• Әдебиет
  • 19 Шілде, 2012

Тоқсан жастағы шабандоз

 Ел ішінде әлі күнге дейін атқа отырып, көкпар тартып, жастарға үлгі болып жүргендері де бар. Солардың бірі – Сейдібай Мамықов. Жасы тоқсанға жетсе де Сейдібай атамыз «көкпаршы қария» атанып, таңғалдырумен келеді. Атқа қонса болды, түр-тұлғасы өзгеріп, көздері жайнап шыға келеді. Көкпар – шапшаңдықты, ептілікті, мығым қайратты талап ететіні белгілі, Сейдібай ақсақал осы биіктен бір төмендеген емес. Ат үстіндегі қимылы көңіл сүйсіндіреді. Ғасырға жуық өмір сүріп, ұлттық ойын – көкпарды жастарға насихаттап, оның қыр-сырын, әдіс-тәсілін үйретуден атамыз бір жалыққан емес. Атамыздың жасы тоқсанға келіп, көкпар тартып жүр дегенге біреу сенер, біреу сенбес. Ал біз Сейдібай атаның астындағы Қаракер атын ерттеп мініп, шаба жөнелгенін өз көзімізбен көргенде: «Апырым-ай, ақылдың кені, асылдың сынығы болған қарттарымыз әлі елде бар екен ғой» деп, кеудемізді мақтаныш кернеп, тебірене қарап тұрдық. Сейдібай атаның тұрғылықты жері Жамбыл облысына қарасты Байзақ ауданының Кеңес ауылы. Елу сегіз жыл бірге өмір сүріп келе жатқан зайыбы Қаншайым апайдың айтуынша, Сейдібай ақсақал көкпарды өмір бойы жанына серік етіп келеді екен. «Астындағы аты жарау болса болғаны, көкпардың қайнаған ортасына қойып кету – әдеті» дейді Қаншайым апай. Жейтін асын талғамау да атаның ерекше қасиеттеріне жатады екен. Жасы тоқсанға келсе де әлі күнге дейін қолына таяқ ұстамаған, көзі ашық, көкірегі ояу ауыл қарты газет, журналдарды көзәйнексіз-ақ оқи береді. Соның барлығын сүйегі асыл атамыз «ат үстінен түспей жүрудің арқасында» деп біледі. Көкпарға арнап ат баптаудың өзі үлкен өнер екенін кәнігі шабандоздар жақсы біледі. Бабы мен дайындығы келіскен аттар ғана мыңнан тұлпар болып шығары анық. Бұл қағиданы берік ұстанатын Сейдібай ақсақалдың ат баптау өнері де өз алдына бөлек әңгіме. Ал көкпарға қатысты айтар болсақ Сейдібай ақсақал: «Аяғым үзеңгіге тисе болғаны, қандай асау болса да тақымдап аламын» деп езу тартады. Жастайынан еңбекпен шынығып өскендігі не бір қиын сәттерді еңсеруге тәрбиелеген. Ол тыл еңбегінің ардагері. Сейдібай ата соғыстан кейінгі жылдары өзінің әскери борышын Өзбекстан жерінде өтеген соң, елге оралып, ауылшаруашылығы қызметінде еңбек еткен. Ал жылқыға әуестенушілігі сонау бала кезден пайда болыпты. Қашан көрсең көкпарды насихаттап, саламатты өмір салтын ұстанып келе жатқан Сейдібай ата тоқсан жасқа толған торқалы тойын жұртшылықпен бірге атап өтті. Қазыналы қарттың мерейтойында да «ақ серке» ортаға тасталды. Қасынан жұлдыздай ағып, жұлқына шапқан шабандоздарды көрген қария шыдай алмай ат үстіне қонды. Біз Сейдібай ақсақалдың шеберлігіне риза болып, көз тіктік. Үлкен тойға жиналған аймақтың айтулы шабандоздары Сейдібай атаға сый-сияпат жасап, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Ақсақалдың ақ батасын алды. Көкпаршылар Сейдібай атаны бір жағы мықты шабандоз ретінде танитын болса, екінші жағы жолы үлкен ұстаз ретінде қадірлейді екен. Ия, тоқсанға келсе де, дала төсінің шаңын бұрқыратып, өзге көкпаршылармен қатар өнер көрсетіп жүрген қарияның шеберлігіне еріксіз сүйсінгендейсің. «Аяғым үзеңгіге ілінсе болды» дейтін атамыздың айтқан аталы сөзіне көзіміз анық жетті. Тоқсанның биігіне шыққан қарттың осы бір сөзі атқұмар жастарға қанат бітірер баталы сөз болса екен деп ойлаймын. Көпке үлгі болған көнекөз қария көкпарда жүйрігіне қамшы басып, ортамызда ұзағынан жасай берсе дейміз.

Ақын Ордабайұлы

4047 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5754

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5445

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3183

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2571

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2531

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2509

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2242

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2226

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы