• Қоғам
  • 25 Шілде, 2012

Ана тілінде сөйлеуге арлана ма?

Елбасы кезекті Жолдауының бірінде «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік гимн, Елтаңба мен Туымыз секілді мемелекеттік нышан. Сондықтан мемлекеттік тілді оқу, үйрену, оны қадірлеп, қастерлеу Қазақстанды мекен еткен әрбір ұлт өкілінің қасиетті борышы болуы және мемлекеттік тіл елімізді мекен еткен ұлт пен ұлыс өкілдерін түсіністіріп, достастыратын, ынтымағын жарастыратын ұйытқы болуы тиіс» деп, еліміздің болашағы қазақ тілінде екендігін зор сеніммен айтты.  Иә, осы мақсатта Үкімет арнайы бағдарлама қабылдап, әр облыс, аудан мен қалаларда мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу бағытындағы жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Оның айқын көрінісі: Алматы облысының бұрынғы басшысы Серік Әбікенұлы Үмбетовтің басшылығымен облыс орталығы Талдықорған қаласында «Тіл сарайы» салынды. Аударма, ономастика, методикалық көмек көрсету сияқты бөлімдері тіліміздің өркендеп, дамуына жағдай жасап отыр. Жыл сайын мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында тіл конкурстарын өткізу, жеңімпаз, жүлдегерлерді марапаттап отыру бұлжымас дәстүрге айналды. Осы жақсы үрдісті қазіргі әкіміміз Аңсар Тұрсынханұлы Мұсаханов жалғастырып отырғаны құптарлық та, қуанарлық іс. Күн артқан сайын мемлекеттік тілдің қажеттілігін, оның болашағының зор екендігін жете түсінген орыс, кәріс, неміс пен тағы басқа ұлт өкілдері балаларын қазақ балабақшаларына, қазақ мектептеріне беріп, сол арқылы өздерінің ұрпақтарының болашағына даңғыл жол салып отырғандығы – олардың Елбасымыздың тіл саясатын дұрыс түсініп, келешектерін қазақ тілімен байланыстыруы деп білеміз. Мемлекеттік тілді өркендету үшін жер-жерде мемлекеттік тілді оқыту орталықтары ашылып, оған жылда қыруар қаржы бөлінуі нәтижесінде, сол қамқорлықтың жемісін, оң қорытындысын көріп, сүйсініп, «бәрекелді!» айтып жүргеніміз жасырын емес. Мәселен, біздің Қаратал ауданында компьютерленген, методикалық құралдар және көрнекіліктермен толық қамтамасыз етілген тіл оқыту орталығы жемісті жұмыс жасауда. Оны өлкетанушы, жазушы-журналист Қараша Қараманов біліктілікпен басқарып отыр. Алайда Президентіміздің өзі бас болып, қамқорлық танытып отырған мемлекеттік тілді науқандық шара деп, жеңіл-желпі, атүсті қарайтын өз қандастарымыздың әлі де кездесіп қалатындығы жігеріңді құм етіп, жаныңды ауыртады екен. Басқа ұлт өкілдері болса, «е, кезі келгенде түсінер, бәрі уақыт еншісінде ғой» деп кешіріммен қаруға болар. Алайда ұлты қазақ бола тұра, Елбасымыздың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген анық та қанық, заңға бергісіз сөзін құлаққа ілмей, аяққа таптайтын ойсыздық пен жетесіздігіне зығырданың қайнайды. Дәлел үшін мына мысалды келтірейін. Осыдан біржарым ай бұрын облыс әкімі А.Мұсахановтың басқаруымен Елбасының Жолдауын талқылап, бәріміз қолдау білдірген облыстық деңгейдегі үлкен басқосуға қатысқаным бар. Қаратал ауданынан барған делегация бірыңғай, бір қатарда отырмыз. Жиын басталар сәтте оң жағымдағы азамат пен сол жақта отырған жерлес келіншек, екеуі де қазақ, екеуі де мемлекеттік қызметкер, орысша сөйлей жөнелді. Әлгі екеуінің ең болмаса біреуі өзіндік себептермен қазақша білмесе, «е, мынаусы қазақшадан мақұрым болғандықтан, екіншісі де «бәріне түсінікті тілде» сөйлесіп отырғандары ғой» деп, қанша жек көрсең де жылы жауып қоя салар едің-ау. «Итің жаман дегенде өлгенім-ай» демекші, маңайымда отырған басқа аудандардан келген өкілдердің алдында ұялып, жігерім құм болып қалды. Олай дейтінім – ауданымыздың Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Жекен Теберіков, оның бас маманы, қаламгер Жексенбек Сұлтанбеков, Тіл оқыту орталығының директоры, журналист Қараша Қонысұлы сияқты тіл, ұлт жанашырларының басқаруы, солардың жанкешті еңбектерінің арқасында ауданымыз жыл сайынғы облыстық тіл ғана емес, мәдениет пен өнер конкурстарында жеңімпаз болып, жүлдегерлер қатарын беріп көрген емес. Масқараға қалдырып отырған бұл екі мемлекеттік қызметкердің аты-жөндерін бір жолға атамай-ақ қояйын, сана, түйсігі болса ұялып, өздері-ақ бір қорытынды жасар. Олардың қызметтік күнделікті тіршіліктері көз алдымда. Қорытынды шығармаса, тап солар туралы арнайы сын мақаласын жазуды өз міндетіме аламын. Әрі қарай не болды дейсіз-ғой. Екеуінің де қазақша бір кісідей сөйлей алатынын білгендіктен, шарт кеттім. – Шырақтарым, қазақ тілі түсініксіз, сөйлесуге арланатын қор тіл ме? Неге өз ана тілдеріңді табанға таптайсыңдар? «Ұялған тек тұрмастың» керімен әлгі келіншек: – Президентіміздің өзі ағылшын, орыс, қазақ тілдерін меңгеріңдер деді емес пе? – деп қарсы уәж айтты. – Үш тіл түгіл, отыз тіл біл. Алайда Елбасымыз «Ана тіліңді таптап, өзге тілде сөйлес» демеген шығар, – дей бергенде жиналыс басталып, әңгімеміз аяқсыз қалды. Құдай-ау, «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген Елбасымыздың сөзін, мемлекеттік қызметкерлер бола тұра, бұл бейбақтардың құлаққа қыстыр­мауы қалай? Күні кешегі Жолдауын­дағы Елбасымыздың «Осының бәріне (мемлекеттік тіл мәселесіне – авт.) депутаттар мен мемлекеттік қызметтегілер өз үлестерін қосулары керек» деген үміті мен сенімін қайда қоямыз? Бұл не сонда, намыссыздық па, әлде жетесіздік пе? Президентіміз бұл сөздерді жайдан-жай, еріккеннен айта салған жоқ қой. Көптеген басқа ұлт өкілдерінің қазақ­ша таза сөйлеу дәрежесіне жет­кенін, тіпті телехабарларды мүдір­мей қазақша жүргізе алатындығын көріп, «айналайын-ай» деп сүйсіне қуанатынымыз рас. Алайда өз қандасыңның өз ана тілін қорлап, өзара шет тілде шүлдірлескендерін көргенде қалайша қынжылмайсың. Айта кетер нәрсе – тіл мәселесін перде қылып, саяси саудаға салуды, өзіңнің жеке мүддеңе пайдалануды өз басым қостамаймын да, қолдамаймын. Оны алаяқтық санаймын. Алайда, өз ана тілін қазақтың өзі қолдап, қорғап, төбесіне көтермесе, басқа ұлт өкілдерінен қалай талап етіп, қалай сыйлата алмақпыз?! Ғабдул-Сәбит ЮСУПОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Алматы облысы

3414 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы