• Ақпарат
  • 08 Қазан, 2009

Тіл қаржысы тілге бұйырмапты...

Патриотизммен тығыз байланысты мемлекеттік маңыздағы мәселе – мемлекеттік тіл мәселесі. Мемлекеттік тіл – бұл Отан бастау алатын ту, елтаңба, әнұран секілді дәл сондай нышан. Және ол елдің барша азаматтарын біріктіруі тиіс. Н.Ә.Назарбаев

«АНЫҚТАМА

(үзінді)

«Қарағанды облысының тілдерді дамыту Басқармасы» ММ және оның аумақтық органдары тарапынан 2008 жылы және 2009 жылдың 5 айында қолданыстағы заңнаманың, оның ішінде аймақта мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру талаптарының орындалу жағдайына өткізілген тексеріс нәтижелері жөнінде.

Қарағанды қ. 25.06.2009 ж.

...Тексеріс барысында Басқарма және оның аумақтық құрылымдық бөлімдері Қазақстан Республикасы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңында, Мемлекеттік бағдарламада және облыстық өңірлік бағдарламада көрсетілген міндеттер мен мақсаттарды орындамайтыны анықталды.

Жоспарлы іс-шараларға өткізілген тексеріс Басқарма және оның аумақтық құрылымдық бөлімдері өңірде мемлекеттік тіл саясатын қамтамасыз ету жұмыстарын нысанды түрде және тиімсіз жүргізетінін көрсетті...

Облыс прокуратурасының басқарма прокуроры Р.Нұрғалиев

Октябрь ауданы прокуратурасы Бөлімінің бастығы Б.Мағжан»

Біз бүгін Қарағанды облысының Тіл басқармасы мен оның құрылымдық бөлімшелерінің жұмысындағы облыс прокуратурасы анықтаған заң бұзылушылықтар мен келеңсіздіктер туралы сөз қозғағалы отырмыз. Төменде сөз болатын олқылықтар мен кемшіліктер басқа да облыстардағы Тіл басқармаларына тән. Ат-түйедей қалап, аттандап жүріп ашқызған облыстардағы тіл комитеттері іске кіріскенде «енді біраз шаруаның беті бері қарап, мемлекеттік тіліміздің жағдайы түзелетін болар» деп үміттенген едік. Алайда, күні бүгінге дейін түбірімен өзгерген түк те жоқ. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеруге байланысты нақты қадамдар жасалынбай отыр. Қазақ тілі сол баяғы босағадан сығалаған қалпында, жетім баланың жаутаңкөз күйін кешіп келеді. Сол баяғы көпірген сөз, ақылгөйсіген әңгіме. Өзара мұңымызды шағып жылап-сықтаған гөй-гөй. Айтуға шебер болғанымызбен атқаруға келгенде шегіншектеп шыға келетін баяғы қазақбайшылық. Айналып келгенде «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кебі.

Ісқағаздарын екі тілде жүргізуді – аударма арқылы ғана шешуден аспай келеміз. Мұндай көз бояушылық мемлекеттік тіліміздің бағын ашқаннан гөрі сорын қалыңдатып отырған жайы бар. Неге дейсіз ғой, айтайын. Мен Теміртау қаласындағы «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының маман аудармашысымын. Министрліктер мен ведомстволар заң талабын орындап жатырмыз деген желеумен әуелі орысша дайындалған хат-хабар мәтіндерін өздеріндегі сауатсыз аудармашыларға қазақшалатып жолдайтын болды. Ащы ішектей созып, «басын жарып, көзін шығарған» олардың ешкімге түсініксіз аудармасын біздер қайтадан орысшалаймыз деп күні бойы бармағымызды сорып, басымызды қатырып отырғанымыз. Он екі де бір нұсқасы жоқ қазақшаны одан сайын жұлмалап орысшаға аударғаннан гөрі өзіміз жазып шыққанымыз жеңілірек болады кейде. Сонда министрліктегілер оқымайтын, жергілікті кәсіпорындардың басшылары көзінің қиығын да салмайтын мұндай «аударма алмасу» кімге қажет. Тексеріс кезінде көрсету үшін қағаз бумаға тігіп қоюға ма?

Сол секілді мемлекеттік қызметкерлерді мемлекеттік тілге тегін оқытып жатырмыз дегеніміз де шындап келгенде бос сөз. «Қызмет бабымен қолы босамайтын» мемлекеттік қызметкерлер сабаққа үзіп-жұлып қатысып, білім-білігі орта мектеп бағдарламасының шеңберінде қалған тәжірибесі шамалы оқытушылардан жүрдім-бардым дәріс алса қайда жүріп қазақ тілін оп-оңай меңгере қойсын. Оның үстіне тамыр-таныстықпен тендерден ұтып шыққан әлдекімдердің сапасыз оқулықтарын қолданса. (Айтпақшы, былтырғы жылы бұл жөнінде осы басылым бетінде сын мақала да жарық көріп еді ғой). Олардан емтихан қабылдаушылар «мемлекет қаржысын бекерге шашты» деген сөзден қашып, әйтеуір қанағаттанарлық деген баға қоюға мәжбүр. Егер олай болмаса, неге қоғамдық комиссия құрып, емтихан тапсырушылардың деңгейін ашық сарапқа салмасқа?!.

«Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заңның орындалысын «тексеріп» қайтатын түрлі комиссиялардың да жұмысынан нәтиже көріп отырғанымыз жоқ. «Пәлен комиссия келіп қайтыпты» дегенді соңынан естіп жатамыз. Бірақ олардың тіл жанашырларымен, қарапайым халық өкілдерімен кездесіп, пікірлерін сұрағанын естігеніміз жоқ. «Пәлен облыста немесе түген қалада мемлекеттік тілді дамыту ісі басқаға үлгі боларлық» деп үстірт қорытынды шығарып кететіндеріне қарағанда олар әкімдіктер мен мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының немесе оның бөлімдерінің берген «сырты бүтін, іші түтін» ақпаратын малданып қайтатын тәрізді. Біздің қоғамда мемлекеттік мекемелер бір келген комиссияның көзіне құм құйып, сценарий бойынша алдын ала арнайы дайындалған бір-екі жерге бас сұқтырып «уқит-суқиттап» шығарып салуға әбден шебер болып алған. Егер осындай комиссиялар атүсті келіп, қонағасын жеген соң асығыс аттанып кетпей, жолбасшылардың белгілеген маршрутынан бас тартып барған қалаларындағы басты көшелерді бір айналып шыққанда көп нәрсеге көзі жетер еді.

Аталған анықтамадан үзінді

«...Басқарма кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту шараларын қолданбайды.

Қазақстан Республикасы «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңының 25-2 бабының 3-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы орган аталмыш Заңда белгіленген талаптардың бұзылуын жою туралы ұсынымдар жасайды, Тиісті органдарға Қазақстан Республикасының тіл туралы заңдарының бұзылуына кінәлі лауазымды адамдарға тәртіптік жазалау шараларын қолдану туралы ұсыныстар енгізеді.

...Қазақстан Республикасы «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» Заңының 24-бабында аталмыш заңның бұзылуына кінәлі мемлекеттік органдардың, кез келген меншік нысанындағы ұйымдардың бірінші басшылары, басқа да лауазымды адамдары, сонымен қатар заңды және жеке тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапкершілікке тартылатындары қарастырылған.

Алайда, Басқарма тексерістер өткізу кезінде көптеген заң бұзушылықтар анықталғанына қарамастан, өзіне берілген жоғарыда аталған құқықты қолданбайды.

...Тексерістерді нысанды түрде өткізіп, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартуға шаралар қолданылмауы, айқындалған заң бұзушылықтардың жойылуына бақылау жүргізілмеуі – аталған мемлекеттік орган жұмысының тиімсіздігін көрсетеді.

...Қала және аудан прокурорлары ұсынған ақпараттарға жасалған талдау Қарағанды облысы бойынша тілдерді дамыту басқармасының құрылымдық бөлімшелері өңірде мемлекеттік тілдің қолданылуын және дамуын бақылауға қатысты қандай да бір шара қолданбайтынын, ал бұл Басқарма өз кезегінде төмен тұрған қызметкерлердің жұмысына ведомстволық бақылау жүргізбейтінін көрсетеді»

Сонымен бірге осы анықтамада облыстық басқарманың өзі де тіл туралы заңнама талаптарының бұзылуына жол беретіні, онда жемқорлыққа қарсы жұмыстар жүргізілмейтіні, сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтарға жағдай туғызатын деректердің бар екендігі, тексерістерді тіркеу барысында заң талаптарының орындалмайтындығы нақты дәлелдермен көрсетілген. Мәселен, мемлекеттік қызметкерлерді оқытуға бюджетте бөлінгеннен артық қаржы жұмсалып, керісінше келісім-шартта көрсетілген 120 адамның орнына 68 адам оқытылған. Сонымен бірге «Мемлекеттік сатып алулар туралы», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңдарының талаптары бұзылғаны анықталған. Басқарма қызметкерлерінің салғырттығының нәтижесінде бюджет қаражаттары тиімсіз жұмсалып, мемлекетке 5 млн. 111 мың 656 теңге сомасында шығын келтірілген. (Бұл шығынның ішінде Басқарма бастығы Бақытқали Мұсабековтың жазған кітабы бар ма, жоқ па оны тиісті орындар анықтай жатар. Біздің білетініміз, оның кімнің баспаханасында басылғаны, Бәкеңнің (Мұсабековтың) қол астындағыларға қалай таратылғаны жөнінде ел ішінде гу-гу әңгіме бар).

Облыс прокуратурасының тексеріс қорытындыларынан алынған жоғарыдағы деректер Басқарманың құрылымдық бөлімшелерінің жұмысына да тікелей қатысты. Егер аталған мекемелер анықтамада тайға басқандай көрсетілген құқықтарын тиісті деңгейде қолдана алған болса Қарағанды мен оның серіктес қалаларында мемлекеттік тілімізді аяқасты еткен қаншама сорақылыққа жол беріліп, малтабар кәсіпкерлер төбемізге шығып, төрімізде тайраңдамаған болар еді. Шын мәнінде облыстық Басқарма мен қала, аудандардағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері соншалық бейшара мекеме емес, бұл жерде дәрменсіздіктің астарында немкетті құлықсыздық бар екенін жасырудың қажеті жоқ. Олай дейтініміз жеке меншік жарнама агенттіктеріне пәрмені жүрмегеннің өзінде мемлекет қаржысына жасалатын жарнамалардың дұрыс жазылуын қадағалауға әбден болады ғой. Бізде қатенің алдын алу деген жоқ, ең әуелі жарнаманы теріс жазып іліп қоямыз да, соңынан қайтадан қаржы жұмсап түзетіп жатамыз.

Мамандығы инженер Бақытқали Мұсабеков мырза басқарған облыстық тіл басқармасы да, оның қол астындағы бөлімдер де нақты жұмыс жүргізгеннен гөрі түрлі фестивальдар мен конкурстар өткізуге, бөлінген қаражатты мақсатты түрде жұмсағаннан гөрі осындай көлденең шаралар ұйымдастырып, желге шашуға құмар. Есеп берген кезде осы шараларды қомпайтып, дабырайтып көрсетуге шебер. Бұл туралы біз кезінде облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бетінде көлемді сын мақала бастырып, Бақытқали мырзаға бір қатар ащы ескертпелер жасаған едік. Олардың жер-жерде өткізген конкурстары мен басқа да мәдени шаралары егіз қозыдай бір-бірінен айнымайтын сценариймен өткізіледі. Және жыл сайын сол таптауырын болған ескі сүрлеудің шеңберінен шыға алмайды. Конкурстарға қатысатын адамдары да жылда бәйге алып дәніккен баяғы көз таныс «тотығұстар». Тегі оларға сөлбірейтіп оқалы шапан, қоқайтып қазақы қалпақ кигізіп қойсақ тіл мәселесі өзінен-өзі шешіледі деп ойлайтын болу керек. Әйтеуір өткізілді деген атақ үшін жасалатын мұндай жасанды да жаттанды шаралардың халыққа берері шамалы. Орыс тілді аудиторияда өтпейтіндіктен бұлар көбінде өз ортамызда қалады, яғни басқа ұлт өкілдеріне үлгі болып жарытпайды. Қарағанды облысының 2001-2010 жж. тілдерді қолдану және дамыту бойынша Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру жөніндегі өңірлік бағдарламада мұндай шаралардың қарастырылғаны рас. Дей тұрғанмен олар мемлекеттік тілді дамытуда шешуші рөл атқармайды және өткізілген шаралардың көбі тілден гөрі мәдениет саласына жақынырақ ойын-сауық, көңіл көтеру бағдарламаларына ұқсап кететінін де ескергеніміз жөн. Сондықтан да алдағы уақытта мұның нақты нәтиже береліктей басқаша жобасын ойластыру қажет сияқты.

Тегінде облыстық Басқарма мен қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінде біздің ұзында өшіміз, қысқада кегіміз жоқ. Не айтсақ та жетіскеннен емес ана тіліміздің жағдайына жанымыз ашығаннан айтамыз.

Ана тілім,

Жүрегісің анамның.

Жүрек – ана,

Мен өзіңнен жаралдым.

Сағат сайын саулығыңды тілеймін,

Сенсіз мынау керегі не ғаламның?! – деп ақын Несіпбек Айтов жырлағандай біз әрдайым тіліміздің саулығын тілейміз. Соры қалың төл тіліміз ендігі жерде жолбикелердің қолжаулығына айналып кетпесін. Тіл тағдырына қатысты мекемелердің тізгінін сылдыр сөзді сыпайы технократтар емес нағыз ұлтының рухы үшін күресетін намысшыл, ұлтжанды азаматтар қолға алуы тиіс.

PS; Мен Елбасы түлеп ұшқан Теміртау қаласында тұрамын. Сондағы қазақ тілінде жарық көретін жалғыз газеттің құрылтайшысымын. Сондықтан да мұндағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жұмысын бүйрек-сирағына дейін білемін. Оларды сынаудан да, қолдаудан да жалыққан емеспіз. Олардың жұмысындағы жетіспей жатқан көп келеңсіздікті бір ғана мәселе бойынша ақтауға болатынын айтуды парызым деп санаймын. 170 мыңнан астам тұрғыны бар, оның 70 пайыздан астамы басқа ұлт өкілдері, 27 пайыздық қазақтарының да жартысына жуығы қазақша қақпайтын үлкен қалада мемлекеттік тілге жауап беретін жалғыз маман бар. Осыншама аумақты орыс тілді қалада жалғыз маманның қолынан не келгендей. Қаптаған қатенің қайсысымен жалғыз алысады? Осы тұрғыдан алғанда мәртебесі облыс орталықтарымен пара-пар, оның үстіне орыс тілділердің қайнаған ортасы болып табылатын Теміртауға облыс орталығы дәрежесіндегі тіл басқармасы қажет. Тым болмағанда тікелей тіл мәселесімен шұғылданатын штат санын ең кемі үш адамға көбейту керек. Жалпы мемлекеттік тілдің тағдырына байланысты проблемаларды, атап айтқанда қаржылық-штаттық мәселелерді шешкен кезде аталған аймақтың ұлттық құрамы басты назарда болуы тиіс деп ойлаймыз. Мәселен, Қызылорда қаласы мен Теміртау қаласын салыстырсақ, ауқымы жағынан да, ұлттық құрамы жағынан да болатшылар шаһарына басымдық берілгені әділеттілікке біртабан жақын болар еді.

Аманжол АҚЫН

3306 рет

көрсетілді

32

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы