қыздар өз есімінің соңына орысша «женский родтың» «а» деген «окончаниесін» жалғап, орысшаға бейімдеп айтады. Тіпті, Беркут деген жігіт (сірә, Бүркіт шығар?) жанындағы Айшасын теледидардан Аи-и-ша деп, екпінді «и» дыбысына түсіріп, яғни орысшалап айтуға шықты. Сонда неміз қалды, енді? Бүйте берсе, қазекем енді бір күндері ғылым мен техниканың, қазіргілерше айтқанда «инновацияның» көмегімен көзіміздің қарашығын көгертіп, кірпігімді ағылшындардікіндей аққылшық қып, беріңдер деп Ресейге, Еуропаға тапсырыс беруге дейін баруы да мүмкін-ау. Қазір қазақтың қызы – күйеу, жігіті – келіншек табу үшін «КТК» телеарнасындағы «Давай поженимсяға» жүгінетін болды. Оған барған қазақ қыз-жігіттерінің бас жеңгетайы А.Бабаева да, бас құдағайы Н.Ермолова. Мұндай соқыр «өркениеттілік», мұндай соқыр «мәдениеттілік» қазақтан басқа бірде-бір түркітілдес, бірде-бір ислам дінін ұстанған көршілерімізде жоқ. Болмайды да. Ендеше, осының бәріне, М.Мағауинше айтқанда ұлттың бұлайша ұлт­сыз­дануына жоғарыдағылар кінәлі емес, қа­зақтың өзі кінәлі дей аласыз ба? Құдайдан қо­рықсаңыз, дей алмайсыз. Ал сол қазекең айтқан Ағам андай болғанда, жеңгем мұндай демекші, қазақтың аты-жөні өзгеріске ұшырағанда, тілінің өзі орысшаның тұп-тура аудармасына айналды. Бұл енді ұлттың жойылуының ең басты белгісі. Қазақ осы күні біреуі түшкіріп жіберсе «Сау бол!» дейді. Бұл түшкірген орысқа айтатын «Будь здоровтың» көшірмесі. Әйтпесе, атам қазақ мұндайда бір-біріне «жәракімалла!» дейтін еді ғой. Бір таңданатынымыз – өмір бойы қалың қытай­дың ортасында келе жатқан қытай қазақтары бір ауыз қытай сөзін араластырмай сөйлейді. Ал біз бас-аяғы жетпіс жылдың ішінде бір ауыз сөзінің жартысы орысша, не орысшаның аудармасы болып келетін дүбәра ұлтқа айналдық. Өйткені орыс отаршылығының ең басты ерекшелігі сол – олар сенің жеріңді, байлығыңды басып алумен ғана қоймай, бірден тіліңнен, ұлттық мәдениетіңнен, ұлттық санаңнан айыруға кіріседі. Өз ұлтыңды өзіңе жеккөрінішті етіп көрсететін небір сұрқия саясатты қолданады. Мысалы, дәрі-дәрмек қорапшасының ішіндегі түсіндірме қағаздағы сөйлемдерді оқып отырып, өз тіліңнен, өз ұлтыңнан безіп, жек көріп кете жаздайсың. Бұл да билік басындағы толып жүрген мәңгүрттің қазақ тіліне деген жанашырлығы жоқтығынан, орыс тілін төбесіне көтеруден екеніне сөз жоқ. Сенбесеңіз қараңыз: «Ішке қабылданғаннан кейін асқазан ішек жолына жылдам сіңеді. Омепразол қан плазмасындағы қанығу деңгейінің шыңына 0,5-3,5 сағаттың ішінде жетеді. Метаболизмі цитохром Р 450 жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Жартылай шығарылу кезеңі 0,5 –1 сағатты құрайды. Оменразол осылайша қышқыл түзу үдерісіне тұз қышқылы синтезінің түпкі сатысы деңгейінде араласады, бұл ті­тіркендіргіш табиғатына қарамастан фермент белсенділігінің тежеуі дозаға тәуел­ді сипатта болады». Көрдіңіз бе, қанша жерден «братский народ» деп бауырың бітіп, ет-жүрегің езіліп бара жатсаң да екеуің­нің сөйлеу мәнерің, сөз саптауың бір-біріне арқасын беріп, теріс қарап тұр. Орысша, после (немесе при) приема внутрь» дегенді со күйінде «ішке қабылданғаннан кейін» деп, тіліміздің масқарасын шығар­дық. Қазақша дұрысы «ішкеннен соң» еді ғой! Бұдан кейінгі сөйлемді нағыз қазақ «0,5-3,5 сағатта қанығып болады» дер еді. Одан кейінгі «0,5-1 сағатты құрайды» деген де қазақтың өз тілін орысшадан тәржімалап қана сөйлеуге шыққанын көрсетеді. Әйтпесе, есі дұрыс қазақ «составляет – құрайдыны» алып тастап «жартылай шығарылу кезеңі 0,5-1 сағат» дей салар еді. Әрі бармай-ақ қоялық. Он жерден бауырлас, ағайын деп емешең езілсе де әр ұлттың сөз саптауы да, тіпті, қуанғандағы – күлкісі де, қайғырғандағы – жылауы да әртүрлі екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Миы, санасы 70 жыл емес, 700 жыл отарланса да шын тәуелсіздік, шын азаттық алған ұлт бұлайша, сөйлемейді. Осының өзі-ақ біздің тіліміз әлі де орысшаның отарында екенін көрсетіп тұр емес пе?! Дәрі-дәрмекті айтамыз-ау, астына төрт дөңгелек тигеніне өзін баймын деп ойлайтын қазекем көлігінің доңғалағын ағыт дегенді «снимай колесо» дегеннен аударып «доңғалақты шеш!» дейтін болыпты. Қайран қазекемнің орыстілді шонжарлары «ң» дыбысын айтпайды, не айта алмайды. Соларға еліктейді ме қайдам, қазір қазақтар арасында «ң»-ды «н» қып айтуды дәреже көретіндер өте көбейіп барады. Олар «жана жылынызбен», «мын тенге», «өлен айтыныз» дейтін болды. Біз қазір өйтіп жатырмыз да бүйтіп жатырмыз, жетілдік, жетістіктің шыңына шықтық деп өз лепірмесінен өзі ләззат алатын көбіккеуде ұлтқа айналдық. Қа­зір көшелердегі «Продаются квартиры» дегеннің қасындағы «Сатылады пәтерлер», сырахана маң­дайшасындағы «Пиво холодноеның» тұ­сындағы «Сыра салқын» дегендерді оқып-ақ қазағыңның өзі де, сөз саптауы да кімнің кө­шірмесіне айналып баратқанын байқай бер! Бұл қазақтың тіліне дейін орысшаға тәуелділігі бұрынғыдан күшейе түскенінің анық айғағы емес дей алмайсыз! Осыдан бір жыл бұрын кореялық жап-жас профессордың қазақ журналисіне берген сұхбатын оқыдым. Оның әңгімесінің ұзын-ырғасы: «Біз, корейлер 60 жылдай жапондардың езгісінде болдық. Бірақ біздің үлкеніміздің де, кішіміздің де кеудемізде жапондарға деген үлкен ашу-ыза бар. Ал қазақтар 300 жылдан астам Ресейдің езгісінде болды. Сөйте тұра, сіздер ылғи орыстардың ығына жығылып сөйлейсіздер. Бұл әлде өз тарихынан хабарсыздық па, не екенін білмеймін» дегенге саяды. Осы сөздің жаны бар. Біздің тәуелсіздік алдық дегеннен кейінгі жазылған мектеп, жоғары оқу орны шәкірттеріне арналған тарихымызда қазақ халқына патшалық және кеңестік Ресейдің көрсеткен қиянаты атүсті ғана айтылады немесе мүлде айтылмайды деуге де болады. Бұл да қазақтың намысын, ұлттық санасын оятпай, ұрпақты мәңгүрт қалпында сақтаудың бір амалы. Ал ұлттық намысы мен ұлттық санасынан айрылған ұрпаққа ана тілінің, ата-баба салт-дәстүрінің құны көк тиын. Қазір автобус, троллейбустың есігінен басын қылқитып «Прямо по Абая до конца», «Вниз по Толе би» деп бақырып-шақырып бара жатқан кондуктор қазақ қыз-жігіттерін көресіз. Өздері сол өміріне дән риза. Оларға «Соны қазақшалап хабарламайсың ба, орыс­тар адасып кететіндей орманда жүрген жоқ қой!» десең, «какая разница?!» деп өзіңе ажырая қарайды. Енді біреуі мұндайда «бізде демократия» дегенде не деріңді білмей қаласың. Сонда ол байғұс Қазақстанның демократиясы, елдегі тыныштық дегеніміз бір-бірімен орысша сөйлесу деп ойлайтын болуы да мүмкін. Ұрпақтың, тұтас ұлттың санасыздануы дегеніміз осы. Ал санасыз адам өзім де, сөзім де орыстың ксерокопиясына айналып жойылып кетпейін деп емес, ұлтшыл атанып кетпесем болар еді деп «уайымдайды». Иә, жер-дүнияны былай қойғанда, кешегі кеңестік кезеңнің өзінде жойылып кеткен ұлттар бар. Қазақ дәл сол жойылу сатысына келген сәтте Құдай оңдап КСРО-ның күлі көкке ұшты. Қазақстандағы орыстілді газеттер «кім шалақазақ, кім нағыз қазақ, кім мәмбет қазақ, олардың қайсысы өркениетті, мәдениетті», «қазақ қай дінді ұстануы керек?» деген сияқты небір сайқали сауалдар қойып, оған ұлттық намыстан айрылған орысша сөйлейтін қазақтарға жауап бергізіп, қазақ арасында алауыздықтар туғызуға ашықтан-ашық кірісті. Бұны дереу тоқтатпаса, бұның түбі жақсылыққа апармайды. Қалай десеңіз де бүгінгі қазақтың өзіне де, сөзіне де, яғни, тіліне де ешқандай қауіп-қатер жоқ дей алмайсыз. Қысқасы, ұлт болып өзін-өзі аман сақтап қалуы үшін орыстілді шонжар қазақтың да, қора-қопсы маңындағы қазақтың да ұлттық намысы мен ұлттық санасына қозғау салатын кез жетті. Бұл мәселеде біз көп жыл кешігіп қалдық. Енді кешіксек, мың өліп, мың тірілген қазақ мың бірінші мәрте тірілмейді. Мырзан Кенжебай

19116 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7144

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6172

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3913

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3304

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3258

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3232

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2960

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2947

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы