• Тіл
  • 28 Наурыз, 2013

Техникалық терминдерді жасаудағы ізденістер

Техникалық терминдердің ширайтын, орнығатын жері өндіріс десек, ол термин-ұғымдарды сала мамандарымен қоян-қолтық араласа жүріп жасайтын – сол өндірістегі аудармашылар. Алғашқы тәжірибе – «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы сырттағы аудармашылар ұжымына тапсырып, осыдан он жыл бұрын 2002 жылы әзірленіп, мемлекеттік терминология комиссиясы мақұлдаған мұнай-газ саласы терминдерінің қазақша-орысша-ағылшынша үш тілдік, үш нұсқалы сөздігін жасап шығарды. Ондағы нұсқалардың кейбіріне сол салада тікелей еңбек етіп жүрген мамандар келісе қоймағанымен, тәжірибе ретінде құптауға лайық, саралап қолданып келеміз. Оның электронды нұсқасын компанияда барлық компьютерге орнаттық, кітап түріндегі нұсқасын және басқа да техникалық сөздіктерді, әмбебап сөздіктер топтамасын орталық аппаратта әрбір қызметкердің қолына ұстаттық. Осы орайда Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің түрлі сөздіктер, көмекші құралдар беру арқылы жасап отырған зор көмегін ризашылықпен атап айтуымыз керек. Енді Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылдануына байланыс­ты терминдер жасаудың жаңа кезеңі басталды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитетінен түскен тапсырмаға орай біздің бас ұйымымыз «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы қазақ тіліндегі салалық терминдерді әзірлеу жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссия кұрды, оның ережесін бекітті. Комиссия тоқсанына бір рет жиналады. Оның кұрамына «ҚазМұнайГазға» қарайтын еншілес ұйымдардан өкілдер тартылған. Комиссия төрағасы «ҚазМұнайГаз» орталық аппаратының басшысы, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Андар Мәулешұлы Шоқпытов. «ҚазТрансОйлдың» өкілі ретінде мен осы комиссияға мүшемін. Әрбір еншілес ұйым комиссияға тоқсанына кемінде он бес термин ұсынуға міндетті. Комиссия талқылап, мақұлдаған ұсыныстар үстімізде тұрған мемлекеттік уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Мұнай және газ министрлігіне жіберіледі, министрлік өз кезегінде оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитетіне Терминология комиссиясына жолдайды. Осы бір жылдай уақыттың ішінде «ҚазМұнайГаз» терминология комиссиясы жүз қаралы термин сөзге қатысты ұсыныс енгізді, бірақ олардың қабылданған-қабылданбаған жай-күйі бізге белгісіз. Тіл комитеті осындай ұсыныс енгізген ұйымдарға оның жайы туралы хабарлап отырса не баспасөзде жариялап көпшілік талқылауына салып, пысықтап алса, тіпті құба-құп болар еді. Сонда бір термин қазір кездесіп қалатындай, бірнеше қайтара бекітіліп, әр сөздікте әркелкі алынбас еді. Өзімізде құрылған терминологиялық комиссияның пайдалы екендігін көріп отырмыз. Бұл жерде тілшілер мен сала мамандары бір мүддеге жұмылады. Аудармашылар өздеріне күнделікті кездесетін сөздерді мамандармен ақылдаса отырып, өздері тапқан қазақша баламаларымен ұсынып келеді. Біз өзіміз жасаған сөздерден мысал келтірейін. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ қазақ тіліндегі салалық терминдерді әзірлеу жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссиясының қарауына «ҚазТрансОйл» АҚ ұсынған терминдер жобасы мынадай: Агрессивная среда ­– жегі орта Антиокислитель – уытқайырғыш Балансировщик – теңгерімдеуші Вымывание – шайылу Высоконапорный – жоғары арынды Вытяжная вентиляция – сорма желдеткіш Габарит – ауқым, қомақ (қорам, кенер, сыртмөлшер, нықпішін – техникалық сөздіктерде) Глубокая очистка – жете тазалау Горячая линия – қауырт желі Гофрированная трубка – бүрмелі (кеңірдекше) түтік Датчик – сезгі (сезбек) (қадаға – Sozdik.kz компьютерлік сөздік) Диагностика – ізерлеу Дрель – тескі Дуальный – қосақтамалы Дюбель – мықшеге Запас – босалқы (қор) Запасная часть – босалқы бөлшек Калибровка – мөлшерлеу Капельница – тамшылауыш Кворум – көпшілік құрам (толық жиналым – қазақша-орысша, орысша-қазақша қоғамдық ғылымдар терминдерінің сөздігі, Алматы, 2010, «Фирма «Орнак» ЖШС); жиналым – Sozdik.kz компьютерлік сөздік) кворум Ключевые – жоталы, түйінді Кнопка – батырма Компрессор – сығымдағыш Консервант – айнытпауыш Корпоратив(ный) – топ (топтық) Кумулятивный – шоғырланбалы Маркер – таңбалуыш Мобильный остаток – ақаба (сарқынды) қалдық Муфта – жалғастырғыш Мышка – жортпаш (терминком тінтуір деп бекітті, осылай қолданып жүрміз) Нефтесносность – мұнайлылық Нефтеотдача – мұнай түсімі Обвязка – байламдау Обеспечение – қамсыздама Огнеупорщик – оттөзім қалаушы Окрошка – көккөже Отстойник – тұндырғыш Очное заседание – бас қосқан отырыс Пилотный проект – аңдау жоба Пипетка – тамызғы Пирс – сукөген Плата за проживание – тұрғынақы Подпорный насос – тірек сорап Подставка – тұғыр Понтон – қалқыма Портальный кран – төрт тағанды шығыран Посетитель – келермен Презентация – таныстырым Приточная вентиляция – үрлеме желдеткіш Просечно-вытяжная листовая сталь – кесіліп тартылған қаңылтыр Простой – қаңтарылу Противогаз – газтұмша Расшифровка – ежіктеме Резервуар – сұйыққойма (жергілікті мамандар «қазан» деп атайды) Рейтинг – дәреже Сегрегированное хранение – сұрыптап сақтау (мағынасы: түрлі мұнайды бөлек-бөлек сақтау) Сенсор – сезгіш Скоба – қапсырма (тоғын) Скотч – үлбір желім Станок винторезный – бұрама кескіш білдегі Станок сверлильный – бұрғылау білдегі Станок шлифовально-заточный – ажарлау-қайрау білдегі Стикер – тілше Тонкая очистка – қанық тазалау Трехжильный – үш тінді Трубопроводчик – құбыршы Трубоукладчик – құбыр төсеуші Уровень – деңгейлеуіш Уровномер – деңгей өлшеуіш Утечка – жылыстау Форсунка – бүріккіш Фундамент – негіз Шинопровод – байпан шеген (шина – шина, байпан; шинопровод – шинаұстағыш, байпан ұстағыш – техникалық сөздікте) Шлем – дулыға Шуруп – бұрандаша Электроталь – электр көтергі Электротельфер – электр шығыр Эмульгатор – тәбеттеуіш қоспа. Мұндай баламасын күткен сөздер мың-мыңдап саналады. Сөздіктер шығып жатыр. Бірақ соның бәрі бірдей терминкомның елегінен өткендер емес, ал өткендерінің өзінде әр сөздікте әркелкі алынған баламалар толып жатыр. Бұған 31 томдық сөздікті мысалға алсақ та болады. Бір томда алынған бір сөз келесі бір сабақтас сала сөздігінде басқаша берілген. Жалпы, кім, қай жерде, қандай жолмен сөздік шығарса да, міндетті түрде мемлекеттік терминология комиссиясының мақұлдауын алуы тиіс деген нық тәртіп орнату қажет. Онсыз тілді жаңа үйреніп жүрген өзгетілділер түгілі, қазақтілді өзіміз де шатасамыз. Терминдердің әліпбилік орысша-қазақша, қазақша-орысша біртұтас қоры осындай әралуандылықтарды тап басып, жөндеуге тиіс. «ҚазТрансОйл» АҚ-та тілді дамыту бағытында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Орталық аппаратта «ҚазаТрансОйл» АҚ-да қазақ тілін дамыту комиссиясы құрылған. 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламадан туындайтын міндеттерге сәйкес акционерлік қоғам Басқармасы жақында аталған комиссия туралы ереженің жаңа нұсқасын бекітті. Комиссия филиалдарда және олардың жергілікті құрылымдық бөлімшелерінде қазақ тілін дамытудың жай-күйін жос­парлы түрде ұдайы тексеріп отырады, аудармашыларға, оқытушыларға және қазақ тілінде іс жүргізуші қызметкерлерге әдістемелік көмек көрсетеді. Орталық аппарат оқытушысы Білім және ғылым министрлігі ұйғарған мемлекеттік стандарт негізінде өз саламызға лайықталған үлгі оқу бағдарламасын жасады, ол филиалдарға жіберілді, ал оны әр мұғалім өз әдістемесімен байыта алады. Тәжірибе алмасу үшін семинарлар, тағылымдамалар және конкурстар өткізіледі. 2008 жылдан бері «ҚазТрансОйл» АҚ қызметкерлері арасында қазақ тілін білуге және құжаттарды қазақ тілінде жетік даярлауға арналған «Қазақ тілі – менің тілім» байқауы өткізіліп келеді, бұл шара қызметкерлер арасында зор қызығушылық тудырды. Мәселен, былтыр Шымкент мұнай құбыры басқармасы командасының 10 мүшесі түгелдей өзге ұлт өкілдерінен құрылды. Акционерлік қоғам орталық аппаратында қалыптасқан тағы бір оң тәжірибе – Наурыз мейрамын бірнеше күн, тіпті апта бойы тойлау. Биыл оны үш күндік бағдарламамен өткіздік. Қазіргі кезде қазақша іс жүргізу тілі жаппай дерлік аударма тілі, аудармашы тілі деген ақиқатты бәріміз де мойындаймыз. Аудармашы дегеннен тағы бір жайт басын қылтитады. Ұжымда аудармашының, аударма бөлімінің болуы орыстілді түгілі, қазақтілді дейтін басшы-қосшы мамандардың өзінің масылдық пиғылын туғызады екен. Қазақшалау, қазақша жазу аудармашының жұмысы, міндеті деген ұғым мызғымай тұр. Тілді білетін адамның өзі қағазды бірден қазақша жазуға ықылассыз, қазақша сүрлеуге түсуден гөрі, үйреніп қалған орысша даңғылмен тарта бергенді қош көреді, «уақыт жоқ, шаруа асығыс» деп аудармашыға ысыра салуға бейім. Ұжымда 100 адам еңбек етсе, соның 99-ы жалғыз аудармашыға сүйенетін жағдай жаппай кездеседі. «Өзің қазақсың, оқуды қазақша бітіргенсің, сөйлейсің, енді қазақша жазып байқа, төсел» деген талап қойылса, «онда аудармашы ұстап не керек» деген сөз шықпай қалмайды. Осы психологияны өзгерту оңайға түсейін деп тұрған жоқ, мұның амалы маманды жұмысқа аларда қазақ тілін білуін талап ету нормасының тіл заңына енуі деп ойлаймыз. Сонымен қатар «аудармашы» деген лауазымның атауын өзгерту де қажет-ақ, мұндай тәжірибе мемлекеттік органдарда бар. Тағы бір жол – тілді үйрену, қолдану үшін мүдде туғызу. Бұл туралы да аз айтылып жүрген жоқ. Соның бірі – материалдық ынталандыру. Үкіметтің ынталандыру туралы 1999 жылғы өкімі бар, бірақ онда әкімшілік шығыстардан үнемделген қаражаттан деп жазылған. Ондай үнемделген қаражат бола қалғанның өзінде, заңдық құжатқа емес, басшылықтың ұғым-түсінігіне жүгінген жерлерде, жаппай дерлік орыстілді адамдар билеп тұрған тұста қазақтілді маманға ол қаражаттан бөле-жара бірдеңе тие қоюы неғайбыл. Демек, әңгіме тағы да заңға барып тіреледі. Елбасымыз қазақ тілін қолдана­тындарды көтермелеу қажеттігін, басқа да өзекті мәселелерді әрдайым айтып жүр, бірақ біз бір мәселені ескере бермейміз, айтылған жөн сөз, көкейкесті ой өкіметтің заңдық күші бар нық құжатына айналмайынша, айтылған күйінде қала береді. Көшелі сөз, мүдделі ой сондай дуалы ауыз­дан шыққан кезде оны іле қағып алып, ұзатпай нормативтік құқықтық шешімге айналдыру, яғни құқықтық негіз жасап отыру қажет. Тілдің әңгімесі аз емес. Қалай десек те, жаңа ұрпақ жалғастырып әкетері сөзсіз. Жақында компаниямыздың өкілдері Астана қаласында қазақ, орыс және ағылшын тілін білетіндердің «Тілдарын» сайысына қатысты. Ана тілін отбасылық құндылық ретінде насихаттау мақсатында жылда оқу жылының алдында қызметкерлер балаларының қазақ мектептеріне баруын көздеп «Мектепке – «Әліппемен» деген де шара өткізіп келеміз. Көш осылай жүре түзеледі, жол жүрсе өнеді. Біз – алдыңғы толқын соларға негіз қалап берейік. Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ, «ҚазТрансОйл» АҚ қазақ тілін дамыту жөніндегі бас менеджері, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері АСТАНА

8705 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8763

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7060

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4804

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4190

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4152

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4113

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3843

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3843

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы