• Қоғам
  • 29 Сәуір, 2010

Бақ ұясы – ынтымақ

1-mamyr

Атам қазақ бұл туралы ықылым замандардан айтып келеді. Айтудан жалыққан да емес. Өйткені онсыз береке де, ырыс та жоқ. Соншама мән берген, әңгімесінің дәміне айналған бұл кереметің не сонда? Ол құдірет – Бірлік. Ел Бірлігі. Бірлік бар жерде ғана тірлік, өмір бар екен. Соған бүгін көзіміз анық жетіп отыр. Ел ішіндегі түсіністік пен татулық арқасында бүкіл дүниежүзі мойындаған іргелі мемлекетке айналдық.

Тәуелсіздік алғанымызға көп бола қойған жоқ. Жиырма жылға енді толады. Бірақ соған қарамастан қол жеткен жетістіктеріміз қомақты. Сол жақсылықтарымыздың бірі – Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төраға болып отырғанымыз. Ақ­тамберді жырауша айтқанда, «мұр­тымыз өрге шаншылып», өзімізді ғана ойламай, әлем халық­тарының қауіпсіздігін дамыту, өркендеп, гүл­денуі бағытында әрекет етіп жатырмыз. Бірлікке сызат түскен жерде берекеден мән кететініне жақында ғана Қырғызстанда болған оқиға куә. Бір ұлттың, бір атаның балалары өзді-өздеріне күш көрсетті. Бірін-бірі сабады. Атты. «Біз осылай жасап жатырмыз» деп аузы-мұрнын даладай қылған қандасын теледидар бетіне шығарып, жалпақ жұртқа мақтанғандай болды. Осы да мақтаныш па? Мұның тура аты – қасірет. Біз қазір бірнеше ұлт өкілдері бас қосқан елміз. Арамызда орыс та, неміс те, кәріс те... бар. Біздерді тағдыр түйістірді. Бір шаңырақтың астында бірге түтін түтетіп жатқаннан кейін бізге қазақ пен қазақтың да, қазақ пен басқа отан­дасымыз арасындағы достық та өте қажет. Мұнсыз елдің ертеңін, жарқын болашақты елестету қиын. Ертеректе ғұмыр кешкен Сыпыра жырау бабамыз: «Алла Тағала адамды тату бол деп жаратқан» деген екен. Қазақ елінің бүгінгі тізгінін ұстап отырған Елбасымыз да: «Бір болайық. Бір болмасақ, тоз-тозымыз шығып, елдіктен айырыламыз» дегенді аузынан тастаған емес. Ел алдында тұрған жарқын мақсатқа ел бірлігін сақтай отырып қана жететінімізді ұдайы ескертіп келеді. Халықтың сөзіне қарағанда, бақ дегенің де кез келген жерге табан тірей бермейтін көрінеді. Ынтымақ, ауызбіршілік, жарасымдылық ұя­лаған жерге барып қонақтайды екен. Сол бақ қазір – Қазақ елінде. Ба­ғыңнан айырылғың келмесе – бірлігіңе бекем бол! Нұрперзент Домбай

9271 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы