• Тіл
  • 14 Ақпан, 2013

Емлені ескеруіміз керек

Сейдін БИЗАҚОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор Латын мен кириллицаның бір үлгідегі жазу жүйесі екені, бір-бірінен алшақ кете қоймайтыны, олардың араб жазуымен салыстырғанда анағұрлым қолайлы екені, ортақ жақтарының басым екені белгілі. Араб жазуынан, иероглиф жазуынан, басқа да таңбалы жазудан латынға, кириллицаға көшу қиынырақ шығар. Ал латыннан кириллицаға көшу қиындық келтірмейтінін 1940 жылғы тәжірибе көрсеткен еді. Қазіргі таңда латынға оралу үлкен қиындыққа неліктен кезігіп отыр дегенде, оның бірден-бір себебі біздіңше әріп санын күрт азайтуға барып тіреледі. Олай болмағанда 2025 жылға дейін созбай, 2-3 жылда-ақ латынға өтуге болар еді. Қазіргі 42 әріптің едеуір бөлігі төл сөзімізге кіріп кеткен кірме таңбалар болғандықтан, мұндай әріптерді әліпбиден алып тастап, әріп санын 26-дан асырмай, соған лайық емле-ереже жасау қажет деген, біздіңше, біржақты айтылған пікір. «Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру қазіргі қолданып отырған кириллица әліпбиімізді қырнау, өзгерістер енгізу арқылы жүзеге асуы керек» деп мәселені дұрыс қоя білген, кейбір қаламгерлер: «Әліпбиімізді латынға көшіру мәселесі түбегейлі шешілген күнде, сөз жоқ, кірме сөздердің орфограммасы бүгінгі қалпында қалмайды, қазақыланады. Жаңа әліпбидің негізгі мақсаты – тілімізге тән емес артық дыбыстардан құтылып, әріптер санын мейлінше азайту болмақ» деп ой түйеді. Қай тілді алсақ та әуел баста дыбыс саны анағұрлым шектеулі болған. Кейіннен тіл-тілдің дамып, жетілу барысында оның дыбыстық жүйесі де көбіне-көп басқа тілдің әсерінен болса да, өзгеріске ұшырап, молығып, түрлене түскен. Халықтың қоғамдық-әлеуметтік дамуына, тілі мен мәдениетінің өркендеуіне байланысты оның дыбыстық жазуы да өзгеріп, жетіліп отырады. Бірінші Петр патшаның тұсынан бастап зиялы қауымның түгелдей шетел тілінде, әсіресе француз, неміс тілдерінде сөйлеу дағдысы орыс тілінде де өзіндік із қалдырған, соның арқасында орыс әліпбиінің бірнеше әріппен молыққаны айтылып жүр. Әліпбиіміздегі әріптің үштен біріне дейін қысқартып тастау жетпіс жыл бойы кириллица әліпбиі негізінде емле-ережесін ұштай отырып жетілдірудегі жетістіктеріміз бен оң өзгерісті зая кетіріп, әдеби тілімізге қыруар қиянат жасап, оны кері кетіру болып шығар еді. Мұның өзі орфографияға, демек, оқу-ағарту саласына қисапсыз қиындық келтірер еді. «Соның салдарынан тілімізді үйренуге икемделе бастаған қандастарымыз бен ұлты бөлек отандастарымызды шошытып алмаймыз ба? деген сұрақтар қалайда маза бермейді» дейді қайсыбір тіл жанашырлары. Қала балаларын айтпағанның өзінде, алыстағы қазақ ауылындағылар да еуропа, тауар, зауыт секілді емлесі өзгерген сөздерді жазғыза да, айтқыза алмай, мұғалімдер қиындық көруде. Әріп санын күрт азайту мен бір дыбысты қос таңбамен белгілеудің кесірінен латынға тез арада көшкен өзбек, түркімен, әзірбайжандар жаңа әліпбиін қайта-қайта түзеп әлекке түсіп жатқаны айтылып жүр. Бүгінгі әліпби мен емле-ережесі «орыс тілінің игі ықпалы» деген желеумен жылдар бойғы «орыстандыру саясатының» кесірінен мүлдем бөлек жүйеге жататын тілдің көшірмесі ғана деген тұжырымның жөнсіздігі күмән келтірмейді. Тілдердің бір-біріне тигізетін әсерінен ешқандай да зиян жоқ. Ешбір тіл томаға-тұйық қалпында, бөгде тілдің әсеріне ұшырамай, өздігінен дамып, жетіле алмайды. Бір тілдің бір тілді үстемелеп, байытып, түрлендіріп отыруы – барлық тілге тән ортақ заңдылық. Ғалым Е.Н.Шипова «Словарь тюркизмов в русском языке» атты 1976 жылғы еңбегінде орыс тіліне енген екі мыңдай түркі сөзін келтірсе, қазіргі зерттеушілер олардың саны 5-6 мыңдай деп жүр. Октябрь революциясынан кейінгі тұста баспасөздің дамып, жаппай сауаттылыққа қол жетіп, тіліміздің кемелдене түсуіне орыс тілінің айрықша ықпалы болғанын жоққа шығара алмаймыз. Мұның қазақ тілінің үндесімінің жетіле түсуіне де әсері болғаны анық. «Бізде анау әріп артық, мынау таңбаның керегі жоқ» деген сөз орынсыз. Бұл тек саясат­қа сайғандық қана. 42 таңбалы әліпбиіміздің шыңдалғандығы сонша, мұнымен қай ел, қай жұрттың да дыбысталуы небір күрделі сөздерін бұлжытпай бейнелей алады» деген Сабыржан Шүкірұлы: «Біз тіліміздің бай дыбысын жоғалтпауымыз, кемітпеуіміз керек. Барыңды бұтарлап тастап, өз тілінің қандай әуезді үнін мыңқылдатып қойған­дағы табарың не?! Тіл тағдырын технократ­тық тұрғыдан да, саясатқа салынушылықпен де, дүрмекке ерген желбуаз қиялдармен де шешуге болмайды» деп тұжырымдайды («Ана тілі», 01.04.1999). Жаңа әліпбиді әріп санын күрт азайтумен қабылдаса, көпшіліктің латын әрпіне көшудің өзіне үрпиісе қарары сөзсіз. Оның үстіне тілі сынып, жаттығып қалған жастарымызға в, ф, х, ц, т.б. он төрт дыбысты бұрмалап айтыңдар десек, тілімізді құбыжық етіп көрсететін жасанды шара болып шықпай ма, әр дыбысына бір-бірден әрпі бар, тіліміздегі бар сөзді түгелімен, соның ішінде шеттен енген сөздерді де анық, дұрыс таңбалап беруге қолайлы қазіргі әліпбиімізді нағыз жетілген, оңтайлы алфавит деушілер де бар. Қазақ тілінде «в» дыбысы жоқ деп, Еуропа, бәгөн, тауар деп жазып жүрміз. Ал мамандар өз бастауын латын тілінен алатын химия, биология, зоология, физика, математика, медицина, т.б. ғылым саласына қатысты терминдердің в, х, ф әріптерінен басталатыны қаншама дей отырып, олардың бәрін өзгертіп жазу сауаттылықты кері кетіретінін айтып жүр. Шынтуайттап келгенде, жоғарыда аталған дыбыстардың басым көпшілігінің қазақ тіліне де тән екені, ол дыбыстарды таңбалайтын әріптің керек екені даусыз. Ал «в» қазақ тіліндегі жиі айтылатын дыбыстың қатарына жатады. Сатып алды, сұрап едім, көп өнім, барып еді, оқып отыр (айтылуы сатывалды, сұравем, көвөнім, барыведі, оқывотыр) тәрізді тіркестерді айтпағанның өзінде көбірек, кібіртектеп, абайла, көбіне, тебінгі, әбігер, кебір, кебу, хабар, шыбын, абыр-сабыр, кәсіпорын, себеп, ыбырсу, шіби, ебелек, обыр, обал, өбу, нобайла сөз тұлғаларының айтылуы көвірек, ківіртіктеп, авайла, көвнесе, тевінгі, әвігер, кевір, кеву, хавар, шывын, авыр-савыр, кәсіворын, севеп, ывырсу, шіви, евелек, овыр, овал, өву, новайла екенін ескермейтін болдық. Бұл сөздерді в-мен дыбыстау жеңілірек болғандықтан, солай жазып-таңбалау қалыптасып кетер ме еді?! Ал орыс тілінен ауысқан Европа, завод, авария, кавалер, адвокат, вокзал, вахта, еврей сөздеріндегі в әрпін жат дыбысқа жатқызып, Еуропа, зауыт, ауария, кауалер, адуакат, уакзал, уахта, еурей деп жазудың сауаттылықты кері кетіретіні анық. Барша түркі тілдерінде х әрпі жиі қолданылады. Біздің де сөздің табиғи айтылу қалпын бұрмаламай, туыс тілдерден алшақтатпай ахмақ, рахмет, хазірет, хауіп, махрұм, хайрам, сахара, рахат, ахихат, ахпарат, хақы, хұқық, архар, жемхор, бұхара деп х әрпімен жазғанымыз тиімді болмақ. Қазақ әліпбиіндегі әріп санын күрт кеміту орфографияға қыруар қиындық келтірмек. Әріп санын азайтпау сауаттылық дәрежесін арттыра түсуді жеңілдетпек әрі сөздің тұлғалық даралығын сақтау үшін де қолайлы дейтін авторлардың дәлелі көкейге қонымдырақ. Мысалы, х әрпін қолдану ар­қасында хал-қал, хат-қат, халық-қалық, хас-қас, халайық-қалайық, хан-қан, ханым-қаным, хатым-қатым, хина-қина, хор-қор, хорда- қорда, хош-қош секілді көптеген сөз тұлғалық дербестігін сақтаған. Тіпті 40 әріпке қосымша құйрықты җ (дж) әрпін таңбаласақ, Джордж-Җорж, Джон-Җон, джунгли-җунгли деп жазу мүмкін болар еді. Қайсыбір қаламгер қазіргі қазақ әліпбиіндегі в, е, э, ы, х, һ, ц, ч, щ, ю, я әріптерін өз тіліміздегі сәйкес келетін дыбыстармен ауыстырып жазуымыз керек. Өйткені орыс тілін оқымаған қарттарымыз пәбіріике (фабрика), пұузыйа (фузия), бәгөн (вагон), барбарыйзым (варваризм), тұурызым (туризм), күйнө (кино), мәнтөр (мантер), бүйне (вино) деп айтқан. Сонда ғана тілдік заңымыз бұзылмай, өз қалыбын сақтайды дегенді тілге тиек ететінін қайтерсіз («Ана тілі», 9.07.2009). Профессор Қ.Жұбанов ұсынған ф, х, ч, э, ц, я, ю әріптерінің термин сөздерді жазуда да, төл сөздеріміздің тұлғалық даралығын сақтап жазуда да игі әсері болғаны анық. Несібеміз кемімей, есеміз кетпесін десек, тіл саясатын кемелдендірейік. Қазақ тілі әліпбиінің құрамындағы қыруар әріпті төртін өгейсітіп, жат дыбыстарға жатқызып, әліпби құрамынан шығарып тастау, соның ішінде в, х, ф, ч, э, ю, я деген дыбыс та, әріп те жоқ деп, оларды бүтіндей орыс тіліне теліп, шетқақпайлау шындыққа жанаспайтын, жартыкеш, жан-жақты дәлелденбеген, емлені шешуі қиын өте күрделі түйінге айналдыратын шешім демеске лаж жоқ. Ондай жағдайда орыс тілі арқылы енген халықаралық сөздердің орфографиясын тиянақтау мүмкін болмай қалар еді. Әбден қалыптасып, сіңісті боп кеткен неше жүздеген сөзді өзгертіп жазатындай еш ділгірлік жоқ. Аталған дыбыстарды кірме емес, байырғы түркілерде бұрыннан бар дыбыстар дегенді де дәлелдеушілер бар. Қайсыбір авторлардың кирилл әліпбиі негізінде «қазақ тілінің өзіндік сөйлеу мақамын қалыптастырып, орнықтыруға, жазу мәдениетін жетілдіріп, дамытуға ықпал еткен жағдайларды» қаперге алмай, қазақ алфавитінде мұншама әріпті жат дыбысқа жатқызып, ойланбастан бір-ақ қырқып тастауға тырысқанына қарсы уәж айта отырып, зертеушілер бұл дыбыстардың тым әріден арна тартатынын, «орыс сөздерінің ықпалы емес, қазіргідей ашық, айқын, нақ сөйлеуге жеткізген, ұлттық тарихи даму жолында пайдаланған барша жазу тәжірибесі мен өзінің үнінің табиғи жетілу нәтижесі деп білген жөн.Үніміз өзгерген жоқ, тіліміз ұзарып не қысқарып кеткен жоқ. Сол баяғы қазақ дыбысы, қазақ үні, қазақ сөзі қалпында» екенін еске алып, ой қорытады («Ана тілі», 30.05.2002). Тағы бір айта кететін жайт, әріп санын күрт қысқартуды жақтаушылар көлем жағынан да үнем жасалатын ю, я, ц, ч, щ дыбыстарын айтпағанның өзінде ң, ш, ғ, тағы басқа әріптерді де екі таңбамен таңбалауды жақтайды. Мұның тиімсіз екенін орыс ғалымдары І Петр заманынан бері айтып келген. Бір дыбыстың бірнеше қосарлы таңбамен белгілеу – сөздің жазылуы тілдің қазіргі күйіне сәйкес келмейтін, сөз үйреншікті боп кеткен дағды бойынша жазылатын орфографияның тарихи-дәстүрлік принципін ұстанған тілдердің емлесіне тән ерекшелік. Сауаттылықты қиындататын бір дыбысты бірнеше таңбамен берудің еш қажеттігі жоқ. Латын әрпімен мүмкін болмайтын кирилл әліпбиіндегі кейбір әріпті қосар әріп, диакриптикалық таңбамен бермей, сол күйінде қалдырған немесе қосымша таңба ойластырған ұтымды болмақ. Кирилл әліпбиінің бір артықшылығы таңба үстінен ешқандай да ноқат қойылмайды. Ноқат пен дәйекше дыбысты анықтайтын таңба табылмаған жағдайда амалсыздан қойылады. Өткен ғасырдың елуінші жылдары «ұлы», «улы» секілді сөздерді ажыратып жазуды жеңілдету мақсатымен «у» таңбасын «ұ» деп өзгерткені мұның бір айғағындай. Сөздің үндестігіне сәйкестендіріп, жаңа қазақ жазуына емле-ережені қоса қамтитын түбегейлі реформа керек дегенде де қарсы айтар уәжіміз бар. Өйткені өткендегі қазақ сөзінің үндесімі мен қазіргі үндесімінің арасында елеулі өзгешелік бар. Бұл – тіліміздің дыбыстық құрылымының күрделеніп, жетіле түсу барысында сөздің әуезділігі мен естілім жағымдылығын арттырған құптарлық өзгеріс. Тілдің даму диалектісі мен жазудың сөйлеу тіліне тигізетін әсерін ескеріп, мәселені «қазақ тілінің үндесін бұзбайтын» деп емес, қазақ тіліндегі сөздің әуезділігін сақтап, оған нұқсан келтірмеу тұрғысынан қарастырғанымыз анағұрлым нәтижелі болмақ. Сөздерді үндесімге бағындырып жазу керек дегенді алға тартып, жазылуы қалыптасып кеткен құю, сою, күю, сүю, үю, ию, ою секілді сөздерді төрт-бес әріппен таңбаласақ, сауаттылықты кері кетірмейміз бе? У фонемасы өзге дауыссыздардың алдынан ұ дыбысын қосып айтумен ерекшеленетіндіктен, алу, бару, келу сияқты сөздерді алұу, барұу, келүу түрінде қосарлы әріппен жазу қазақ сөзінің дұрыс айтылу нормасын сақтауға көмектеседі деген пікірдің қисынсыздығы ойға оралады. Жазылу емлесі сөздің айтылу транскрипциясына жақындатылған байи (байый), кейи (кейій), көбейе (көбэйе), есейе (есэйе), еңкейе (еңкэйе), көркейе (көркэйе), күшейе (күшэйе) тәрізді сөздердің орфографиясы баи, кеи, көбее, есее, еңкее, көркее, күшее түрінде қалыптасуы да мүмкін еді. Орыс тілінде осыған ұқсас сөз тұлғаларын «более», «менее» деп жазып жүр емес пе. Сөз құрамында басы артық дыбысты үстемелеп жазу тіліміздің орфографиялық нормасы үшін де, орфоэпия заңдылығының қалыптасуы үшін де қолайлы емес. Өйткені басы артық әріппен тілдің табиғи әуезділігінің берекетін кетіруіміз мүмкін. Жазуда бірізділік сақтамай, ала-құлалыққа жол беріп, жоқ жерден мәселе тудырудың тіліміздің дыбыстық құрылымының даму, тиянақталу үрдісіне тежеу жасайтыны белгілі. Бұл айтылғанның дәлелі ретінде ы, і қысаң дауыстыларына қатысты емле қатесінен көз сүрінетінін айтсақ та жеткілікті. Сый, тый сөздерінде ғана жазылып келген орфограмма барлық и таңбаланатын тұстарда жазылсын дегенмен де келісу қиын. Қосарлы -ый, -ій әріптерінің орнына жалаң и дауыстысын жазуға көшу академик І.Кеңесбаевтың зор беделінің арқасында ғана жүзеге асқан еді. Кезінде іске асуы армандай қиын көрінген емледегі осындай оңтайлы түзету тіліміздің дыбыстық құрылымының ішкі мүмкіндігінің көзін ашып, тиімді түрде пайдалану арқылы орфографияны жетілдірудің сәтті қадамы, дер кезінде енгізілген түзету болғанын уақыт, тәжірибе дәлелдеп отыр. Қазіргі ұрпақтың бұрындары жыйнал, тақыйя, сыйрақ, тійме, кійме, ақыйқат қағыйда, быйылғы, табыйғи, саясый, тійімді, яғный, ылғый деп жазылып жүрген сөздерді жинал, тақия, сирақ, тиме, киме, ақиқат, қағида, биылғы, табиғи, саяси, тиімді, яғни, ылғи деп жаңа жазылуына сәйкестендіріп, естілуін құлаққа жағымдырақ етіп айтуды үйреншікті дағдыға айналдырды. Енді мұндай сөздерді ертеректегі емлесімен жазайық деп айта қалса, оны жұртшылық қолдай қоймас еді. М.Балақаев та өз еңбектерінде қосарлы ый, ій әріптерін жалаң и әрпімен таңбалау «жазуды жеңілдетіп, оның мәдениетін жақсартқанын» атап өткен еді. Жаңа әліпби қабылдаған кезде негізінен үндестік заңына басымдық беру керек. Қазіргі тілімізде өз әсерін жоғалтып алған ерін үндестігін қалпына келтіру жағын да латынға көшер тұста ескеру керек деген ұстанымның да тілді алға оздырмайтыны белгілі. Өткен дәуірдегі орфоэпиялық өлшемнің бәрі бірдей тілде тұрақтап қала бермесі анық. Ал қайсыбір дыбыс алмасуын тудыратын фонетикалық заңдылықтың мүлдем солғындап, жоғалуға бағыт алуы мүмкін. Әуел баста барша түркі тіліне ортақ болған сингармонизмнің әсері әр тілде әрқалай. Кейбірінде өз әсерін толықтай сақтаса, екіншісінде оның әсері солғындау немесе шамалы ғана. Тағы бір тілдерге сингармонизм тән емес. Мұны олар тілдің дыбыстық құрылымының күрделеніп, жетілуімен түсіндіреді. Қазақ тілінде де сингармонизм елеулі өзгеріске ұшырады. Түркітанушылар өткен ғасырдың 50-ші жылдарында-ақ ерін үндестігінің қазақ тілінде жойылып бара жатқанын мойындаса, қазіргі жазу нормасының бұл бағытты тереңдете, айқындата түскені анық. Көмір, күрек, үлкен, отын, осы, көзі, бөрік, өркен, көген, құлпы, көрік, өлең сөздерін ерін үндестігімен айт деп талап қою қазірдің өзінде қиын. Сондықтан қазіргі адамдардың сөйлеу тілінде ерін үндестігімен айтылған сөз нұсқасы қолданылмаса, қайсыбір авторлардың оны «Тіліміздің орфоэпиялық нормасын бұзатын өрескел қателер» деп бағалауы қазақ тілінің қазіргі даму бағыты тұрғысынан дәлелді бола қоймайды. Аға ғалымдарымыздың ерін үндестігінің қазақ тілі үшін айтарлықтай мәні жоқ, ескіріп қалған заң екенін ерте кезден-ақ ескергені – тілдің табиғатына тереңірек үңіліп, алға басушылық пен ауытқушылықты зерделей білгені, көңіл көзін әрірек жүгірткен ғылыми көрегендігі деп білеміз. Өйткені кейінгілер үлесіне ізгі ізденістер қалдырған аға буын ғалымдарымыздың күмән келтіруге болмайтын дұрыс тұжырымына ден қойғанымыз жөн. Ерін үндестігіне қайта оралу тілдің қадір-қасиетін арттыру былай тұрсын, оның тартымдылығы мен әуезділігін төмендетіп, дамып жетілуіне тежеу жасап, кедергі келтірер еді. Тілдің әсем әуез ырғағына сәйкес табиғи дұрыс дыбысталу заңдылығына нұқсан келтірмеу арқылы ғана оның сәні мен мәнін сақтай аламыз деп жүрміз емес пе?! Езу үндестігі қазіргі тіліміздегі басты фонетикалық заңдылық болғанымен, аралас буынды сөздердің қатары елеулі түрде көбейді. Сөйтіп, мұнда да тілдің дыбыстық құрылымының күрделене түскені байқалады. Аралас буынмен айтылатын бидай, ғазиз, ғибрат, жиһаз, инабат, ылғи, жина, қағида, ғибрат, мұғалім, ғанибет, пида, пиала сияқты сөздердің естілімі әуезді де әсем ырғақты. Әсіресе саудагер, жемқор, қаланікі, айлакер, қайраткер, адамгершілік секілді қосымша жалғанған аралас буынды туынды сөздер көбірек. Қазіргі ұрпақ XVIII ғасырдағы сөйлеу дағдысымен арбамынан, атпынан, атамдықы деп емес, арбамен, атпен, атамдікі деп дыбыстайды. Әлемдегі ең таңбасы аз жазу, оның бетін ары қылсын, сөздің әуезділігі мен жағымды естілімін нашарлатып, тілімізді кері кетіреді демеске лаж жоқ. Ең өкініштісі сөздің айтылуын дәл береміз деп жүріп, оның графикалық бет-пішімін тым ауырлатып жіберу ата-бабамыздың аманаттаған асыл қазынамыз ана тіліміздің әріқарай дами, кемелдене, көркейе түсуіне қойылған үлкен тосқауыл болар еді. Емле-ережесін жетілдіріп, оны кем-кетіктен арылту мақсатындағы бірлі-жарым түзетулердің дұрыс-бұрысы туралы пікір алысқанда, ана тілінің мәртебесін өсіру, өрісін ұзарту, ауқымын арттыра беру жолын есте тұтпақпыз. Қорыта айтқанда, түркі тілдеріне ортақ латын жазуына көшкенде бейқамдыққа салынбай, қалыптасып кеткен емлені өзгертіп алып, соңыра сынға ұшырап жүрмес үшін жаңа әліпбиге үлкен байыптылықпен, сарабдалдықпен барлық түйткілді мәселені әбден ойластырып, тіліміздің ғасыр бойы қалыптасқан нормасын бұзбай, сөзді дұрыс, сауатты жазуға нұқсан келтірмей, емледегі қайшылыққа жол бермей, тыңғылықты даярлықпен көшуді мақсат тұтқанымыз жөн. Екі әріпті ь мен ъ таңбаларын есептемегенде 40 әріпті құрайтын жаңа әліпби мына төмендегідей болса деген тілегіміз бар. Емлені ескеруіміз керек

11846 рет

көрсетілді

64

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8753

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7057

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4801

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4187

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4149

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4110

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3839

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3839

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы