• Тіл
  • 02 Тамыз, 2012

Онлайн-конференция орысша өтті...

Таяуда «Бас редакторлар клубы» ҚБ-ның бастамасымен BNews.kz порталы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен онлайн-конференция өткізді. Конференцияның бас­ты тақырыбы – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласы шеңберіндегі әлеуметтік-еңбек саласын дамыту мәселелері. Бірден айта кетуге тиіспіз, конференцияның жұмысы тілі – мемлекеттік тілде болмай, орыс тілінде өткізілгені қазақтілді журналистердің наразылығын тудырды.

«Конференция негізінен мем­лекеттік тілде өтуі керек» деген ескерт­пемізді ұйымдастырушылар елемегендей сыңай танытты, тіпті біздің сөзімізге бір ауыз қолдау танытар деген министр Гүлшара Наушақызының өзі «маған қай тілде сұрақ қойылса, сол тілде жауап беремін» деп бір-ақ қайырды. Бұл сөздің астарынан ана тілімізге жанашырлықты байқай алмадық. Демек, мемлекеттік тілді білуді өзімізден бастайық деген жалпы бастамамызға бұл жағдай мүлдем кереғар екені айтпаса да түсінікті. Министр жиналғандар арасында қазақ журналистерінің саны басым отырғанын көріп отырып, онлайн-конференцияны орысша өткізіп отырған Bnews.kz порталының жұмысын бір сынап алса да жарасып тұрар еді-ау. Біле білсек, BNews порталы – Қазконтент желісінің құрамына кіреді емес пе? Қазконтент желісі – интернет желісінде қазақтілді БАҚ-тардың сайттарын көбейту және барлық қазақтілді бұқаралық ақпарат құралдарын бір порталға топтастыру арқылы қазақтілді БАҚ-тың рейтингісін көтеру мен интернет желісіндегі қазақтілді контент сапасын жақсартуды мақсат еткені тағы белгілі. Демек, Қазконтент қазақ тілдегі интернетті дамыту мақсатында құрылса, BNews неліктен онлайн-конференцияны орысша өткізді деген заңды сауал туындайды. Енді «Еңбек – жаһандық бәсе­ке­лестік жағдайындағы шешуші ұлттық фактор ретінде» тақырыбында өрбіген интернет-конференцияның өзіне келейік. Министр күн тәртібіндегі мә­селеге орай журналистер тарапынан қойылған үш сауалға жауап берді. Олар еліміздің әрбір тұрғынының көкейінде жүрген әйелдердің зейнетке шығу жасының ұзартылуы, Жаңаөзендегі мұнайшылар талабы және «Ақ жол» пар­тиясының көшбасшысы Азат Перуашевтің «Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігін тарату керек» деген мәлімдемесі еді. Үшінші мәселеге Гүлшара ханым «Мұндай мә­лімдеменің еш негізі жоқ» деп жауап берді. Министрліктің қажет екенін, болу керектігін кесіп айтты. «Сынға дұрыс қарау керек. Оны да түсіне білу керек. Өз басым сын арқылы шыңдаламын. Ал министрлікке айтылған сын дұрыс сын болса одан нәтиже шығаруға тырысамыз. Ал сын дұрыс болмаса, оған өкінішпен қараймыз. Біздің министрліктің соңғы 12 жылдың ішіндегі барлық жұмысын жүйелі түрде, бағыт-бағыт бойынша қойдық. Мысалы, үлкен ақпараттық жүйе бар. Барлық зейнеткерлік, әлеуметтік төлемдердің компьютерлік жүйесі бар. Заңдылықтар қабылданды. Елбасының тапсырмасына байланыс­ты, әсіресе, біздің министрліктің алдында үлкен міндеттер белгіленіп отыр. Ол жағдайда, әрине, министрлік болу керек, жұмыс істеу керек. Негізі жақсы жолға қойылған істі бір күнде күл талқанын шығаруға болады, ал оны қалпына келтіру үшін қаншама жыл жұмыс істеу керек болады. Сондықтан Перуашевтің сөзінің еш негізі жоқ». Ал әйелдердің зейнеткерлік жасы жөнінде әзірден дүрлігудің қажеті жоқ деді. «Өйткені қандай да бір саяси шешім қабылданған жоқ. Өздеріңіздің ұсыныстарыңызды беріңіздер, біз талқылауға әзірміз. Бірақ дүрлігудің қажеті жоқ. Президент тек әйелдер мен еркектердің зейнеткерлік жасын қалай теңестіруге болатыны туралы қарастыруға тапсырма берді. Ерте ме, кеш пе бұған біздің ел де бет бұрады. Алайда бұл қас қағым сәтте шешіле қоятын мәселе емес. Сондықтан оны дұрыстап қарастыруымыз қажет. Бұл алғашқы кезеңде ерікті түрде немесе белгілі бір санатқа енгізілетін болады. Мүмкін бұл жинақтаушы зейнетақы қорына қатысушы белгілі бір топ өкілдеріне ғана қатысты болуы мүмкін» деп мәлімдеді ол. Журналистердің «өзіңіз қанша жас­та зейнетке шыққыңыз келеді?» деген сауалына «Мәселе менде емес. Қандай шешім қабылданса, соған бағынамын» деп жауап берді. Ал жаңаөзендік мұнайшылардың талабынан Гүлшара Наушақызы хабары бар екенін, десе де, тек Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі оған толық жауап бере алмайтынын алға тартты. «Естуім бар. Ол жақта да біз тапсырма бердік. Қазір барлық облыстарда осындай жағдайлар орын алып жатыр. Бұл жерде жалғыз біздің министрлік оған толық жауап бере алмайды. Өйткені бұл металлургия, мұнай, ауылшаруашылығы саласында болсын, сол саланың экономикасын жақсы білетін министрліктер де қатысуы керек. Қарапайым еңбек адамдарына жоғары жалақының аспаннан алынып қойылмайтынын, оның мемлекеттің ІЖӨ-не тәуелді екенін түсіндіруіміз қажет» деді ол. Осы орайда айтып өтелік, жыл басынан бері елімізде 13 еңбек дауы орын алыпты. Гүлшара Наушақызы бұл орайда еліміздегі кәсіпорындардың үштен бірінде еңбек дауы туындауы мүмкіндігін айтады. Мұндай қорытындыға министрлік 5 мыңнан астам кәсіпорынға жүргізілген тексеруден кейін келіп отыр. Осыншама кәсіпорынның 25-30 пайызы жұмысшыларына жалақыны уақытында төлей алмауда. Сондық­тан аталған кәсіпорындарға тағы да тексеру жүргізіледі. Сосын еңбек жағдайын жақсарту және өндірістегі жарақаттарды азайту үшін кәсіпорындар қызметін ерікті түрде дек­ларациялау және кәсіптік қатерлерді басқару жүйелерін енгізу көзделуде. Министрдің айтуынша, ерікті түрде декларациялау кәсіпорынды тексеруді қысқартуға мүмкіндік береді. Егер кәсіпорын өз қызметін декларациялап отырса, ол жақсы жұмыс істейді деген сөз. Демек, кәсіпорын қызметін декларациялау арқылы мойнына еңбек дауын туындатпау туралы жауапкершілік алады. Осылайша онлайн-кон­фе­ренцияның жұмысы мәреге жетті. Көкейіміздегі сұрақтарға жауап алғанымызбен, шенеуніктердің мемлекеттік тілге келгенде неліктен тартына беретінін түсінбей дал болдық. «Қазақ тілі өсіп-өркендеп, қанатын кеңге жаюы үшін алдымен өз ұлтымыздың өкілі соған ниеттілік таныта түсуі қажет емес пе?» деген ойдан арыла алмадық.

Бейбітгүл Әбдіғаппарқызы АСТАНА

17826 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 5771

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 5457

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 3195

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2581

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 2542

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 2519

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 2253

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 2236

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы