• Ақпарат
  • 22 Ақпан, 2009

Астана әбігерге түсті

Астана халқы девальвацияны дүрлігусіз қабылдады. Ақша айырбастау пункттерінде кезекте тұрған көп адам бола қойған жоқ. Өйткені қалың жұртшылық жалақыдан жалақыға дейін күн көрісін ажыратады. Оның өзін төл теңгемен алады. Сауда орталықтарында есепті теңгемен айырысады. Дәл қазір Елордада азық-түлік бағамы қалыпты нарқынан аса қойған жоқ. Өткен жылы мемлекет отандық өндірушілермен әлеуметтік жауапкершілік туралы бірқатар Меморандумдарға қол қойған еді. Сол келісімдердің қауқарынан ба, әлде саудагерлер ішкі өнімге осыншалық тәуелділігінен бе, баға әзірге бағынып тұр. Теңгенің арзандауына өндірушілер қуануға тиіс. Себебі, сарапшылардың пайымдауынша, девальвация ұлттық өндірісті қорғайды, бұл мыңдаған жұмыс орындарын сақтауға кепілдік береді-мыс. Басқа-басқа, агротех-маркеттер желісінің тауарлары өзіндік құнын төмендетуге тиісті. Мұның шынайы өмірмен қаншалықты кірігіп жатқаны әлі де айқын емес. Астаналықтардың  барлығына девальвация майдай жақты деп айта алмаймыз. Мысалы, доллармен кредит алған жандар пайыздық үстемесі өскен несиені төлеуге шамалары жетпей, мүшкіл халге түсті.  

Сондай-ақ сырттан келетін тауарлар қымбаттай бастады. Өйткені девальвацияны ести сала ірі тұрмыстық техника сату дүкендері есіктерін тарс жапты. Күн аралатып есігін айқара ашқан аталмыш дүкендер сөрелеріндегі  тауарлар бағасын 10 пайызға еселегені бірден көзге ұрып тұрды. Сол сияқты шетелден әкелінетін киім-кешек, кілем, ыдыс-аяқ, әшекей бұйымдар да барынша үстеме қосылып сатыла бастады. Мысалы, шағын ғана түркиялық қалы кілем девальвацияға дейін 15-18 мың теңгемен сатылса, төл валютаның арзандауынан соң 25-30 мыңның үстіне шықты. Оның өзін түсіріп бергенде ғана. Бірақ елордалықтарды алаңдататыны басқа. Ең бастысы, азық-түлік пен қызмет көрсету инфрақұрылымы тұрақтылықты сақтап қалғаны абзал болар еді. Шаштараз, автожуу, балабақша, дәріхана, тағысын тағылар өз бағасын бүгін болмаса да, ертең бәрібір өсіретіні белгілі. Сондықтан Астана жұрты қымбатшылықты алдын ала болжап, соның дайындық әбігеріне түсіп жатыр.

Шынар ӘБІЛДА,

АСТАНА

2584 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы