• Ақпарат
  • 17 Желтоқсан, 2014

ИСЛАМОФОБИЯ – 2

Исламофобияның шығу тарихы туралы мақаланың бірінші бөлімін мына сілтеме бойынша кіріп, оқи аласыз - http://anatili.kazgazeta.kz/?p=24809 

ХХІ ғасырда жиһад жасап, шаһид болып жүрген мұсылманның бейнесі еуропалық санаға жат. Мұны надандық пен топастық деп түсінеді. Онан қалды діни төзімсіздік деп сынайды. Ендеше «Исламофобия тарихының» 2 бөлімінде еуропаның діни «төзімді» қасиетін тарихтан тарқатып көрейік.   1242 жылы таққа отырған Франция королы ІХ Людовик еврейлерге репреция ұйымдастырды. Ғайсаның жағымсыз бейнесін сомдады деп тәурәтті айыптады. Бірін қалмай өртеді. Өзге сенімдегі қауымға төзімділік танытпақ түгелі, қарапайым тілдесу, келісу Людовиктің ойына кіріп те шықпады. Ол «еврейлермен сөйлесудің тек бір ғана жолы бар – ол өлім. Қылыштың ұшын еврейдің қарнына мейлінше тыға түссең, соғұрлым сұхбат қыза түседі» деп мәлімдеді. Тіпті ең алғаш инквизиция жасақтап, оған еретиктердің  жазалауды жүктеген да осы Людовик еді. Оның соңы, еретикпен бірге, жүздеген еврейдің тәуратпен қоса отқа жануына әкеліп соқты. Людовик тек еврейді емес мұсылманды да жек көрді. Екі рет крест жорығын жасап, жазықсыз мұсылмандарды қырып жіберді. Ол «әлемде тек христиандар өмір сүруі керек» деп санаған. Бір ғана Людовиктің тарихтағы осы істері мәдениетті еуропалықтардың толеранттылығына таңба. Сондықтан төзімділік туралы айтқанда, әркім өз шежіресін бір байыптағаны абзал. Ал, енді діни түсіністікке, сұхбатқа келер болсақ, батыс ешқашан исламды, мұсылманды түсінуге ниет білдірмеген. Оның да өзіндік қатпарлы тарихы бар. Даудың басы тағы сол ал-Андалус деп аталатын Испаниядағы Кордовада басталады. Ислам империялық күшке айналып, әлемдік аренаға шыққан кезде еуропа өзара қырық пышақ соғысып жатқан. Исламның есіктен еңкеймей кіргенін көргенде өз мәдениеттерінің бәсекеге түсе алмайтын қауқарсыз екенін бірден түсінді. Жүректі үрей, бойда қорқыныш биледі. Әрекет жасамаса мұсылман өркениетіне жұтылып кететіні анық болды. Кез-келген адам өзін мәдениеттен көш қалғанын сезгенде кордовалық монахтар сияқты амалсыздан радикалды әрекетке бас қояды. Бұл таза көре алмаушылық, қызғаныш, надандықтан туған психологиялық әрекет дейді ғалымдар. Сонымен қоса, өз танымындағы эсхатологиялық түсінікті дамытып, келесі мәдениетті жау ретінде дәлелдей бастайды. Мысалы, Евлогий мен Альваро Исламның келуін Жаңа Заветте баяндалатын тажалдың шығып, ақырзаманның келетін белгісі деп жариялады. Өздері де соған қатты сенді. Себебі Апостол Павелдің фессалондықтарға айтқан екінші жолдауында: «Ғайса әлемде «үлкен дінсіздік» орнамайынша қайтып келмейді. Тажал Иерусалим ғибадатханасында өз билігін құрып, көптеген христианды жалған іліммен қызықтырады» – деп көрсеткен. Әулие Иоанна да 666 деген мистикалық белгісі бар үлкен мақұлық туралы айтады. Ол ұшы-қиыры жоқ түпсіз тұңғиықтан шығып, Иерусалидегі Зейтүн тауында тақ орнатып, әлемді билейтінін айтқан. Ал, енді Евлогий мен Альваро осы ежелгі сәуегейлікке Ислам діні толық сәйкес келеді деп сенді. Мәселен, мұсылмандар Иерусалимді 638 жылы жаулап алады. Зейтүн тауына екі әдемі мешіт тұрғызды. Былай қарасаң әлемде мұсылманнан мықты әскер жоқ. Мұхамбет өзін Ғайсадан кейінгі пайғамбармын деп жариялағанда көптеген христиандар өз дінінен бас тартып, исламды қабылды. Мұхамбет пайғамбардың қысқаша өмірімен танысқан Евлогий мен Альваро Мұхамбеттің испан жыл санауы бойынша 666 жылы қайтыс болғанын білді. Испан күнтізбесі ол заманда қазіргі жыл санауынан 38 жылға озық болатын. Ал, Мұхамбеттің батысқа тараған сол кездегі өмірбаяны VIII ғ. аяғында христиандық Лейрс монастырында жазылғандықтан, нақты қайтыс болған күніне қатысты шатасулар болды. Ал, жылдан жылға дамып жатқан Исламның жетістіктері кез-келген христиан өкілінің жігерін құм қылды. Сондықтан, монахтарды көбіне мына сұрақтар мазалайтын. Құдай қалайша мынадай жалған діннің дамуына мүмкіндік берді? Әлде, бізді, өз халқын, тастап кетті ме? Қабағын мұң шалған кордовалықтар ендігі жігерін осы эсхатология болжамдардан алды. Барынша Мұхамбеттің алаяқ әрі жәдігөй ретіндегі бейнесін қалыптастырды. «Әлемді алдау үшін туған. Өзінен ұлы пайғамбар жасаған. Көп әйел алып, сол әрекетін дінмен заңдастырған. Өзінің ізбасарларын да солай істеуге үгіттеген. Дінді қарудың күшін таратты. Қорқытты», деген сыңайда сыбыс тарата бастады. Исламның жалған ілім, христиан дінінің сәтсіз формасы ретінде пайда болғандығын дәлелдеуге тырысты. Дегенмен, бұл өз уақытында Испаниядағы «азап шегуші» христиандардың бір-бірін демеу үшін ойдан шығарған жұбаныштық әрекеті еді. Бұл Евлогийдің өлімінен кейін тып-типыл басылған да болатын. Бірақ, осы өтіріктің бір ұшқыны еуропадағы қалың христианның ортасына түсті. Енді Мұхамбеттің теріс образы исламофобияның басты двигателіне айналды. Тіпті ертегідегі жағымсыз кейіпкерді бұдан кейін мыстан кемпірмен бірге Мұхаммед те ойнайтын болды. Оның ойдан шығарылған бейнесі халық арасында үрей туғызғаны сонша Мұхамбеттің атын естігенде жылаған нәресте жұбаныпты. Бұл қиялдың жаңғырығын немесе іздерін әлі күнге дейін байқауға болады. Тіпті бар десек те қателеспейміз. Мәселен, «Мұхамбет – әлемді жаулап алу үшін дін жасады» деген түсінік батыс адамы үшін қалыпты қағида. Олардың көпшілігі әлі күнге шейін Исламды «жауыз», қарудың қуатынан ғана тұратын дін деп есептейді. Әйтсе де, еуропа жұртының барлығын олай деуден артықпыз, кейбір ғалымдары Ислам мен оның пайғамдарының өмірін объективті зерттеп «Мұхамбеттің» туралы мифті мүмкіндігінше теріске шығарып келеді. Мұны өз уақытында тоқталатын боламыз. Әзірге ортағасырдағы анти мұсылмандық тарихты әрі тарқатайық. ІХ ғ. аяғында Еуропа аяғынан тік тұрып, мұсылман шекараларын әрі ығыстыра бастайды. 1061 жылы нормандықтар Оңтүстік Италияда мен Сицилияда мұсылмандарға қарсы жорық жасап, 1091 жылы бұл өңірдің барлығын жаулап алады. Солтүстік Испанияда христиандық мемлекеттер әл-Андалус қарсы соғыс жүргізіп, 1085 жылы Толедоны басып алады. Исламға қарсы сәтті жорықтардан кейін 1095 жылы Рим папасы ІІ Урбан Иерусалимдегі Құдайдың табытын азат ету үшін Еуропаның барлық рыцарларын «бірінші крес жорығын» жасауға шақырады. Кресшілер қапыда жатқан мұсылман әлемінің бір бүйірінен тиіп, 1099 жылы Иерусалимді жаулап алады. Сөйтіп Таяу Шығыста алғашғы батыс колониясы пайда болады. Батыстың бұл жаңа жетістігі Ислам әлеміне қарсы жаппай соғыс формасына ұласып кетеді. Бастапқыда Еуропада ешкімнің мұсылман діні мен оның пайғамбарына деген аса жеккөрушілік сезімі болмаған. Себебі, 2-3 ғасыр бұрынғы Кордовадағы «азап шегуші» монахтардың әрлі-берлі ұрандары шалғайда жатқан еуропалықтардың елітіп, қанын қыздырмаған еді. Алғашқы кресшілер жорыққа аттанғанда да өшпенділіктен гөрі абырой мен адал борышты ту етті. Мұсылмандарды қыруды емес, тек Папалық Еуропаның шекарасын кеңейтуді міндеті санаған. Оның үстіне І крес жорығы да тек Иерусалимге бағытталды. Сондықтан да олардың кейбірінің ислам туралы түсінігі таяз болса, екіншісінің мүлде хабары болмады. Сол кездегі алғашқы христиан сарбаздарының ой-өрісі «Ролланд туралы» жырда да анық байқалады. Бұл жыр І крес жорығы кезінде ежелгі француз тілінде жазылған. Бір қызығы, жырда Ұлы Карл мен Ролландтың жаулары – мұсылмандарды пұтқа табынушылар ретінде сипаттайды. Олар үштік «құдайға» – Аполлон, Тервагента және Мұхамбетке сыйынады дейді. Байқасаңыз Мұхамбет те христиан сеніміндегідей Құдай түрінде бейнеленеді. Айтайын дегенім, жырда христиандардың мұсылман жауынгерлеріне деген көзқарасы өте жақсы сипатталған. Мұсылмандарды ержүрек, мықты жауынгер ретінде суреттейді. Соған қарап, І крест жорығы кезінде еуропалықтардың мұсылмандарға деген жек көрушілік сезімі мүлде болмаған және оларды өздерімен деңгейлес санаған деген пікірге келеміз. Кресшілер Кіші Азияда түркілермен алғаш кездесіп, соғысқанда да олардың ерліктеріне тәнті болған: «Егер қолына қалам ұстай алатын адам болса, ол міндетті түрде түркінің ерлігін, қайтпас рухын, жауынгерлік өнерін сипаттайды. Олардың франктар арасында үшкір жебелерімен қалайша қорқыныш туғызғандығын жазады? Бірақ, Құдай бізді олардың әскерінен басым қылсын. Оларда мынадай қанатты сөз бар: франктармен түркілердің тегі бір және олар өмірге рыцарь болып туылады. Бұл ақиқат, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Егер олар христиан діні үшін соғысса және Үштіктен тұратын Бір Құдайды ақиқат деп таныса, онда түркіден артық мықты жауынгер таппас едіңіз. Бірақ Құдайдың қолдауымен бүгін біз оларды талқандадық» дейді. 1097 жылғы Дорилее соғысында да ерлікті аңсайтын франк рыцарьлары түркі әскерімен кездескенде, өздеріне тең қарсылас тапқанына риза болып, бір-біріне жауынгерлік құрмет білдірген. Алайда, арада екі жыл өткесін, яғни Иерусалимді жаулап алғаннан кейін кресшілер арасында мұсылманға деген өшпенділік жайлайды. Басып алған жеріндегі бейбіт мұсылман тұрғындарын бала, қатын демей аяусыз өлтіріп, қырып салады. Тіпті өз орталарында «қоқыс» деген жаргон қалыптастырады. Енді кресшілер арасындағы өшпенділіктің себебін тарқата кетейік. 1 крес жорығы басталғанда еуропалық рыцарлардың мұсылман әлемі туралы түсінігі тар еді. Олар Иерусалиге барды да соғысып, қаланы тартып алды. Қалаға кіргенде де тілі басқа арабты терең түсінбеді. Рыцарлардан кейін шығысқа қарай шіркеу монахтар ағылды. Олардың да мұсылман әлемі туралы түсінігі таяз еді. Испанияда ойдан шығарылған Мұхамбет туралы ертегімен сауатын ашқан. Олар жол-жөнекей барлық рыцарларға мұсылман әлемі туралы түсінік бере бастады. Арада екі жыл өткенде Иерусалимдегі кресшілер арасында исламофобия өрши бастады.

 Дайындаған Айбек Нәби

11992 рет

көрсетілді

427

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №7

22 Ақпан, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы