• Қоғам
  • 25 Шілде, 2012

Бұқаралық спорттың беделі қайда?

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 31 наурыздағы №414 қаулысымен ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің 2012-2016 жылдарға арналған стратегиялық жоспары бекітілді. «Саламатты Қазақстан» деп аталатын мемлекеттік бағдарламаның орындалуына бағытталған қаулыда денешынықтырумен айналысатын қазақстандықтардың санын арттыру мәселесі қарастырылды. Осы орайда елімізде көптеген спорт кешендерін салу жұмыстары жоспарда тұр.Қазір елімізде халықтың 20 пайызға жуығы, яғни 3,3 миллион адам денешынықтыру және спортпен айналысатын көрінеді. Астана және Алматы қалаларында республикада бұрын-соңды болмаған тамаша спорт құрылысы бой көтерді. Әйтсе де, қарапайым халықтың бұқаралық спортпен айналысуына мүмкіндігі аз. Оған себептер де жоқ емес. Біріншіден, бұқаралық жарыстардың ауылдық жерлерде аз өтетіндігін, спорттық кешендердің жеткіліксіздігін ескерген жөн. Тіпті Кеңес Одағы тұсында салынған көптеген ғимараттар ескірді. Ал кейбір ғимаратты жергілікті халық материал ретінде пайдалану үшін бұзып алды. Сөйтіп, қарапайым халық бұқаралық спорттан шет қалды. Екіншіден, бұқаралық жа­рыстардың өзі қалада да жүйелі өте бермейді. Мәселен, Қа­зақстандағы ең үлкен қала болып саналатын Алматы шаһарында жылына әрі кетсе 10 шақты ғана бұқаралық жарыс өтетіні жасырын емес. Атап айтсақ, Медеу баспалдақтарындағы жарыс, велосипедшілердің сайысы, қайырымдылық марафоны, жаңажылдық жүгіру сынды шаралардың өзіне халық көп жинала бермейтін болды. Себебі, жарыста жеңімпаз пен жүлдегер атанғандарға беретін сыйлық та аз көрінеді. Әрине, адамдардың бәрі бірдей тек сыйлық дәметіп бармайды ғой. Алайда ынталандыру ісі жақсы жолға қойылса спортқа деген көпшіліктің ықыласы ауатыны анық. Мысалы, бірінші орын алған адамға спорттық бас киім немесе футбол жейдесін берген талай жарыстың басы-қасында болған едік. Алайда қайырымдылық марафон жарысының сыйлығы биыл қомақты болғанын жасыруға болмас. Қырық екі шақырымды бағындырған спортшыға 2 мың доллармен қоса, күз айында Нидерланд астанасы Амстердамға саяхаттап баруға болатын жолдама, ал екінші орын алған жүлдегерге теледидар берілді. Осы екі сыйлықтың арасындағы айырмашылық жер мен көктей емес пе?! Үшіншіден, қарапайым халықтың әлеуметтік жағдайы қиын болғандықтан, жарысқа қатысатын уақытта олар жұмыс істейді. Осыған байланыс­ты додаға бара алмай қалады. Төртіншіден, кез келген адамның спортпен шұғылдануына жағдай жоқ. Стадиондарға кіру ақылы не болмаса арнайы рұқсат қағазды иемденуіңіз керек. Әсіресе, қысқы спорт түрімен шұғылданатын шаңғышылардың айтар шағымы көп. Жарысқа қатысу түгілі, жай дайындалуларының өзі қиынға соғатын көрінеді. Бір кезде қаланың шетіндегі бос жатқан жазық даладан шаңғымен жүріп өткендер, қазір ол жерден еркін өте алмай қиналуда. Өйткені жер сатып алған қожайындар айналаны түгел қоршап тастайтын бол­ған. Сондай-ақ қаладағы сондай жерге кіргеніңіз үшін, қалтаңыз­дан ақша төлеуіңізге тура келеді. Бесіншіден, бұқаралық спорт жарнамаға зәру. Рас, мемлекеттік кейбір газеттер хабарландырулар береді. Ал көптеген басылымдар мен теледидарларда бұл жөнінде мүлдем ақпарат берілмейді. Кеңес Одағы тұсында жастарды спортқа баулуға, спартакиада жарыстарын өткізуге, еңбекке баулу ісіне қатты көңіл бөлініпті. Ал қазір ше? Нарықтық қоғамда қазақ жігіттері базарда арба сүйрейді, тағы да басқа қара жұмыстарды істейтіндіктен спортпен шұғылдануға жағдайлары көтермейді. Күні-түні ғаламторға телміретін жастарда кифоз, скалиоз, острохондроз сияқты сүйек қисаюлары мен буын дерттері және бауыр, бүйрек, жүрек ауруларының бой көрсетуі, әрине, өкінішті-ақ. Темекі шегетін, арақ ішетін, бос уақытында беталды қыдыруды жөн санайтын жастар спортқа қырын қарайтын дәрежеге жетті. Өйткені дайын техника адамды бір жағынан жалқаулыққа үйретіп келе ме деп те қауіптенетініміз анық. Егер бұқаралық спорт өркендесе жастар жаман әдеттерден тыйылар еді. Себебі кез келген нәрсе ең алдымен кішігірім жарыстардан басталады. Егер бұқаралық спортымыз өркендегенде қазақстандық олимпиадашылар әдеттегідей 2-3 алтын емес, одан да көп алтын алуы әбден мүмкін. Бүгінгі күні республикада 193 мүмкіндігі шектеулі жандар спорттың әр түрінен Қазақстан Республикасының спорт шеберлері атанды. 2011 жылы 57 адам спорт шеберлігінің және 9 адам халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативтерін орындады. Жыл сайын мүгедек спортшылар арасында республикалық және халықаралық деңгейде 70-тен астам спорттық-бұқаралық іс-шаралар өткізіледі, оған 5 мыңнан астам адам қатысады. Алайда Параолимпиадалық ойындарға қатысатын кемтар спортшыларымыз бұған дейін дүбірлі додада бірде-бір жүлде алып көрмепті. Осыған қарап елімізде мүгедектерге әлі де болса толық жағдай жасалмағандығын байқау қиын емес. Алайда бәрі де уақыт еншісінде екендігін ұмытпаған жөн. Көш жүре түзеледі демекші, соңғы жылдары елімізде көптеген жаңалықтар қолға алына бастады. Бүгінгі күні бүкіл ел бойын­ша өткізілетін спорттық-бұқаралық және денешынықтыру-сауықтыру іс-шараларының саны артып келеді. Тек былтырғы жылдың өзінде 18 мыңнан астам бұқаралық-спорттық іс-шаралар өткізілді, оларға 4,1 миллионнан астам адам тартылды. Алайда әлі де атқарылар ауқымды жұмыстар көп екендігін әсте ұмытпағанымыз абзал. Салтанат ҚАЖЫКЕН

3265 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы