• Ақпарат
  • 29 Қаңтар, 2009

Тіл бағдарламасында не қамтылуы керек?

Мұхтар ШАХАНОВ, қоғам қайраткері:

– 2001-2010 жылдарға арналған бағдарлама тек қағаз жүзінде қалып қойды. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Ал сол мемлекеттік тіл жөнінде арнайы жөні түзу заңның жоқтығы ақиқат. Оны қабылдауға бүгінгі биліктің құлқы да, ықыласы да жоқ. Сондықтан арнайы заң болмаған соң бәрі де бос әңгіме болып тұр.

Ал алдағы күнде осындай бағдарлама қабылдана қалатын болса, оған өткен бағдарламада іске аспай қалған барлық жайттармен қатар көкейкесті мәселелерді енгізу қажет. Ең алдымен билік басындағылардың қазақ тілін үйреніп, сол тілде сөйлеуін талап ету керек. Көрші Ресейде орыс тілін білмесең ол елдің азаматтығын ала алмайсың, ал бізде керісінше, қазақ тілін білмей-ақ билік баспалдақтарына көтеріле аласың. Және Қазақстанның «2030 стратегиялық бағдарламасынан» «қазақстандық ұлт» дегенді алып тастамайынша, қазақ деген ұлттың ана тілінің бағы жанбайды. Бұл түгелдей қазақ ұлтын жоюға апаратын қадам. «Тілді дамытамыз» деген күні бүгінге дейінгі «ойын». Сондықтан менің ойымша, нақты талап болмағандықтан бұл бағдарлама да ойынға айналады.

Асылы ОСМАН, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі :

–Мемлекеттік тіл – қазақ тілі өмірдің барлық саласында кең түрде қолданылуы керек. Ол үшін ең алдымен талап қажет. Бізде тілді үйренуге бөлініп жатқан қаржы да, оған берілген мүмкіндік те бар, бірақ сол тілдің қажеттілігін арттыратын талап жоқ. Қазақ тілін оқыту үшін жер-жерде курстар ашып, үйірмелер ұйымдастырамыз. Оған жиналғандардың саны бастапқыда көңіл қуантарлық болғанымен кейіннен қатары сирейді. Егер де біз осы қарқында қала беретін болсақ, 2020 тұрмақ 2030-да да ешнәрсе өндіре алмаймыз.

Бағдарлама жасаймыз. Жарайды. Бірақ сол бағдарламаның орындалуы, іске асуы, қолданылуы қай дәрежеде болып жатқанына мән бермейміз. Мәлімет бергенде де өзімізді-өзіміз алдаймыз. Ал бір-екі орыс теледидарда қазақша хабар жүргізіп, екі-үш өзге ұлт өкілі қазақша сөйлегенімен қазақ тілінің көсегесі көгермейді. Сәкен Сейфуллин «Тіл ауыздың ішінде, оны шығару керек» деп босқа айтпаған. Бізге ешкім де «Сен тіліңді білме» деп жатқан жоқ. Дегендердің аузына құм құю керек. Қазақстанда өзге ұлт өкілдеріне барлық жағдай жасалған, ал енді неге олар тілді меңгеріп, елдің мәдениетін көтеруге атсалыспайды? Тіл туралы Заңымыз да, Конституциядағы тіл туралы бап та қағаз жүзінде қалып отыр. Сондықтан ең алдымен қазақ тілін білмей билікке бара алмайтындай, қала берді жұмысқа орналаса алмайтындай талап қойылуы қажет.

Ерасыл ӘБІЛҚАСЫМОВ, саясаткер:

–Тіл мәселесі көтерілгеніне көп жыл болды. Бірақ оның барлығы үлкен нәтиже беріп жатқан жоқ. Ал нақты нәтижеге қол жеткізу үшін мұндай бағдарламаларға біріншіден, басқа ұлттың өкілдері тіл білмей қозғалыс болмайтынына көз жеткізу қажет, яғни олар қазақ тілін амалдың жоқтығынан үйренуі керек. Екінші, бәрін балабақшадан бастаған жөн. Қазақ «Баланы – бастан» демей ме? Сондықтан жер-жерде қазақ балабақшаларын көбейтіп, олардағы сәбилердің қазақша сөйлеуін қадағалаған жөн. Қазақ балабақшасына барып, орысша сөйлегеннен келіп-кетер пайда не?

Қазір біз қазақ тілін үйрету үшін ақша бөлеміз, курстар ашамыз, бірақ одан ешқандай пайда жоқ. Және бір мәселе – біз өзгелерге қазақ тілін үйретпес бұрын өз ішіміздегі шалақазақтарға тілді үйретуіміз керек. Олар қазақ па – қазақ тілін білсін. Міне сонда ғана біздің тіліміздің көсегесі көгеріп, мерейі үстем болады.

Айгүл ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА, журналист:

–Аталмыш бағдарлама жайын біреу білсе, тіпті біреу біле де бермейді. Себебі бағдарлама аясында нақты істер атқарылып, жауапкершілікті ешкім сезініп отырған жоқ. «Аюға намаз үйреткен – таяқ» демекші, бізге тіл үйрететін – талап. Сондықтан алдағы бағдарлама аясында нақты талаптар болғаны жөн. Олардың бірі ретінде әрбір қызметкердің қазақ тілін білуі міндеттелуі тиіс. Екінші, ісқағаздары тек қана қазақша жазылу керектігін атап көрсеткен жөн.

3189 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы