• Қоғам
  • 05 Мамыр, 2009

Жақсыны көре білген де жақсы…

Иә, жақсыны көре білген де жақсы, және біз бұл сөзімізде тек көру деген ғана мағынада емес, тану, көкірек көзбен көре білу деген мағынасына мән бәріп отырмыз. Бұл мақаланы жазуға жетелеген жай – жұртшылық жылы қабылдаған, мамандар мән-маңызын, әсіресе мемлекеттік қызметшілер үшін, түсініп, тіл үйрету тәжірибелерінде сәтті қолданып жүрген «Жаңа толқын» оқу-әдістемелік кешеніне қатысты «Ана тілі» газетінде (2009 жылғы 30 наурыз) жарияланған «Мемлекеттік қызметке қасқырдың қатысы қанша?» атты мақалада айтылған кейбір пікірлерге орай авторлар ретінде де, қазақ тілін оқытудың жаңа технологияларын зерттеп жүрген, тәжірибеге енгізіп жүрген әдіскер-ғалымдар ретінде де жауап бергіміз келеді. Ең басын ашып айтар мәселе-аталған кешен мемлекеттік қызмет саласында қазақ тілін үйретуге арналған жалғыз және негізгі оқу құралы емес (бұлай бағалануының өзі үлкен жетістік), бұдан басқа да көптеген еңбектер жарық көруде, қолданылуда. Екіншіден, «Жаңа толқын» тек бір салаға ғана арналмаған, ол барлық тіл үйренушілерге арналған. Сол себепті де тақырып аясы кең, мәтін мол. Кешенде ақпараттық технологияның, мультимедиалық, интерактивтік жүйенің көптеген мүмкіншіліктері қолданылды. Ол қазақ тілін оқытудың «Лингвоелтаным» саласына лайықталып әзірленіп, соның нәтижесінде лингвоелтанымдық құзірет қалыптастыру көзделген. Халықаралық тәжірибеде мұндай тәсілдің тиімділігі туралы орыс ғалымдары Е.М.Верещагин, В.Г.Костомаров, қазақ ғалымдары Ә.Қайдаров, Р.Сыздық, А.Алдашева, Қ.Қадашева және т.б. ғалымдардың еңбектерінде егжей-тегжейлі жазылып, қолданылып жүр. «Жаңа толқын» оқу-әдістемелік кешенінен мемлекеттік тілді үйретудің сан қырының бірін – тіл үйретумен қатар, отансүйгіштік, патриоттық сезім қалыптастыру бағытын тани білу керек. Осы оқу-әдістемелік кешеннің дүниеге келуі қазақ тілін үйретудің жаңа жүйесінің қалыптасуына үлкен үлес қосып отыр. Өйткені осыған дейін де қазақ тілін үйретуге байланысты электрондық құралдар, кітаптар, аудиоқұралдар шығарылып келсе, олардың жеке-жеке әзірленуі қазақ тілі оқытушысының біртұтас оқу құралдарының жүйесін қолдану тәжірибесін қалыптастыруға негіз жасай алмады. Оқытушының шеберлігі арқылы ғана шашыраған оқу материалдарынан тұтас дүние құрастыру мүмкін болды. Ал «Жаңа толқын» оқу-әдістемелік кешенін әзірлеу арқылы қазақ тілін үйрету құралдарын бір жерден, бір бағдарламаға негіздеп, оны оқытушының қолдану мүмкіндігіне қарай толықтырып, дамытып отыруына көмек жасалып отырғанына баса назар аудару керек. Бірақ осы мәселенің екінші қыры бар. Ол оқытушылардың тұтас кешенмен жұмыс жасай білу әдістемесінің жетіспейтіндігі. «Жаңа толқын» оқу-әдістемелік кешенінің қиын сияқты көрінуінің бір себебі - оқытушылардың тұтас кешеннің бір ғана құралына барлық дидактикалық жүкті арқалатқысы келетін дәстүрлі көзқарасында жатыр. «Оқытудың жаңа технологиялары» деген ұғымның пайда болуының өзі осындай индуктивтік әдістерді бір жүйеге түсіріп, тұтас, дедуктивтік тұрғыдан қолдана отырып, түпкі көзделетін нәтижеге, біздің жағдайымызда «қазақша жақсы сөйлейтін тілдік тұлға» қалыптастыруға алып келетін жол салу идеясынан бастау алған. А.Байтұрсынұлының: «Тілдің міндеті - ақылдың аңдауын аңдағанынша, көңілдің түюін түйгенінше, қиялдың меңзеуін меңзегенінше айтуға жарау. Айта алатын адамы табылса, тіл шама-қадырынша жарайды», - деген сөзіне жүгінсек, қазақ тілін «тіл ұшындағы» емес, «жүректегі білімімен» байланысатын, «адамшылық санасымен» байланысатын тіл ету үшін оған маңызы мен мағынасы тереңнен нәр алған мәтіндер, соған лайық жүйеленген жаттығулар, әдіс-тәсілдер қолданылуы керектігі анық. Мөңке бидің «сөз маңызы мен сөз самалы» туралы айтқан даналығындағы самалдай ескен бос сөзден гөрі ішкі қуаты зор маңызды сөз үйрету – қай тілді үйретушінің де мақсаты. Вильгельм фон Гумбольдттың «Тіл дегеніміз – халықтың рухы, рух дегеніміз – халықтың тілі, дүниеде дәл осы екеуіндей тепе-тең тұрған басқа ештеңе жоқ» деген ұлағаты бар. Осыған сай «Жаңа толқында» қазақ тілінің маңызын таныту, сол бағытта меңгерту ерекше көзделді. Әдістемелік тұрғыдан «тілдік жаттығылар» мен «сөйлеу жаттығуларының» ара салмағына келетін болсақ, мәтін – тілдік ақпаратты тұтастықта ұстаған материал, ал «Тыңдалым», «Айтылым», «Жазылым», «Оқылым», «Сұхбат» жаттығулары - тілдік материалды сөйлеу үдерісіне түсіретін оқу әрекеттері. Тіл үйрету жүйесінде «ұлттық тілдің мәдени формулалары» деген ұғым бар. Сол «ұлттық тілде жарқын көрініс беретін мәдени формулалар ретінде Томирис бейнесі, Ұмай Ана бейнесі, Айша Бибі бейнесі» - 1 ғана сабақта берілген. Қалған тақырыптардың барлығы осы заманмен тікелей байланысты. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың сөзіне жазылған, Б.Тілеухан музыкасын жазған «Елім менің» әні орындалып, қазіргі Қазақстанның болмысына тіл үйренушіні біртіндеп енгізетін жарқын суреттер қолданылуы, Астана қаласының да Қазақстанның мәдени формуласына айналғанын үйретудің өзі әдістеме тұрғысынан академик Лозановтың «тілдік тұнық аяға ену» әдісін қолданудың бір жолы болып табылады. Бір ғана мысал, ақын Н.Айтовтың «Бәйтерек» дастанынан алынған үзіндіні тыңдау тіл үйренушінің бойында үлкен мақтаныш туғызады, диктордың жағымды даусымен «Назарбаев - авторы Астананың» деп мәтін оқылып біткенде Елбасының ерлігіне бас ие отырып, осы өлеңді жаттап алғысы келері анық. Қалай дегенде де, еліміздің тарихын, мәдениетін таныта түсу, сабаққа нәр беру, «жан кіргізу», тыңдаушыны рухтандыру үшін алынған мәтіндер артық болмас. Осы оқу материалдары мен оқыту әдістерінің елдік сананы қалыптастырудағы қызметін «Жаңа толқынды» дұрыс қолдана алған барлық (қазақтар, өзге ұлт өкілдері) тіл үйренушілер мен оқытушылар, Ресейден, Оңтүстік Кореядан, Түркиядан келген жылы лебіздер дәлелдеп отыр. «Жаңа толқын» оқу-әдістемелік кешенінің әдістемелік тұрғыдан қаншалықты құнды, қуатты, қызықты екендігін тану үшін бұрын, қатар шыққан көптеген оқу құралдарымен салыстыруға болады. «Жаңа толқын» оқу-әдістемелік кешені - қазақ тілін дүниежүзілік тіл үйретудің озық технологиялары арқылы оқытуға болатынын дәлелдеген, сондай озық тіл үйрету технологиясын Қазақстанда жасауға интеллектуалдық та, әдістемелік те тұрғыдан да жетілген мамандар бар екенін дәлелдеген, қазақ тілін үйрету құралдарын қағаз кітап, электрондық кітап, аудио-кітап түрінде біртұтас кешенді түрде беруге болатынын практикалық тұрғыдан дәлелдеген жүйе. Ендігі міндет – осындай ақпараттық және педагогикалық озық технологияның жемісі болып отырған «Жаңа толқын» және келесі шығарылған кешендерді оқытатын мұғалімдердің біліктілігін жетілдіру болып қойылу керек. Осы мақсатта орталықта 2 жылдан бері оқытушылардың біліктілігін жетілдіру 6 курстары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Ы.Алтынсариннің «Маған бәрінен де жақсы мұғалім қымбат» деген сөзі - ғылымның жетістігін елге жеткізуші тұлғаның жақсы болуына қойылған талап деп түсінеміз. Оқытушының білімі, білігі, шеберлігі, тілдік сезімі қандай екендігіне қазақ тілінің дамуы көптен-көп байланысты. «Жаңа толқын» интерактивтік оқу-әдістемелік кешенінде Ішкі істер министрлігі қызметкері Ернұр Уәли айтқандай, сол салаға қажетті материалдар жоқ деп ойламау керек. Аталған министрлікте 2007 жылы «Жаңа толқынның» тұсаукесерін өткізгенде, қазақтың тау тұлғалы генералдары разы болып, рухтанып, «Жаңа толқынға», оның авторларына алғыс айтқан. Сонымен бірге, Ішкі әскер комитеті «Жаңа толқынның» авторлар ұжымына қазақ тілін патриоттық және елсүйгіштік бағытта үйрету кешенін жасағаны үшін алғыс хат жолдады. Біздің еңбегіміздің ерекше рух тудыра алатын дидактикалық-тәрбиелік мүмкіндігін әскери салада жүрген азаматтардың ерекше қолдағаны, шынымен де, көздеген мақсаттың кішкене болса да орындалған көрсеткен еді. Осы мақсатпен Ішкі істер саласындағы мамандарға қажетті қазақ тілін үйретудің салалық бағдарламасы мен оқу-әдістемелік кешенін жасау туралы идея айтып, қазақша кәсіби сөйлеу тілін қалыптастыруға негіз болатын «Темірқазық» атты оқу-әдістемелік кешен жасау жобасы әзірленген еді. Мүмкін болса, сол ізгі ниетті идеяны министрлік басшылығы қайта қарап, қолдап, жүзеге асырса нұр үстіне нұр болары анық. Аталған министрліктің жауапты қызметкерлері Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығына келіп, мұндағы әр кабинеттің жеке бір технологияға арналып жабдықталғанын, Орталық ішінде қазақ тілін үйретудің жаңа технологиялық жүйелерінің жасалып жатқанын көріп, ризалығын білдірген еді. Осындай жақсы ойдағы жандардың жүріп-жүріп келіп, «Жаңа толқын» ішкі істер саласы мамандарына қазақ тілін үйрете алмайды» деген пікір білдіргенін түсіну қиын. Қазіргі күні қазақ тілін әлемдік озық технологиялар арқылы оқыту жүйесі қалыптасып келеді, ол жүйенің болашағы зор, себебі мамандардың дені - жастар. Осындай болашаққа қарай өсуге бет алып, бүрі мен бұтағын алға қарай жайғысы келген ізгілікті істің мазмұнын, мән-жайын біреудің айтқанымен емес, өз тәжірибесінде сынап, жеңілі мен қиынын нақты оқыту үдерісінде сынаған адамның сөзінде ғана салмақ бар деп танимыз. «Қазақ тілін оқыту әдістемесі» деген сала, қазір ғылым саласы болып қалыптасып келеді. Бірақ орыс тілін оқыту әдістемесіне жету әлі де өте алыс. Өйткені қазақ тілін оқыту саласынан докторлық дәреже алған 7-8 ғана ғалым бар. Аз да болса, қазір қазақ тілін оқыту әдістемесі саласының бағыт-бағдары жүйеленіп, барлық дерлік ғалымдардың қазақ тілін оқытудағы мақсаты-коммуникативтік құзіретті қалыптастыру деген ортақ ойға тоғысты. Мұның өзі-үлкен жетістік. Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық-үйлестіру орталығында қарастырылып жатқан 12 тіл үйрету технологиясының біреуі, яғни «этнолингвомәдени» жүйе «Жаңа толқынға» негізінен тірек болды. Кейіннен қазақ тілінің байлығын, сөз қадірін жеткізуді көздеген «Мәртебелі сөз» кешені жарық көрді. Алдағы уақытта да басқа жүйелерге негізделетін кешендер жасалады деген үкілі үміт бар. Бұл үміт қазіргі күні Министрліктің, Тіл комитетінің басшылығының байыпты қолдауымен қанаттанып отыр. Сондықтан да, қазақ тілін үйретіп жүрген әріптестерімізге «Қазақ тілін үйретудің түпкі көздейтін нәтижесі – қазақша тамаша сөйлейтін тілдік тұлғаны қалыптастыру болсын» дегіміз келеді. Сондықтан да, алдағы уақытта қазақ тілін үйрету әдістемеліктерін жетілдіру мақсатында әзірленетін оқу құралдары Тіл комитетінің арнайы ғылыми-әдістемелік сараптамасынан өтетінін, соған сай олардың жоғары деңгейде әзірленуіне қатаң талаптар қойылып отырғанын айта кеткіміз келеді. Сондықтан да, қазақ тіліне қызмет ортақ мүддеміз екендігін, тіл үшін жасалған қай бір жақсы істің жанашыры, қолдаушысы болуымыз керектігін түсінгеніміз жөн дегіміз келеді. Сондықтан да, «жақсыны көре білген де жақсы...» дейміз. Б. Белғара, филолгия ғылымдарының кандидаты, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық-үйлестіру орталығының директоры. Н.Құрман, педагогика ғылымдарының докторы, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық-үйлестіру орталығы директорының орынбасары

4260 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы