• Әдебиет
  • 12 Шілде, 2012

Алғашқы «Ай сауалына» жеткен жедел жауаптар:

 1. «Ономастика туралы» Заң қабылдана ма? 2. «Шығыс» неліктен «оңтүстікті» басып озды? 3.Тіл шаруасын қолға алатын құзырлы комиссия керек пе?

Сағындық Ордабеков, медицина ғылымдарының докторы, профессор (Тараз): – 29-30 маусым күндері Қарағанды облы­сының Қарқаралы кентінде Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнін­дегі комиссиясы кезекті конференциясын өткізді. Ұлттық комиссия төрағасы, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Г.Әбдіқалықова бастаған көптеген лауазымды қызметкерлер, министрлік өкілдері мен облыс әкімдерінің орынба­сарлары қатысты. 35 баяндаманың екеуі ғана қазақ тілінде жасалды. Жиын модераторлары (жүргізушілер – ред.) алматылық Т.Жүсіпәлиева, астана­лық А.Төлеғалиева, қарағандылық Қ.Оспанова­лар орысша сөйлеушілерді қолдап, қостап, жетелеп отырса, «арпа ішіндегі бір-екі бидайға» сөз кезегі тигенде «келдің өз аяғың, кеттің өз аяғыңның» кебін кигізді. Шетелдіктер қапта­ған халықаралық жиын болса сөз басқа, өңкей қазақ жиналып алып, «Қазақстанда халық­тың ұрпақты болу денсаулы­ғын қорғаудың және отбасын жоспарлаудың қа­зір­гі замандағы аспектілері» деген тақырыпта (сірә, орысшасы құлаққа жағымды естілетін шы­ғар – ред.) орыс тілінде ғана талқылау өткізді. Техника, медицина секілді терминдері қиын сала болса бір жөн, тәрбие, отбасы салаларында қазақша көсіліп сөйлей алмасақ, 20 жылдық тіршілігімізден не қайыр? Меніңше, сіздер көтерген «Мемлекеттік тіл түйткілдерінің» бір мысалы осы болса керек. Отбасы мәселесін өзге тілде талқылап, бесігімізді қалай түзейміз? Бұл тығырықтан шығудың жолы бар ма?.. P.S. Тұсауын кескен «Ай сауалына» жауап жазудың орнына өз сауалымды жолдаға­ны­ма кешірім өтінемін. Aбай (Түркістан): ­– Жазғандарыңызды жөндеп түсінбедім. 300 доллар төлеп, 333 деген нөмірді әрең алып едім, сонда соны өзгертесіздер ме? Әлде «крутой» нөмірлер сол күйінше қала ма? Kommunist (Алматы): ­– Аталған заңды қабылдау, паспорт өзгерту – бәрі ақша табудың көзі. Елді мұндай жолмен тонауды доғару керек! Сағидола Ғазизов (Атырау облысы): – Машинаның нөмірлері туралы тауып жазған екенсіздер. Бар күшімізді салып, осыны бір жөндейікші. Әйтпесе, Ресейдің бір губерниясының бос нөмірлерін ала салмаймыз ба? Осы айдарға жолдар менің бір сауалым бар: Біздің Атыраудың халықаралық коды – 7122 (бұрын 3122 болған). Естуімше, бұл да Ресейдің коды көрінеді. Әзірбайжан, Армения, қайсыбірін айтасыз, бұрынғы советтік республикалардың бәрі де 10-нан басталатын халықаралық кодқа ие. Тек Қазақстан ғана Ресейдің шапанын жамылып отырған көрінеді. Сонда бұл мемлекеттік қауіпсіздігімізге зиян емес пе? Aрай (Қытайдан Қазақстанға оқуға келіп жүрген бакалавр): – Сіздерде бастық, әкімқара­лардың, атағы зор қазақтардың балалары қазақша оқымайды деп естідім (олармен кездесудің сәті түспеді). Өздері «қазағым», «қайран тілім» деп жылап жүрген (олардың дақпырты бізге де жетіп жатады) ағаларымыздың баласы орыс оқуына түссе, соларды түстеп, бадырайтып, газеттеріңізге жаза аласыздар ма? Күлзипа, зейнеткер (Тараз): – «Ономастика туралы» Заң қабылдайтын күн әлдеқашан жетті. Әсіресе, аты-жөніміздегі ала-құлалық қынжылтады. Әнеукүні теледидардан осы тақырыпты көтерген бір бағдарламаны көріп қалдым. Сол жерде елімізде аты-жөнді жа­зудың бірнеше үлгісі бар екен. Аты-жөннің әркелкі жазылып, қазақтың тегін танымайтын күйге жетуіміздің өзі осы «Ономастика туралы» Заң­ның жоқтығынан деп білемін. Дереу қа­был­данса, оны қолдағандардың бірі мен болар едім... Жансая, студент (Орал): – Тіл шаруасын қолға алатын құзырлы комиссия керек дегенге келіспеймін. Бізде қазір Тіл комитеті деген құрылым бар. Қала берді, әр өңірде Тілдерді дамыту басқармалары бар. Бұл органдар сонда немен айналыспақ? Үй ішінен үй тіккенше, осылардың құзыретін күшейтсе болар еді... Көптілеу Ізбасар (Талдықорған): – Меніңше, мемлекеттік тілдің мәртебесін қайтаратын алдымен «Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылдануы керек, содан соң Ғарифолла Әнес атаған құзырлы комиссия құрылуы керек. Ол комиссия сол заң шеңберінде жұмыс істеуі тиіс. Үмбет (Тараз): – Заң болмай, тәртіп болмақ емес. Қазіргі «Тілдер туралы» Заңның дәурені жүріп тұрғанда жүз комиссия құрсаң да тіл тағдыры шешілмек емес!

БАҚ бетінде маусым бойы «жыр» болған тақырып – ҰБТ, кезекті Ұлттық бірыңғай тестілеу. Бұл жолғы тартыс, дау-дамай шырқау шегіне жетіп, «не бүк, не шік» дегендей, өзара жаға жыртысқандардың өліспей беріспейтінін көрсетті.

1. ҰБТ-мен үрейлендіргеннен не ұтамыз?

«Алтын орда» газеті жазғандай, мәселені осылай төтесінен қойсақ, ҰБТ-мен қорқытып, оны құ­быжыққа айналдыру, шама келсе тіптен келер жылдары болдырмау, оқу-ағарту саласында таразының бір басына реформа, жаңару, сапалық өзгерістер тартылса, екінші басында мол пайда, оңай табылған «майлы шелпектің» тұрғанын көрсетті. Бір көңілге демеуі – Білім және ғылым ми­нистрлігі бұл кезекті шабуыл­ды тойтара білді, алдағы уақытта «ауадан ақша жасаған» талай ақылы оқу орнының жосықсыз істеріне тыйым боларына сенім молайды. Заманауи сынақтың біз таңдап алған бұл түрі еш кемшіліксіз, әмбебап, жетілген әдіс деуге болмас, бірақ өзімізді-өзіміз алдауға, тоқмейілденуге болмайтын қазіргі сындарлы уақытта бармақ басты, көз қыстыға қарсы тұра алатын, бәсекелестікке бастайтын бірден-бір шара екеніне күмән қалмады. Ауырғанын жасыр­ғанның қай жаққа баратыны белгілі, кезекті ҰБТ дауы болашақ қазақ қоғамының бесі­гін түзеу, саналы ұрпақ, сапалы маман дайындау ісінде шешілмеген түйіндердің де аз еместігін айқындады.

2. Биылғы ҰБТ қорытындысы білім саласының шынайы деңгейін көрсетіп отыр ма?

Профессор Р.Алшановтың пікірінше, өткен жылдары жоғары балл алып, жоғары оқу орнына түскендердің көбі аралық сынақтан өте алмай, жарты жолда оқудан шығып қалған. Кезінде Павлодар, Өскемен, Орал өңірлері ҰБТ-дан жоғары балл жинаса, кейінгі бір-екі жылда Оңтүстіктің мектептері алға шығып, тіптен Алматыдан да озып кеткен. Жасанды олимпиада жеңімпаздары, жалған «Алтын белгі» иегерлері көбейген. Биылғы ерекшелік – тестілеуге бәрі, тіптен колледж түлектеріне дейін қатысты. Осы бір айналма жолдарға тосқауыл қойылғандығы айқай-шудың өршуіне май құя түсті. Биыл ҰБТ-ға 117 мың бала қатысып, олар­дың 43 мыңы, яки 36,8 пайызы 50 балдық межелі көрсеткіштен өте алмады (былтыр 12 мың түлек, 9,6 пайызы «құлаған» болатын). Биылғы жалпы орташа балл 70,9 пайыз болды (былтырғы нәтиже 86,8 балл). 5761 «Алтын белгіге» үміткердің 1401-і ғана үздік атанды (былтыр 3222 түлек). Сонымен қатар соңғы жылдары 70 мыңнан астам колледж түлегі жыл сайын ЖОО-ға сынақсыз, бәсекесіз түсіп отырған. Шындық іздеп шырылдаған министрдің өзі бұл айналма жолдың бәсі 22-23 миллиард теңгені құрайды деп лақ еткізді. Осылайша «балам (интернатта) оқып жүр» деп мақтанатын даңғой қазақтың, битін сығып ақылы оқудың өзінің сынағы мен емтиханын сатып алатын, табақтай дипломымен сандалып жұмыссыз жүретін сапасыз маманның жайы белгілі болды. Сөз таппай, күйіп кеткен министр «конкурсқа түскен 150 маманнан 10-ын таңдай алмай, қор боламыз» деп кесіп айтты.

3. Бірінші сыныпқа барған балаға ағылшын тілін оқытқан дұрыс па?

Білім министрінің аузынан «2013-14 оқу жылынан бастап ағылшын тілі бірінші сыныптан оқытылады» деген сөз шығуы мұң-ақ екен, қазақтілді БАҚ өз уәжін көлденең тартты. Өткен ғасыр басындағы Алаш арыстарының айтқандарына сүйеніп, Жапония сияқты өркениетті елдердегі ана тілінің нәрімен ауыздандыру міндеттілігін алға тартып, бала есін жиып, еңсесін көтерген соң ғана өзге тілді үйрету қажет дегендей тегін ақыл-кеңестер қарша жауды. Егер қазақ баспасөзіндегі айтылып, жазылып жатқан мемлекеттік тілге қатысты телегей-теңіз ақыл-кеңес, ұсыныс-тілектердің бір пайызының өзі-ақ жүзеге асса, ана тіліміз баяғыда-ақ ұшпаққа ұшпағанымен, көш ілгерілер еді-ау!.. ҰБТ-ның айналасындағы дау-дамай, өзімізді-өзіміз алдаусырату сияқты ескі әдет, кәнігі сырқат тағы бас көтерді. «Қанға сіңген орыс тілінен құтыла алмай отырғанда, енді ағылшынмен бәсекелесеміз бе?» деп қорқудың қандай жөні бар? Үкімет шындап қолға алған «үш тұғырлы тіл» бағытынан айнып отырған жоқ. Мемлекеттік тілге шекесінен қараған үстем тіл өзінен зор әлемдік масштабтағы тілмен бәсекелессе несі айып?! Екеуін қатар парлап, ана тілімізді алға шығарсақ, ұтыс біздің жақта болмай ма? Қалай болғанда да қазақ тілінің болашағы қазақтың өз қолында емес пе?! Қазақ тілінің болашақ тағдыры, өріс-өркені әрбір жылдың бірінші қырқүйегінде сынға тартылатыны атар таңдай ақиқат. Осы күні қанша қазақ баласы «Әліппені» ашып, «Ата!», «Ана!», «Көке!», «Апа!» дейді? Қанша қаракөз «Букварьды» кеудесіне басып, «папа-мамалайды»? Жиыр­ма жылдан астам көк тудай желбіреген қазақ тіліне деген сенбестіктің түп-тамыры қайда? Әке-шеше, ата-әже желкілдеген жеткіншегін неге жат тілді, орыс мектебіне сүйрейді? Аралас мектеп деген «ералаштан» қашан құтыламыз? Қазақ мектебін бітіргендер далада қала ма? «Қазақша оқулықтар сапасыз» деген жымысқы желсөзге неге тосқауыл қоймаймыз? «Қазақ мектебінің білім сапасы көп төмен» деген күңкілдің тыйылар күні бар ма? Қоңыр күзде еліміздегі барша бүлдіршін бір-ақ тілді – қазақ тілін таңдаса дүние төңкеріліп кете ме?.. Сұрақ көп. Өкінішке қарай, уақыт аз. Кезекті бірінші қыркүйекке қырық-ақ қадам қалды. Жауап, таңдау – Сізден. Ғарифолла ӘНЕС, филология ғылымдарының докторы Көптеген орыстілді БАҚ бір айға үзіліс жариялап, демалысқа кетіп жатыр. Биылғы ораза да қырық күн шіңілдір шілдеге тап келмек. Бірінші қыркүйекте бір балапан болса да үйірге қосылсын деп шырылдайтын «Ана тіліне» мызғуға мұрша жоқ. Өздеріңізден хат күтеміз. Электрондық мекенжайымыз: anes_gk@mail.ru, anatili_gazeti@mail.ru, aiser-1987@mail.ru

2891 рет

көрсетілді

36

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8755

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7058

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4802

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4188

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4150

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4111

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3841

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3841

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы