• Әдебиет
  • 12 Шілде, 2012

Олжабай батыр

Орталық Ғылыми кітапхана мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының сирек қорларында Молдажан Жадайұлының «Олжабай батыр туралы» [ОҒК. 381-бума, 2-дәп, 1946.] жыры мен Жаяу Мұса Байжановтың «Олжабай батыр» және өз қолтаңбасымен жазған «Олжабай батырдың бір соғысы» [ӘӨИ. 609-бума, 1-2-дәп.] екі жырымен қоса оның баласы Садық Жаяумусин тапсырған «Олжабай, өмір тарихы»[ОҒК. 381-бума, 1-дәп, 1940.] атты аңыздар топтамасы сақталған. М.Ж.Көпеев жинаған «Он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай батыр» деп аталған аңыздар мен әңгімелерде де [ОҒК.1177-бума, 2-дәп.] Олжабай батыр туралы мәліметтер аз емес. Ал Ертай Құлсариев жырлаған «Орта жүз Олжабай батыр» деген жыр нұсқасы көркемдігімен де, толықтылығымен де ерекшеленеді. Алғашқы Молдажан нұсқасында Олжабай батырдың дүниеге келуі, соғысқа төселуі, айдаһарды өлтіруі бейнеленсе, Жаяу Мұсада Олжабай батырдың қырғыздармен болған соғысы, ал Абылай бастаған 40 батырдың Сарыарқаны қалмақтардан азат етуі, бұл тарихи оқиғаның қазақтардың жеңісімен аяқталуына Олжабайдың айрықша қайрат-жігер, ерлік көрсетуі ықпал еткені баяндалады. Ертай нұсқасында болса, Олжабайдың тууы, он төрт жасар кезінде арыстанмен алысуы, қырғыз Әтекеден атын қайтарып алып, жолай Бөгенбай батырмен достасуы, ұйқыда жатқанда аузына кірмек болған жыланды қыршып тастауы, торғауыт қалмақтармен соғысы, Қалданнан Абылайды босатып алуы, Әмір Сананы қорғап қалуы, Қалден Серенді тұтқындауы, Абылайдан Жабай батырды босатып алуы сияқты Олжабайдың ерлігі, қайсарлығы, адамгершілігі, т.б. адами қасиеттері толық ашылған. Жыршы шешуші шайқастарда Олжабай бастаған қолдың жеткен жеңістері туралы жырлайды. Қолжазба 1939 жылы Алматы облысы, Іле ауданында араб әрпінде хатқа түсірілген. Ертай Құлсариев жеткізген «Орта жүз Олжабай батыр» жырынан үзінді «Ана тілі» газетінің оқырмандарына түпнұсқа негізінде ұсынылып отыр. Тоқтар Әлібек, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты

Халық ақыны хат жазуға қалам алған, Ешкiмнен өтпей тұрмас мына жалған. Орта жүзде Сүйiндiк ұранды ел, Олжабай қатарында батыр болған. Мәшһүр Жүсiп жазыпты кiтабына, Үшбу сөз тарих болып бiзге қалған. Сақау ақын белгiлi асқан жырау Мазмұнын көрiп тұрып өлең қылған. Халықтың қатарласқан заманында Тағылым алып сөйлейiн мен де содан. ...Қайдауыл – аққан өзен, жер анасы, Айта берсем, таусылмас тамашасы. Орта жүзде Сүйiндiк аты шыққан, Ал, ендi ашылады сөз сарасы. Айдабол он үш жаста би болыпты. Алтау екен өзiнде бар баласы. Бәйбiшеден Жанқозы, Малқозы деп, Кiшiсi – Кенжеқозы бiр данасы. Тайкелтiр тоқалынан туған екен, Бұларда үшеу екен – бiр анасы. Кенжесi Кенжеқозы жастай өлген, Айтылар сөз жүйесi солай келген. Үйсiнде Қаратайдай ер болыпты, Қызына Қаратайдың қалың берген. Айдабол би болыпты сегiз қырлы, Баласы өлiп болыпты, iшi кiрлi. Тоқалдың баласына – Тайкелтiрге «Әперем, – деп айтады, – осы қызды». «Туғанымның жесiрiн бермеймiн» деп, Жанқозы осылайша намыс қылды. «Малқозының баласы Толыбайға Осыған әперем» деп ниет бұрды. Құдаға көп рақмет, құлдық еттi Қасында азын-аулақ адам қалды, Көп жолдасы өз елiне қайтып кеттi. Айдабол сол сапарда қыстап қалды, Толыбай қызды құшып рақаттанды. Есебике деп айтады қыздың атын, Қыз болғанда қызықты сондай сәндi. Болғанда шашы – сүмбiл, тiсi – гауһар, Көргенде балқытады шыбын жанды. Толыбай қыстай жатып қызық көрдi, Мақтаулы Қаратай ер бұл да сері-дi. Елiнен шанышқылы бiр қыз әкеп, Күңдiкке оны-дағы жұмсап бердi. Бөктiк деген қыз екен бұл да нұрлы, Толыбайға некелеп тағы бердi. Жаз шығып, ел жадырап, қары кетiп, Айдабол ендi iздемек туған елдi. Ойлады Айдабол би жақсы талап, Ат мiндi жан басына еркiн балап. Екi қыз қыстай ойнап күйеуiмен, Болыпты қатарынан екiқабат. Жаз шығып соныменен елге қайтты, Қаратайға қанша еттi зияпатты. Арада бiрнеше күн жүргеннен соң, Екi қыз қатарымен туа қапты. – Екеуi де ұл болды тапқандарың, – Айдабол қуанады тiптi қатты. «Түзден пайда болды, – деп, – бұл балалар», Бiрiне Олжабай деп қойды атты. Қаратайдың қызынан Олжабай-ды, Есебике шешесi де асылзатты. Бөктiктiң Шанышқылы – ата заты, Кем емес еш адамнан салтанаты. «Қоста жатып туды, – деп, – осы бала», Қошетер деп қойыпты оның атын. Олжабай аман-есен жiгiт болса, Қошетер болады деген қолғанаты. Айдабол немересiн қолына алып, Сондайлық түсiп тұрған ықыласы. Баласын оқытыпты алдына алып, Қарады порымына көзiн салып. Жайнаған жай тасындай түрi бөлек, Отырды Айдабол би түрiн танып. – Бұл бала туған екен елге ырыс, Бақытты ерге өтпейдi жауда қылыш. Қайырлы, аман болса бұл шырағым, Қап түбiнде жатпайтын асыл құрыш. ...Сүйiндiк – Олжабайдың ата заты, Жайылды жастайынан шаһараты. Толыбайдың жастайынан мiнiп жүрген, Бар екен Тайкүреңдей жүйрiк аты. Бәйгесiн Орта жүздiң алып жүрген, Жақсы ат деген болады ер қанаты. Толыбай Тайкүреңдi жүрген бағып, Бәйгенi ерегескен келедi алып. Бiр түнде бұл Тайкүрең жауға түсiп, Толыбай қалған екен жабырқанып. Баласы Олжабайды сынамаққа, Отырды бiреуiндей сөзге салып. – Қарағым, бұған қандай ақылың бар, Қартайып әкең отыр жаяу қалып. Жоқтаусыз жiбергенiң тұлпарыңды, Iздеп шықсаң қайтедi батамды алып. Бұл сөздi естiп тұрды Олжабай ер: – Атажан, мақұл, – дедi, – батаңды бер. Ажалды үйде-түзде ешкiм бiлмес, Жалмайды жан иесiн сұм қара жер. Бақытыңа Құдай берген перзентiңмiн, Талабым қалай екен, бiр сынап көр. «Ел сырын би танымас елде» деген, Бақыты ашылмас жiгiттiң шықпаса тер. «Жатқанға жан жуымас» деген сөз бар, Толқын ұрмас дарияны, соқпаса жел. Әкесi бұл сөзiне ризаланып, Ақ қошқар қойымызды айтып шалып. Ағытты бата берiп көздiң жасын, Кiсесiн мойынына тағы салып. – Он сегiз мың ғаламды Жаратушы, Баламды жамандықтан жүргiн қағып. Қырық шiлтен, он екi имам, Ғайып Ерен, Адасса жар болыңыз, қолдан алып. Бiр күнi сапар тартты бұл жас бала, Қасында жолдасы жоқ, жеке дара. – Бiр атты iздеймiн деп намыс үшiн, Болам ба әлдеқалай мен бiр нала? – Балам, қайда барсаң, жолың болсын, Айтамын сен келгенше Аққа сәна. ...Арада бiрнеше күн сапар етiп, Олжекең бiр тоғайға келдi жетiп. «Бұл жерге бүгiн түнеп шығайын» деп, Солайша аттан түстi көңiл етiп. Тоғайда атын ұстап жатып қалды, Тынығып бiразырақ демiн алды. Жарым күн шамасында сол тоғайда, Жалтырап бiр-екi от тұтанды. Олжекем «бұл қалай?» деп отырғанда, Жанған от барған сайын жақындады. «Қатерлi iс екен, – деп, – мұның өзi», Қамшысын екi бүктеп қолына алды. Басында от көрiнген тым алыста, Бұл оттан пайда болды бiр арыстан. Жақын кеп жатып қалды жер бауырлап, Кез болған Олжабайға бұл бiр дұшпан. Оттай боп жалтыраған екi көзi, Батырдың бiр осындай келдi кезi. Бiрiне-бiрi батпай түнiменен, Жатты ғой о да байқап өзiн-өзi. Арыстан таң атқан соң кеттi жүрiп, Олжекем: «Бұл қалай?» деп қалды тұрып. Бар екен Олжекемнiң жолбарысы, Арыстан бата алмады соны бiлiп. Таң атып, тамақ iшiп, мiнiп атын, Амандыққа шүкiрлiк айтып батыр. Ер Олжабай далада келе жатса, Бiр жалғыз үй тұр екен, келдi жақын. Ол үйден шыға келдi кемпiр ана, Деп айтты: – Қайдан келдiң, – дейдi, – бала? Ел-жұртыңды жау шауып, жалғыз қалып, Деп айтты, – боп жүрсiң бе жеке дара? Батыр айтты: – Елiм аман, көңiлiм жаман, Осындай бiр қасiрет бар-ды жана. Жесiрлiк бiр атымды жауға алдырып, Себеппен келiп тұрмын бұл араға. Кемпiр айтты: – Ей, балам, ендi нандым, Сырыңды iшiңдегi сен шығардың. Жау қолына қойғанша жайтаңдатып, Бар болса, жер жүзiнде тауып алғын. «Ат – адамның қанаты» деген сөз бар, Тiрi болса, қолға алып, пайдаланғын. Жайнаған жай тасындай жас баласың, Боларсың жұрт ағасы талайлардың. Олжабай сөз сөйлейдi лебiз ашып: – Анажан, сыр сұрастық ұшырасып. Адамсыз көптi көрiп, көп жасаған, Қарашы талығымды бiр бал ашып. Балаға көңiл түсiп кемпiр ана: «Мақұл» деп құмалақты қойды жайып. Сөйлейдi құмалақта көргендiгiн: – Туыпсың, әй, иә, балам, бақытың асып. Бақытың зор, әй, иә, балам, дұшпаның қор, Етпеген екенсiң ғой бұрында жол. Бағана бiр топ адам кетiп едi, Дұшпаның байқап қалдым екен ғой сол. Оңыңда қырық бiрдiң Қызыр сынды, Бұл сапар, Құдай бiледi, болады жол. Мен-дағы тiлеулеспiн, жолың болсын, Қайыр қош, иә, шырағым, қош-аман бол. Олжабай кемпiрменен амандасып, Бұны естiп қабақат судай тасып: Талас суын қыдырып Әулиеата, Келiптi Тоқпақ, Пiспек бәрiн басып. Атбасы тауын өрлеп, Ыстықкөлмен, Кезеңдi Әтеке келдi асып. Аулына Әтекенiң келiп тұрса, Тайкөк ат байлаулы тұр құп жарасып. Олжабай атты көрiп iшi қайнап, Садағын қолына алды ендi ыңғайланып: Ауылға бейғам жатқан салды бүлiк, Қолына алып жасыл туын «а, Құдайлап». Қырғыздар бұл жұмыстан жаман сасып, Бұлар да шығып жатыр тобын сайлап. «Мың қарғаға бiр кесек» дегендейiн, Ақыры қырғыздарды шықты айдап. Әтеке өз көзiмен мұны көрдi, Тоқтатып қырғыздарды жауап бердi: – Мұнымен ұрыспаңдар, тiлiмдi алсаң. Бұл өзi күшiн сынап, жалғыз келдi. Атын берiп, жөнiне қайтаралық, Бiз-дағы бүлдiрмелiк бекер елдi. Әтеке қорыққанынан Олжабайдан, Құрметтi сөзiн айтып бұған ендi. Әтеке сөз сөйлейдi Олжабайға: – Иә, балам, кез боп қалдың осы жайға. Талабың таудан үлкен, бақытың асқан, Мен де жолдас болып ем бiрталайға. Татулыққа, шырағым, дүние көп, Таласпалық қырылып жалғыз тайға. Достасып алысалық қолда барын, Қоялық уағданы бiр Құдайға. Олжекем осы сөзге ризаланып, Дос еткен Әтiкенiң тiлiн алып. Құрметтеп Олжабайды қанша қырғыз, Батырдың ордасына түстi барып. Достасып Әтеке мен ер Олжабай, Жатыпты бiрнеше күн демiн алып. Бiр тоғыз Тайкөк атқа және қосты, Елiне қайтты батыр олжаланып. Әтеке әрi досы, әрi аға, Берiптi тоғыз кiсi жолдас жана. Кейiнгi қолдан аман асып түсiп, Барыпты аман-есен Тәшкен қала. Қасында жолдасымен есендесiп, Қайтарған қош айтысып сол арада. Тәшкенде бiраз күндей сайран еттi, Көрген жан Олжабайды қайран еттi. Олжабай сол бетiмен төмен құлап, Елiне қарақалпақ келiп жеттi. Кез болып бiр қария осы жерде, Жөн сұрап Олжабайдан жауап күттi. – Руым Орта жүзде Сырда жатқан, Сүйiндiк – елiм, аты емес мақтан. Қырғызда Әтекемен жекжат едiм Бұл сапар жолым солай келе жатқан. Ол адам сөз сөйлейдi жауап берiп: – Иә, балам, сенi тұрмын тәуiр көрiп. «Бiр жұрты ер жiгiттiң қайын» деген, Бiр атты қайтпаймысың бiзге берiп? Кел-дағы жыл айналып, қызымды алғын Уағдам тап осылай болсын берiк. Олжабай оған айтты: – Сөзiме бақ, Қызыр қонған жiгiтке қонады бақ. Бұл атты бере алмаймын бұл сапарда, Осы ат болып едi бiзге аманат. Қиянат аманатқа ете алмаймын, Бұл сапар сiзге берiп кете алмаймын. Аман болса кеп қалар тағы кезiм, Мәнiсiн сұрасаңыз бiздiң жайдың. Олжабай осы сөзбен жүре берген, Аман-сау туып-өскен жерге келген. Бөгенбай батыр кептi даңқын естiп, Ерлiгiн Олжабайдың елi көрген. Бөгенбай құтты болсын айта келдi, Жас бала аралапты талай жердi. Үш жүзде Олжабайдан асар жан жоқ, Бөгенбай осылайша баға бердi. Екi батыр дос болып құшақтасты, Айбыны екi бағлан жұрттан асты. Орта жүздiң ұраны жұрт ұйыған, Ерген жас екеуiне судай тасты. Олжабай Бөгенбайға қатты салмақ, Бар едi сол заманда құба қалмақ. Бiр жылы сол қалмақпен соғыс болып, Сарысудың өзенiне түскен аңдап. Олжекем шалқасынан ұйықтап жатса, Барады бiр мезгiлде бой шымырлап. «Олжабай шошыр ма екен жыланға» деп, Бөгенбай қарап тұрды мұны барлап. Бiр жылан үстiн басып, тiл шығарып, Сол заман ауызына болды бармақ. Олжабай бiлдi мұны хабарланып, Енуге жылан келдi даярланып. Аузына жылан басы енгенiнде, Тiспен қырқып тастады басын алып. Бөгенбай мынау iске қайран қалды, Қасында Жанатайға айтты барып: – Жанатай, саған сондай бiр iс болса, Қалайша құтылар ең амал тауып? Жанатай сөз сөйлейдi Бөгенбайға: – Әруақ зор осы күнi Олжабайда. Ондайлық қатер iске кез боп қалсам, Етпеспiн қапелiмде оған айла. Тәуке хан Құба қалмақ алған жеңiп, Бiр-бiрiн қалмақ, қазақ тату көрiп. Тәукенiң бұл күндерi жасы жетiп, Қартайып кәрiлiкпен жатқан шөгiп. Торғауыт қалмақ шығып сол заманда, Қазақты күннен-күнге кеттi жеңiп. Абылай, Әбiлмәмбет заманында, Қалмақтар жер шыбындай кеттi өрiп. Қоңтайшы ол қалмақтың болған ханы, Қазаққа сол уақытта тидi зары. «Ақтабан, шұбырынды» заманында, Қазақтың жауда кеттi көп мал-жаны. Қоңтайшы бұл қазаққа зәрiн шашып, Қазақ елi туған жерден босып-қашып. Сырдың бойын қуалап қалың қалмақ, Түркiстан, Ақмешiттi қалған басып. Қазақтың ол заманда батырлары: Қабанбай, Бөгенбай мен Олжабайы, Сырымда Малайсары, Жанатаймен, Өмiрлiк жолдас болған Жасыбайы. «Дос болған ту ұстасып екi батыр» Деп айтар Олжабай мен Бөгенбайды. Бөгенбай ол уақытта асқан батыр, Болыпты өз елiне алтын шатыр. Соғысып бiр жорықта Қоңтайшымен, Қалмаққа салған екен заманақыр. Қоңтайшы жеңiп жүрген одан бұрын, Қазақта қастығы бар, ниет қырын. Қалмақтың ортасына қырғын салып, Алыпты Қоңтайшының екi қызын. Қыз атын деп айтады: «Лағба, Лаба», Ұқсаған екi сұлу күн мен айға. Таңдауға түскенiнде екi қызды, Бөгенбай былай деген Олжабайға. – Олжабай, жасың кiшi, ақылың дана, Бұл күнде олжа болды бұл қыз бала. Қайсысын көңiлiң қалар, сiз алыңыз, Олжа алғын қалауыңша бұл арада. Олжабай Бөгенбайға ырзаланып, Лағбаны алған екен түрiн танып. Лаба қыз Бөгенбайға жар болыпты. Өмiрдi өткiзiптi рахаттанып. Солардан туған бала кейiн күнде Жүрiптi «қалмақ» деген атақ алып. Бөгенбай ол баланы алғаннан соң, Дүниеге Саққұлақ деп бiр ұл келген. Туыпты тағы бiр ұл Саққұлақтан, Бөгенбай «Олжабай» деп атақ берген, «Болсын, – деп, – Олжабайдай ел ұраны», Солайша Олжабайды артық көрген. Баласы Орта жүздiң Арғын, Найман, Тәукеге заманында бақыт қонған. Үш жүздiң балалары бiр қоныс боп Барлығы Сырдың бойын мекен қылған. Бас қосып Арғын, Найман бiр қоныста, Олжекем Орта жүзге ұран болған. Сарысу, Арқа есiгi – Арғанаты, Айдабол Төртуылды қоныс қылған. Жайлауы – Нұра суы едi мұның, Сала мен Домбыралы бетегелiм. Моншақты Құланөтпес, Шiдертi өзен, Сiлетi, Қарасеңгiр, Шалқар белiм. Сапырып сары қымыз қаздай қалқып, Шарықтап тамашамен жатқан елiм. Батырдың Малайсары жөнi басқа, Қайраты қайтпас, салса да қара тасқа. «Өлген жерде өлелiк бәрiмiз» деп, Бiр-бiрiн жау қолына тастамасқа. Сол уақытта құба қалмақ Қалдан Шерiн Қастасып қазақпенен мiнген атқа. Зорлығы Қалдан Шерiн шектен асты, Қырғындап қазақ елiн асып-тасты. «Бұл қалмаққа бiр тыю салайын» деп, Абылай хан батырлармен ақылдасты. Сол уақытта батырлары Абылайдың Уақ Баян батыр жауға айдын. Балтакерей, Тұрсынбай, Бердiқожа, Көкжарлы көкжал Барақ – бәрi дайын. Сырымды Малайсары ескi батыр, Барлығы басшы еткен Олжабайды. Қаншалық көп ерлерiн ертiп алып, Абылай Қалдан ханға қанат жайды. Бұларсыз жауға Абылай аттанбайды, Олар жоқта көңiлi шаттанбайды. Елiне Қалдан Шерiн келiп түсiп, Бiр жерден тауып алды жақсы жайды. Әскерiн түсiрiптi үшке бөлiп, Үш түрлi үшеуiне атақ берiп. Айтады: – Кезеуiлшi – бiрiншiсi, Екiншi – тосқауылшы тәуiр көрiп. Үшiншiсi айтады салықшы, – деп, Олжабай жүредi екен соған ерiп. Келгенiн Абылайдың Қалдан бiлдi, Ой ойлап: «Соғыссам, – деп, – неше түрлi». Жасанып жан-жағының бәрiн жиып, Қазақпен қарсыласып бұлар тұрды. Аттанып Абылайдың батырлары, Екi жақ есебi жоқ қырылады. «Қазақты бұл өнермен алмаспыз» деп, Қалмақтар дарбазаның құлпын алды. Кеш түсiп сол заманда уақыты болып, Батырлар мекенiне қайта барды. Қазақтың батырлары сондай мықты, Ол күнi қанша қалмақ қырылыпты. Абылай сонда тұрып батырларға Бiр күнi «іс еткiн» деп бұйырыпты. – Сөз тыңда, – деп айтады, – Малайсары, Ел үшiн құрбан, – деген, – ердiң жаны. Бердiқожа, Көкжарлы Көкжал Барақ, Қақпаны қиратыңдар қаптап бәрiң. Бұл iстi қабыл көрiп тамам батыр, Ұмтылды оқ жаудырып садақтардан. Қалыпты Малайсары жараланып, Белiнен оқ тиiптi қаны ағып. Олжабай Малайсары халiн көрiп, Отыр едi жолдасына қапаланып. Сонымен өз қосына алып барып, Қойыпты дәрi жағып, белiн таңып. Атына екi жақтан қамшы ұрып, Бiр қалмақ келдi дағы жалғыз шауып: – Олжабай, қамал бұзған батыр деушi едi, Қатындай қашып жүрсiң мұнда не қып? Қалмақтың сөзiн естiп, Олжабай атқа мiнедi. «Әруақ маған жар бол» деп, Пiрiнен медет тiледi. Тайкөктi тайдай ойнатып, Тор көз сауыт жайнатып, Қолына алды ыңғайлап Алтынды садақ, жебенi. Артық туған Олжабай Абылайға келедi. «Туды маған бергiн, – деп, – Қайратыма көргiн» деп, Қолында алмас беренi. Бере салды Абылай Ешбiр жауап демептi. Мылтықтан түтiн тұман боп, Қақпаға жетiп келедi. Абылайдың ақ туын Қолына батыр алып тұр, «Олжабайлап» оқ атып, Ұранын айтып салып тұр. Барлық қазақ жабылып, Өкпелерi қабынып, Қалмақтарға оқ атып, Қыран-топан салып тұр. Қалмақ тұрған қалаға Асырып атқан оқтары Бұршақтайын жауып тұр...

8267 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9289

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7363

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5106

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4488

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4452

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4410

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4148

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4140

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы