• Тұлға
  • 28 Маусым, 2012

Асқар асулары

Екі боксшының қолғабы түйіскенде олардың жеңіске деген ұмтылысы да түйіседі. Бірақ ұмтылыс, мақсат біреу болғанмен жеңіске бір ойыншы ғана жетеді, өйткені бокс – өнер, тактика-стратегия өнері. Бұл өнерді бағалаушылардың арасында «Бокс – адамның мықтылығын зерттейтін ғылым» деген қанатты сөз айтылады. Шынымен де бір-бірінің осал тұстары мен шеберлігін аңдысып, өзін-өзі қорғай отырып, қарсыласының меселін қайтарар соққыны ұйымдастыру ғылым емей не!? Бұның ілімін біліп, төбелес емес, тамаша айлалы ойын көрсете білетін хас шеберлерден қазақ жері кенде емес, ал бұл ойын пәлсафасын тіршіліктің, істің шынайы әдіс-тәсіліне айналдыра білгендер өмір рингінде де табысты болары хақ! Сондай асау асуларды бағындырып, алып күшті ауыздықтап, оны игі істерге бағыттай білген атпал азаматымыз, елін сүйген ер Асқар Құлыбаев туралы бірер сөз айтқалы отырмын.

Мақаланы бокс өнерінен бас­тауым­ның өзіндік сыры бар еке­нін оқырман аңғарған болар. Асекең – мек­теп жасында бокс секциясына қатысып, сондағы тәй-тәй қадамы талай жеңістерге алып келген спортшы. С.Ибраим­ның «Асқар Құлыбаев» атты кітабында Асқар өзін тәрбиеле­ген Қожабек ата­сына келіп, бокс туралы ой бөліске­­нінде, атасының айтатын мынадай сөздері беріліпті: «...бокс дегеніміздің өзі – өмірдің оқуы. Өйткені өмір – күрес, тартыс». Өзі қатты сыйлап, әрбір ақылына құлақ қойып отыратын осындай адамның бокс өнеріне берген әділ бағасы жеткіншекті шабыттандырған шығар. Мектеп қабырғасында, одан студенттік жылдары былғары қолғабы діттеген жеріне дөп тиіп, талай жүлделі орындарды иеленді. Жүйрік ат жалғыз шауып жүйрік атанбайды, ол өзіне ілесе шапқан тұлпардың демін сезінгенде, делебесі қозып, нағыз сайыстың исін алады. Спортшы қауым да осы іспеттес. Жарыс додасында кездескен сайын мықтылардың мықтысы ғана оза шауып, бәйгелі болады. Елімізде, Одақтың басқа қалаларында шаршы алаңды намыс отымен талай шарпыған Асекең алдынан үміт күттірген белгілі спортшы болды. Бірақ оның өміріне бағдар еткен мақсаты басқа еді. Өзі қалаған мамандығын терең меңгеріп, білімін өндірісте пайдалану жалындаған жастың таңдаған жолы болды, сондықтан ол спорттан қол үзіп кетпесе де, жарыстарға баруын тоқтатты. Бірақ адамның күш-жігерін шыңдайтын бокс Асекеңнің өміріне көп сабақ берді. Өзі айтпақшы, адам тануға, батыл қимыл жасауға үйретті. Алайда бұның бәрінің негізінде жатқан зор намыс болатын. Намыссыз ерден ерлік шықпайды. Қашанда шоқтай жанып тұратын отты жанары, адам жүзіне тура қарайтын көзқарасы намысшылдықтың келбеті сияқты. Бала кезінен ар-абыройдың құнын біліп өскен Асекең замандастарына батылдығымен, тіке айтатын турашылдығымен бағалы. Энергетик мамандығын алып, жоғары оқу орнынан түлеп ұшқаннан кейін өндірістегі жұмыс­тардың үлкен-кішісін талғамай, қайнаған өмірге құл­шына бас қойған Асекең еліміздің индустриясын дамытуға жастық жігерімен үлес қосуға батыл кірісті. Он шақты тал ексең, соның ішінен біреуі озат шығып, менмұндалап тұратыны бар. Сол сияқты өндіріс орындарында қарбалас жұмыс ішінде ісінің тындырымдылығымен, жұмыс көзін таба білетін­дігімен, айналасын­дағыларымен адал қарым-қатынас орната алатындығымен ерекшеленіп тұратын өз ісінің шеберлері болады. Асекең де алғашқы жұмыс орын­дарында-ақ осындай қырларымен бірден көзге ілікті, бағаланды. Инженер болып келіп еңбекке аралас­қан Асқар Алтынбекұлына бас инженерлік, одан басқарма бастығы сияқты жауапты қызметтер жүктелді. Өз ісіне деген адалдық оны білімін кеңейтуге итермеледі. Құрылыс саласына жұмысқа араласқан­нан кейін («Казторгстрой», «Казпромтехмонтаж»), бұндай ұжымды басқару үшін өзі де сол саланың ісіне қанық болуы керек екенін түйсініп, Қазақ политехникалық институтының құрылыс факультетін тәмамдады. Әрине, қосымша білім алу керек деп оған ешкім талап қойған да жоқ еді әрі өзінің табиғи алғырлығы мен ақыл-парасатының арқасында жаңа саланы да меңгеріп кете алар еді, бірақ жастайынан не істесе де сапалы қылып істеуге ұмтылатын Асекең кәсіби білімнің орнын жоғары қойды. Ізденімпаздық, талапшылдық қашанда лайықты бағасын алады: оның қарамағындағы жұмыскерлер де, басшылық та бұл кісінің іскерлік қасиетін бағалады. «Сырт көз – сыншы» деген, шалыс қадамыңды қалт жібермей, табысыңа сын көзбен қарайтын көпшіліктің көңілінен шығу мүмкін емес, бірақ біреу емес, екеу емес, бүтін бір ұжымның құрметіне бөленген маманның көзден таса қалуы мүмкін емес. Өткір қылыш қын түбінде жатпайды. Асекеңнің іскерлігі, шенділердің алдында шыбындап бас изеуден аулақтығы, айналасына әділдігі жоғарғы басшылықтың да назарын аударды. 1976 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Құрылыс және қала шаруашылығы» бөлімінің нұсқаушысы болып тағайындалды. Осы жұмысында ол бұрынғы білгендерін жаңа қырынан дамыта білді, ел ағасы Дінмұхаммед Қонаевпен де осы жылдар бетпе-бет жүздесіп, әр кездесуінен тәлім ала білді. Ширақ қимылы мен нақпа-нақ сөздері үйлескен маманның іскерлік қабілетін Димекең де жоғары бағалады. Үш жыл нұсқаушылық қызметте болғаннан кейін, Қазақ КСР монтаждау және арнайы салынатын құрылыс жұмыстары министрінің орынбасары болып тағайындалды. Істің көзін таба білетін адам қай жұмысты да ұршықша үйіретіні белгілі емес пе! Өзіне бұрыннан етене таныс құрылыс саласы, оның үстіне өндіріске араласу мүмкіндігін алған Асекең осы лауазымда біраз жұмысты еңсеріп-ақ тастады. Соның лайықты бағасы ретінде ол Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметіне сайланды. Осы қызметте болған үш жыл ішінде сол кездегі республика астанасы, халықтың сүйікті қаласы Алматыны көркейтуге зор үлес қосты. Құрылыс қарқынмен дамып, Қазақ драма театры, Республикалық пионерлер сарайы, Алматы мақта-мата комбинатының Мәдениет сарайы сияқты алып өндірістік-мәдени ошақтармен қатар, тұрғын үйлер де көптеп бой көтерді. Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары жақсарды. Әйтсе де түйткілі көп мәселелер жетерлік болды, оларды шешу жолында Асекең аз тер төккен жоқ. Ол кісінің қатысуымен қаланың мәселесін жалпы мемлекет мәселесінен тыс қа­рай­тын атқа мінерлердің жұмыс «тәртібіне» түбегей­­лі өзгеріс енгізілді: Димекең қала басшылығының та­лап-тілектеріне жүрдім-бардым қарайтын министр­ліктер мен ведомостволардың басшыларының басын қосып, оларға қала тынысының респуб­лика өмірінен бөлек қарастырылмайтыны туралы, қаланы көркейтуде жұ­мылып еңбек ету керектігі туралы тікелей нұсқау берді. Ел игілігі үшін атқарылған осындай жұмыстар жеміссіз болған жоқ. Қаланың тыныс-тіршілігіндегі әрбір жақсы жаңалықтар мен оң өзгерістер жас басшының абыройын арттырып, басшылықтың сенімін күшейтті. Жинақтаған тәжірибесі мен жігерлі мінезі оны қиындықтарға мойымай, қандай қысылтаяң жағдай болса да, дұрыс шешім таба алатын шебер басшы ретінде көрсетті. Ал осындай шеберліктің сыналар тұсы шешілмеген сұрағынан қойылмағаны көп өңір еді. 1985 жылы жоғары басшылықтың тапсырмасымен Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне кірісті. Жері шөл, бар байлығы халқы мен теңізі болып отырған Атырау өңірінің түйіні шешілмеген мә­селелері көп еді. Облыс орталығының келбеті өзгере бастағаннан-ақ халық өздеріне жақсы басшының келгенін түсінді. Көп ұзамай-ақ ауыл шаруашылығы, оның ішінде ата кәсіп балық шаруашылығы мен бақша егу жұмыстары дұрыс жолға қойылды. Талай жылдан бері өздері аулаған балығын орталыққа өткізіп, қолдарына соқыр шабақ та қалмайтын атыраулықтар Асқар Алтынбекұлының араласуымен жергілікті жерде балықтарын сатып, пайда көзін көре бастады. Жылыжайлар салынып, жыл бойы халық шөл жерге таңсық көкөністермен қамтамасыз етілді. Теңіз мұнай-газ кешенін игеру жұмысының өзі бір төбе. Мұнай өндірісін қазіргі заманға сай техника жабдықтарымен қамтамасыз ету, геологиялық барлау, бұрғылау жұмыстарын дұрыс жолға қою, кен орындарының мүмкіндіктерін арттыру, мұнайшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту... санай берсең ұшы-қиыры көрінбейтін тұтас бір дүние. Осы жұмыстардың барлығын мойымай атқарып, әр саланың күрмеуі көп мәселелерін шешуге бел шеше кіріскен Асқар Алтынбекұлын атыраулықтар сол өңірдегі есімі ел есінде қалған басшылардың бірі деп қабылдады. Өйткені ол қаланы «біздің ортақ үйіміз» деп түсінген жан, ондай түсінігі бар адам, әрине, өзі тұрған қаланың көркеюіне, халқының саулығы мен жағдайының жақсаруына өз мүддесіндей қарайды. Бұл көзқарас оның 1989 жылғы Жаңаөзен оқиғасына қатысты көрініс тапты. Халыққа деген жанашырлығы, елдің тыныштығына алаңдаушылық Асекеңнің шұғыл және дұрыс шешімдер қабылдауына итерме­леді. Расында да бұл дұрыс шешім болды, өйткені облыс басшысының нұсқауымен кавказдықтарды жедел түрде көшіру ушыққан жағдайды сабасына түсіргендей болды. 86-ның дүрлікпесінен кейін жүрегі ша­йлығып қалған қарапайым халық бұқаралық ақпа­рат құралдарына да, басшылыққа да сенбей, толқу бірден басыла қойған жоқ. Дегенмен басшыларының өз басын күйттеп бұғып қалмай, күн-түн демей орталарында жүргені халыққа сабыр берді, оның үстіне жасалып жатқан қауіпсіздік шаралары бар – бірнеше күннен кейін жағдай қалыпқа келді. Халықтың қордаланып қалған әлеуметтік жағдайын зерттеп-зерделеу, оны шешу жолдарын қарастыру оң жолға қойылды. Десе де 23 жылдан соң қайталанған биылғы Жаңаөзен оқиғасынан кейін бұл жұмыстың жалғасы болмады ма деген ойға қаласың... Асқар Алтынбекұлы осы өңірді бес жыл басқарды. Осы уақыт аралығында атқарылған жұмыстар халық игілігіне жұмсалды, Атырау өңірін көркейту жолында қыруар істер орындалды. Сол уақытта Асекеңе деген ел азаматтарының ризашылығы шексіз болатын. Кейінгі жылдары құрылыс саласында қайтып оралып, өзіне етене таныс салада жұмысын жалғастырды. Еліміздегі тұрғын үй, өндіріс ғимараттарын салу, соған қатысты барлық ұйымдастыру жұмыстарының тіз­гі­нін қолға алып, министр ретінде тәуелсіз мемлекеті­міздің жаңа астанасының сәулетті келбетін жасау­ға атсалысты. Қаншама жұмыстар атқарылды – бәрі де өз хал­қына, туған жеріне деген адал сезім, ыстық махаббаттан жасалды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты бол­ған жылдары да осы ұстанымының беріктігін дәлелдеді. Сәулетшілер мен құрылыс ісінің барша мамандары құрмет тұтатын Асекеңмен, кәсіби әріптесте­рім­мен бірге мен де ҚР Ұлттық Инженерлік академиясында жиі ұшырасып тұрамыз. Асекең – ғылым жолындағы көптеген ізденістері қазіргі жастарға бағыт-бағдар сілтеуші профессор, техника ғылымда­рының докторы, Халықаралық Инженерлік ака­демия­ның және Қазақстан Республикасы Ұлттық Ин­женерлік академиясының академигі Асқар Алтынбекұлы ғылымдағы іргелі еңбектері үшін Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды. «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы», «Отан», І дәрежелі «Барыс», «Инженерлік даңқ» платина орде­німен, «Дос­тастықтың алтын жұлдызы» Суворов орденімен, БҰҰ-ның Бірлік орденімен, ЮНЕСКО орденімен, Ресейдің «Достық», І дәрежелі Ұлы Петр орденде­рімен, көптеген медальдармен, соның ішінде Ха­лықара­лық инженерлік академияның (ХИА) Үлкен күміс медалімен марапатталған. ХИА мен ЮНЕСКО-ның Халықаралық сыйлықтарының, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметті инженері, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, сондай-ақ Алматы қаласының, Алматы, Атырау облыстарының, Алматы облысы Іле ауданының құрметті азаматы. Жеке кәсіпкерлікпен айналысуы оның Отанына деген адалдық сезімінен алыстатқан жоқ. Әкесі Алтынбек соғысқа аттанып бара жатып: «Сенің атыңды дәу жігіт болсын деп Асқар қойғанмын, атыңа лайық бол» деген сөзін ту етіп ұстаған Асекең мектеп жасында буыны бекіп үлгірмей, боксшының ауыр қолғабын киіп, қарсыласының мысын басқан күш-жігерін жанып, содан бері де талай асуларды бағындырды. Асулардан асып, биікке өрледі. Қанатыңыз талмасын, Асеке! Жетпіс бес жасыңыз құтты болсын! Әбдісағит Тәтіғұлов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі

3760 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7257

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6229

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3970

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3360

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3319

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3288

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3016

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3004

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы