• Тіл
  • 24 Қаңтар, 2013

Немересімен орысша сөйлесетін атадан не қайран?..

Қойшығара ОСПАН, Қостанай облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары Елімізде қабылданған «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру – барша қазақстандықтардың міндеті. Осы тұста қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін толық көтеруге қазақ азаматтарының да белсенділігі төмен болып отырғандығы жасырын емес. Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қа­зақстан – 2050» Стратегиясы – қа­лыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа арна­ған Жолдауында: «Біз алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз. Кез келген тіл өзге тілмен қарым-қатынасқа түскенде ғана өсіп, өркен жаятынын әрдайым есте сақтаған жөн. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз. Бұл – өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет. Мемлекет өз тарапынан мемлекеттік тілдің позициясын нығайту үшін көп жұмыс атқарып келеді. Қазақ тілін кеңінен қолдану жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды жалғастыру керек» деп атап өткен болатын. Осыған байланысты білім мен ғылымның, экономиканың, жалпы бәсекелестіктің дамып отырған бүгінгідей жаһандану кезеңінде өзекті мәселе болып отырған «Үш тілдің бірлігі» мәдени жобасы – үш тілді, яғни қазақ, орыс және ағылшын тілдерін әрбір Қазақстан азаматының меңгеруін меңзесе де, мұның түпкі негізі – қазақ тілінің халықаралық қолданыстағы орыс, ағылшын тілдерімен терезесін теңестіріп, әлемдік деңгейге көтеріп, жаһан тілдерімен тең қолданылатын биікке жеткізу болып табылады. Елбасымыз айтқандай, «қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмай, үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы» болуы керек. Ұлтымыздың ар-намысына ай­налған батыр атамыз Бауыржан Момышұлы «Тіл – ұлт қасиетін айқындайтын белгі, ұлттық салт-сана өзегі» деген еді. Осы қанатты сөздің терең мәніне үңілсек, бүкіл ұлттық қадір-қасиетіміздің тілде тұрғанына көзіміз жетеді. Ал осындай асыл қазынамызға немқұрайды қарауымызға бола ма? Балаларымызға, немерелерімізге ата-бабаларымыздың салт-дәстүрін, еліміздің тарихын, мәдениетін, әдебиетін, тілін қалдыру тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасының берік қалануының белгісі болмақ. Қазақ азаматтарының көпшілігі осы маңызды мәселені күнделікті күйбең тіршіліктің көлеңкесінде ескерусіз қалдырған сияқты. Әрине, кез келген тілді үйрену, оны біреуге үйрету оңайлықпен жүзеге асырылатын шаруа емес. Бірақ тілді өз бетіңше үйренуге де, оны оқытып үйретуге де барлық жағдай жасалып отыр. Облыс көлемінде тілдерді оқыту орталықтары, қазақ тілі кабинеттері барлық аудан, қалаларда бар. Бір уақыттарда КСРО мен Францияның одақтасуы туралы әңгіме басталғанда, сол елдің әскери генералы Шарль де Голль «Біз сендермен одақтасамыз, ортақ мемлекеттік саясатты ұстанамыз, бірақ бір шарт – Кеңестер одағында француз тілі жүретін болсын» деп талап қойған екен. Сол сияқты бөтен елге біздің тілімізді оқытсын деп талап қоймай-ақ, өз елімізде ана тілімізді оқыту, өзге ұлт өкілдері ғана емес өзіміздің қаракөздеріміздің мемлекет тілін өз тіліне айналдыра алмай келе жатқандары қынжылтады. Облыс, қала төңірегіндегі кез келген МАИ қызметкері, жалпы құқық қорғау органдарының өкілдері, медицина қызметкерлері қазақ тілін біле тұра, байырғы әдетпен орыс тілінде сөйлейді. Бір беделді қызметтегі азаматтың «мен өз тілімді білмеймін, бірақ намысым бар қазақпын» деген сөзін естігенде не дерімді білмей қалған едім. Халық жазушысы Ғабиден Мұстафин бір сөзінде бір татар ақынының «Түс» деген өлеңін мысалға келтіреді. Мазмұны: «Бір татар досына: – Түс көрдім, түсімде жұмақта жүр екенмін, – дейді. – Онда не көрдің, – деп сұрайды досы. – Ойбай, сылдырап ағып жатқан бұлақ, пісіп тұрған миуа жеміс, сайраған бұлбұлдар... Сонда досы тұрып: – Жарайды, оны қоя тұршы, жұмақта қай тілде сөйлейді екен? Татарша сөйлей ме екен? – деп сұрайды. – Жоқ, татарша сөйлемейді екен. – Ей, онда ондай жұмағыңның құны бір тиын, – деген екен досы». Шындығында «мың күн жұмақтан бір күн тірлік артық» дейтін қазақтың намысын оятатын, ойға жетектейтін әңгіме осы емес пе? 2011 жылы қазан айының 6-7 күндері қаламызда қазақ тілін өте жақсы білетін өзге ұлт өкілдері жастарының республикалық форумы болып өткен еді. Сол алдыңғы қатарлы жастардың айтқан әңгімелері мен тілектеріне құлақ түрсеңіз, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар мен азаматшалардың намыстарын оятатындай болды. «Қызылорда қоғамдық телерадио-корпорациясының» дикторы Елена Рыбина «Менің ұлтым – орыс. Дегенмен, қазақ тілінде бала кезімнен сөйлеймін. Менің пікірімше, кез келген Қазақстан Республикасының азаматы бірінші кезекте мемлекеттік тілді – қазақ тілін құрметтеу, оны тұрмыс-тіршілігінде еркін қолдануға ұмтылу, барлық жерде немесе ортада оның мәртебесін көтеретін нақты іс жасау – басты міндеті екендігін жете түсінуі қажет» десе, Батыс Қазақстан облысының өкілі Ольга Рапацкая «Сөз сөзден туады. Егер құнарлы тілдің құнын түсіріп, күнделікті қолданыс аясын кеңейтуге өзіміз үлес қоспасақ, өзгелерден қалай талап етеміз? «Құлағына мақта тыққандарға» бұл аз айтылып жүрмегені аян. Жаңа ғасыр жаңашылдығымызды таразы басына салатынын ұмытпайық, ағайын» деп турасын айтқан еді. Елордамыз Астана қаласының тумасы Ольга Григорьева «Мемлекеттік тілдің мәртебесін биіктетіп, кеңістігін кеңейту – сіз бен біздің үлесімізде екенін ұмытпайық, жас достар! Ол үшін қазақша сөйлеуді «сәнге» айналдыру керек. Дүкенде, банкте, вокзалда, әуежайда, базарда және басқа да қызмет көрсету орындарында қазақ тілінде сөйлеп, оны талап ету керек. Еліміздің патриоты екенімізді сөзбен емес, ісімізбен дәлелдейік! Кімсің, мені дейсің бе? Мен – орыспын. Өстім қазақ жайлауында, Қымыз ішіп, жедім қазы, қаймағын да. Мен үшін Қазақ елі Атамекен, Үйреніңдер қазақ тілін баршаңызда» , – деп барлық Қазақстан халқына өздерін әйгілі еткен өзге ұлт жастары сіздердің ертеңгі болашағыңыз, ізбасарларыңыз біз боламыз деп тұрған жоқ па? Олар: Қазақша сөйле, мемлекеттік тілде сөйлеуді «Бүгіннен баста», «Өзіңнен баста» деп еліміздің барлық жастарына үндеу жариялады. Біздің облысымызда да мемлекеттік тілді игеріп алған өзге ұлт өкілдері бар. Олар: Рудный қаласының индустриалды колледжінің мұғалімі Евгений Дадаров, студенттер Ольга Шпагина, Алла Платонова, Алла Гаврина – рес­публика көлеміндегі тілге байланыс­ты өткізіліп жатқан конкурстардың жеңімпаздары. Ал бүгінде бірі ата, бірі әже атан­ған ағалар мен жеңгелеріміздің бір-бірімен ғана емес, немерелерімен де көшеде орыс тілінде сөйлесіп бара жатқанын көріп қалай қын­жылмассың. «Сондай ата мен әже­лерден үлгі алған жас буын ертеңгі күні өз тіліне деген құрметін жоғалтып алмай ма» деп қауіптенесің. Бұл орайда өткен заманымызды кінәлаудың қажеті жоқ. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма екінші жылға аяқ басты. Аға буынның ес жимақ түгіл, елінің, ұрпағының болашағы үшін ана тілін ардақтар кезі баяғыда болып еді ғой! Әлі күнге немересімен орысша сөйлесетін атадан не қайран?! Қазақ тілін білмейтін әжеден не қайыр?! Демек, ана тіліңді білмеу Қа­зақ­станның, еліміздің болашағына сенімсіздікпен қарау сияқты. «Билік айту – оңай, біліп айту – қиын» дейді дана халқымыз. Қазақ тілінде шешен сөйлемесе де өз пікірлерін ұғынықты жеткізе білетін азаматтар арамызда бар. Осыған орай мемлекеттік тілді ту етіп ұстаушылардың ішінде тіл саясаты туралы, тілдің пайдалану аясын кеңейту жөнінде өздері сол тілді білмей тұрып ақыл айтушылар бар екені жасырын емес. Тілді білмей тұрып, еліміздің жастарын патриотизмге тәрбиелеудің ауылы алыс екені белгілі. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын оқымағандар қазақ ұлтының кім екенін, Оноре де Бальзак, Александр Дюманың еңбектерін оқымағандар француздардың кім екенін, Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік», т.б. шығармаларын оқымаса, орыстардың кім екенін қайдан білер еді? Ана тілімен бірге өзге тілде оқи, сөйлей білу сол елдің мәдениетін, салт-дәстүрін ұғыну, адамның жан дүниесінің бай, өз елінің патриоты, жанашыры болуына, жақсы тәрбие алуына әсер етеді. Ендеше іргелі мемлекетке айналамыз десек, тіліміздің қолданылу аясын кеңейтуге бәріміз атсалысайық дегім келеді.

3838 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9484

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7509

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5254

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4634

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4597

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4555

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4292

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4286

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы