• Тіл
  • 09 Маусым, 2010

Тірлік үшін тіл үйренетін... Кешегі уақытта Қазақстанда ұлтаралық тіл қазақ тілі болып еді

«Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам, ызалана алмаймын. Күлсем, қуана алмаймын, сөйлегенім өз сөзім емес, күлгенім өз күлкім емес, бәрі де әлдекімдікі» деп Абай айтқандай, қайран көңілден бір кірбің кетпейді. Тіліміз өткен ғасырда қалай еді? Бүгін қалай? Талдап-таразылап көрдік пе? Осыған бір назар аударып көрелікші...

«Қор болудың» да жалған-шыны бар Шетелде дем алу қазір таңсық емес. Таяу­да бір әріптесім отбасымен алғаш рет алыс шетел асып, сапарынан «әй, жиған-тергенді жұмсасаң, осыған жұмса, шіркін!» деп дән риза көңілмен, соны серпіліспен оралған. Алпысты алқымдаған жасыңда ел көріп, жер танығанға не жетсін. Алған әсерлерін тауыса алмаған ол: «Әттең, ағылшын тілін білмегендіктен қор болдық» деп түйін түйді. Қазақ бола тұра қазақша тіс жармайтын, мемлекеттік қызметті ат­қарса да, мемлекеттік тілді үйренсем деген ой қаперіне де кірмейтін әріптесім «енді ағылшын тілін үйренбесем бе, бәлем!» деп ширыққан. Қайран қалдым. «Қор болдық» дегеннің де жалған-шыны болады екен-ау... Бұдан елу жыл бұрынғы ел ішін көз алдыма әкелді. 1962-63 жылдары Суслов жаңа тіл идеологиясын енгізді. Сөйтіп, атышулы Хрущев ұлт мектептерін тегіс жабу және ісқағаздарын жаппай орыс тіліне көшіру сияқты сұмдыққа барды. Жұрт орысша тілдей қағаз үшін сабыла бастаған, өйткені сол заманда ауыл тұрмақ, аудан көлемінде де орысшаға жүйрік кісі сирек-тін. Менің әкем Отан соғысының мүгедегі (1964 жылы небары 38 жасында дүниеден қайтты) еді, ауыл мұғалімі әрі орысша сауатты жазатын. Сол күндері алыс-жақын ауылдан жеткен егде ағалар: «Тіліміз түкке жарамай, қор болдық-ау («құл болдық-ау» деп естілетін), арты не болмақ?!» деп күйзеле бас шайқасқан. Көрегендік екен. Міне, қазақ тілінің шын «қор болуы» осы кездерден, яғни бір ғасыр я екі ғасыр бұрын емес, небары елу жылдай бұрын ғана басталған еді. Өткен ғасырдың ортасына дейін қазақ тілі ұлтаралық қарым-қатынас тілі болды. Осыған туған жерім Семей өңірінен нақты мысалдар келтірейін. Көне Семей шаһары тоғыз жолдың торабында орналасқан. Сол себепті әу бастан халықаралық сауда орталығына айналды. Яғни қала төрт бөлік (орыс, татар, қытай және қазақ бөліктері, бұлар орысша – «слободка», кейіннен «край» деп аталды) болып бой көтерді, дамыды. Мынаған қараңыз: қала төрт бөлігі тұрғындарына ортақ тіл – қазақ тілі болды. Жергілікті тілге мән бермей көр! Онда қала саудагерінің я көпестің ісі дөңгеленуі, тасы өрге домалауы неғайбыл, тіпті мүмкін емес-ті. Өйткені сауданың көрігін қыздырған қыруар байлықтың көзі қыр төсінде еді. Ауылды жерлерде ше? Күмәнсіз, 99 пайызы орысша білмейтін ортаны мекендеген қарашекпенділер – орыс мұжықтары қазақ тілін меңгеруге құлшынды, өйткені бұл күнкөрістің қамы әрі әділеттің талабы-тұғын. Жергілікті тіл мен салт-дәстүрге құнт қоймаған мұжық қазаққа «дос», сол кездің тілімен айтқанда, «тамыр» бола алмайтын. Сол себепті Орта Ертіс бойындағы станица (Черемушка, Мостик, Долонь, Белокаменка, Глуховка, Стеклянка, Старая крепость, Уба-Форпост және т.б.) мұжықтары қостілді болғаны хақ. Гәп мынада: қазақ халқы орыс тілін білген емес, білуге ұмтылмады да. Өйткені жергілікті халықтың тілін ке­лімсектер үйренеді, керісінше болмайды. Қорыта айтқанда, патшалық дәуірде орыс тілі мемлекеттік тіл немесе кеңсе тілі шеңберінен аса алған жоқ, ал ұлтаралық қатынас тілі рөлін қазақ тілі атқарды. Абай заманында қазақ тілі ұлтаралық тіл болғанына мысал-дәйектер шаш-етектен. Неліктен бұл құнды тарихи тәжірибе мүлде елеусіз, ұмыт қалды?! Енді аға буын жақсы білетін кеңестік дәуірге көз тігелік. Жоғарыда айттық, орыс «тамыры» жоқ ауыл қазағы сирек-тін. Тегінде, «тамыр» жеке адамның мәртебесі, ал тұтас ел «қазақ-орыс» (бұл тіркес жаны – қазақ, түрі – орыс деген мағынаны білдіреді) деп аталды. Кереметі сол, жазылмаған заң бойынша достық қатынас тек қазақ тілі негізінде құрылды. Қазақ сөзін нәзік астарына дейін сезініп, мақалдап-мәтелдеп соғатын орыстілді досыңа сүйіспеншілікпен қарамай көр. Толеранттық тәрбие «тамыры», міне, осында! Жоғарыда Семей қаласының тұрғы­лықты жұрты (орыс, татар, украин, қытай) қазақшаға судай болды дедік. 60-шы жылдары ауылдан қалаға көшіп, қаланың «Таткрай» деген бөлігінде үй салып алған туысымыз: «Қазақша білмейтін татарды көрсем, көзім шықсын!» деп сүйсіне таңданатын. Қазақ тілін білетін кірме жұрттың қарасы депортацияланған ұлт өкілдерімен (шешен, ингуш, неміс, поляк, т.б.) тіпті көбейді. Өйткені бұлар негізінен ауылды жерлерге қоныс тепті. Бір халықтың жердің, судың иесі болған екінші халықты құрмет тұтып, оның тілін ешқандай нұсқаусыз-ақ өз еркімен меңгеруі өз-өзінен түсінікті табиғат заңы деп сөз басында айттық. Дәстүрлі тілдік ахуалды, сайып келгенде, қалыпты қазақ әлемін, амал қанша, соңғы тасқын өзгертті. Бұл арада мен тың игеруге, түрлі құрылыстарға лап қойған, өздерін қазақ топырағына уақытша келдік деп білген комсомол жастарды меңзеп отырмын. Бір қызығы, жергілікті ұлттың тілін, дәстүрін білуге құлықсыз болған бұл тасқынды жоғарыда сөз етілген «қазақ-орыс» қауымы және өзге де жаны қазақ болып кеткен көп халық қоштаған емес. «Ұшарын жел, қонарын сай білетін» қаңбақ сияқтанған оларды жақтырмай: «Өңкей мақау надандар, дым сезбес пәлелер», «Қайдан ғана қаптап кеткен», – деп сөккен сөздерді өз құлағымызбен естіп өстік. Жалпы, ХХ ғасырдың ортасына дейін қазақ тілі ұлтаралық қарым-қатынас ті­лінің рөлін абыроймен атқарған болатын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары аса маңыз­ды функцияны уыстан шығарып алдық. Енді тілімізге тиесілі, заңды мәртебесін өзіне қайтарудың уақыты жетіп отыр. Бір мемлекетте – бір тіл Мемлекет дамуының саты-сатыларында түрлі заңдар, ұғым-түсініктер, идеялар қызмет етеді және олар уақыт сұранысына сай, сөз жоқ, өзгеріске түсіп отырады. Дәл қазір ұлттық саясат, ұлттық идея өзегіне «бір мемлекет – бір тіл» деген концепция сұранып-ақ тұр. Жаратушының әр халыққа бір тілді дарытқаны киелі кітаптардан мәлім. Яғни «бір елде бір ғана тіл үстемдігі» дегенге пәлсапалық ілімдер негіз болады. Енді дәйекті саяси тұрғыдан алар болсақ, саясат тізгінін ұстаған президент, я болмаса мемлекет қайраткерлері (мәселен, АҚШ, Қытай, Ресей, Германия және т.б. ірі мемлекеттерде) бір тілде ғана сөйлейді. Өзге елге барғанда тілмаш арқылы сөйлеседі. Мысалға, Франция үкіметі бұқара халыққа «ең жақын көршіміз ағылшын, сол тілді біл, меңгер» демейді. Маман кадрды шетелде даярлауға да құлықсыз. Неге? Себебі бөтен тілмен бірге барлық «пәлелер» (жат идеология, дін, менталитет, ойлау жүйесі, өктем саясат) қосақтала келеді. Пайдасынан зардабы аспақ. Бір сөзбен айтқанда, «кімге қандай тіл керек?». Бұл – әр адамның жеке басының проблемасы. Үшінші, тілді ғылым тарапынан са­рап­тайық. Ғалым адамға бірнеше тілді білу шарт емес (мәселен, Ньютон, Паскаль, Бор, Эйнштейн, Менделеев, Циолковский, Королев, т.б. мыңдаған әйдік ғалымдар шетел тілін білмеген). Өзге тіл ғылым шыңына апаратын көп соқпақтың бірі ғана. Ал «үлкен ғылым» заман сұранысынан туады және мемлекеттің арнайы бағдары арқылы іске асады. Өз тәжірибеме жүгінейін. Мен «Әлемдік теологияның антропологиялық аспектілері» деген тақырыпта докторлық диссертация даярлаған адаммын. Аталмыш күрделі тақырыпты зерттеу барысында ағылшын тіліне деген қажеттілік болды ма? Титтей сезінсем, құдай ақы бұйырмасын. Неге десеңіз, керегіңнің бәрі (ежелгі Конфуций, Платон, ортағасырлық әл-Матуриди, әл-Ғазали, Ибн Араби, Ибн-Туфейль және осы заманғы Феткуллах Гулен, Исмайл Биикчелеби сияқты ғұламалардың еңбектері) орыс тілінде қалаулы тұр. Аударылған. Сапалы. Егерде әлем ой алыптарының трактаттары қазақ тілінде болса ше, онда маған орыс тілінің қажеті қанша? Ғылымның қай саласы бойынша да жағдай осы емес пе. Сонымен, қайталап айтайық, бір мемлекетке бір тіл жеткілікті. Аударма ісі көгермей тұрып, тіл оңалмайды Үкіметтің қазақ тілінің көсегесін көгертем деген ынта-ықыласында кенделік жоқ. Жылма-жыл миллиардтаған қаржы құяды. Нәтижесі, татымды жемісі кәне? Көшедегі көпшіліктің «тілі» өзгерді ме? Таразы осы. Қазақ тіліне деген сұраныс та, қажетті­лік те жоқ, қазіргі жағдайда оны дара тілге, яғни ұлтаралық тілге айналдыру үшін жақсы Қаулы қабылдау, Тіл комитетін құру жеткіліксіз. Сонымен бірге «Ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу», «Тілді оқыту орталықтарының жүйесін кеңейту» сияқ­ты «әдемі» шаралардың да уақыт өте «көзалдауға» айналары сөзсіз. Меніңше, қаржыны ең алдымен аударма саласына салу керек. Сонда ғана халық зарыға күткен мектеп жасына дейінгі балаларды тұтас қазақша сөйлету (ол үшін бала әдебиетін, мультфильм саласын жасау), теледидарды, баспасөзді «қазақыландыру» сияқты түбегейлі, жанды шараларды іске асыруға мүмкіндік туады. Кеңестік им­­перияның тәжірибесіне көз салсақ, әлем­дік әдебиет пен ғылымды орыс тіліне тәр­жімелеу кереметтей дамығанын көреміз. Бұл – бір тілді ғана бәсекеге қабілетті, ал өзгелерін әлсіз ететін әккі саясат. Сонымен тілге құдірет бітіру, оған қанат байлау үшін, әсіресе, керегі – аударма.

P.S. Қазақстан қоғамын алашұбар тіл ауадай жайлап алды. Оған дәлел керек емес. Таза тілде сөйлеу өз еліңде сирек құбылысқа айналса, бұдан артық қорлық бола ма, ағайын?! Ана тілі – ардың ісі. «Дүниенің кеңдігін қайтейін, аяғымды саптама қысып отырғанда» демекші, тіл мәселесі тұрғанда өзге жетістік атаулы бізді шын қуанта алмайды. Исі қазақты «Қолда қалам, көзде жас, толқынып ой» (Шәкәрім) дегендей халге тіреп, көкейді тескен жалғыз нәрсе – тіл идеологиясы. Тым құрығанда, оны елу жыл бұрынғы қалпында көріп өлер болсақ, одан артық арман қалған жоқ. Асан Қайырбекұлы

3686 рет

көрсетілді

39

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8804

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7081

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4823

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4209

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4173

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4132

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3863

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3862

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы