• Тіл
  • 17 Қаңтар, 2013

Ана тілін ардақтап, ұлтын ұлықтаған...

БердибаеввРахманқұл Бердібай (02.12.1927 – 03.04.2012) 1927 жылы 2 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданының Ихан кентіне жақын Көкіш ауылында өмірге келген. Ащысайда орта мектепті бітіріп, Түркістан педагогикалық училищесінде оқиды. 1945-1946 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде, 1948-1949 жылдары Қызылорда педагогикалық университетінде, 1953-1954 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқиды. Ащысай кенішінің нормалаушысы (1944-1945), осындағы орта мектепте мұғалім (1946-1948), Оңтүстік Қазақстан облысының Мақтарал, Ильич, Фрунзе аудандарында орта мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің инспекторы болып жұмыс істейді. 1955-1959 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, 1961-1968 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, 1968-1970 жылдары Қазақ совет энциклопедиясы Бас редакциясының жауапты хатшысы, 1973-1997 жылдары М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты фольклор бөлімінің меңгерушісі, 1997 жылдан өмірінің соңына дейін Түркістандағы Ахмет Яассауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде профессор, кафедра меңгерушісі, бас ғылыми қызметкер міндеттерін атқарды. Ол 34 жыл бойы Алматы қалалық қазақ әдебиеті мен өнері халық университетінің ректоры міндетін қоғамдық негізде атқарды. 1961 жылы «Қазіргі қазақ романындағы сюжет проблемасы» тақырыбында кандидаттық, 1970 жылы «Қазақ романдарының негізгі теориялық проблемалары» бойынша докторлық диссертациялар қорғаған.

«Қызығым да, рахатым да, қасіретім де – қазақ, қазақтың тарихы, бай мұрасы. Таяқ жейін, мейлі үлесімнен құр қалайын, қазақ үшін істеген әрекетімнің бәрі – қуаныш» Рахманқұл Бердібай Әдебиетке өлеңмен келген Рахманқұл елуінші жылдары әдебиет сыншысы ретінде танылды. Ғалым қазақ әдебиеттану ғылымының түрлі мәселелеріне арналған қырықтай кітап, 1200 мақала жазған. «Әдебиет және өмір» (1964), «Октябрь және қазақ әдебиеті» (1966), «Социалистік реализм туралы» (1966), «Роман және заман» (1967), «Қазақ прозасындағы замандас тұлғасы» (1968), «Қазақ совет әдебиетінің қалыптасуы» (1971), «Дәстүр тағылымы» (1973), «Қазақ романы» (1975), «Аңыздан романға» (орыс тілінде, 1976), «Ғасырлар толғауы» (1977), «Қазақ тарихи романы» (1979), «Биік парыз» (1980), «Замана сазы» (1985), «Тарихи роман» (1997), «Мұхтар шыңы» (1997) секілді кітаптарында ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің даму, теориялық, шығармашылық проблемалары жайлы қызғылықты байқаулар жасайды. Дәуірдің жазушы шығармашылығына тигізер әсері, социалистік реализм әдісінің көркем әдебиеттегі көрінісі, сюжет пен мінез, замандас бейнесі, жанр сипаттары жайлы толғамды тұжырымдар бар. Ғалымның «Сарқылмас қазына» (1983), «Кәусар бұлақ» (1989), «Қазақ эпосы», «Эпос – ел қазынасы» (1995), «Эпос мұраты» (1997), «Жыршылық дәстүр», «Қазақ түркі эпостарының мәселелері» (2010) сияқты күрделі зерттеулері қазақ халқының аса бай эпостық мұрасының мәселелерін зерттеуге арналған. Ол «Қазақ тарихи жырларының мәселелері», «Фольклор шындығы», «Қазақ фольклорының тарихилығы», «Қазақ фольклористи­ка­сының тарихы», «Қазақ фольклорының поэтикасы», «Қазақ фольклорының типологиясы» секілді іргелі академиялық зерттеулердің жазылуына жетекшілік жасады, негізгі тарауларын жазысты. Туысқан түркі халықтарының әдебиетіне, рухани байланыстарына, тарихи тамырларына арналған «Гүлстанның бұлбұлдары» (1970), «Достық кемесінде» (1976), «Байқалдан Балқанға дейін» (1996), «Жұлдыздар жарығы» (2000) кітаптары жарық көрген. «Ел боламыз десек» (2000) атты кітабында ұлтымыздың алдында тұрған ұлы мұраттар руханият аясында батыл көтеріледі. Р.Бердібай – Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Акадеиясының, Түрік тіл құрылымының (Түркия), Халықтық (экологиялық), Халықаралық Айтматов академияларының академигі, «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері» (1984), «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» (1990), Қазақстан Республикасы ҰҒА-ның Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлығының (1990), Махмұд Қашқари атындағы Халықаралық сыйлықтың (1998), «Түркі әлеміне сіңірген ерен еңбегі үшін» сыйлығының иегері. «Парасат» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған. * * * Ол өзінің жазған алғашқы мақала­ларынан бастап-ақ қазақ халқының тағдыры оның тілінің тағдырымен тікелей байланысты екенін ашына көтерді. Рахаңа құлақ салайық: «Қазіргі қазақ тілі – адамзаттың ең ұлы ойшылдарын өз тілінде сөйлете білген бай тіл болып саналады. Ол бұдан былай да көркейе, жандана бермек. Қазақ тілінде дүниежүзілік әдебиет қазынасына қосарлық тамаша көркем шығармалар жасалды. Алайда біздің арамыздан осы шындықты ескермейтін жолдастар да табылады. Ондайлардың зияны да аз болып жүрген жоқ... Коммунизм тұсында бір тіл екінші тілді жеңеді деген тұжырымды кейбір жолдастар қазіргі өмірге қолданатын аксиома санайтын көрінеді. Мұны нағыз зиянды көзқарас деп атамасқа болмайды... Мұның ақыры неге соғатынын өмірдің өзі көрсетіп келеді. Бізде қазақ тілінде жаза білетін инженер, агроном, зоотехник, физик дегенді ілуде бір кездестіруге болады. Мұның өзі көп жағдайда кісі күлерлік жайға душар етеді. Қазақ интеллигенті ана тілін білмейді! Ең қынжыларлығы сол – бұл мәселені кейбір жолдастар әбден табиғи, заңды көрініс деп санайды. Ол ол ма? Халқымыздың мақтанышы болып саналарлық профессор, ғылым кандидаттарының дені қазақша кітап түгіл, кішкене мақала да жаза алмайды. «Самарқанда бір қызым бар, бұдан һәм сорақы» деген екен біреу. Біздің басшы қызметте отырған қазақ жолдастардың біразы да қазақша сауаттымыз деп мақтана алмаса керек» (Р.Бердібаев. Ең үлкен мәдени байлық. «Қазақ әдебиеті», 22.04.1956). Өткен ғасырдың орта шенінде айтылған бұл пікірлер қазірге дейін өзінің зәрулігін жоғалтқан жоқ. Бір таңғаларлығы, бүгінгі күні осыдан елу жылдан аса уақыт өтсе де бұл жағдайдың оншалықты көп өзгере қоймағанын көреміз. Бұрынғы жағдайға отаршылар кінәлі болса, бүгінгі тәуелсіз елімізде бұған кім кінәлі? Қазақ ұлты үшін өткір де өзекті мәселені қозғаған бұл мақала кеңестік тоталитарлық жүйеде ұзақ жылдар бойғы қуғындаулардан есеңгіреп қалған қазақ қауымын дүр сілкіндіргендей болды. Бойында ұлттық қаны бар қазақтардың ұлттық намысы оянып, руханият айдынында нажағайдай жарқ етіп, атой салып, жұртшылықтың жүрегін дір еткізіп, сәуле шашқан мақалаға үн қосты. «Ең үлкен мәдени байлықта» көтерілген ұлттық тіл, ұлттық мәдениет, оның қазіргі мүшкіл халі, оны жандандыруға бағытталған іс-шаралар туралы ұсыныстар көптің ойынан шығып, аяғы ұлт мәдениетін жан-жақты дамытуды көздеген келелі пікіралысуларға ұласты. Бұл мақала кеңестік кезеңнің құрсауына қамалып, тұншыққан ұлттық рухты босатып жібергендей болды. Бұған 1955 жылдан бастап қайта шыға бастаған «Қазақ әдебиеті» газеті үлкен мұрындық болды. Осы басылым бетінде Ә.Нарымбетовтің «Ана тілін ардақтайық», Т.Кәкішев бастаған партия тарихы институтының бір топ қызметкерлерінің «Тіл мәдениеті», Т.Қожакеевтің «Ұлттық сезімді ұмытпайық», М.Қаратаевтың «Қайта қарауды қажет ететін мәселелер», Қ.Тұрғанбаевтың «Тағы да әдеби мұра жайында», Ғ.Мұсабаевтың «Әдеби мұраны бұрмалаушылыққа қарсы», т.б. мақалалар жарық көріп, көптен тұншығып, жабық жатқан тақырыптарға қозғау салды. Бұларда содырлы саясаттың салдарынан өлмеші күн кешіп жатқан қазақ тілімен қатар әдебиеті мен өнерінің де зәру мәселелері батыл көтерілді. Рахаңның бір мақаласынан басталып, күтпеген жерден өріс алып, коммунистік партия мен Кеңес өкіметінің мәдениет жөніндегі саясатының ауқымынан шығып бара жатқандығынан сескенген билік Р.Бердібайдың «ұлтшылдық жат пиғылдарын» талқандауға ерекше көңіл бөлді. Республиканың бас газеті Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің органы «Социалистік Қазақстан» газеті «Қазақ халқының мәдениетін көркейте берейік» («Социалистік Қазақстан», 29.01.1957), «Бір зиянды мақала» («Социалистік Қазақстан», 05.02.1957) атты мақалалар жариялап, Рахманқұлдың пікірлері саяси, партиялық тұрғыдан зиянды, халыққа жат деп бағаланды: «Қазақ әдебиеті тарихының кейбір мәселелері» мен қазақ тілі жайлы «Ең үлкен мәдени байлық» атты мақалаларындағы «жалаң, нигилистік сарындар» «Ең жаманы сол – Р.Бердібай өзінің ғылыми негізсіз, саяси қате, біздің идеологиямызға жат пікірлерін тағы да көпшіліктің пікірі ретінде ұсынған» («Социалистік Қазақстан», 10.01.1957). Мұнда Р.Бердібайдың «Ең үлкен мәдени байлық» атты мақаласындағы «өрескел қателіктер» жайлы айта келіп, «амал не, сөз болып отырған мақалада Р.Бердібаев өзінің алдыңғы мақалада жіберген қателіктерін қайталайды. Онда автор қазақ тілі жөнінде Қазақстанда «озбырлық» болып отыр десе, бұл мақаласында мәдени мұраларды бағалауда «озбырлық» бар дейді. Ең жаманы сол – Р.Бердібаев өзінің ғылыми негізсіз, саяси қате, біздің идеологиямызға жат бұл пікірлерін тағы да көпшіліктің пікірі деп ұсынған. Шынында ол қайта қарау арқылы бір кезде партия қатты айыптаған, ғылымға жат «бірыңғай ағым» теориясына қарай итермелейді. Қазіргі қазақ совет әдебиеттану ғылымының негізгі кемшіліктерін мақала авторы «жалған саясатшылдықта» деп түсінеді. Яғни ол әдебиеттің идеялылығын жоққа шығарып, оның саясаттан тыс ­болуын уағыздайды. Көркем әдебиеттің идеялылығы дегенді ол құбыжық етіп көрсетпек болады. Р.Бердібаев өткен заманнан қалған мұраны әділ зерттеп бағалаудың орнына оның бәрін әдебиеттің «алтын қорына» қосуды ұсынады. Ол заманда үстем тап тудырған, солардың мүддесін жырлаған әдебиет те болғанын Р.Бердібаев білмей ме? Ендеше, әр шығармаға маркстік-лениндік ілім тұрғысынан баға беруге ол неге қарсы?» («Социалистік Қазақстан», 05.02.1957) деп, «кемшіліктерін» санамалайды. Партияның ресми органы бетінде редакцияның атынан жазылған бұл мақалалардан кейін де Бердібайдың «қоғамымызға жат» пікірлері барынша «әшкереленіп» жатты. Бұдан «Қазақ әдебиеті» газеті де қалыспады. Онда жарияланған «Әділ сын, алғы міндеттер» (01.02.1957) және «Ұшқары пікірлер, елеулі қателер» (08.02.1957) атты мақалаларда Р.Бердібайдың ұлтшылдық бағыттағы пікірлерін идеялық жағынан талқандауға едәуір көңіл бөлінді. Сөйтіп, Р.Бердібайдың «саяси қате» пікірлері өзіне лайықты бағасын алып, саяси тұрғыдан барынша айыпталды. Бұл мақалалардың отыз жетінің атышулы қаралағыш мақалаларының сарынынан ешбір айырмасы жоқтың қасы болатын. Партияның «көзі», «құлағы», «сөзі» болып табылатын басылымдар бетінде айтылған мұндай пікірлерге саяси мән беріліп, тиісті шаралар қолданылатын. Мұның алдында ғана Мәскеуді қойғанның өзінде Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті қазақ әдебиеті туралы бірнеше қаулы қабылдап, әдебиет майданында саяси қырағылықтың күшейіп келе жатқан кезі еді. Қаламгерлердің біразы ­саяси қуғындауға ұшырап, Е.Ысмайылов, Х.Жұмалиев, М.Қаратаев сияқты алды әдебиеттен зорлықпен шеттетілген болатын. Ендігі кезек Бердібайларға да жақындап қалған еді. Бі­рақ ­Сталин қайтыс болған соң, оның бет қаратпайтын сұрапыл саясаты ептеп ішін тартып, саябырлап беті қайта бас­тағандай-тұғын... Бәрібір Бердібайлар жаза­дан қашып құтыла алмады. «Қазақ әде­биеті» газетіндегі бірнеше пікірлес әріп­тестерімен бірге мәселесі Орталық Ко­митетте қаралып, ресми түрде ол кез үшін аса қауіпті саяси сенімсіз, «ұлтшыл» атанды. Өмірінің осы бір аса қиын кездері туралы Р.Бердібай кейіннен былай деп жазды: «Мен қазақ тілі мен мәдениетінің аса ділгір мәселелерін көтергенім үшін елуінші жылдары бірінші ұлтшыл атанып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің қаулысына іліккенімді, «Правда» газетінің бетінде сынға ұшырағанымды, жұмыстан, партиядан шығарылғанымды, мақалаларым мен кітаптарымды бастыра алмай, көп сарсаңға түскенімді, қай күні итжеккенге айдалып кетер екенмін деп жүрген сергелдең күндерімді мақтаныш үшін ғана еске түсірмеймін. Бұл менің өмірбаянымдағы белгілі белестер. Қазіргі күнге дейін мен осыдан жарты ғасыр бұрын көтерген тақырыбымды – ұлт мұратын жалғастырып келемін» («Тұран», 2001, №1). Күннің көзін алақанмен қалқалай алмайтының сияқты, қазақтай бүкіл бір халықты ұлттық болмысынан, ол үшін тілінен, мәдениетінен бірден айырып тастау мүмкін емес-тұғын. Отаршылдық жүйе қазақ халқын ұлттық жадынан айы­ру үшін не бір қитұрқы әрекеттерге барып жатқанымен бұқара халықтың оған деген іштей қарсылығы әбден пісіп-жетіліп, сыртқа атылып шығуға сәл-ақ қалып тұрған болатын. Сталин қайтыс болғаннан соң біраз ғана уақыт болған жылымықты пайдаланып, Р.Бердібай бастаған бір топ ұлт зиялылары бастарын бәйгеге тіге отырып, халқының көкірегінде мұз болып қатып қалған арман-аңсарларын осылайша батыл айта білді. Б.Момышұлы айтпақшы, ерлік соғыс кезінде ғана жасалынбайды, бейбіт кезде де, өмірдің барлық салаларында да жасалынуы мүмкін. Сондай ерлікті руханият майданында түпкі мақсаты қазақ ұлтын жойып, совет халқына айналдыру болған, басынан башпайына дейін марксизм-ленинизм ілімдерімен мұздай қаруланған советтік идеологияға қарсы күресте Р.Бердібай жасады. Жаугершілік замандарда жаудан жеңіліп, әскерлер шегіне ұрысқан кездерде ата-баба рухын, аруақтарды шақырып, жауға қарсы жеке шапқан қас батырлар болмаушы ма еді, сол кезде оның артынан рухтанған жасақтар батырдың соңынан еріп, жаудың быт-шытын шығарып жеңбеуші ме еді? Міне, Р.Бердібайдың осыдан жарты ғасыр бұрын атақты мақаласының жариялануы сталиндік социализм саясатының екінші дүниежүзілік соғыста жеңіп, әлемнің үштен бірінде салтанат құрып, енді дүниежүзін өзіне қарату мақсатын алға қоя бастаған кезде бодан болғандығына жүз жылдан асып кеткенімен де қазақ халқының ұлттық рухының сынбағанын көрсетті. Өз халқының бар жақсы қасиеттерімен суғарылып, тәрбиеленіп өскен Рахманқұл қазақ ұлтының озық ойлы азаматы ретінде өзінің ғана емес, бүкіл қазақ ұлтының ұлттық ой-армандарын қорықпай ашық білдірген еді. Рахманқұлдың басын бәйгеге тігіп жасаған бұл әрекеті руханият майданында жасаған ерліктің асқан үлгісі дерлік. Қазақ әдебиетінде ұзақ жылдар еңбек еткен Р.Бердібай қаншалықты қиындықтарға қарамастан, осы алған бетінен, яғни ұлтқа қалтқысыз қызмет ету бағытынан бірде-бір рет тайған емес. Рахманқұлдың шығармашылық жолы – ұлтқа әдебиет, мәдениет, ғылым арқылы қызмет етудің жарқын көрінісі. Ұлттық рух, сол рухты ұлықтау оның бүкіл еңбектерінің негізгі сарынын құрайды. Рахаңның әрбір мақаласынан, зерттеулерінен, монографиялық еңбектерінен, тіпті қарапайым тіршілікте сөйлеген сөздерінен ұлтым деп соққан ұлы жүректің лүпілі сезіліп тұратын. Р.Бердібайдың еңбектерінің бүкіл өн бойынан ұлтының ертеңіне деген қам, алаңдаушылық байқалады. Рахаң айтқан ойлар ұлттық идеяларды жаңа заманға орай жаңғыртып, жетілдіріп, толықтырып жатады. Егер қазір біз қазақтың ұлттық идеологиясы бар дейтін болсақ, Р.Бердібай соны жаңа заманға лайық жаңғыртушылардың, ХХ ғасырдың екінші жарымындағы алаштық идеологияның көш бастаған көсемдерінің бірі болды дер едік. Р.Бердібай былай деп жазады: «Әрбір ел өзінің өткен жолын, жетістіктері мен жеңілістерін, асыл дәстүрлерін, адамшылық тәжірибесін біліп, жақсы үрдістерден тағылым алып, қателіктерді қайталамауға ұмтылуы керек. Әсіресе басқыншы күштердің жауыздықтары салдарынан көңілі жер болып, өзіне деген сенімнен айырылып, жақсылыққа да жамандыққа да селт етпей, мәңгүрттеліп кеткен қауымның рухын қайта тірілтуге атсалысу парыз («Дәстүр қуаты», А., 2005, 60-бет). Тағы бірде былайша толғанады: «Әдебиет әлеміне аяқ аттап келгелі бері өз жағдайымнан гөрі қоғамдық мә­се­ле­лерді көбірек ойлау, өмірдегі ұнамды құ­былыстарға сүйіну, сұмдықтарға деген қарсылығымды ашық айту дағдыма ай­налған» («Дәстүр қуаты», А., 2005, 265-бет). Р.Бердібайдың пайымдауынша, қазақтың басына төніп тұрған үш түрлі қауіп бар. Олар: Жер, тіл, дін. Осы мәселелерді дұрыс шешсек қана тұғырлы ел болып қаламыз. Бұлардың күнделікті тұрмыс-тіршілікте, қоғамдық өмірдің түрлі салаларында дұрыс шешілмеуі елдің болашағын бұлыңғыр етеді. Р.Бердібай әдебиетші, ғалым болғандықтан да тіл, мәдениет, дін мәселелеріне көбірек көңіл бөлді. Ол «Қазақ елі еңселі ел болуы үшін: – Қазақ тілінің республикада бірден-бір мемлекеттік, ресми және ұлтаралық тіл екенін тұжырымдайтын Ата Заң бабы қабылдануы; – Отаршылдар тарапынан жасал­ған зорлық-зомбылық салдары­нан жат елдерге ауып кеткен қазақтардың атаме­кеніне толық қайта оралуын ұйымдастыру Қазақстан Республи­ка­сының мемлекеттік уазипасы деп мойын­далуы; – Қазақстанда тұратын барша диаспора мен этникалық топтар қазақ тарихы мен тілін білетін болуы; – Қазақ халқының дәстүрлі діні – ислам дінінен аздыру, қазақ жастарын өзге діндер мен конфессияларға тартып шоқындыру әрекетін ашықтан-ашық жүргізіп келе жатқандарға тыйым салынуы тиіс» («Дәстүр қуаты», 2005, 24-бет) деп біледі. Рахаң бұл істерді басынан, ең алдымен еліміздің аты «Қазақстан Репуб­ликасы» дегенді «Қазақ Республикасы» деп жөндеуден бастауды ұсынды. «Тоқетері, мемлекеттің аты «Қазақ Республикасы болмайынша, елдегі барша жұртшылық қазақ халқының төңірегіне ұйыспайынша, келешегіміз күңгірт болмақ» («Дәстүр қуаты», А., 2005, 30-бет). «Елім», «жерім», «қазағым» деп өткен Алаш ардақтылары «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілінің кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді»; «Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт ұлт болып жасай алмақ емес. Ондай ұлт құрымақ» (Мағжан); «Әр халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуының сақталуы» (Ахмет); «Ана тілінде сөйлей алмайтын адам – мәдениетсіз» (Мұхтар); «Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» (Ғабит); «Мұралардың ең қымбаты – сөз» (Ғабиден) деп, тілдің ұлт өміріндегі шешуші орнын кейінгі ұрпаққа өсиет ретінде қайта-қайта ескертіп өтсе, сол дәстүрді жалғастырып, ХХ ғасырдағы қазақ қауымы ту ұстаушыларының бірі осы – Рахманқұл Бердібай болды. Р.Бердібаевтың еңбектері ұлттың негізінің негізі болып табылатын тіл туралы құнарлы ойларға аса бай. Рахаңның өзі өмір сүрген уақыттағы қазақ тілінің жай-күйіне көңілі толмады. Ол «Дүниедегі баға жетпес асылымыз, мәңгілік қазынамыз – ана тіліміз ресми түрде мемлекеттік тіл мәртебесін алғанмен, қадір білмес қаскүнем дұшпандар мен өз ішімізден шыққан аты қазақ, заты дүбәралардың, намыссыз мансапқорлардың кесірінен жылдар бойы қақпақылға түсіп келеді» («Ел боламыз десек» А., 2000, 81-бет) деп, реніш білдіреді. Қазақ тілінің қас дұшпандары ретінде мәңгүрттер мен көзқамандарды атап көрсетеді: «Мәңгүрттер есінен айырылған міскіндер болса, көзқамандар – елдігімізге саналы түрде қарсы шығатын қаскүнемдер... Осындайлар істің басында қаптап отыр... Міне, осы бейдауа дерт біздің қоғам денесінде бар» (сонда, 122-бет). Бұдан артық қалайша қатты айтуға болады.?! Рахаң ештеңеден тайсалмай, халықтың өміршең ойларын барынша ашық, ашына айтудай-ақ айта алған, әттең, есітерге құлақ болса. Осындайда Абайдың «баяғы жартас – бір жартас» дегені еске түседі. Қазір кейбіреулер қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде өзіне лайықты орнын ала алмай жүргеніне халықтың өзін кінәлайтын болды. Ал Рахаң болса «Менің айтатыным: Тілді тірілтем десе де, мемлекет тірілтеді, өлтірем десе де, мемлекет өлтіреді. Халықтың еш жазығы жоқ» («Дәстүр қуаты», 2005, 33-бет) дейді. Р.Бердібай қазақ тілінің ұлт өміріндегі аса маңызды орнын қалпына келтіру үшін Конституцияға «Мемлекеттік тілді құрмет тұту және үйрену – Қазақ Республикасы азаматтарының қасиетті борышы» деген қосымша енгізуді ұсынды. Ол «Тілімді неге қорлайсыңдар?» деп теңдік сұрайтын мезгілдің жеткенін көрсек, одан артық қуаныш болмас еді» («Ел боламыз десек...», 2000, 177-бет) деп, ағынан жарылады. Бұл жерде жеке басының мүддесі туған халқының қуанышы мен қасіретіне ортақ болып кеткен үлкен жүректі азаматтың нар тұлғасы анық көрінеді. Р.Бердібайдың «Жүрек тоқта­майынша, тіл үшін күрес тоқтамайды. Осы сөз – өмірімнің ұстанымы» – деген сөздері оның бүкіл саналы ғұмырының, өмірлік мақсатының негізгі лейтмотивіне айналды. Рахманқұлдың еңбектерінде қазақ тілі мен әдебиетінің ғана емес, ұлттың рухани өмірінің сан қырларына ойлы көзбен қараған парасатты пікірлер баршылық. Ғалымды қазақтың ертеңгі болашағы көп толғандырды. Ол «қазақтың өз бірлігі, түркі бірлігі, ислам бірлігі – осы үшеуі біздің ел болуымыздың шарты» («Ел боламыз десек...», 2000, 113-бет) деп білді. Осындағы қазақтың өз бірлігі негізінен қазақ тілі арқылы сақталынса, оған қосымша тағы да діни тұтастықтың аса қажет екендігін ескертеді. «Тәуелсіздік туын жаңа көтерген еліміздің сыртқы және ішкі жаулары енді іштей іріту жолына түсті. Елімізде жүріп жатқан демократияландыру үрдісін пайдаланып, әлемде бар түрлі діни конфессиялардың ішке кіріп жатуының түпкі мақсаты «қазақ халқын өзінің түп қазық дінінен айыру екенін» («Ел боламыз десек...», А., 2000, 80-бет) ескертеді. Р.Бердібай тағы бірде «мен қандай мәселеге қалам тартсам да, ең алдымен халқымның мұрат-мүддесін алғы кезекке шығарғым келді. Менің кітаптарым мен мақалаларымның негізгі бір-ақ тақырыбы бар. Ол – халқымның тарихы, тағдыры, бұрынғы халі, қазіргі жағдайы және келешегі хақында толғаныс» («Дәстүр қуаты», А., 2005, 57-бет) деп, сырын сыртқа шығарыпты. Шындығында да Р.Бердібайдың бүкіл саналы ғұмыры халқына адал қызмет етуге арналған. Ол – халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, күңіренген қазақтың Қорқытатасы атанды. Ғалымды халқының қазіргі рухани жағдайы көп ойлантып, қайтсек келешегіміз кемелдене түседі деген ащы толғаныстарын қағаз бетіне түсіруден танбаған. Бұл кейінгі ұрпаққа асыл мұра болып қалды.

Рахманқұл Бердібайдың тіл туралы айтқан ой-толғамдары

«Халқымыздың күрделі бөлегі ана тілін шала, не мүлде білмейтіні қасіреттің ең үлкені демеске болмайды». *** «Дүниедегі баға жетпес асылымыз, мәңгілік қазынамыз – ана тіліміз ресми түрде мемлекеттік тіл мәртебесін алғанмен, қадір білмес қаскүнем дұшпандар мен өз ішімізден шыққан аты қазақ, заты дүбәралардың, намыссыз мансапқорлардың кесірінен жылдар бойы қақпақылға түсіп келеді». *** «Дүниежүзіндегі ең бай, ең сұлу, жетілген тілдердің бірі екенін әлемнің озық ойлы жұртшылығы әлдеқашан мойындаған, екі жарым мың жылдық тарихы бар қазақ елінің тілі өз жерінде өгей боларлық қандай қисыны бар еді?» *** «Тіліміздің ауыр дертке шалдығып, елдік намыстың аяқ асты болған шағында қайта құрудың шипалы самалы ескеніне қуаныштымыз». *** «Әр халық ең алдымен, өз тілін өзі қадірлеуі керек. Онсыз іс алға баспайды». *** «Көзқамандар ең алдымен, өз халқының тілін білмейтін, оны жат санайтын, іңгәлап дүниеге келгеннен ер жеткенге дейін басқа түсінік, пиғылда тәрбиеленген жандардан шығады». *** «Мемлекет тілін білмейтін, қадірлемейтіндер жауапты қызметке қойылмасын деген талапты қазірден бастап қатаң жүргізу, басқа тілде сөйлеп, қазақты жарылқайды деген алдамшы түсініктен арылу абзал». *** «Өзінің ата-бабасының жерінде өгей болып келген қазақ халқының, шынтуайттап келгенде, азғантай ғана талабы, өз тілінде балабақша, мектепті көбейту, жоғары оқу орындарында ұлттық бөлімдер ашу, оқулықтар мен ғылыми терминология жасау, ісқағазын жүргізу секілді қажеттерді іске асыруға деген табиғи ұмтылысы неге соншалық ел естімеген «күпірлік» болып көрінуге тиіс?» *** «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін алғаны – оның табиғи құқы. Өйткені ол – республиканың негізгі ұлтының, тәуелсіз мемлекеттің тілі». *** «Дүниедегі ең бай, ең сұлу тілдердің бірі – қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, оның кең тыныспен табиғи дамуы ұлт ретінде өмір кешуіміздің аса қажетті шарты екенін басшымыздан қосшымызға дейін мойындап, оны сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындағанда ғана ілгері басамыз... Сол үшін бүгінгі таңда «ана тілі үшін күрес – ұлт келешегі үшін күрес» деген сөздер сарқылмас қуат беретін ортақ ұранымыз болсын». *** «Қазіргі таңда ана тіліміз өзінің сан ғасырлық даму, толысу сапарында кездеспеген жолайрық, сын кезеңінде тұр. Тіл тағдырының қыл мойынға жеткені соншалық, ендігі жерде оны әлеуметтік, тарихи жағдайлардың салдарынан туған ауыр дерттен айықтыру, қайта жандандыру мәселесі бірінші дәрежедегі қажеттілікке айналды».

Дандай Ысқақұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор

4574 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9452

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7483

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5229

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4609

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4572

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4529

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4267

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4259

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы