• Тіл
  • 17 Қаңтар, 2013

Латын әліпбиі: Тілдік реформаның бастапқы кезеңі

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өз Жолдауында латын әліпбиіне көшу мәселесін айтып өтті. Шын мәнінде латын әліпбиіне көшу мәселесінің айтылып келе жатқанына біраз уақыт болғанын көпшілік жақсы біледі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ тілшілері осы мәселені қозғап, орыс жазуына негізделген қазақ жазуының әліпбиінен латын әліпбиіне көшу туралы жазған еді. Сол кезде кей ғалымдар көне түрік жазуын қолдаса, кейбіреулері Қытай, Моңғолия, Иран, Түркия, Ауғанстан мемлекеттерінде тұрып жатқан қандас бауырларымыздың араб жазуына негізделген қазақ жазуын қолданып жүргенін ескеріп, араб графикасына негізделген қазақ жазуын қолдаған болатын. Дегенмен де, сол кездің өзінде-ақ латын жазуына негізделген әліпбиді қолдағандар басымырақ болғаны жасырын емес. Бүгінде бұлардың қатары көбеймесе азаймағаны анық.

К.Хұсайын, Ә.Жүнісбек бастаған арнайы комиссия латынға көшу бағдарламасын әзірлегені көптеген тілшілерге белгілі. Латын әліпбиіне көшуді қолға алатын уақыт жеткенін «Ана тілі» газетінің 2012 жылғы №53 санында жарық көрген профессор Ә.Жүнісбектің «Латын қарпіне көшуден ұтарымыз көп» атты мақаласын оқып шыққан өзін қазақпын деп санайтын әр адамның түсінуі керек. Кейінгі тарихқа көз салсақ, латыннан бұрын қазақ тілінің таңбалық жүйесін жасауды шетелдік ғалымдар кириллицадан бастағаны белгілі. «Қазақ жазуының теориялық негіздері» атты 2010 жылы жарық көрген зерттеуінде Қ.Күдеринова қазіргі кириллицаға негізделген әліпбидің жобалары ХІХ ғасырдың соңына қарай жасала бастағанын жазады: «Орыс графикасына негізделген ең алғашқы қазақ әліпбиі жобасын Н.И.Ильминский жасады. Н.И.Ильминский әліпбиіндегі қазақ тілінің өзіне тән дыбыс дауыстылардың таңбалары мынадай болды: (үстіне ноқат салды – Ғ.Қ.Хасанов) а – (ә), о – (ө), у – (ү), і – (і), ы – (ы), н – (ң), к – (қ), г – (ғ). Сөйтіп, зерттеуші он шақты қосымша белгі алғанымен, орыс әліпбиіндегі е, в, и, ф, ц, х, ч, щ, ъ, ь, э, ю, я таңбаларын (қазақ тілі дыбыстық құрамына тән емес дыбыс таңбаларын қолданбады» (Күдеринова Қ. Қазақ жазуының теориялық негіздері. – Алматы, 2010, 115 б.). Н.И.Ильминский қазақ тілінің дыбыстық құрамына тән емес дыбыс таңбаларын алмайды. Ол жөнінде былай дейді: «Кроме приспособления русских букв к татарским звукам, мне пришлось пос­тепенно изменять и установлять орфографию. В первом издании букваря я писал су – вода, аулъ – деревня, аю – медведь. Теперь мы пишем сыу, ауыл, айыу». Ильминскийдің бұл жобасына В.В.Григорьев қарсы шығып, өзінің «О передаче звуков киргизского языка буквами русской азбуки» деп аталатын мақаласында орыс әліпбиіндегі таңбалар өзгермеуі тиіс деп көрсетті. Бұл әліпби В.В.Григорьев тарапынан сыналғанымен қазақ тілі дыбыстарын алғашқы әріптерге түсіру әрекеті еді. Бүгінде тіліміздің сөйлеу жүйесін бұзып отырған орыс қаріптерін Н.И.Ильминскийдің қолданбауы қазақ дыбыстарының орыс дыбыстарынан мүлде бөлек екенін аңғаруында жатса керек. Қ.Күдеринова ол туралы: «Оқымысты тарапынан осындай сынға ұшырағанмен Н.Ильминскийдің орыс графикасымен берген қазақ әліпбиінің қазақ тілі дыбыстар жүйесін белгілеуде артықшылығы бар» деп жазады (Күдеринова Қ. Қазақ жазуының теориялық негіздері. – Алматы, 2010, 116 б.). Бұндағы артықшылықты ол Н.И.Ильминскийдің е дыбысының жуан, жіңішке нұсқаларын таңба­лаудан көреді. Сонымен бірге біздіңше, тағы бір артықшылық басы артық орыс әріптерін қазақ әліпбиіне енгізбеуінде деп білеміз. Әліпби өзгерген сайын орфографиялық нормалар да өзгереді, ал орфоэпиялық нормалар өзгеріске түсе бермейді. Алайда әріпке сүйене сөйлеу етек алған кезде тілдің бас­ты өзегі болатын орфоэпиялық нормаларға да қауіп төнетінін бүгінгі күннің өзгерісі көрсетіп отыр. Қ. Күдеринованың көрсетуінше, латын әліпбиінің алғашқы жобасы 1927-1928 жж. «Еңбекші қазақ», «Лениншіл жас», «Тілші» газеттерінде 24 әріп, 1 дәйекшемен жарияланды. Бұл алғашқы әліпби сол кездегі А.Байтұрсынов жасаған әліпбимен бірдей болды және өте дұрыс әзірленіп, жасалған әліпби еді, себебі теориялық база бірден-бір дұрыс еді. Латын әліпбиін енгізу әлі ерте деп Мәскеудегі жиналыста айтқанымен, латын жазуына негізделген қазақ жазуының жобасын Н.Төреқұлов 28 әріп бойынша әзірледі. 1929 жылы Қызылордада Т.Шонанұлы, Е.Омаров, Қ.Кемеңгеров, Қ.Жұбанов, Е.Д.Поливанов, т.б. қызу талқылаған конференцияда бұл әліпби жетілдірілді. Латын жазуына көшу баяу жүргеніне қарамастан, 1929 жылы қазақ жазуы ресми түрде латын әліпбиіне 29 әріппен көшті. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі. 1929ж.

Рет саны

әріп

фонема

рет саны

әріп

фонема

1

а

а

16

b

б

2

ь

ы

17

d

д

3

о

о

18

g

г

4

u

ұ

19

g

ғ

5

е

е

20

z

з

6

ә

ә

21

c

с

7

і

і

22

h

һ

8

ө

ө

23

m

м

9

у

ү

24

n

н

10

p

п

25

n

ң

11

t

т

26

v

у

12

k

к

27

l

л

13

q

қ

28

r

р

14

s

с

29

j

й

15

c

ш

Қабылданған әліпбидің кемші­лігі ретінде ә, ө, ы, ғ дыбыстарының белгілері латын стандартына сәйкес алынбағанын айтуға болады. Осы кезден бастап латын графикасына қазақ тілі «көндіге» бастады. Мәселен, бұл әліпбиге 1933 жылы Қ.Жұбанов өзінің толықтыруларын енгізді, яғни әліпбиде 24 әріп, 1 дәйекше болды. Толықтыруда, сондай-ақ, f, h, x әріптері енгізілді. Қ.Жұбанов ұу, үу, ый, ій қосар таңбаларының орнына бір таңба алуды, дәйекше қызметін пайдалануды ұсынады (2, 138 б.). Қ.Жұбановтың бұл ұсынысы, яғни ый, ій, ұу, үу қабылданбады. Ол кезде Қ.Жұбанов болашақта қазақтар бұл қосарлы дыбыстарды дыбыстаудан алыстап кететінін білмеді. Дегенмен, бұл әліпби әріптер саны қосылмағанда үздік әліпбидің санатында қалар ма еді? 1940 жылы қазақ жазуы кирилли­цаға негізделген графикаға көшірілді. Бұл ауыстыру саяси жағдайға байланысты болды. Б.Әбілқасымов пен Ш.Мәжітаева бұның себебін былай түсіндірді: «1910 жылдардан бас­тап А.Байтұрсынов араб жазуын қазақ халқының үндестік заңына ыңғайластырып реформалады, оның реформалаған жазуын бірден алу түркі жұрты ең озық жүйе деп таныса да, орыс жазуын бірден алу түркі тілді халықтардың қарсылығын туғызатындығын түсінген орталық уақытша латын жазуын уағыздап, түркі халықтарына алғаш латын жазуын қабылдатты. 1937-38 жылдардағы қуғын-сүргіннен кейін, зиялы қауымның көрнекті өкілдері атылып, айдалып кеткен соң, латын жазуынан орыс графикасына көшу идеясы көтеріліп, 1940 жылдан бас­тап түркі халықтары, оның ішінде, қазақтар да орыс графикасына халықтардың тілегі бойынша деген сылтаумен көшірілді. Болашақта латын әліпбиіне көшкенде 26 әріппен көшсек қана біз тілімізді өзінің үндесімі заңы негізінде сақтап қала аламыз. Ал 42 әріпті ауыс­тыра салу, «бір адым алға, екі адым артқа жүру» дегенге алып барары сөзсіз. Зияткерлік ұлтты қалыптастыруда латын әліпбиіне тек осылай көшу ғана өзінің игі нәтижесін берері сөзсіз. Басында латын әліпбиіне 26 әріп бойын­ша көшу мынадай қиындықтар туғызатыны анық: 1) өз қазағымыздың өзі бір күнде «сауатсыз» болып қалатындай жағдай туындайды; 2) басқа ұлттардың түсінбестігі туа­тыны анық; 3) орфографиялық нормалар тұта­сымен өзгеретіні барлық халыққа қиындық туғызады; 4) қаражат жұмсалады; 5) жер-су атауларын қайта жазу мәселесі дау-дамай тудырады; 6) бұрынғы тарихымыз, мәдение­тіміздің мол мұрасы, кітаптар болашақ ұрпаққа түсініксіз болып қалуы ықтимал. Дегенмен де, латын әліпбиіне 26 әріп бойынша көшсек, қазақтың болашақ таза қазақтық ұлтын қалып­тастыратынымыз айдан анық. Латын әліпбиіне осылай көшсек, мынадай жақсылықтарға жетеміз: 1) қазақ тілінің басты үш дыбыстық заңы, атап айтқанда, буын үндестік заңы, дыбыс үндестік заңы, ерін үндестік заңы бұзылудан сақталады; 2) акцент пайда болып, дұрыс интонация нығая бастайды; 3) кірме лексика, терминдер сөздер үндестік заңдарына бағынады, мәселен: стартер – сартер. 4) бірінші кластан бастап балалардың басын ауыртып келе жатқан, емлетануда қиындық туғызып жүрген, қазақ сөздерінде ешқашан дыбысталмайтын және болмайтын басы артық 16 әріптен құтыламыз. 5) сөйлеу мәдениеті көтеріліп, орфоэпиялық нормалар орфография­лық нормаларды ығыстыра бастайды, соның негізінде зияткерлік ұлт негізі қалыптаса бастайды. 6) латын әліпбиін меңгеру ақпа­раттық кеңістікке шығуды жеңілдетеді, яғни ғаламтор жүйесін халқымызға ана тілінде меңгеруге жол ашады. 7) басқа елде тұратын қандаста­рымызға өз тілінде ақпарат алуды жеңілдетеді. Латын әліпбиін меңгеру қиынға түспейтіні анық, себебі бүгінде ұялы байланыстағы хабарламалардың көпшілігі осы графикамен жазылуда. Қазір еліміздің қазақ қоғамы таза қазақ, шала қазақ және қазақтықтан ада қазақ деген үш қабаттан тұратыны белгілі. Егер латынға 26 әріппен көшсек қана таза қазақ қабатын зиялылық деңгейге көтере аламыз. Қазір бізде зиялылық деңгейде делініп жүргендер шала қазақ қабатындағы адамдардан тұратыны жасырын емес. Бұлар туралы Әлімхан Жүнісбек былай деп жазады: «Қазіргі орыс айтылымындағы «Ұлттық жоба­ның» негізінде жазып көрсетіп («феде­рацияны-ны п (p)-мен жазамыз ба?» деп жерден жеті қоян тапқандай күлкіге қарқ болып, мазақ қып жүрген орыстілді ағайындарымыз тағы бар. Олар ұлттық әліпби ұлт сөздерін жазуға арналған деген зарымызға құлақ аспаса амал қанша». Өз ана тілінің дыбыс­тау заңын бұзып сөйлейтін адамнан, яғни өз тілін сыйламайтын, орыс не ағылшын тілінде емін-еркін сайрайтын адамнан өз ұлтын шынайы сүю шығады дегенге сене қою қиын. Зия­лы ұлт сапына кіремін деген адам ең алдымен өз ана тілін сүю керек, себебі өз ана тілін сүйген адамнан ғана өз елі мен өз ұлтын сүю туса керек. Латын әліпбиіне көшу қазақ тілінде бұрын болмаған реформа болса да одан қорқуды қоятын уақыт жеткені айқын. Әзірбайжан, Өзбекстанда әліпби ауыстыру, оған түпкілікті көшу әлі жүріп жатқанын есепке алсақ, Қазақ елі латын қарпіне көшуді биыл­дан бастағаны абзал болар. Оның үстіне, бұл ірі реформа болғандықтан, Ә.Жүнісбек өте дұрыс көрсеткен «сауат ашу» кезеңі де біраз уақытымызды алып кетері хақ. Мақалада өте орынды көтерілген мәселе – латынға көшу тілдік реформаның бастапқы кезеңі болуы тиіс екендігі. Бұл реформа Ә.Жүнісбек айтқандай, үш мәселені – дыбыс, әліпби және еміле-ережені бірдей қамтуы керек. Жалпы әлемдік елдермен бәсекеге түсуде елімізге керек басты қарудың бірі – латын әліпбиіне негізделген қазақ жазуы болса керек. Әлемдегі басқа ұлттармен бәсекеге түсуде қазақ ұлтына қажетті нәрсе жалпы зиялылық пен әлемдік деңгейдегі білім. Ал бұларға бастар қадам жақын уақытта латын әліпбиіне көшу деп есептеймін. Ғабит Хасанов, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы  

9514 рет

көрсетілді

21

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9459

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7489

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5235

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4615

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4578

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4535

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4273

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4265

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы