• Тіл
  • 21 Маусым, 2012

Тәуліктегі шақ атаулары

Қазіргі кезде тәуліктің шақтары сағат тілімен өлшенетіні белгілі. Күнделікті тұрмыста мезгілді көбіне сағат бойынша айту дағдыға айналып кетті. Алайда сағаттың тұрмыста қолданыла бастағанына айтарлықтай көп уақыт бола қойған жоқ. Олай болса, сағат сыртылына дейін, тіпті одан көп бұрын, тәулік қандай шақтарға бөлініп, олар халық тілінде қалай аталған?Таң. Қазіргі тіл қолданысымызда таң атқанда, таң құлан иектенгенде, таң бозарып атқанда деген тіркестер бар. Ал халық тілінен таң мезгілін білдіретін сөздің бұдан басқа да небір түрін кездестіреміз. Таң сімірі. «Төбеден жұлдыз ауғанда, таң сімірі жауғанда». («Төрехан батыр»). Ереуіл таң. «Шолпан жұлдыз батқанда, пәленің алды қайтқанда, Ереуіл таңдар атқанда, қызара келіп күн шықты». («Ер Қосай»). Көгала таң. «Желпіндіріп ту байлап Ерлерім тұрды ат сайлап, көгала таң болғанда». («Қашаған Күржіманұлы»). Рауан таң. «Рауан таң біліне, жемісті сайдың бойына бастап келді ол енді». («Құбығұл».) Сәске. Мәл. Күн ұясына көтеріліп, қыза бастаған шақтан сәске басталады. Сәске мезгілді байырғы жырларда сәске маһал деп атайтындығын ұшыратамыз: «Сәске маһал болғанда, қыз іздеген Төлеген көшкен бір елге жолықты». («Қыз Жібек»). Мұндағы маһалдың мағынасы – «кез, шақ». Маһал сөзі дыбыстық өзгеріске ұшырап, кейбір тұрақты сөз тіркестерінің құрамында мәл түрінде кездеседі. Мысалы, жасы мәлден өтті. Жасыңда анық сұңқар болғаныңыз, Дариядай жігіт күнде толғаныңыз. Сыпырып жас кезінде ілсең-дағы, Тұғырға мәлден өтіп қонғаныңыз. (Мұсабек Байзақұлы. «Манат қыздың хаты»). «Келіппін сексен үшке мәлден өтіп. Берсе көзі Алланың көрмей жүр ме?» («Қозы Көрпеш – Баян сұлу».) Мәлден өтті, жасы мәлден өтті деген сөз орамы «белгілі бір кезден, шақтан өтті» дегенді білдіреді. Мұндағы кез, шақ байырғы әдебиетте «алпыс үш жас» дегенді аңғартса керек. Ертеректегі қазақ салтында мүшел жасты (13, 25, 37, 49, 61, т.б.) «қасиетті» деп есептеген. Сондықтан мүшел жастың біріне толған адамды «тым алыс сапарға шықпайды», «көзсіз тәуекелге бармайды», «қауіп-қатерден сақтанып жүреді» деп отырады. Немесе мүшел жасты тура атамай, орағыта айтқан. Бұлбұл үнді Біржан салдың ақын Сарамен айтысында «Адымым күні бүгін қалыбында, Екі жыл отыз беске келгенімде» деуінде бәлкім осындай сырдың болуы да ықтимал. Әрине, санды тура атамаудың бұдан да өзге орайлары бар. Мысалы, ақ берен Есет Қараұлының (1779-1860): Назданып аяқ көсілген, Сылдырап белін шешінген. Алма мойын арудың Ажары кетер бетінен Екі он бестен жасы өтсе, – деуі сөз ажарлаудың айрықша тәсілі. Сәске мезгілінің өзін халық бірнеше шаққа бөледі. Күн ұясынан құрық бойы көтерілген шақ – сәске немесе ерте сәске. Бұдан кейінгі мезгіл – ұлы сәске. Ұлы сәске – қан сәске деп те аталады. Еліміздің батыс аймағында тәуліктің осы мезгілін білдіретін сиыр түсі деген атау қолданылған: Жайылған атын алдырып, Үстіне тұрман ер салып, Сиыр түсі болғанда, Сағыздан өтіп заң салды. (Ығылман Шөреков). Түс ауды. Күннің тас төбеден ауған сәті. Түстің қайтқан сәтін түс қыңды, түс қиды дейді. «Ойлағандай, түс қия берген кезде көрші ауылдан қайтқан қауыммен тағы бір хабар әкелді». («М.Әуезов. Абай жолы».) Әдетте, ертеде, шаруа адамына түске дейінгі шақ, сірә, тым ұзақ көрінсе керек. «Күн түске дейін көк өгізге мінеді, түстен кейін қара жорғаға мінеді» дейді халық. Бұл – түстен кейінгі уақыт тез өтеді дегені. «Күйеуі келсе, қыз тұрмас, бесін келсе, күн тұрмас» деген мақалдың да мазмұны осыны аңғартады. Бесін. Түстен кейінгі шақ – бесін. Әрине, бесін атауын сыртқы ұқсастығына қарап бес сөзіне қатысты деуге болмайды. Бесін сөзі түркі тілдеріне парсылардан ауысқан деуге болады. Парсы тілінде пишин «түс мезгілі», намаз пишин «бесін намаз» дегенді білдіреді. Халық тілінде бесін мезгілін екі шаққа бөліп атайтындығын байқаймыз. Бірінші – ұлы бесін. Жырларда кездесетін айна бесін осы «ұлы бесінмен» мағыналас деуге болады. «Әлде өтірік, әлде рас, мен жоқ едім қасында, Айна бесін болғанда, батырың елге құлады». («Ер Қосай».) Екінші – кіші бесін – бесінге қатысты тағы бір атау – қожа бесін. «Қожа бесін болғанда, Қобыландыдай батырың бір төбеге барады». («Қобыланды».) Екінді. «Екіндіде елге сүйкімді қонақ келеді» дейді қазақ мақалында. Бесін ауып, күн батуға таянған шақ – екінді. Солмай ма көктемдегі әдемі гүл, Оңбай ма бетке біткен әдемі түр Еңкейіп екіндіге күн құласа, Көріксіз көрінбей ме дүние бір. (Жамбыл.) Халық тілінде екіндімен жарыса қолданылар сөз – намаздыгер. Діни салт бойынша оқылатын үшінші намаздың аты есебінде қолданылған бұл сөз де ертеректе мезгіл, шақты білдіретін атауға айналған. Намаздыгер мезгілін Шу бойында дігер намаз шағында деп те атайтындығын кездестіреміз. Күн байығаннан (батқаннан) кейінгі мезгіл – іңір, ымырт; ақшам, намазшам. «Іңірде жатқан ырыссыз қалар» дейді халық мақалы. Іңір мезгілінің өзі қызыл іңір (қоңыр іңір) және іңір қараңғысы деп екі шаққа бөлінетіндігі белгілі. Намазшам. Намазшам діни салтта «төртінші намаздың» аты, парсы тілінде шам «кеш» деген мағынаны білдіреді. Бұл сөзді де шаруа адамы байырғы кезде мезгілді білдіру мақсатында қолданған. «Намазшам мезгілінде бие ағытып, екі айғыр желі басында жатып алды». («Қозы Көрпеш – Баян сұлу».) Кеш мезгіліне қатысты, оның шақтарын нақтылай түсетін ымырт жабылды, сам батты, ақсам батты, т.б. тұрақты тіркестер бар. «Ақсам батпай түн шықпас, ажал келмей жан шықпас». (Бұқар.) Нұргелді Уәли, филология ғылымдарының докторы, профессор

26991 рет

көрсетілді

3

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7278

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6237

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3979

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3370

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3327

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3296

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3025

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3012

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы