• Әдебиет
  • 12 Шілде, 2012

Көпір

Қарағайлы қияға кететін соқпақ жолға түсу үшін көпірден өту керек. Екі тау арасындағы өзеннің үстіне жалпақ, қалың тақтай төселген. Кең қолтық қазақы мінезбен тастай салынған. Шетін бассаң бір жағына қиқаң ете түседі де, жүрегің лық етіп орнынан ытқиды. Төмендегі ақ көбігі шашырап жататын тентек өзенге жалт қарайсың. Бауырлай аққан ағын сумаңдап барып, дөңкиген тасқа соғылғанда үркіп, кейін ытқиды да, басқа ағынға қосылып, көпіріп кете барады. Судың тұнжыр көзі қорқынышты. Іркес-тіркес таласа аққан толқындар «байқа, байқа» дегендей шымырлап, үркіте түседі. Көзіңді тайдырып, қайта қарамауға тырысасың. Арғы бет – құз жартас. – Көпірмен жүруші болма, бергі бетте ойна! – деп апам қайта-қайта пысықтап айта береді. Өзі су аларда орта тұсқа дейін барады да шелегін шымырлап, қайнап, бұрқырап келе жатқан ағынға тосады. Толқын жарылып, шелектің езуінен ағып, шалдуар баладай қайқаңдап кете барады. Су бетіндегі жылтылдаған сәулелер шелекке құйылады. Шелекті алғанда көпір тағы солқ ете түседі. Діріл біраз уақытқа дейін басылмайды. Екінші бетіне айналып өте алмайтын, орлы, жарлы жерге неге мықтап көпір салмағанына түсінбеймін. – Апа, көпірді кім салды? – деймін іштегі сұрақтың жауабын тез таппақшы болып. – Адамдар, – апамның жауабы қысқа. – Енді, адамдар екенін білемін ғой. Осы дүниедегі, осы әлемдегі ең бірінші көпірді ойлап тапқан кім? – Әрине, сенің әкең емес, – апам қитыға жауап беріп, менің ашуланатын, ашуланбайтынымды көзінің қиығымен бағып тұр. «Жынымның» басыма теуіп тұратындығын осылай сөзбен шымшып тәрбиелемекші. Апамның бұл әдісіне үйреніп қалғанмын. Қарсы сөйлемей құтылып кетемін. Үн-түнсізбін. Айнала да «осылар-ақ сөйлесінші» дегендей мелшиіп тұр. «Айтсаңшы енді» деп көкте бозторғай шырылдайды. – Аруағыңнан айналайын, арсалаң Әліп деген бабамыздың бабасының аяғы дейді ғой, рас болса. – Аяқ қалай көпір болады? – Жаратқан қаласа болады да... Апам тағы үнсіз қалды. Тау суына тал жапырағын малып мүлгіп тұр. Көпірдің айналасындағы қалың бұта ақ сәулені өзінен әудем жер алыста өсіп тұрған қайыңнан қызғанып тосқауылдайды. Торғайлар шықылымен баяу күй тартып тұрғандай. Шақшақай шаңқ етіп, ойымызды оятты. – Бұл енді аңыз ғой. Шындығына кепіл бола алмаймын, – апам әңгіме айтуға ыңғайланды. ...Бұрынғы өткен заманда Алаңғасар атты алып адам болыпты. Оның арсалаң Әліп деген бір ұлы бар екен. Ол Күрең деген қалмақ ханның Түйме деген қызына ғашық болып, маған ти депті. Қыз «еліме тастан қала салып беретін болсаң тиемін» дейді. Арсалаң Әліп Алаңғасар әкесімен қала салуға кіріседі. Қыз ойына түсіп, көңілі алаңдаған Әліп жұмысты ала-құла істейді. Әкесі ашуланып оны алыс бір елге қуып жібереді. Арсалаң Әліптің жұрттың айтқанын керісінше істейтін әдеті бар екен. Барған жұрты мұның сол мінезінен қорқып, құтылатындай амал іздестіріпті. Содан Алаңғасар атасының атынан өтірік хат жазыпты. «Сені іздеп келе жатырмын. Сол тұрған жеріңнен ешқайда кетпе. Түйме ханымның жанынан үлкен шаһар салып беремін» – деп. Қағазды қолына алған арсалаң Әліптің ерегеспе мінезі ұстап, шаһардан қашыпты. Сөйтіп, бір дарияның жағасын мекен етіпті. Бірнеше жыл тұрып, ауру меңдеп, өлуге жақындапты. Отырып ауырыпты, тұрып ауырыпты. Енді бұл жұрттың халқы қорқа бастапты. Арсалаң Әліп құласа тау құлағандай болмай ма? Бір шаһар құриын деп тұр. Не амал жасаймыз деп ақылдасыпты. Сол жердегі жұрт жиналып, ақылдасыпты. Сөйтіп, кең далаға барып: «Арсалаң бері құламайды, ары құлайды» деп шулапты. Сонда ол ерегесіп бері құлапты да, шаһар мен халық аман қалыпты. Оның бір жілігі дарияға көпір болып төселіпті. Сол көпірмен көшкен ел өтеді. Жыл сайын жүз серкенің майымен майлап тұрады екен. Бұрын судан өте алмайтын жұрт көпір салу керектігін сол арсалаң Әліптен үйреніпті». Апам әңгімесін аяқтап, үндемей қалды. Сай-саладан жаныңды тыныштандыратын салқын самал еседі. Керіліп кеудеңді тосқың келеді. Жұпар иісті сіміріп тұрып арсалаң Әліптің көпір аяғы мен тақтай көпір туралы ойладым. Тіршіліктің күретамыры дәл осы жерден, ақ гүлі молданың шалмасындай болып көрінетін рауғашты, сарыкүйікті, ырғайлы, доланалы, аршалы аймақтан басталады екен-ау. – Көпірдің екі жағы да тік, қия. Алла шебер топырағы опырылып кетпесін деп арша өсіріпті. Соның тамырымен топырақ қатайып тұрады. Мына беткей үгілсе пенденің шамасы қайтіп келер еді, десейші!.. – апам жаратқанға мейірлене, егіле тұрып жалбарынды. Менің кішкентай жүрегіме алыстан, тіптен алыстан алтын нұр шапағы келіп құйылғандай болды. – Мен кейін үлкен, үлкен көпір салатын инженер боламын, – деп соғып қалдым. – Дұрыс балам, ниетіңе жет! Мына көпірдің екінші бір ұшында жалғыздықтан, кәріліктен шаршаған адамдар тұрады. Бармақтарын тістеп жүргендер де көп шығар. Олар сен секілді, сенен үлкен кездерінде көпір емес қабырға салуға бар күш-жігерін жұмсап, өздерін сол қабырғамен қоршап жалғыздыққа ұшыраған жандар. Мен арғы бетке қарадым. Шеті де, шегі де көрінбейтін беймәлім кеңістік. Алып көш ұйықтап жатқандай. Мен асыққан уақытпен бірге адымдап кете барғам. Содан жүрі-і-і-п, жү-рі-іп түс ауған шақта оралғам. Жар басындағы жалғыз үйге келгенмін. Шетін бассаң бір иықтап төңкерілетін жалғызаяқ ағаш көпірдің орнына тіреу қадалары мықты көпір салыныпты. Ары-бері шұбырып ел өтіп жатыр. Тіршілік баз баяғы қалпында секілді. Тек неге екені белгісіз жарқырап шығып тұрған күн сәулесі әлсіз себезгілейді. Кемімеймін деген патшаның да бір татым тұзы кем болатын күні болады деген рас қой деймін, апам жерден ине іздегендей бүгжиіпті. Қайратты еді, күш-қуаты да, қай сұрағыңа болса да шапшаңдата жауап беретін ойы да шабандаған. Айтпадым деп ойлай ма екен, бұрынғы естігендерімді қайталай береді. Көбелектің ұшқаны қызық болып көрінетін менің өзім де апамның ар жақ бер жағындамын. Өзен жағасындағы суға күмп беріп жүзе жөнелетін итім де сілейіп қалған. Кеудесінен жаны шықпағаннан соң ғана өмір сүріп жүргендей. – Кә, кә! – деп өзіме шақырдым. – Ол ит естімейді, – деді апам көкірегін зорға құржыңдатып. – Қалай? – Осындағы мас біреулер әбден тепкілепті. – Обал-ай! – Е, біреуге жаны ашып, мейірленіп тұратын адамдардың орнын кіл бірыңғай күймен жүретін суықжанды пенделер басты ғой. – Апа, мен осы жерге жиегінде шам жанып тұратын көпір салам деп едім... – арманымды жүзеге асыра алмай жүргеніме қынжыла сөйледім. – Оған бола қиналмай-ақ қой, әркім өз көпірін өзі салады ғой. Қандай көпір салсаң сондайдан өтесің деген рас қой деймін. Бұл өзі қанды пәле болып тұр ғой, – апам самайынан қобыраған шашты кимешегінің ішіне тыққыштап, күрсінді. – Ұрлықпен байып еді осыны салдырған жігіт. Кесірі көпке тиіп жатыр. Өткен жолы Аппаздың Бақтияры суға кетіп өлді, – деді апам жабырқау үнмен. – Оқыстан ба, жоқ әдейі ме? – Менің денем тосыннан естіген жамандықтан тітіркеніп кетті. – Әдейі. Бір ауыз өтірік сөзге шыдамай. – Ол не сөз сонда? – Ауыз айтуға батпайтын, құлақ естуден ұялатын небір сұмдықтар болып жатыр ғой бұл ауылда, – апам тіптен құныстанып кетті. Бетіндегі әжімдері тереңдеп, көздері шүңірейген. Бұрынғы сары алтындай нұр шандыр болған теріден бері өте алмай тұр. – Сонда да, – деймін тықақтап. – Сол Аппаздың Шухра деген шыншақтай қызы төрт баласы бар әкесімен жасты Әмидулла деген біреуге қатын үстіне тиді емес пе? – Ой, апа-ай, өзің де қыз өсіріп отырсың, қажеті не осындайларды бықсытып, – Мен құлағымды баса қойдым. – Сұраған соң тыңда аяғына дейін. Ол қаншықтың байға тигенін айтайын деп отырған жоқпын. Ел жұртты дүрліктіріп, қан-қырғын жасағанын білсін дегенім ғой. Үлкен адамға тиерін тиіп алып, әке-шешесінен қорқып «мені кішкентай кезімде ағам зорлаған, енді мен Әмидуллаға тиіп алмасам, ешкімге керексіз болып қаламын» деп үйіне қағаз тастап кетіпті. Тып-тыныш кете бермей ме? Бақтияр әскерде жүрген. Қазір сендердің мына қалта телефондарың да бір пәле болды ғой, біреуден естігенді біреуге дереу жеткізетін. Үйде әке-шеше, әскерде бала қиналады. Шешесі байқұс қызының қағазын оқи салысымен жүрек талмасынан жүріп кетті. Бақтияр сұранып келіп, қарындасымен сөйлесіп, намысқа шыдамай осы көпірден суға секіріп өлді. Аппаз ауруға шалдықты. – Әмидулла мен Шухра қайда енді? Өмірлері өмір болмапты ғой, – жүрегіме салмақ түсе қиналдым. – Оны шалық ұрды. Өткен жолы көшеде көрдім. Сөйлеп бара жатыр. Не айтады екен деп тыңдадым, «Құдай да, жан да, жаза да жоқ! Мен өзімді неге қинап жүрмін. Бір-бірімізбен алысамыз, бір-біріміздің жанымызды жейміз. Не үшін? Өмір сүру үшін. Оны тіршілік заңы дейміз. Басқа не? Мен өзім жеңімпаз бола білдім. Бәрі күреседі, кім жеңсе жеңісінің жемісін көреді. Жеңдім. Жеңісіме масаттанамын. Бұдан да жақсы өмір сүрер едім, Шухраның жайы көңіліме кірбең түсіреді. Ешнәрсе емес. Ол да ұмытылады. Иә, олардың бәрінің қызғанатынын білемін. Қызғанады. Бәрінің де жақсы өмір сүргісі келеді, Өмір сүргің келсе күрес, саған біреудің бірнәрсе беруін күтпе. Иә, күрес. Күрес дегенің есінеу емес, сақ болу. Маған у бергілері келетін шығар. Бұлардан бәрін күтуге болады. Бұдан кейін әйелім не ішіп жесе, соны ішуім керек. Е, оның да сыры белгілі... Байлығым керек. Оның кедей туыстарының көмейін ешуақытта тығындай алмаймын» – деп сөйлеп бара жатыр екен. Сау адамның сөзіндей болып көрінгенімен, шатасқаны, іштей үрейленетіні байқалады. Ол өзінің ешкімнен де, ешнәрседен де қорықпайтынын, оған енді ешкімнің кедергі келтірмейтінін ойлаған күнінен күйзелісі, қиналысы басталған секілді. Өзі жаратқанға иланбай тұрып, оның заңына бағынбағандардың жазаланатындығына сендіре сөйлейтін әдет тапқан. – Шухра ше? – Ол тірі өлік болып қалды ғой. – Мұның бәріне темір көпір кінәлі емес, Сан-Франциско деген жерде «Алтын қақпа» деп аталатын көпір 70 жылдан бері шұбырған елді ары-бері өткізіп тұрады. Неке жүзігін осы көпірдің үстінде тұрып алмасса бақытты боламыз деп жаңадан үйленгендер осында келсе, тіршіліктен түңілгендер сол жерден суға секіріп жатады. Қайықтар шеруін тамашалаған кезде Риальто көпірі қақ бөлініп, үстіндегі сан мыңдаған адам суға кеткен. Бұдан бұл құрылыстар адал ақшаға салынбаған деген ұғым тумайды. Тіршілік деген осы шығар. Мұндай жауабы жоқ сұрақтар көп қой, – дедім. Айтқанын айтқанмен сөзіме өзім онша иланбадым. – Есек – өмір, ит – өмір, маймыл – өмірді ата-негізіміз неге сұрап алды екен? Осы көпірдің үстінде ұнға әк, сүтке су, майға тағы бір қоспа қосып сатып жүргендерді әшкерелеймін деген біреуді жағасынан алып ит сілікпесін шығарды емес пе? Ол байғұстың ешқандай кінәсі жоқ еді, – апам тағы тұнжырады, – өнерің мен әдебиетіңде де қоспа көп қой, – дегенді қосып қойды. – Адамның Алладан өзі сұрап алған қиналыстары туралы аңызды айтып беріңізші, – дедім апамның ойын басқаға бұрғым келіп. – Е, оны білесің ғой. – Сонда да. Ескіні қайталасаң жаңа бір ой табасың. Апам ұзақ уақыт үнсіз қалды. Содан кейін баяғысынша аңыз айтуға кірісті. ...Дүниені тегіс жаратып болған соң жер мен көкті жаратушы – адамды, мақұлықтарды өзінің алдына шақырыпты. Сондағы ойы олардың әрбіріне өзіне тән мінез, қажетінше өмір беру екен. Ең алдымен алдына адам барыпты. Оған былай депті: – Сенің жаратушылардың ішінде түр-сипатың артық. Саған сөйлеуге тіл, ойлауға ақыл бердім. Басқа мақұлықтардың бәрі сенен төмен болып, олар сенің әміріңде болады, оларға сен үкім қыларсың. Қырдағы шөп, ағаштардың жемісі, телегей теңіздер, таулы қияндар бәрі саған қарайды және өзің жер үстінде 30 жыл өмір сүресің, – депті. Сонда адам бұған разы болмай: «Егер мен дүниенің патшасы болсам, маған дүниедегі жақсы сипат тиісті болса, отыз жыл өмір сүргеннің не пайдасы бар?» – деп көп өмір алған хайуандарға қызғанышпен қарапты. Кезек есекке келіпті. Оған: – Сен, жазаны көп көріп, мехнатты көп шегесің, ылғи ауыр жүк тасып, таяқтан шаршап, болдырып жүресің. Тыныштығың аз болып, жейтін жемің дәмсіз, ішетін суың лай болар. Сондықтан сенің өмірің 50 жыл болсын, – дейді. Есек басын жерге ұрып тұрып: – Егер мен дүниеде сонша азаппен жүретін болғанда, менің өмірімді 20 жылдай азайтса, тәуір болар еді, – дейді. Сол уақытта адам жақындап келіп: «Есектің алғысы келмей тұрған 30 жасын маған қоссаңыз екен» деп өтініш айтыпты. Онысы қабыл алынады. Одан кейін кезек итке келеді. Оған: – Сенің жұмысың – үй күзету. Жат біреу келсе, сен үруге міндеттісің және көлеңкеде жатып өзің сүйек кеміретін боласың. Сенің жасың – 40 жыл, – депті. Ит сонда: «Егер мен дүниеде сондай қорлықпен тұрып адамның үйін, мүлкін күзетіп, сүйек кеміріп күнелтетін болғанда жасымды 20 жылдай азайтса, жақсы болар еді» депті. Ол уақытта адам қайта келіп: «иттің алмай тұрған 20 жасын маған қосыңыз» деп сұрай бастайды. Ол өтініші де қабылданады. Ең соңында кезек маймылға келіпті. Оған айтылған сөз мынау: – Сенің сыртқы сипатың адамға ұқсар, бірақ сол уақытта бала рауашты ақымақ боларсың. Балаларға да, үлкендерге де ойын болып, дүниеде 60 жыл жүресің, – дейді. Маймыл: – Егер мен сыртқы түріммен адамға ұқсап, өзім ақымақ, балаларға ермек қана болсам, менің жасымды 30 жылға қысқартса тәуір болар еді, – деп тұрғанда, адам тағы жетіп келіп: – Сол маймылдың тастайын деп тұрған 30 жасын маған беріңіз, – дейді. Бұл жолы да адамның арызы қабыл болыпты. Сонан соң барша мақұлықтар бет-бетіне тарапты. Сонда адам өзіне бастапқыда берген 30 жылдың ішінде жақсы дәурен сүріп, еш уайымсыз жас жігіт болыпты. Одан соң 30-дан асып 50-ге дейін ауыр жұмыстар істеп, мехнатпен жүріпті. Тіршілік қылуға әртүрлі шаруа жасап, көп қиналыпты. Бұл қиналған 20 жыл баяғы есектен алған 20 жас екен. Одан кейін адам 50-ден аса енді 70 жасына дейін ішіндегі оны-мұныларын күзетеді, не болса, соны күдік көргіш келеді. Сол кезде кім болса, соған айғайлап, сүйекке таласудан да таймайды. Бұл адамның иттен алған жасы болады. 70-тен асқан соң адам аз-аздап ақылынан айырылады, бала тәрізді болады. Ол уақытта белі бүкірейіп, денесі иіліп те кетеді. Балаларға әңгіме, ермек ойын болады. Бұл өз еркімен маймылдан алған жасы екен». Бұл аңызды ең кемі жиырма рет естіген шығармын. Әр айтылған сайын мағынасы тереңдей түсетін секілді. Тыңдаудан жалықпаймын. Апам су әкелуге орнынан тұрды. Суды ілкідегідей өзеннің шетінен іліп алмады. Айналып, екінші шетіне жақын жерге барды. Бұрынғы жердің үсті шаңдатып кететін болды, таза емес деп түсіндірді. Тас-талқан болып ағып жатқан тау өзеніне қарадым. Толқындары бұлаңдап, тайраңдап ағатын болыпты. Мөп-мөлдір емес. Қызғылтым тартыпты. Жарқырап шығып тұрған күн езу тартпайды. Нұр мен шуақ жасырынбақ ойнағандай көрінбейді. Аспанға қарадым. Қарақұс қарлығаштың балапанын тістеп барады екен. Бала кезімде өзім ойнаған аршалы беткейге көз жібердім. Сағымның шәйі орамалы бүркемелеп анық көрсетпеді. Жап-жасыл әлем әлеметтеніп кеткендей. Кешегіге жете алмайтынымды біліп, көпірден өтіп бара жатып алдыма қарадым. Көз байланып қалған шақ болғандықтан құлама жар анық көрінбейді. Жеткендер өз бастарымен әуре. Кіл бір талтақ бұт, ойды желке, күржік жауырындылар секілді. Іштерінде сергектері аз. Кірпігі кіржиіп, қалжырап, қалтақ-қалтақ еткендер кешегі қанасына қайраты сыймай жүргендер дегенге ешкім сенбейтіндей. Кісендеулі аттай құржыңдайды. Жандарында тамтық қалмағандай. Көпірдің басында бергенін дүние аяғында өзі алып қалғандай. Төбесі көрінген кәріліктің алдынан шығып аңырайып қалдым. Бұрылып кетейін деп едім көпір үстінде әрлі-берлі шұбырған адамдар мұршат бермеді. Салмағыңды дұрыс салмасаң бір иықтап төңкерілетін кең қолтық қа­зақы мінезбен салынған ағаш көпірді са­ғындым. Жағасы жап-жасыл еді. Алыс­тан иттің ұлығаны құлағыма келді. Енді қандай көпір салынар екен...

Ділдәр Мамырбаева

4570 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9267

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7350

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5093

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4475

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4439

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4399

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4135

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4127

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы