• Мәдениет
  • 02 Шілде, 2009

ЖУРНАЛИСТ КҮНДЕЛІГІ

Қанат ӘБІЛҚАЙЫР 1986 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Сүмбе ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газетінде бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарған. Қазір республикалық «Ана тілі» газетінің бөлім редакторы. Әдеби шығармалары мен зерттеу мақалалары республикалық басылымдарда жиі жарияланып жүр. Бұл жазбалардың жанрына бас қатырмаппын. Әйтеуір, күнделік кітапшамның кейбір беттеріне осындай дүниелер буырқанып жататыны бар. Оны кім қалай қабылдайды? Оған да жауап іздемеппін. (автор) О бала мен Бұ бала Қызық, баланың басында білімін таразылап беретін «тест» деген ырду-дырдудың өтіп кеткені... Қызық, 11 жылдық достардың өмір арнасының сан тарам жолға бөлініп кеткені... Қызық, оларды алда талай-талай бұралаңы көп, бұлыңғыр, һәм жарқын даңғылдардың, соқпақтардың, көшелердің күтіп тұрғандығы... Қызық. Қызық емес, шыжығы мол осы қоғамда менің көз алдымда екі бала тұрады. Екеуі. Бір-біріне антоним. Ол — о бала мен бұ бала! Екеуінің де өмірі бесіктегі күнінен бастап менің, һәм біздің қоғамның көз алдында. О бала! Манежде жатқан. Батыстың музыкасын тыңдаған. Бұ бала! Бесікте тербетілген. Бесік жыры санасында... О бала! Тұсауы кесілмеген. Бірақ, сүріншек емес. Бұ бала! Тәй-тәй басқан күні ешкімнің ала жібін аттамасын деп, тұсауы кесілген. Бірақ, сүріншек. Сүріншек болатыны сол, осының алғашқы қадамы балабақшаларды жапқан. 1990-1992 жылдардағы экономикалық дағдарыстың кесірінен ата-анасы жұмыссыз қалған. Осы баланың алаңсыз білімі үшін, ата-анасының қылмаған шаруасы, жасамаған айласы жоқ. О бала! Бұрында әкесі білдей бір колхоздың бастығы ма, жоқ әлде Одаққа аты белгілі қойшының немересі ме болған. Бұ бала! Шаруашылықтың жалдамалы кедейінің баласы... О бала! Тілі орысша шықты. Бұ бала! «Мас орыстан» (тынымсыз болған сәттерінде әке-шешесі мас орыс келе жатыр деп тыныштандыратын-ды) қатты қорқып өсті. О бала! Бірінші сыныбынан бастап, ағылшын тілін оқыды. Компьютер үйренді. Арнайы репититор жалдап, үйінде жалдамалы мұғалімдер мен ақылы білімдер жүрді. Бұ бала! Кітапханадан «Ана тілі» кітабын ала алмай, оқулықсыз-ақ оқыды. О бала! Бесінші сыныптан бастап арнаулы мектепке барды. Бұ бала! Бесінші сыныптан бастап, жаз айларында жұмыс істеді. Әке-шешесіне болысты. О бала! 7 сыныптан бастап қыздарға қырғидай тиетінді шығарды. Аздап сыра да ішуді үйренді. Бұ бала... О бала! Жоқтық дегеннің не екенін білген жоқ. Алып ұшып 11 сыныпты бітірді. Ұлым жігіт болды деп, әкесі баласының астына тұлпар дайындап қойыпты. Қалтасында алты қанат ақ орданың кілті де бар көрінеді. Бұ бала... О бала! Шетелде оқығысы келеді екен! Бұ бала! КазГУ ме, АГУ ме... Бұ бала! Алласын айтып басындағы барымен соңғы емтиханға кірді. О бала! Әкесінің байлығын бұлдап кірді. Бұ бала! Тауы тағы шағылды. О бала! Ертең шекара асады. Қыз-қырқын. Байлық. Даңғыл жол. Бұ бала! Сонда да өмір сүруге құштар. О бала мен бұ баланы мейірі төгілген, һәм суалған емшегімен емізген біздің қоғам ана тұр. Ол үшін кім не жасайды? Маңыздысы сол! Қызық. Біздің қазақ қоғамы бір-біріне кереғар, сиям егіздердің өсіп жетілуіне жол ашты. Біздің қоғам, білімін сатты. Біздің қоғам денсаулық саласын саудаға салды. Біздің қоғамда «ақша» патша болды. Біздің қоғам үйсіздер мен олигархтардың мекеніне айналды. О бала! Біздің елге қайтқысы келмейтін болуы керек. Өйткені, оның тілі үш тұғырлы. Бірақ, екеуі дамыған да, бірі кеміс. Сол мүгедектігін көрсеткісі келмесе, ол келе қоймайды. Бұ бала! Қоғамға атой салады. Алты Алаштың тағдыры тек соның қолында. Тауы бүгін бір шағылғанымен, тағдырдың тепкісі оны шыңдай түседі. Қоғамды Бұ бала түзейді. Қош бол О бала! Сақина «Жалғанда сізді бір жан жақсы көрсе бақыт деген сол. Мүсіркесе — сор». Кімнің пәлсапасы еді. Ұмытыппын. Ол тым бірбеткей (солай көрінеді). Сұсты (мен үшін ғана шығар). Суық (маған солай әсер етеді). Кірпияз (көрініп тұр). Әдемі де емес (әрине басқалар үшін). Қабағы салыныңқы (Неліктен екен-ә?). Жанары мұңлы. Қарық болып күлгені жымиғаны. Иығына төгілген селдір шашын сілкіп қоятыны бар. Аяғына мән бере басады. Мен секілді жігіттің жерге төгілген көз жасын таптап кетпейін дейтін болуы керек. — Балмұздақ жейсіз бе? — Маған арнап өлең жазыңызшы. — Балмұздақ... — Өлең жазбасаңыз кетемін. Ерні қып-қызыл (Бояп алатын болса керек). Құлағындағы сырғасы ән айтып тұр. Күліп еді, сырғаның сылдыры сәнсіз шықты. Кеудемдегі сағатымның тілі дірілін жиілетті. — Өлең айтпасаңыз кетіп қаламын. Тағы да күлді. Сырғасының сылдыры әдемі еді, одан да... — Мынау сізге. Қалтама салып алған неке сақинаны бердім. Саусағына өз қолымен салды. Тұп-тура. Іле қайта суырып алып өзіме қарай лақтырып жіберді. Осы сәтте көзімнен бір тамшы ыстық жас үзіліп бара жатты. Ол дереу жаныма келіп, сол жасты саусағының ұшымен сүртті де, ернімнен сүйіп алды. Сұп-суық. Айналып жүре бердім. «Биылғы қыс та менімен үйленіп жылынғысы келмегені несі екен-ә?» Ызғар. Оның жүрісі де осындай сықырлауық болатын. — Тоқтаңыз. Тоқтай алмадым. — Қайда барасыз? — Көктемге... Ол қатты долданды. Оянсам, түнде төсек болуға жараған қоқыс жәшігіне екі бүктеліп бүрісіп жатыр екенмін. Аяқ қолым үсіп қалыпты. Күндегі әдетімен қабағы салыныңқы қыз үйінен шыққан қоқысты тастауға келді. — Мынау сізге, неке сақина ғой... Қыз қолындағысын тастай салып жүгіріп кетті. Ол тастаған қоқыстың ішінен бір үзім нан тауып алдым. Сезімімнің белгісі болған темір сақинаны қалтама сүңгітіп жіберіп, нанды бір-ақ қылғыттым. Ол мені шынымен жақсы көреді деген ой көңілімді бөліп жіберді. «Өліп қалмасын» деп күнде нан тасып жүр ғой, себебі... ОЛ Мөп-мөлдір таза. Лайланбаған. Күледі. Жарасымды. Жылайды. Бірақ, нала болып емес. Біртүрлі. Онысы да ыстық. Қызыға, қызғана қараймын. Мен де сол сияқты болғым келеді. «Болсам-ау» — деймін. Өйткені, оны елдің бәрі сүйеді. Сүйе білу айғайдан тұрмайды. Ел айғайлап жатады. Өйткені, олар қорқады. Өлімнен. Сол. Өмір. Тұп-тұнық махаббат әлемі. Бұл. Ақиқатты сүйеді. Бірақ, ел оны ұната бермейді. Төбеңнен жай түсіретін де сол. Жазмыш. Оның шындық атты парағына жазылған әрбір жазудың авторы біз өзімізбіз. Десек те, оны балағаттаймыз. «Қу тағдыр!» Сіз. Эпилогы қайғымен аяқталатын мөп-мөлдір таза өмірде, тағдыр кітапшаңызға өзіңіздің өмірбаяндық романыңызды жазып алып, Ақиқаттың алдында сол романды талқыға салу үшін ажал кезегінде тұрған пақырсыз. Біз. Айдаһар сияқтымыз. Бір басымызды кескенімен, екінші басымыз өсіп шығады. Онысы, олар үшін («өркениеттілер») қасірет. Біз үшін — ақтық шайқас. Алты Алаш. Бөрі. Түркілер. ҚАЗАҚПЫЗ! Олар! Арғы тегі біз. Бірақ, «өркениеттілермен» қосылып бізді жұтып қойғысы келеді. ... ОЛ жайлы айту қиын. ОЛ — кеңістік. Шексіздік. Біздің санамызбен ойлауға, топшылауға келмейді. Әділетті. Ол, яғни махаббат әлеміне, өмірге бізді (бөрілерді) жіберді. Бұл, яғни тағдыр бізді талай сарсаңға салды. Алты Алашты. Олар бізге ұлы күрес бастады. КҮРЕС! ОЛ — ЖАРАТУШЫ! АЛЛА — ТАҒАЛА! КӨКТІҢ, һәм бар әлемнің патшасы! Кімнің жағында! Біздің! Иншала! АЛЛАҺУ ӘКБАР!

3139 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы