• Тұлға
  • 28 Маусым, 2012

Ақ халатты алмастырған қаламға...

Жәкеңмен, бүгінде алпыстың асқарына көтеріліп отырған журналист, ақын Жетіскен Мәкеналымен бір ауылда өстік. Ол кездегі ауылымыздың аты – Энгельс атындағы совхоз еді. Қазір байырғы атын иемденген. «Қожабақы» деп аталады. Сырдарияның жағасынан он бес шақырымдай жерде. Біз болсақ мектеп оқушысымыз. Жәкеңнің Қызылордадағы мед­училище­ні бітіріп келген кезі. Совхозда – фельдшер. Ауылдағы суы сарқырап ағып жатқан бұлақтан Жетіскен ағамыздың үйі қашық емес. Таңертеңгілік сол бұлақ жанынан өтіп бара жатқанымыз­да әртүрлі жаттығулар жасап, дене шынықтырумен айналысып жатқан сымбатты жігітке көзіміз түседі. Бұл­шық еті бұлт-бұлт еткен оны көріп, «Шіркін, біз де Жетіскен ағамыздай болсақ қой» деп бала қиялға берілетінбіз. Жәкең сол уақытта ауылдың үлкен-кішісі мақтан тұтқан медицина қызметкері ғана бол­ған жоқ, күрестен аудан орталы­ғында өтіп жататын жарыстарда жүл­демен қайтып жүрген айтулы спортшы да болды. Өзі жас болса да жан-жақты бұл жігітке сырт көз тамсана көз салатын. О баста дәрігер болсам деп ар­ман­даған Жәкең бір күндері журналис­ти­ка­ның даңғыл жолына қалай түсіп кетке­нін өзі де аңғармай қалды. Аңғармады деп жаңсақтау айтып кет­тік пе, қалай... Дәл солай болатын да реті бар еді ғой. Мектепте жүргенде өлең-жырға әуестігі бар-тын. Ке­йіні­рек мақалалары аудандық газетте, «Қазақстан пионері» газетінде жарияланып тұрды. Ақырында сөзге жақындық, газет жұмысына қызығушылық біржолата баспасөзге бет бұрғызды. Алдымен Қазақ мемлекеттік университеті журналистика факультетінің сырттай оқу бөліміне құжаттарын тапсырды. Осында оқып жүріп, Қазалы аудандық газетінде қызметке орналасты. Газеттегі негізгі бөлімдердің бірі саналатын – ауылшаруашылығы бөлімінің тізгінін қолға алды. Әлмәмбет Әлішев, Киікбай Ізетов, Тынышбай Шерекенов секілді өмірдің ыстық-суығын бастан өткерген білікті редакторлардың қарамағында қызмет етті. Негізгі қызметімен қоса, аудандағы көпшілік-мәдени шаралардың бел ортасында жүретін көпшіл, үлкен-кішімен тез тіл табысқыш азамат сол кездегі аудан басшысы Елеу Көшербаевтың көзіне түсті. Жалындаған жас жігітке аудандық мәдениет бөліміне жетекшілік ету ұсынылды. Алғашқыда жүрексінген. Содан соң тәуекелділік жасады. Ел ағасы сенім артып тұрса, қашқақтайтын несі бар? Сөйтіп, жеті жыл мәдениет саласын басқарды. Кейін осы құрылым атауы – Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі болып өзгерген кезде де үш жылдай басшылық еткені бар. Жалпы Жәкең бұдан соң да мәдениет ауылынан алыс кеткен жоқ. Қазалы қаласындағы жұртшылық жиі бас сұғатын Ғани Мұратбаев мұражайына жетекшілік жасауы да – оған сеніп тапсырылған жауапты жұмыстардың бірі болатын. Атқарылған еңбек бағаланса – ғанибет. Аудан мәдениетін дамытудағы еселі еңбегі де ескерілді. «Қазақстан Республикасының Мәдениет қайрат­кері» құрметті атағын иемденді. Жәкең жаңадан шаңырақ көтерген аудандық «Қазалы» газетінің бойын тік­теп кетуіне үлкен үлес қосты. Қазір өзі бас болып ұйымдастырған басылымда «Әлеумет және руханият» бөлімін басқарады. Ағамыздың қолға алып жүрген игі шаруаларының бірі – өлке тарихын зерттеуге мән беретіндігі. Бұл туралы жазушы ағасы Молдахмет Қаназ ризашылықпен былай дейді: «Елге барсаң елпектеп алдымыздан шығатын Жетіскен ініміз. Қазалының тарихын түрт­пектеп жарыққа шығарып жүрген де сол. Қолға қалам ұстайтын адам көп болғанымен, Жетіскеннің орны бір­ төбе. Қазалы туралы қажет деректері­мізді содан сұраймыз. Жетіскен ауданның мұражайы сияқты». Бұл да тегіннен-тегін айтылған сөз емес. «Ортаймаған қазаны, қасиетті Қазалы», «Тамыры терең, тарихы кенен Қазалы», «Асан көтерілісі» секілді жинақтарды құрастырған – біз тілге тиек етіп отырған қаламгер. Оның «Мен – Ғанимын», «Ғани тағылымы» кітаптарының көпшілікке, әсіресе жастарға әсері мол. Жетіскен Мәкеналы – ақын. Жырым тосын, болмасын тосын әнім, Кейбіреудің пейілінен шошынамын. Ақша қуған арын да сатады екен, Баба салтын сақтай ма осыларың? Артылады мойныңа заман жүгі, Кеудедегі жарық қыл қараңғыны. Жаңа ғасыр, көңілімнің алаңдығы – Қасиетті халқымның амандығы. *** Мамандықтан көргенім жоқ кенделік, Талай ғаріп алғыс айтқан емделіп. Ақ халатты алмастырдым қаламға, Жүрегімнің қалауымен жөн көріп. *** Сырласамын, жыр оқимын қаласаң, Сырласым деп, мұңдасым деп санасаң. Арманым жоқ жеткенімше соңғы дем, Халқымның бір кәдесіне жарасам – деген жыр жолдары ақын жүректен, өлеңді жалаудай жанына серік еткен жанның ғана көкірегінен жарып шығады. Осыдан бес жыл бұрын «ХХІ ғасырға аманат» атты жыр жинағын ұсынған қаламгер, таяу күндері «Тағдырмен тілдесу» атты өлең кітабын оқырмандарына тарту етпек. Алдағы жоспары – сан тарау. «Ел мен жердің тарихы, туған жерді түлеткен азаматтар жөнінде де кітаптар шығару ойда бар» дейді келер күнге зор үмітпен көз салған әріптес ағамыз. Жәкеңнің «Бата бер, әке» атты өлеңі бар. Сол өлең былай аяқталады: Жолымды сілтер асылым, асқар тауымсың, Шөлдесем жанға нұр себер нөсер жауынсың. Бата бер, әке балаңа, Күтіп тұр мені алдымда биік, ауыр сын. Өмір сүрудің оңай еместігін, сынағы, сыны көп болатынын өзіңіз де сезген екенсіз, Жәке. Сол сынақтарға қайратыңыз бен жігеріңізді қарсы қою арқылы, адамдық, азаматтық биіктен табыла беруді Алла тағала нәсіп еткей. Нұрперзент Домбай

3751 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №17

02 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 7248

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 6225

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3966

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3356

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3315

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 3284

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3012

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3000

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы