• Тіл
  • 24 Қаңтар, 2013

Қырбастың қызылы

Қырбастың қызылыУақыт керуені тоқтаусыз жылжып барады. Күн артынан күн шығып, ай артынан ай өтіп, күздің орнын қыс басты. Қай құбылысты да көкірек көзімен тап басып дәл тануға шебер ұлы Абай сипаттағандай, «Ақ киімді, денелі, ақ сақалды, Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды. Үсті-басты ақ қырау, түсі суық, Басқан жері сықырлап келіп қалды». Желтоқсанның басында болатын қырбастың қызылы аталатын алғашқы аязбен кіретін «кәрі құда» өз әмірі жүретін тоқсан күнде қарға ораған үскірігі мен аязын қатар әкеп, «әлегін салады». Ен даланы кең жайлаған атам қазақ жылды тіршілік қамына байланысты бір-біріне қарсы екі маусымға – алты ай қыс пен алты ай жазға  бөлгенімен, табиғи белгілеріне қарап төртке жіктегені мәлім: жазғытұрым (көктем), жаз, күз, қыс. Жер жаңғырып, жыл басталатын жазғытұрғы маусым қазақтарда Жылтоқсан деп аталған. Ал өзге маусымдар ретімен әр тоқсанына сәйкес – Жазтоқсан, Күзтоқсан және Желтоқсан аталғанын зерттеушілер айтып жүр. Қыстың ызғарлы суық мезгілін қазақ тоқсанға топтап, айрықша атаған. «Наурызға шейін тоқсан күн ызғарлы қыс бар» дейтіні үш айды бір тоқсанға балап, қыстың бірінші айын да тоқсан атап кеткен. Желтоқсан деп аталу себебі, сол айдағы суық желдің сипатына негіздеп қойылған деген болжам бар. Бүгінгі күнге дейін барабарлықтар бұл айды «жел айы» деп атайды. Бұған қоса, тоқсан айы Жәді (Жедди) жұлдызына тура келеді екен, соған орай жәді – жел деп тілге сіңіп кеткен деген болжамдар да бар. Оған дәлел болатын дерек, қазақ суық күн бола бастағанын «жәді айы жебедей жерге шықты» деп айтады екен. Желтоқсанның 22-сінде күн барынша қысқарады. Ол – күннің тоқырауы. Одан әрі ақырындап күн ұзара береді. Ал қаңтар – күннің қаңтарылып байланып, одан әрі тұқырып қысқара алмайтын айы. Қаңтарулы аттың басының жерге жетпейтіні сияқты, қысқы түннің қаңтарылып тұрған кезін қаңтар айы деп атаған. Қазақ «Ақпан-тоқпан, Ай мүйізді алты ай, Сұрап алған жеті күн, Қырына алса, қырық күн» атайтын ақпан айының басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алатын «мінезі» және бар. Табиғат-Ананың төл перзенті – көшпенді қазақ оның бүкіл «мінез-құлқын» жете зерттеп, соған сәйкес қарекет қылған сыңайлы. Қыс мезгілінің амалдарын да бес саусағындай білгені төмендегі тілдік деректерден байқалады. Желтоқсан айының соңын ала ұйтқи соғатын қатты боранда киік текесі де күйтойнаққа (үйірге) түсетін көрінеді. Халық аузында теке бұрқылдақ аталатын бұл амал қыстың қаһарына мінген шағын білдіреді. Тоқсан күн қыстың тағы бір амалы – күннің таласуы дейтін кезең қаңтардың алғашқы күніне сәйкес келеді. Бұл кезде де күн райы өзгеріп, қар жауады, яғни сырғыма жүреді. Қаңтардың соңғы күндерінде қыс күшіне еніп, сақылдаған сары аяз болатын кезді қазақтар қысқы шілде атапты. Ақпан айының қысы ақырып келгенде ат құлағы көрінбейтін борандар күш алады. Ай аяғындағы сырғақ пен қатты боранды күндерде қасқырдың арланы мен қаншығы жұптасады. Бөрі сырғақ амалы келеді дейтіні сондықтан екен (сырғақ деп бұршақтан кіші мұзды қар түйіршіктерін айтады). Есепшілер жыл сайын белгілі бір уақытта қайталап отыратын ауа райындағы құбылыстарды амалдың қай кезде болатынын тоғыс есебі бойынша анықтап отырған. Қаңтардың қарлы бораны он бір тоғыста (желтоқсан) өткен соң, тоғыз тоғыста (қаңтар) өтетін аязды күндерді ай мүйізді алты күн немесе ақпан-тоқпанның (дақпанның) аязы деп атайды. Жан-жануарлардың мінез-қылығы­на, іс-әрекетіне қарап та ертеңгі күннің, ке­лер мезгілдің қандай болатынын алдын ала болжап отырған. Бір қызығы, бұл болжамдардың қай-қайсысы да өмірде орын алып отырған. Солардың ішінде қыс­қа қатысты халық танымы белгілеп кеткен болжамдардың бір парасы төмен­дегідей: – қыста торғайлар ұясына мамық тасыса, күн кенеттен қатты суып кетеді; – қыстыгүні әтеш бір аяғын көтеріп тұрса, аяз басталады; – үйрек бір аяғымен тұрып, басын қанатының астына тықса, аяз болады; – аязды күні қанатын желпінсе, аяз басылады; – ит арқасынан түлесе, қыс жайлы, бауырынан түлесе, қыс қатты болады; – құр, шіл қардың астына тығылса, ұзамай боран басталады; – қырғауыл мазасызданып, қатты дыбыс шығарса, жер сілкінетін көрінеді; – қыста қаздар қаңқылдаса, күн жылиды, аяқтарын бауырына тығып жатса, күн суытады немесе боран ұйытқиды; – құстар ертемен жем іздеуге асықса, күн жауын-шашынды болады деп күткен жөн; – қарлығаштар аспанда самғап, биік ұшса – күн ашық, төмендеп ұшса – жаңбыр жауып, жел тұрады; – қатты жел, дауыл алдында құмырсқалар әбігерленіп, мазасызданады; – сиыр танауын тартып, мүйізін шайқаса боран немесе дауыл тұрады; – егер қой тұяғымен төсін қаситын болса, қыс боранды болады; – қой тісін қайраса, боран немесе дауыл соғуға тиіс. – мысық пешке тығылса – аяздың алды, ит аунаса – жаңбыр жақын; – қыста күн құлақтанса, ол – қатты аяздың белгісі; – желсіз түні түтін жерге қарай ша­лқыса, қыста – қар, жазда – жаңбыр жауады; – жазда жұлдыздар жарқырап тұрса, келер күн ыстық. Қыста жарқырап көрінсе, келер күн аязды; – ай қораланса, жаз жаңбырлы, қыс қарлы, боранды болады; – күн қораланса, қар қалың жауады, т.б. Жинақтай айтқанда, санасы сара, көкірегі ояу қарапайым қазақтың даладан үйренгені көп. Үйрене жүріп, көңілге түйгені одан да көп. Түйсінгені мен түйгенін, ұғынғаны мен ұмытпағанын кейінгіге қалдыра білгені көрегенділік емей немене?! Тек соны көретін көз, тыңдар құлақ болса...

4522 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9514

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7532

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5278

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4657

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4621

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4578

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4315

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4309

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы