• Ақпарат
  • 22 Ақпан, 2009

ТЕҢГЕ АҚСАҢДАП, ДОЛЛАР АСПАНДАП БАРАДЫ

Теңге бір-ақ күнде құнсызданып, доллардың қасында мықшиды да қалды. Нәтижесінде алыс-жақын шетелдерден әкелінетін азық-түлік, өнеркәсіп тауарларының бағасы  15-тен 20-25 пайызға дейін  көтеріліп кетті.

Соңғы кезде қызу талқыланып жатқан девальвация жайлы ел пікіріне құлақ түрген едік.

Тасболат, кәсіпкер:

  – Девальвацияның  экономикалық  қажеттілік екені  даусыз. Бірақ та  оны бірте-бірте енгізу керек. Сонда халық та бейімделіп, мынандай алашапқын болмас еді. Экономиканың  тірегі шағын кәсіпкерлік деп  күнде жазып жатырсыздар ғой. Ал сол кәсіпкерлікті  дамыту үшін  не істелуде? Үкімет жағдайды түзеу  мақсатында миллиондап , миллиардтап 0 пайызбен «Самұрық-Қазына» ұлттық қорына қаржы құюда. Ол ақшаны  қор 7, 5 пайызбен екінші дәрежелі  банктерге  берсе, банктер 24-27 пайызға дейін  көтеріп ,кредит беріп жатыр. «Әжептәуір ән еді, әжем айтып қор қылды» демекші, Үкіметтің қаржылық дағдарыстан шығуға бағытталған   ақшасын ұстағанның  қолында, тістегеннің аузында кетуіне неге жол беріледі? Газеттерден оқып жатырмыз. Анау Американың банктері кредитті 0,25 пайызбен береді. Айтпақшы, шағын бизнесті тексеруге  мораторийді тағы бір жылға ұзарту қажет. Әйтпесе, аш қасқырдай анталаған тексерушілер қанымызды қасықтап ішіп жатыр...

 Құрмет, зейнеткер:

– Немереме қиын болды. Өткен жылы банктен кредит алып еді. Басында теңгемен береміз деген. Тақап келгенде, баланың  шегінетін жолы жоқ екенін көріп, долларға ауыстырыпты. Енді соны  қалай төлейтінін білмей, басы қатып жүр...

Мария, сатушы:

– Базарда сауда  жасаймын. Адам үш күннен кейін тозаққа да  үйренеді. Бәріне де көнбіс болдық. Мынау алманың килосы 200 теңге болса , енді  240 теңгеден сатамыз. Біз ештеңеден ұтылмаймыз. Тек қарапайым халыққа қиын. Елде болса ерніңе тиеді ғой.

 Сол күнгі  пікірлескен адамдарымыздың басым бөлігі  қаржылық дағдарыстан дағдармай шығу жолындағы Үкіметтің қазіргі тіршілігіне  көңілдері толмайтынын тілге тиек етті.

  Қаншама жыл зарығып табысқан теңгеміздің  ақсаңдап, жұлыны  үзілгір доллардың аспандап бара жатқаны тағы бар...

                                             

  Боран-Ғали ҚҰЛЖАН

                                          Атырау облысы.

2564 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы