• Тіл
  • 18 Тамыз, 2010

Тілді сарай төріне шығарған

Бүгінде мемлекеттік тіл мерейін көтеріп, оның қолдану аясын кеңейту жөнінде атқарылып жатқан шаралар жеткілікті. Әйтсе де бұл орайдағы жұмыстардың кейбір реттерде формалды сипат алып кететіні де бар. Содан кейін де аталған өзекті тақырып бойынша шынайы да ашық әңгіме қозғалған басқосулардың маңызы арта түседі. Алматы облыстық әкімдігінің жиынжайында өткен келелі кеңес, ашық пікіралысу нақ осындай сипат алды. Қазақстан Рес­публикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров қатысқан, облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқанов ашып, жүргізіп отырған осынау маңызды басқосуға облыстық деңгейдегі барлық басқармалар мен мекемелердің жетекшілері, аудан, қала әкімдері мен олардың орынбасарлары, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің, ұлттық-мәдени орталықтардың басшылары, оқыту орталықтарының директорлары, БАҚ өкілдері мен мемлекеттік тілдің мұңын мұңдап, жоғын түгендеп жүрген тіл жанашырларының барлығы қатысты. Осылайша шілде айында ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын» талқылауға арналған кеңейтілген мәжіліс Жетісу жерінде өз жалғасын тапты.

Облыс әкімінің орынбасары Серік Мұқановтың кіріспе сөзінен кейін мінберге көтерілген ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров аса тұшымды әрі мазмұнды баяндама жасап, мемлекеттік тілдің өткені мен бүгіні және болашағы жайлы тереңнен толғады. «Өзендер өрнектеген өлке – Жетісудың табиғаты ғана емес, тілі де бай. Іле мен Қараталдың, Ақсу мен Көксудың арнасынан сылдырап су да ағады, бұрқырап жыр да ағады. Жетісудың өзен-көлдерінің жағасына гүл де өседі, жыр да өседі. Көкмайсада бой көтерген жыр-құрақтан жыр құрап, өлең өрген өрендердің сүйегіне сөз сіңбегенде қайтеді. Бұл – қарасөзден қатық ұйытқан, елдің төрін, тілдің мөрін ұстаған Ескелді мен Балпықтың, даудың бетін тойтарған, сөйтіп, дау артына тығылған жаудың да бетін қайтарған Тезек төре мен Құтымның, қобыздың тілін игеріп, өңірін сазға бөлеген Матайдағы Молықбай шалдың, Біржан салмен айтысып, білегінің ақтығын, жүрегінің пәктігін, көргенінің көптігін, өлеңінің шоқтығын көрсеткен атақты ақын Сараның, таңдауға тура келгенде көген емес, өлең алған Қабылиса жырау мен Бақтыбай ақынның мекені. Жетісу дегеніміз – Сүйінбай мен Жамбыл, Үмбетәлі мен Қалқа, Ілияс пен Ғали, Мұқағали мен Мұқатай, Бердібек пен Тұманбай, Әнуар мен Сайын, Кемел мен Баққожа, Сағат пен Тельман, Бексұлтан мен Нұрлан, Жұматай мен Қанипа, Еркін мен Сәкен, Өтепберген мен Шәкен... Сөйтіп, өзендерінен өлең аққан өлкенің екі перзентінің бірі сөз зергері болып шықты», – деп шабыттана сөз бастаған Бауыржан Жұмаханұлы бұдан арғы әңгімесін де осы қалыпта жалғастырды. «Тілдік орта әдеби ортаны да қалып­тастырады. Жетісудың бүгінгі әдеби ортасына елдің бәрі қызыға қарайды. Ұлтымыздың келіні, жұртымыздың көрігі Надежда апам Лушникова, тапқырлығымен талайды таңғалдырған айтулы айтыскер, жалаулы жазба ақын Есенқұл Жақыпбеков, халқына «хайләйлімін» жақсылап тұрып жаттатқан, жер тарпыған арғымақ Айтақын Бұлғақов, «Алматыда жас ақын, Жетісуда бас ақын» деген Тұманбайдың жырына арқау болған сырбаз да салиқалы ша­йыр Әбен Дәуренбеков, жырымен ұлтын, жұмбағымен ұрпағын әлдилеген Әли Ыс­қабай, өзі де, қаламы да салмақты Тұрсын Әбдуәлиев, журналистиканың жылғасынан су ішіп, әдебиеттің айдынынан ат суарған Жақыпжан Нұрғожаев, өлең сөзге есіле, көсемсөзге көсіле алатын Әміре Әрін, сәуірде сары қызды, сүмбіледе сары күзді жырына қосқан Нүсіпбай Әбдірахым, арыны мен дарыны Лепсідей лықсып тұратын Қуат Қайранбай мен Жомарт Игімандар Жетісудың бойында жортып жүргенде бұл өңірдің әдеби ортасының қатары ешқашан сетінемейді», – дей келе, шешен Жетісудың жауһар қаласында мемлекеттік тілді дамыту мәселесі бойынша дүниеге келген жарқын жаңалықтарға да тоқтала кетті. «Сөз қадірін білетін Жетісу биыл тілге арнап зәулім сарай салды. Баяғы билеушілер алдымен салтанатты ғимарат тұрғызатын. Сол сарай биліктің үйіне де, үніне де айналатын. Ол үйге сарай ақындары жиналатын. Яғни Тіл сарайға қызмет ететін. Ал Жетісу жалпақ әлемді таңғалдырып, тілге қызмет ететін сарай салды. Кейде бесікте, кейде есікте жүрген Тіл сарайға кірді. Сарайың құтты болсын, сені сайрататын болсын, қайран тілім! Елбасы Арқа төсінен қала салса, Серік ағам тілге арнап сарай соқты. Тілдің тұтқасы да, топсасы да бар еді. Томағасы да, топшысы да бар еді. Иесі де, киесі де бар еді. Жоқшысы да, жанашыры да бар еді. Берекесі де, мерекесі де бар еді. Бірақ сарайы жоқ еді. Енді, міне, соған да ие болды. Тілмен бірге еліміздегі ең таңдаулы тіл басқармасы мен ең тәуір тіл үйрету орталығы жаңа ғимаратқа көшті. Кеше ғана Тіл сарайына Елбасы келді. Тіл әрі сарайланып, әрі арайланып сала берді. Тіліміз енді ылғи да осындай мерекелік көңіл-күйден арылмасын деп тілейік». Осылайша тебірене толғап, жұрт­шылықты аузына қаратқан Бауыржан Омаров бұдан кейінгі кезекте мемлекеттік тілдің қазіргі жағдайына жан-жақты шолу жасады. Халықаралық тәжірибеден де жарқын мысалдар келтіре отырып, бағдарламаның басты мақсаттары мен міндеттеріне кезек берді. Бағдарламаның мемлекеттік тілді ұлт бірлігінің басты факторы ретінде қарап, оның қолдану аясын кеңейтуге қызмет ететіндігін, сонымен бірге дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың негізгі күш-қуатына айналуы керектігін айтып өтті. Соған орай Қазақстан халқының лингвисткалық капиталын дамыту мәселесінің алға шығатындығын, бағдарлама жүзеге асса, мемлекеттік тілдің бағы жанып, жолы ашылатындығын айрықша атады. Бұдан кейінгі кезекте сөз кезегін алған Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы тәңірбер­ген Қасымберкебаев мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мақсатында Жетісу жерінде атқарылып жатқан жұмыстар жа­йында баяндады. Басқа өлкелердің бірінде жоқ теңдессіз Тіл сарайы салынған облыс­та атқарылған жұмыстар аз емес. Барлық аудандар мен қалаларда мемлекеттік тілді оқыту орталықтары жұмыс істейді. Аталған орталықтарда қазақ тілін үйренгендердің арасында мемлекеттік тілдің мерейін тасытып, мәртебесін асырып жүргендері де аз емес. Басқарма бастығы қол жеткен же­тістіктерді айта келіп, жекелеген кем­шіліктердің де барлығын мойындады. Маңызды мәселені талқылауға қа­тысқандардың арасында тұшымды ой айт­қандар көп болды. Бұл орайда ең алдымен бауырлас ұлттар өкілдері белсенділіктерімен ерекшеленді. Мәселен, Алматы облыстық «Огни Алатау» газеті бас редакторының орынбасары Атсалим Идигов пен Қаратал аудандық мемлекеттік мекемелер және агроөнеркәсіптік кешені қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Ғабдул-Сәбит Юсуповтың жүрекжарды сөздері мен батыл ұсыныстары сезім пернесін дәл басқандай болды. Мемлекеттік тілге қатысты ойларын қазақ тілінде майын тамызып жеткізген Талдықорған қалалық жер қатынастары бөлімінің заңгер маманы Александр Чистов пен Алматы облыстық ІІД қызметкері Лаура Измайловалардың облыста қазақ тілін үйрену үшін барлық жағдайдың жасалғаны, ендігі жерде ынта мен ықылас қажеттігі туралы айтқандары да көпшілік көңілінен шықты. Алқалы жиынды Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы қорытындылады. Бауыржан Жұмаханұлы бағдарлама жобасы жарияланған шілде айынан бері оны талқылаудың бірнеше облыс­та жүргізілгенін, соның ішінде Алматы облысындағы басқосудың ерекше болғанын атап өте келіп, ортаға салынған тым өткір, бір мезгілде өзекті пікірлер мен ұсыныстарға қатысты байыпты ойын ортаға салды. Сөз түйінінде айтылған ұсыныстардың назарға алынатындығын, бұл бағыттағы ой-пікірлерді облыстық Тілдерді дамыту басқармасы арқылы комитетке жіберуге болатындығын ескертті. Болат Абаған

4222 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8757

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7059

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4803

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4189

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4151

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4112

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3842

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3842

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы