• Әдебиет
  • 19 Шілде, 2012

Тарих шерткен сыр – симфония

(Несіпбек Айтұлының «Арқатірек» поэмалар жинағынан туған ой ұшқыны)

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңында «бір тайды маңдайыма жазған шығар, жүген ап кірдім жырдың үйіріне» деп ағынан жарыла ел-жұртының мұң-мұқтажымен үндесе соққан жүрек лүпілімен жас ақын «лапылдап жана бас­тады». Шынымен «өзін отқа тастағаны» рас еді Несіпбектің. Міне, содан бері «қызыл шоқтай жанып... жалындап... күндей лаулап...» келеді. Бүкіл шығармашылық ізденісінен уақыттың көз ілеспес жылдамдығымен жарысқан сәйгүлікті елестетесің. Ойнақтап жүгірген «күлте жалды, сүйкімді торы құлынның жел қанатты жүйрікке» айналғанға дейінгі жағдайы өлең-өмірінің өзегін құрағандай. Қылдырықтай мойнына арқан түсіп, төсін айыл қиып, үлпілдеген арқасына ер батарын, қамшымен сауырын тілгілер кім екенін ұқпайтын құлынның жүйрікке айналып, желмен жарысқаны, найзағайдай атылғаны, нөсердей жауып селдеткені, жай отын уыстап, күндей күркірегені, бұлт ішінде кісінеп, тұлпарының тұяқ тарпығанын түсінде көргені ғажап-ты. Көгілдір кеңістікте ап-анық сызылғандай суреттерден ақынның табиғи болмысы анықталады. Уақыт – заман – қоғамның дүбіріне сезімталдықпен үн қоса жүріп, судың түбінен жұлдыздан түскен сәулені сүзгені өз алдына, ерлік пен елдіктің, отансүйгіш, намысқойлықтың, ұлтжандылықтың, бірліктің қазақ тағдырындағы толыққанды сипатын көркемдік жүйеге түсіргені арнайы талдауды қажет етеді. Биыл Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Арқатірек» поэмалар жинағы Абылай, Бөгенбай, Қабанбай, Бердіқожа, Шақантай, Кенесары, Тайжан сынды батырлар туралы соңғы жылдары жазған дүниелерінің құрамдас бір бөлігі. Елбасының тұлғасын тұңғыш рет эпикалық «Бәйтерек» поэмасында сомдап, ілтипатка бөленгені бәрімізге белгілі. «Ту», «Ақмола шайқасы», «Мұқағали-Желтоқсан», «Көкала үйрек», «Сары қыз», «Ерлік пен тектілік», «Кәмей ұшқан», «Түс елес» дастандарының ұлттық мұрамызға қосылған сүбелі үлес екені айтылып та, жазылып та жүр. Тәуелсіздіктен қымбат ештеңе жоқ деп есептейтін ақын азаттықты жарқырап атқан таңға теңейді. Бостандықтың ғажаптығын сезініп, соны жырлау үшін келгеніне, еркіндіктің ғасырлар қойнауынан бастау алатынына сендіреді. Кітапты құрастырып тұрған төрт поэма түрлі кезең оқиғаларын қамтығанымен, бір-бірін толықтырып, композициялық ортақ мүддеге бағынған, яғни «Болмасаң, Азаттығым, арқатірек, жүректің шерін қашан тарқатып ек?» Ұрпақ жадында сақталған көрнекті тұлғалардың көпшілікке беймәлім сырлары нақтылы іс-әрекет барысында жан-жақты ашылып, өткен мен бүгін өзара сабақтасып, тербеліске түседі. Соның арқасында тұтастай тарихтың кескін-келбетімен, ұлттық болмысымен, мақсат-мүддесімен қауышамыз. «Арқатірек» поэмалар жинағының басты құндылығы да осында. Бөгенбайдан бата алып, алғаш рет жауға шапқан Абылай, аңызға айналған Жалаңтөс, Наурызбай, Арғыннан Ағынтай мен батыр Қомпай, Шапырашты ер Қарасай, Алшынның Жиембеті, Дулаттың Жақсығұлы, Найманның Көксерегі, Қаңлының қаһарманы Сарбұқа, Суанның сайыпқыран Елтіндісі, Қабанбай, Олжабай, Баймұрат, Малайсары, Көкжал Барақ, Жібекбай, Шүйкебай, Молдабай, Байғазы, Баян, Жантай, ер Жәнібек, Ханкелді, Бердіқожа, Дәулет, Жәпек, Құттымбет, Қазыбек, Әйтей, Байет, Тілеуке, Секербай, Сатай, Бөлек, Бөкенбай, Жарылғап, Қарабатыр, Сеңкібай, Мамыт, Қаумен, Шойбек, Төлегетайдан тараған Төртуыл, Қаракерей, Садыр, Матай, ер Қаптағай, Шоқай, Алдияр, Сарыбай, Түгел... «Сұрасаң бабаларым, міне, осындай, қайнаған Қаратаудың тұмасындай» есіл ерлердің туған халқының зарымен, өкініш, қуанышымен тыныс­тап, ежелден аңсаған азаттықтың іздері сайрап жатыр мұнда. «Тұранның тұтастығын армандаған» бабалардың асқақ рухы шалқиды мұнда. Мыңдаған жылдардың түрлі фармациясынан, торығу, ауытқу, жаңғыру сатыларынан «заманнан көше-көше заман өткен, хан да өткен, батыр да өткен, қара да өткен...Тұтқасын дүниенің ұстаса да, мұратқа кім бар дейсің дара жеткен? Үрлесе бұлт шайқаған деміменен, талайды қатал тағдыр талақ еткен. Бүтін тұр қара жер де, көк аспан да, ешкім жоқ өз еншісін ала кеткен». Алайда «Өткенді екшемесе, тектемесе. Қайтар ма өздігінен кеткен есе? Қара орман қалың елім жайқалар ма, Өртеңнің орны қаулап көктемесе?» деп, «қара өлең кәрі жыраудан» қолдау күткен ақын талай жылдан бері табандылықпен мүсіндерін айшықтап келе жатқан тарих галереясын соны ізденіс, тың серпінмен толтырған. Қолымыз жеткен тәуелсіздіктің аясында жасырынған шежіренің қатпар-қатпар құпиясын бүкпесіз жайып салады. «Қырық жыл Самарқанды қолына ұстап, айтқанын екі еткізбей бұйрық қылған» Есім хан, Салқам Жәңгірмен үзеңгі қағыстырып ғұмыр кешкен Жалаңтөс баһадүрдің бейнесі тас, түйіршік арасындағы саф алтындай жарқырайды. «Еңгезердей зор денелі, мықты, кең маңдайы өткір көзді, қыр мұрынды, сермегені мүлт кетпейтін мығым қол, сабырлы, терең ойлы» жанның мінез-құлқы қандай десеңізші. Әділ, байлыққа мастанбаған, қазынаға құнықпаған, дүниенің төрт бұрышынан суретші, шеберлерді жинап, медресе, сарайлар салдырған, ұры-қарақшы, жылпос, жандайшаптың жолын кесіп, жақсы мен жайсаңдарды сұрыптаған, атағы жер жарған. Үш мың құлы болған, он тоғыз уәлаятты билеп-төстеген Тұранның жолбарысы атанған Жалаңтөстің батырлығы шалқар шабытпен жырланған. Шайқас алаңындағы қимыл-қозғалысына шейін нақты дайын графика. Үндінің соғыс ашқан шах Жаһанымен беттескендегі сәтке назар салайықшы: әуе айналып шыжыған ыстық, кең далада самсаған сан мың әскер теңіз толқынындай шалқиды, аспан асты айғай-шу, әр тұстан керней тартып, дабыл қаққан. Үйдей үлкен пілге мінген үндінің қап-қара батырларын құтырған дию ма дерсің, төңкерілген селдей қаптап, жаншып таптап кетердей. Ең алдыда гүжілдеген Қарапіл батырдың сұсынан адам шошиды, дөңкиген піл үстінде дәу көрінеді, қолында сала құлаш көк найзасы. Өзіне сенімді, екі жақтан да сан мың сарбаз қырылып, қан судай ақты, әр тұста ыңырсыған жаралылар, соған қарамастан «Қаптады қалың дұшпан құжынады, құртындай қара жердің быжынады. Еліріп ентелейді, анталайды, қырғының бітпегендей қызығы әлі». Ешкімге алдырмаған Қарапіл Жалаңтөсті жекпе-жекке шақырып, ашынған жолбарыстай. Піл үстіндегі Қарапіл жан-жағына алақтап, қаһарына мінген. Қысқа қолын ұзын найза ұзартып, жанына әсте жолатар емес. Көк тұлпарына қамшы басып, Төртқараның аруағына сыйынған Жалаңтөсті жеңетініне шек келтірмейтіндей. Өте бере көк тұлпары тік шапшығанда, осыны тілеген Жалаңтөс тар қолтықтың тұсынан ұрғанда, кірген найза қолқадан бір-ақ шығып, жаңа ғана аузынан жалын атқан Қарапіл қанға батып құлайды. ...Сұлатты сілтегенін құр жібермей, Алдаспан қолындағы жалаң қаққан. Түс ауа туын жығып, тізе бүкті, Бақ тайып, базар көшіп Жаһан шахтан. Мерт болды екі ұлы да жекпе-жекте, Дәміне разы боп соңғы татқан. Ажалдың ауыспайтын тәжін киді, Жүргенде үміт етіп алтын тақтан. Қашыпты қарамастан алды-артына, Қалған жау қара аспанын қайғы жапқан. Жалаңтөс түскен екен сол соғыста, Жекпе-жек – жеті мәрте арпалысқа. Жеңгені Қарапілді аңыз болып, Жайылған атақ-даңқы әрбір тұсқа. Елу мың қалың қолмен қалмақтың «қаскүнем, қара жүрек, дәті қатты» Батыр атты қонтайшысы қазақтың қанын судай шашыратып, Есім ханда кеткен кегін қайтаруға әрекеттегенде «ес кетіп, есеңгіреп тұрған шақта, Жалаңтөс Баһадүр де жеткен еді». Тер басып, тебінгісі сартылдаған, Жетіпті жиырма мың қол жарқылдаған. Дұшпанның ту сыртынан тиіп берген, Дес бермей, баса-көктеп қарқындаған. Қайда жүрсе де жанын салып, қазағын қорғап өткен Жалаңтөс баһадүрдің «Айбаты арыстандай баяғыдан, талайды тік тұрғызған аяғынан. Рухы разы боп жатады оның, халқының туған сайын айы оңынан...». Даласы кең қазақтың көп батырының бірі – Шапырашты Наурызбай. Оның бейнесі сұңқарлар ұя салған мекені – Алатау айбынымен үндесіп, ерлік жолын Аңырақай шайқасынан кейін қалмақтың Шамал ханын, Боралдайын жекпе-жекте жер жастандырғанынан айқындайсың. Үзеңгілестерімен қатарласа-қанаттаса елін, жерін жатқа бермей «тебінгісін терге малып, жорықпен» өтеді өмірі. Төле биден бата сұрап, алғаш рет жауға қарсы шапқанда, айы оңынан туып, «менімен жекпе-жекке шығады тек, ажалын іздеп жүрген адам ғана» деп қасқайған Долаңқараны ат үстінен тік көтере найза шаншып, басынан айналдыра лақтырады. «Түбінен кескен терек секілденіп, теңкиіп, сеспей қатып жатты қалмақ». «Наурызбай» поэмасынан «батырлар толарсақтан қан кешкен кешегі Абылай заманының» айбыны еседі. Арғы-бергі тарихымыздың парақтары авторлық толғаныспен астасып, ұлтымыздың қадір-қасиеті мейлінше нанымды айшықталған. Дұшпан жоқта өзара қырқысқанымен қажетінде бір тудың астынан табылып, ұран шақырады.Қос бүйірден қадалған орыс-қытайдың қалмақты айдап салып, тынысты тарылтқаны сірә де ұмытылар ма?! Тізгінді Әз Тәукедей ұстайтын тұлға қайда? Сірә содан да шығар, иттей таяқ жеген қазақтың көлденең көк аттыға мазақ болғаны. Айласын асырып, жолбарыстай аласұрған жоңғарлар дес берер емес. «Атаның айдалада басы қалды», Қаратаудан күңіреніп көш құлады. Даламызда жау ойнақ салды. «Түгелдей тырп еткізбей басып алды», «Елім-айлап» егілген ел, быт-шыт күйреген жер, бұдан асқан бақытсыздық болар ма? Игі жақсы бас қосып, би, батыр, хан, қара жиналып, Әбілмәмбет Ұлытауда хан кеңесін өткізді. Еркек атаулы атқа қонды, үш жүзге ұран тастады хан кеңесі. Жұдырықтай жұмылуға шақырды. Әбілқайыр бас қолбасы сайланды, жиын тоқтамына Қазыбек бата берді. Түйілген жауар күндей қазақ қолы, Қалмақты күйретпекші осы жолы. Сескеніп ата дұшпан аласұрды, Жыртқыштай екі көзі қанға толы. Шудадай шаң көтеріп әр төбеден, Іленің дүбірледі оң мен солы. Әкетті бұл хабарды шартарапқа, Даланың елпілдеген жүйрік желі. Қалың көштің ішінде «азуы алты қарыс жас жолбарыс» Наурызбай да бар. Үстінде жарқылдаған сауыт-сайман, найзасы қолында, астында арындаған ала тұлпар, жер бауырлап ұшқан сұңқарға ұқсатады автор оны. Жігіттер соңына ерген көкжал бәрі, Білінер ата көріп, оқ жонғаны. Айқасқа асығады қаны қайнап, Жоңғардың жанға батып жонданғаны. Орнатып жау басына заманақыр, Ұшырмақ күлін көкке өңкей батыр. Болат хан, Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Далатау бөктеріне тікті шатыр. Қуантып күтіп жатқан қалың көпті, Тәшкеннен Төле би де келіп жетті. Қасында жүдеу тартқан Жолбарыс хан, Оның да ел қайғысы жанын жепті. Үш жүздің ардақтысы кеңесіп, қалайда жеңіске жетудің айла-тәсілін іздеп, Әбілқайырдың ақылына жүгінеді. Тәуекелге бел буып, әккі жаудың төмен — құмға қарай түсуін күтіп, шөл далада соққы беруге дайындалады. Жер мен аспанды күңірентіп басталған шайқас көркемдікпен шынайы бейнеленген. Ұзақ сонар баяндау, ұсақ-түйек тәптіштеуден ада, дайын баян-сурет. Екі жақ батырларының аңдысып арпалысқаны, сарт та сұрт қылыш, қалқан тұтып, бір-біріне салған найза, сөгілген ақ сауыт көбесінен бұрқ еткен қызыл қан, айғай-шу, ыю-қию, майысқан аттың белі, аруақтарын шақырып, атойлаған қалың қазақ, құдай-ау, шын ба, өтірік пе, қалмақты алдыға сап қуғаны. Алабы Алатаудың дүбірледі, Атағы батырлардың дүрілдеді. Даңқынан Сабалақ пен Наурызбайдың, Тізесі ата жаудың дірілдеді. Ойратты ойран салған Тәңір атты, Ақыры айдалада аңыратты. Атанып «Аңырақай» жердің аты, Қоңырсып жұртындағы көңі жатты. Бір деммен оқылатын «Төлегетай» поэмасының тынысы аса кең, эпикалық сипаттағы оқиғалар бірінен-бірі асып, көркемдік терең мән иемденген. Бұрқ-сарқ ақтарылған шежіре-бұлақтан емін-еркін сусындап, шөліңді қандырасың. Түнерген қалың тұман, тұтасқан көк мұнардың арасынан жалт етіп көрінер ме деген мұңлы бабаңның арман, тілегі, өкініш, зары, қуанышына кенеттен қалай куә болғаныңды аңғармай да қаласың. «Құлындай әр қиырда құлдыраған» ұрпақ жұртта қалған жұрнағын жинауға әрекеттенеді. Төлегетай – Төртуыл, Қаракерей, Садыр, Матайдың атасы. Осы төртеудің әкесі Қытай би, шешен, батыр, құс салып, саятшылық құрған. Құлашкер деген бүркітінен ажал құшқаны «естіп-білген елді үркіткен». Дүйім елмен өлімді естіртуге келген Арғынның Қанжығалы биі «тәубе қыл, сабырға кел, аман жүрсе, артында төрт бұтағы көгереді» деп жұбатады. Алдап-алдарқату жоқ, немерелерінің айтқан түстеріне орай әрқайсысына нақты жауабын қайтарады. Бұдан парапсихологиялық талдаудың өзіндік емлесін табасың. Қара нар, көк тоғай, қалың жыныс пен елімен бірге жүруінің символикалық кілті дәл табылғандай. Ту, тұлпар, кең алқапта ат шаптыру, ой-қырды шолу түс иесінің парасаттылығын, күш-қайратын, жігерін, көшбасшылық қасиетін байқатып тұрған жоқ па? Қару-жарақ, тобынан бөлініп кетудің жаугершілікті меңзегені өз-өзінен түсінікті. Төртуыл кенжесі екен төртеуінің, Шертпепті шекесінен тентегінің. Ұрпағы әр қиырға бытыраған, Түбінде шындық жатыр ертегінің. Болжаудың, сезініп-түйсінудің ата-бабамызға тән ерекшелігін автор дөп басқан. Поэманың композициялық құрылымы сан ғасырларға бөлінген оқиғалардың аражігін дәл ажыратып, сергектікпен қабылдауға әсер етіп тұр. Тарихи және танымдық маңызы өз алдына, көркемдік деңгейі биік, бояуы қалың, тілі жатық, мақамы бөлек. Әр шумақ мағына атқарып, өзара тербеліске түскенді, әуен-тарих, әуен-шежіре, әуен-әлемнің құлақ құрышын қандырар сарынына ұласады. Поэмадағы сюжеттік желілердің әрқайсысы жеке-дара шығармаға өзек боларлықтай. Ер Домбауылдың ұлы, Шыңғыс ханға Жошы өлімін естірткен, хан, қараның көзін ашқан күй бабасы Кетбұға, ұстазы абыз Құбатегін ... жырласа, том-том дастан шығар еді. Білге Бұқа хан тұсында мөр ұстап, жазу жазған жеке елдің «құлазып тау мен тасы, ой мен қыры, аңырап атамекен кейін қалған». Төрт ұлы жорықта қаза тауып, қара бұлттай қайғы басқан Найман шалдың тоқсан жаста тұқым көргені авторды түрлі пайымдауға жетелеп, шабытын шалқытады. Беймәлім де белгілі мәліметтер алды-артыңнан ұйтқы соққан борандай есіңді ұрлайды. Соңынан ұрпақ қалмайды-ау деп уайымдаған жесір келіні Әлпеш атасына айттырып қыз әперген. Құдірет кімнің көшін түземеген, Жалғыздың жал-құйрығын күземеген. Әлпештің бар тілегі қабыл болып, Көп өтпей ұл туыпты қыз-енеден. Оның есімін Белгібай деп қояды. Өскенін тосып, отыз алтыға толғанда, он алты жасар Белгібайға әмеңгерлік жолмен тиеді. Сүйініш атты ұл туып, ұлғайғанда сіңлісін әпереді жас күйеуіне. Дәлел жоқ қолмен қойған кімге сенем, Тұнып тұр тарих қойны сырға терең. Тыңдасаң ескі жырды деп айтады, Тоқалдан Сүгірші мен туды Өтеген. Саралап бес саусақтай әр атаны, Шежіре елді аузына қаратады. Саржомарт, Балталы мен Бағаналы, Көкжарлы, Бураны одан таратады. Анығын ажыратып кім біледі, Түбіміз бір екені шындық еді, Найманның тоғызының бесеуі – осы, Төртеуі Төлегетай, білдің оны. Жалғасып Сүйініштен туған Төлек, Жапанға жеке біткен бір бәйтерек. Сүйегі Сыр бойында жатыр бүгін, Болады бұдан артық қандай дерек?! Кісілік келбетімен көпті үйірген Төлек ақбоз ат, ақкиіммен жүрген, жастайынан Ақсопы атанған. Қожа Қылышты әулиенің қызына үйленген. Ұлы Қытайдың қалай қаза болғанын жоғарыда айтқанбыз. Төлек Қылышты қайын атасынан бұрын өлген. Кейін дүниеден өтерінде: «Жаратқан жарылқасын көмекке кеп, Ешкімге ренжімен мен өкпелеп. Тілек қып басымызға түнегендер, Алдымен дұға қылсын Төлекке кеп!» – деп тапсырған. Төлек атасының тірлігімен адам болған Төртуыл, Қаракерей, Садыр, Матайды білеміз. Сол төртеуден шыққан абыз, ақын, батырларды «секілді жылқы ішінде бөрте кілең» деп, «Матайдан атойлаған ер Қаптағай», Садырдан сайыпқыран Алдияр, тамырын терең жайған Қаракерейден Қабанбай, Құттыбай, Ақтанберді, би Боранбай, Төртуылдың үш бәйтерегі, Ақбарақ, Ақболат, Андабарақ және басқаларының ел төрінен қасқайып орын алғанын әспеттейді. Жалаң баяндалмайды, барлық оқиға драмалық қақтығыста өрбиді. Алдияр оқиғасын ұмытпайық, Намыстың туын сондай нық ұстайық. Ерлігін бабасының жазып кеткен, Тарихшы Мұхамеджан Тынышбаев, – деп ата-баба қасиетін бойларына дарытқан асылдарды да ұмытпайды. Қаптағайдың тұқымы Ілияс Жансүгір, ақын Сара, Төлебайдың мыңнан бөлек Мұқаны­ның шоқтығы шоқыдай биік тұрғанын еске салады. Ұрпақ сабақтастығының сананы сілкіндірер қуаты жанартаудай атқылайды. Өткен-кеткен, өшкен-жанғанның бәрі, сабылып ары да, бері де көшкен, небір тауқыметті кешкен халқымыздың тағдыр-талқысын симфония сыңғырына қосқан. Титтей жалықтырмайды. Парықсыз патетика, талғамсыз тамсану, арзан ақылгөйсудің ізі де жоқ, абырой болғанда. Ірілі-ұсақты оқиға үзіктері сахналық көрініске сұранып, айшықты суретке айналады көз алдыңызда. Сөзімізге дәлел келтірейік. Бірде Төртуыл сарбаздары Балқаш көлінің маңайында жау тығылған қопаға кезігіп, ашық қалған сауытының жағасынан қалмақтың жебесі тиген Жауғаштың төрт ұлының ең үлкені ту ұстар батыр Сарыбай қаза тапқан. Жиналып қазасына ойдан-қырдан, Батырға алыс-жақын ел қайғырған. Ежелгі ескі кезден Түркі халқы, Жоқтауды ата-салтқа айналдырған. Батырдың момындау бәйбішесі үн шығармай жылапты. Бұған намыстанған туысқандары: «Түгелдің әйеліне жоқтатыпты,Інісі Сарыбайдың соңына ерген». Қайғыдан жүдеп-жадаған Түгел орнынан тұра алмайды. «Танабай» поэмасын автор репрессия құрбандарына арнапты. Ұлтымыздың тілмен айтып жеткізгісіз трагедиясына тұнған, бас-аяғы жұмыр, жып-жинақы дүние. Арқа шымырлатып, жүрек сыздатады. Сұрланған түрінен: сұсты көз, қуарған жақ, түкті қабақтан ел сескенетін Танабай құлындары соңынан ерген екі биеге жеккен арбасымен құла түзде қаңғып жүре береді. Қасында шүйкедей кемпірі Бәтеш. Аяқтары тізеден жоқ, «қос балдақ көтереді оны жерден». Көкірегі шерге толы, серігі домбыра, он саусағы перне бойлап жорғаласа, «толқиды, түнереді, әрнені ойлап». Неткен өкінішті ғұмыр, ата-жұрттан аударылып, итжеккенге айдалды, ағаш кесіп жүргенде құлаған қарағайдың астында қап мертікті. Танабайдың көрмегені жоқ, қызыл қырғын топалаңы, тәркілеу, ашаршылық, «қылмады «отыз жеті» кімді кекті, Жақсыны түгел жайпап тұлдыр етті», одан кейін соғыс қырғыны ойран салып өтті. Ойы зерек, уайымы бөлек Танабай соғыстың мүгедегі болмаған соң өкіметтен қайыр-көмек күтпейді. Ізін бағып, сөз аңдыған жансыз көп. Ұлан-асыр шалқыған кешегі ел жоқ, тып-типыл. Заманда қиыс келіп, қырын басқан, Қисапсыз біздің қазақ қырылды аштан. Ғайыптан өлмей аман қалғандары, Қаңғырып Қытай асқан, Қырым қашқан. Ауылы ірісі еді Танабайдың, Бес болыс жонда жатқан Жобалайдың. Өрбіген өркен жайып қауым еді, Салалы бұтағындай қарағайдың. Тігерге тұяқ қалдырмаған Голощекин зұлматын, ашаршылық жайлаған азапты ащы факт,сұмдық жәйттермен жеткізген. Өзегі талған жұрт, безіп кеткен ит-мысық, қайнатып жеген тері-тулақ, түндіктері ашылмай қара тұтқан киіз үйлер, өліктерге быжынап үймелеген қара шыбын, босып кеткен, әлі құрып ілбіген жаяулар, адам етіне тойған қарға-құзғын, ақылынан адасқан әкенің сәбиінің жеуге жұтынғаны, сорлы ананың зар жылағаны, құдай-ау, «қазақтың шынымен қор болғаны» ма? Жан беріп жапан түздің шалғайында, Шашылды қалың өлік жол бойында. Жұтылды көмейіне байқұстардың, Құрғаған қызыл тілі таңдайында. Нендей ғана масқараның сұлбасы жоқ мұнда... Сондай сүреңсіз суреттердің аясынан типтік бейнелердің жарқырай шығуы ғажап. Сақтаған соңғы құртын Бәтешке беріп, Танабайдың бір хабарын біліп өлуді аңсаған қайран Құралай «Аманат сөзім жүрсін құлағында, түбінде тірі болса іздеп табар. Қалды де «Әулие қыз» бұлағында» дейді «қуарып тасқа біткен қынадайын». «Әулие қыз» өз алдына аңыз боп, ақыл-есті жаулайды. Бірінен екіншісі, үшіншісі... тартымды оқиғалар жүзіктің көзінен өткендей қызықтырады. Әлгі құрттың арқасында Балқаштың жағасына жетіп аман қалған Бәтештің шері таусылмайды. Ашаршылық алапаты оның естелігі арқылы тасқа қашалған таңбадай мәңгілікпен сабақтаса жалғасады. Яғни ештеңе ұмытылмайды. Самалы Сарыарқаның елпілдейді, Көңілі Танабайдың серпілмейді. Төгілген Құралайдың көз-жасындай, Бұлағы «Әулие қыз» мөлтілдейді. Үйірінен адасқан керқұладай құлазыған Танабай кешкен хал-ахуал уақыт пен заманның қазаққа күтпеген тұста бұйыртқан тамұғын сан қырынан көрсеткенде, Шәкәрімге байланыс­ты бөлімі Хан-Тәңіріндей алыстан мұнартып, шығарма шоқтығын мүлдем асқақтатып жібереді. Жарқынбай жолдасымен Шәкәрімге барған сәт бүкіл өмір жолының жібек арқауындай. Жетпісті алқымдаған кезі, «селдіреп ақселеудей шаш қуарған, ойлы көз шүңірейген, жақ суалған, боз қабақ, маңдайдағы терең әжім, дегендей өкінішпен өтті жалған». Ақынның тебіреніп түптен тартқан әңгімесін Танабай ұзақ таңға тыңдаған. Ұққаны: ел мойнына тұзақ түсті, қызыл өкімет мың құбылып сенімсіздік тудырады; торғайдай тентіреген қазақ түбінде жоғалып тынбаса жарар еді; Алаштан қайрат кетіп, орыстың оғы дайын жақ ашқанға; алпыс жыл қағаз бетін шұбарлағаны зая кетіп, күн көрсетпейтін шығар, түнерген қалың тұман, мұнар заман; біреуің біріңе куә бол, қағаз толы ала қоржын аманат екеуіңе... Байқаймын жұрттың халі төмендейді, Халықты зұлым қоғам көгендейді. Ажалдан қорқып-қашып отырған жоқ, Соңында сөзі қалған жан өлмейді. Тіреліп ел тағдыры жар басына, Кім кепіл шын сұрапыл болмасына? Қорлатпай отқа жағып жіберіңдер, Көздерің жетсе заман оңбасына. Жанарына жас келіп, мөлтілдеген Жарқынбай ізетпен «Қажеке, айтқаныңыз болсын» деп, ақынның өлеңдерін қораға көмгелі де біраз уақыт өтті. Аспан айналып, жерге түскендей, өзгермеген түк жоқ,үміт, сенім атаулы кесілген аяқтарындай зым-зия. Шерін тарқатып оқта-текте Жарқынбай­ға соғып кетіп жүреді. Сырқаты білінгелі мазасыз, «уа, Тәке, кімге сеніп тапсырамыз, ақынның аманаты мойнымызда?» деп қажының ақтық сөзін орындауға тәуекел етеді. Міне, екеуі, « қоржынды отыр отқа тастағалы». Құран оқып қолдарын жайды, Жарқынбайдың тарбиған саусақтары дір-дір. «Қош!» деген дауыс шықты қатты налып, Қарсы алды құрбандығын от қуанып. Үн-түнсіз қызыл жалын құшағында, Ақынның аманаты жатты жанып. Екі шалдың шыбын жаны шырқырап, жартас шыңылдап, «бұларың не?!» дегендей, бозторғай да шырылдап: Өкініп, ішін тартып таң жылады, Қағаздың қас-қағымда жанды бәрі. Қазақты отқа салып осылайша, Жүрмесе жарар еді тағдыр әлі?.. Білмеймін надандық па, адалдық па? Қимаймын Жарқынбайды жамандыққа. Шәкәрім қолжазбасы тарихы осы, Кезінде таптырмаған тәмам жұртқа. Бұған не алып, қосарсың, оқырман өзегін де өкініш өртеп, есеңгіреп қала береді. Автордың өткендер-өлгендер рухын жырымен тербеп, жұбатқаны ғана ес жиғызып, тәубеге келтіреді. Шешуін ішке бүгіп, қалың астары ашыла қоймаған жиырмасыншы ғасырдың панорамасын зергерлік шеберлікпен «Танабай» поэмасына сыйғызғаны қаламгердің ерекше табысы, сирек олжа. «Арқатірек» жинағы көрнекті ақын Несіпбек Айтұлының бұған дейін де алапат арынмен жырлап келген ел тәуелсіздігі мен азаттығы жылнамасының логикалық жалғасы. Өзеннің асау ағысындай, гүріліндей селт еткізеді, сескендіреді. Ештеңеге дес бермей аққан атжал толқындарына жармасқан айбынымен қазақ атын асқақтатады. Бейнелеу, теңеулерінде мін жоқ , әр сөзі мірдің оғындай, мақал-мәтелге сабақтасар тұстары өз алдына бір төбе. Дос­памбет, Махамбеттен жалғасқан алтын көпір ме дерсің. Эпостық, батырлар жырларының тау-тас, айнала-атырап, ауаны тілгілеп, ғасырлар тоғысынан туған мүлдем тосын үлгі, өзгеше сарын, сыр-симфония десек те лайық. Неге екенін білмеймін, Несіпбек Мемлекеттік сыйлықты әлдеқашан алғандай көрінеді. Ыстық ықыласпен, өршілдікпен өткен шақ құшағынан бостандықтың, тәуелсіздіктің шежіресін алтынмен аптап, күміспен күптеп, тұрақты жүйеге түсіргенін мойындап, лайықты бағалайтын сәт бәлкім енді туған шығар. Өнерін – өміріне, талантын – тағдырына айналдырып, поэзия кеңістігінде қырандай самғап келе жатқан әріптес бауырыма қызыға қараймын. Әдебиет әлемінде ойып тұрып орнын алғаны әмбеге аян, мұндай бақыт әркімге бұйыра бермесе керек. Қанатың талмасын, арқалы ақын! Мағира Қожахметова, жазушы

5132 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5766

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5453

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3189

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2577

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2537

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2515

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2249

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2232

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы