• Тіл
  • 24 Қаңтар, 2013

Байтақ жұрт, ел-күн аманда...

«Сөзтанымның» алдыңғы сандарында халық, ел-жұрт сөзіне қатысты бірнеше синоним сөздердің тарихи этимологиялық сипаттары сөз етілген болатын. Бүгінгі санда филология ғылымдарының докторы, академик Р.Сыздықтың «Сөздер сөйлейді» еңбегінде төмендегіше тарқатылып көрсетілетін сан рулы ел, белгілі бір аумақтық тұтастыққа ие жұрт ұғымын білдіретін байтақ және ел-күн сөздерінің этимологиясын ұсынып отырмыз: БАЙТАҚ. Өткен дәуірлердегі қазақ тілінде байтақ сөзі актив қолданылған. Шалкиіздің бір толғауында: Алаштан байтақ озбаса, Сыпайшылық сүрмен-ді — деп келеді. Байтақ сөзі батырлар жырында тіпті жиі кездеседі, Бұларда: Байтағымның ішінде Он сан елім ноғайлы... Менен қалған байтақ ел — деген жолдарды, «Едіге» жырында: Хан Тоқтамыс қарланып, Байтағым деп зарланып — дегенді оқимыз. Бұл сөз Махамбет ақынның аузына да жиі оралған: Біздің Ер Исатай өлген күн, Он сан байтақ бүлген күн. Бұхар жырауда: Байтағың байып, мал беріп, Байрақты жерге қыстатқан – деп келеді. Байтақ сөзі бұл күндегі әдеби тілімізде «ұшы-қиыры жоқ кең» деген сындық мағынада қолданылады (1). Ал жоғарғы мысалдарда бұл сөз осы көрсетілген ұғымда емес. Байтақ сөзі бұрын қазақ тілінде зат есім мағынасында қолданылып, «белгілі бір этникалық-аумақтық тұтастық (мысалы, хандық), ел, жұрт» деген мағынаны білдірген. «Едіге» жырында ханға ренжіп, қайырылмай кеткен батырға кері қайт деп өтіне келген Жанбай: Байтақ бөліп береді, Патсалықты құр сәна — деп уәде береді. Мұндағы байтақ деп отырғаны — белгілі бір мекендегі (аумақтағы) белгілі бір құрамды ел, яғни кішігірім хандық. Өйткені осы идея «Ер Тарғын» жырында: Бес жүз ауыл береді, Өз алдыңа сұлтан боп, Сүйген жерің жайлашы, Неғыласың бір қызды!?— деп, байтақ сөзінің орнына бес жүз ауыл деген әбден нақты мағынадағы сөз тіркесі ұсынылған. Ертеректегі үлгілерде кездесетін байтақ ел, байтақ жұрт дегендер қазіргідей «барлық ел, барлық жұрт» дегенді емес, «жеке бір хандық сияқты тұтастық, ел-жұрт» деген ұғымда жұмсалған, яғни ел және жұрт деген жеке сөздердің баламасы ретінде келген, сонда байтақ та «ел», ел де «ел». Бұл тіркесте мағынасы бірдей екі сөздің қатар айтылып, плеонастық құбылыс жасап тұрғанын көреміз. Мағыналары бірдей немесе өте жақын сөздердің қатар келіп қолданылуы, яғни плеоназм дегендер тілімізде аз кездеспейді (мысалы, телегей-теңіз, бекер босқа, құр текке, ел-жұрт, бала-шаға дегендердің сыңарлары мағыналас дербес сөздер екені мәлім). Байтақ сөзінің өзі қазақ, қырғыз сияқты түркі тілдеріне өте ертеде парсы тілінен енген болу керек. Парсыша пайтахт сөзі «астана» (дәлме-дәл: «тақтың төменгі жағы, аяғы») дегенді білдіреді. Түркі тілдерінде «тақтың төменгі жағы» дегеннен «тақта отырған билеушінің «ханның» аяқ астындағы (қол астындағы) бағынышты ел» деген ауыспалы мән пайда болғанға ұқсайды. Байтақ сөзінің «жұрт» деген мағынаны білдіретіндігін қазақ тіліндегі көне мұраларда және жырларда кездесетін астана жұрт тіркесі дәлелдей түседі. Бұл — байтақ жұрт дегеннің тура баламасы, мағыналары бірдей. Қазақ тілінде байтақ сөзінің «астана, орталық қала» мағынасындағы қолданысы да жоқ емес. Алпамыс батыр: Байсын деген өз елім, Жиделі байтақ қаламыз, – дейді. Мұндағы байтақ қала тіркесінің өзі «орталық, астана қала» дегенді аңғартады. Бұл сөздің қазақ тілінде «кең, үлкен, ұшы-қиырсыз» деген ауыспалы мағынада қолданылуы, тіпті ауыз әдебиетінің өзінде де байқалады. Мысалы, «Қобыланды» жырында: Жасыл байтақ жері бар, Айдынды шалқар көлі бар – деген жолдарда байтақ сөзі осы күнгідей сындық мағынада. ЕЛ-КҮН. Тілімізде ел-күн аманда деген сөз реті бар. «Ер Тарғын» жырында Тарғын батыр: Қаптай қонар елім жоқ, Елім-күнім Кәрібоз, Сөйлесетұғын тілің жоқ, – деп астындағы атымен «сырласады». Бұл жерде өзі қызмет еткен ханнан әділдік таппай, жалғыз шығып кеткенде, өзін қаумалаған елі-жұртының, халқының жоқ екенін айтады, елі де, «қаумалаған қарындасы» да астындағы жалғыз аты мен қасындағы Ақжүніс ару ғана екенін білдіреді. Контекске қарай ел-күн қос сөзінің мағынасын оңай ұғуға болады, ол — «ел-жұрт, адамдар». Мұны алдыңғы сөзден аңғарамыз, ал күн сыңары немене? Адамдар деген мен аспандағы жарық күнді білдіретін екі сөз бұл жерде қалайша «табысып» тұр деген сұрақ туады. Іздей қалсақ, бұл тіркестегі күн сөзінің аспандағы күнге қатысы жоқ екен. Күн көне түркі тілдерінің өзінде-ақ ел сөзімен қосарлана келіп (ел-күн түрінде), «халық, ел-жұрт» дегенді білдірген (2). Осы қатарда қадаш күн тіркесі де бары көрінеді, ол «еркек-әйел туыстар» деген мағынада қалыптасқан. Соған қарағанда түркі тілдеріндегі көне тіркестердің құрамындағы күн сөзі «адам, адамдар» дегенді білдіретін моңғол тіліндегі хун сөзімен іліктес болар деп топшылаймыз. Бұл да көптеген сөздердің түркі-моңғол тілдеріне ортақ дәуірлерінен келе жатқан жұқаналардың (реликтілердің) бірі болар. Күн сөзі түркі тілдерінде «адам» мағынасында жеке қолданысында сақталмай, ел, қадаш сияқты сөздермен тіркескен (қазірде қосарланған) қолданыста орын теуіп қалған «көне сөздердің» бірі болмақ. Күн сөзінің қазақ тілінде «адам, кісі» деген мағынада жеке жұмсалуы ұмыт болғаны соншалық, бұл тіркесті қазірде ай-күн аманда деп қолданады. Бұл қолданыс әрі-беріден соң логикаға қайшы: ай мен күн өлмейтін, өшпейтін, әрқашан аман табиғат нысандары, ал ел-күннің, яғни халық, ел-жұрттың амандығы-жамандығы, өсуі, өшуі ­ логикаға сыйымды ұғымдар. Әрине, қалың көпшіліктің, тіпті қолына қалам алған жазушы, журналистердің барлығы тегіс қазақтың әр сөзінің түп-төркінін, семантикалық қозғалысын жақсы білулері мүмкін емес, сондықтан бұл күнде ай-күн аманда демей, ел-күн аманда деп келтіргендері жөн. Тілді жақсы білетін жазушылар бүгіннің өзінде ел-күн деп қолданады. Әдебиет: 1. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, II-том, 41-б. 2. Древнетюркский словарь. Ленинград, 1969. 3. Сыздық Р. Сөздер сөйлейді. – Алматы, 2005.

7402 рет

көрсетілді

167

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9531

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7544

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 5290

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4669

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4633

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4590

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4328

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 4321

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы