• Ақпарат
  • 06 Маусым, 2009

Путин сапары не берді?

"Ана тілі" газетіӨткен аптада «болғаннан боладысы, келгеннен келедісі» көп болған Ресей Премьер-министрі Владимир Путиннің Ақордаға кезекті ресми іс-сапары болып өтті. Онда Ресей Федерациясы Үкіметі басшысы ҚР Президенті Н.Назарбаевпен және т.б үлкенді-кішілі Үкімет құрамымен жүзбе-жүз кездесті. Алдын ала жарияланғанындай, келіссөздер барысында Қазақстан мен Ресейдің 2009-2010 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарларының бірқатар тармақтарын іске асыру, отын-энергетикалық кешенін қалыптастыру, оның ішінде атом энергетикасы саласындағы мәселелер, "Байқоңыр" кешені бойынша шарттық-құқықтық базаны жетілдіру, трансшекаралық су нысандарын пайдалану және қорғау, ортақ Кедендік одақтастық, сондай-ақ екіжақты ынтымақтастықтағы кейбір мәселелер талқыланды.  Елбасы ә дегеннен бұл кездесудің екі ел үшін де маңызды екендігін атап өтті. Ал жаһандық қаржы дағдарысынан төрт құбыламыз түгел, арда туымыз жығылмай өтуі үшін әр тараптың өз бағыты мен позициясын нақты белгілегені жөн екен. Бұған қатысты Нұрсұлтан Әбішұлының айтуынша, қаржылық тығырықтан және де әлемге жылдам таралып келе жатқан А/Н1N1 тұмауынан аман шығу үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының рөлі мен маңызы зор. Тіпті жұмылып жұдырық болып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарар болса, алмас асуы, бағындырмас белесі жоққа тән. Және де сөз ретінде Елбасы Ресей тарапының дағдарысқа қарсы жасап жатқан іс-әрекеттерін үнемі бақылауда ұстап отырғанын жеткізді. Олардың кейбір тұстарының жеміс те беріп жатқанын тілге тиек етті. Ресей Федерациясы Үкіметі басшысы Владимир Путин болса, дағдарыстың Қазақстан-Ресей экономикаларын теңдей дәрежеде қозғап өткендігін алға тартып, Қазақстанды стратегиялық әріптес ретінде танитындықтарын мәлімдеді. Ал өзара тиімді сауда-саттық мәселесінде, Путин ТМД-ға қатысты Елбасының барша бастамаларымен келісетіндігін айтып, екі ел арасындағы тауар айналымының 20 миллиард долларға жеткендігін назарға алды. Әрі қарайғы өз сөзінде ол «былтырдан бері жағамыздан алып жатқан жаһандық дағдарыстың іргелі екі елге де залалды әсер ететіні анық, керек десеңіз, тұғырымызды аласарта түсуі мүмкін» деді. Жалпы, Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің тоқтаған ортақ мәмілесіне сәйкес алдағы жылдан бастап іске қосылатын Қазақстан, Ресей, Белоруссия арасындағы Ортақ Кедендік одақ өзара әріптестікті нығайтып қана қоймай, экономикалық көрсеткіштердің дереу жоғарылауына септігін тигізбек. Бұл кездесу болса сондай игілікті бастаманың алғашқы жоралғысы көрінеді. Бұдан бөлек, Ресей Премьері елдің қаржы саласын сілкілеп өтетін тағы бір дағдарысқа жорамал жасады. «Банк секторында несиелердің қайтпай қалуына байланысты ондай қауіп бар» деді ол. Қысқасы, мұндай кеселді мәселелерді айтқан кезде де Владимир Путин Ресей Үкіметінің адресіне жылы-жылы сөздерін аямады. Назарбаев алдында да ол әдепкі салқынқандылығын жоғалтпай, Кремльдің белсенді екендігін, елдегі жағдаятты толықтай бақылауда ұстап отырғанын жариялаумен болды. Осы ретте бір айта кетерлігі, Астанаға Путинмен бірге делегация құрамында РФ Премьер-министрінің бірінші вице-премьері Игорь Левитин мен Өндіріс және сауда-саттық министрі Виктор Христенко, «Рос атом» төрағалары Сергей Кириенко мен Анатолий Перминовтар да келген болатын. Соңғысы өз кезегінде Байқоңыр кешеніне кіріп-шығуға қатысты және де Байқоңыр қаласының мәртебесі турасында келісімшартқа қол қойды. Бұдан былай Қазақстан банктерінің Байқоңырда да өкілдіктері жұмыс атқаратын болады. Ең бастысы, Қазақстан азаматтары да ресейлік банктерге тұтынушы бола алатын болды. Ресей осы күннен бастап «ғарыш айлағына шетелдіктерді кіргізбеу» туралы тыйымды жұмсартуға қатысты мәселелерді қайта қарауға уәде берді. Мәселен, мұндай мәселелер Ұлттық ғарыш агенттігінің де басынан өткен. Бір сөзбен айтқанда, екі ел арасында Анатолий Перминов көтергісі келмеген, ғарышқа қатысты шешілмеген дүдәмал мәселелер өте көп. Ендігі мәселе, соларды түбегейлі шешу үшін 2009 жылдың бірінші қыркүйегіне дейін қалған құжаттарды хаттап, дайындау ғана болмақ. Тағы бір жетістік, бұл жолы ресейлік «РЖД» АҚ мен қазақстандық «Қазақстан теміржолы» АҚ арасында теміржол тасымалы мен жүкақы тарифтерін қалыптастыруға қатысты меморандумға қол қойылды. Осы аталған компаниялар жүк тасымалын терминалдық тасымалдау мәселесіне қатысты да келісімшартқа отырды. Бұдан бөлек, теміржол көліктерін ұйымдастыру мен қолдануға қатысты Ресей мен Қазақстан арасындағы хаттамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. PS: Кездесудің ертеңіне Астанада өтен ТМД елдері Үкіметтері басшыларының кеңесіне де Тәжікстан, Беларусь, Молдова, Армения, Қырғызстан, Украина Премьер-министрлерімен қатар Ресей Федерациясы Үкіметі басшысы Владимир Путин де қатысты. Жиын соңында бейтарап аймақ есептелетін Астана қонақүйлерінің бірінде жүз шайысып қалған ағайындас Ресей, Украина елдерінің Премьерлері екіжақты әріптестікті жолға қоюға қатысты келіссөздер жүргізді. Мұның өзі Қазақстанның халықаралық аренадағы саяси салмағы мен беделінің бір көрсеткші болды десек, артық айтқандық емес. Осылайша Путин сапары бұған дейін шиеленісіп келген халықаралық һәм аймақтық деңгейдегі кейбір түйткілдердің шешімін табуына септігін тигізді. Мансұр Мамырайхан

2735 рет

көрсетілді

38

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы