• Қоғам
  • 15 Ақпан, 2018

Ар мен ұждан

Қазақтың дәстүрлі танымындағы адами құндылықтар

Адами қасиеттер – халықтың өмірінде, әдет-ғұрпында, дүниетанымында ерекше орын алатын қасиеттер. Олар ғасырлар бойы жалғасып келеді. Қай кезде де, қай заманда да адамға тән адалдық, бауырмалдық, жанашырлық, азаматтық, қарапайымдылық тәрізді асыл қасиеттер жоғары бағаланды. Жақсылық пен жамандық, ақ пен қараның арасында мәңгілік күрестің жүріп жататыны сияқты адамдық қасиеттердің мәнін солғындатып, көлеңке түсіретін жағдайлар да бұл өмірде болып жатады. «Сөзтанымның» бүгінгі шығарылымында біз қазақтың дүниетанымындағы адами құндылықтар жайында айтамыз. Қазақ халқы жас ұрпақты адамгершілікке, адалдыққа, абыройлы болуға, әдептілікке қалай тәрбиелеген? Осы жөнінде әңгіме қозғаймыз. 

Қазақ – табиғатында кеңдікті, дарқан­дықты жақсы көретін халық. Сон­дықтан ұлымыздың қанындағы адами құндылықтар, барлық қасиеттер кең болу, жомарттық, адалдық, ар, намыс, ұят, адамгершілік, абырой, тәрбие ұғымдарымен астасып жатыр. «Кең болсаң, кем болмайсың», «Біреудің ала жібін аттама», «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы», «Жарлы болсаң да, арлы бол», «Өлімнен ұят күшті», «Қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтер», «Ел болам десең, бесігіңді түзе» және т.б. мақал-мәтелдерді, даналық сөздерді құлағына құйып өсетін қазақ философиясы аталмыш адами құндылықтарды жоғары қояды. Әсіресе ұят, абырой, адамгершілік намыс ұғымдарының тілдегі бейнеленуі, лингвофилософиялық көрінісі кең әрі жан-жақты талдауды қажет етеді. Себебі сөз арқылы, сөздің астарымен мәні зор ұғымдарды жеткізудің шебері атанған қазақ халқының тілмен тәрбиелеу құдіреті күшті. Сондықтан қазақтың әрбір даналық сөзінде үлкен тарихи оқиға, философиялық терең ой, ұлттық тәрбие негізі жатыр. Қазақ қоғамдастығында қалыптасқан адамгершілік ұғымдары жалпыадамзаттың құндылықтарымен үндеседі. «Әсіресе жас ұрпақтарды адамгерші­лік­ке тән құндылықтарға сөзбен былайша тәрбиелейді: – елді, жұртты сыйлау (көпті жаман­даған көмусіз қалады, елді жамандаған елеусіз қалады, т.б.); – ананы, қызды ардақтау (ананың ақ сүті, Меккеге жеті рет арқалап апарсаң да, анаңның алдындағы парызың өтелмейді; Қызды сөкпе, тұзды төкпе); – қарттарды құрметтеу (ақ сақалды, сары тісті бол; кәрілікке жет; ауылыңда қартың болса, жазып қойған хатпен тең, т.б.); – ұжымшыл болу (жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас, у ішсең руыңмен), досқа адалдық, көршімен сыйластыққа, т.б. тәрбиелеудің, яғни әлеу­мет­тендірудің негізі болды» («Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi», энцик­лопедия, 1-том). Ұят – ең қадірлі қасиет. Адамзат бойын­да табиғи берілетін ұлы құндылық. Ұят – жасаған әрекетіңнің жөнсіздігін түсінушілік. Намысқа кір келтірушілік, моральдық рухтың асқақтығын қорлау – масқара болушылық. Қазақта «Өлімнен ұят күшті», «Ақылың болса арыңды сақта: ар-ұят керек әр уақытта», «Еңбек — өмірді ұзартады, ұят — бетті қызартады», «Бар барын жейді, ұятсыз арын жейді» деген мақалдар қазіргі уақытта жиі қолданылады. Бала тәрбиесінде де, отбасында да осындай тілдік құндылықтар арқылы ұлттық болмысымызды дұрыс сақтауға тырысып келеміз. Ұят туралы ұлыларымыз да айтып кеткен. Хакім Абай атамыз отыз алтыншы қара сөзінде: «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» деген. Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Мен ұят деген сөзді өте жоғары бағалаймын. Ұят дегенді ұлы күш деп ойлаймын. Адам­шы­лықтың, адалдықтың, уәдешіліктің, тұрақтылықтың, тазалықтың түп қа­зығы – ұят деп білемін. Ұяты жоқтан үміт күтпеймін. Ұры-қары, қарақшы, қаныпезерлер ұяты жоқтан шығады. Ұят – ең қымбат қасиет, ұяттыда иман бар» деп дәйектеп көрсеткен болатын. Махмұд Қашқари «Ұяты бармен – ұрыс, Ұятсызбен – ұстаспа» десе, Жүсіп Баласағұн «Бар бәледен ұят сақтайды. Барлық жақсы істің байламы да ұятта», «Ұят – жаман ойдың жүгені», «Пәле-жала жолын ұят кеседі, Ұятсыздық-ердің емсіз кеселі. Ашық мінез, пәктік, ұят серік боп, Жарасады қуанышқа көрік боп. Адал ар мен ақ көңіл де еленер – екі жалған бақытына бөленер» деп даналық айтқан еді. С.Сараи «Ұятсыз адам иттен де жаман» деп теңеген болатын. Ә.Науаи «Опасызда ұят жоқ, Ұятсызда опа жоқ» деген еді. Шынында, ұяты мол адам жамандыққа бармайды. Себебі оның бойына ізгілік қасиет ұялаған. Ертеректе, «ұят болады» деген ырым-тыйымдармен жас ұрпақты әдепсіз қылықтардан аулақ болу үшін тәрбиелеп отырғаны да белгілі. Қазақы дәстүріміздегі әрбір жосын-жоралғы, тыйымдардың дұрыс орындалуының өзі ұят пен адалдықтың өлшемі болған. Опасыздық, дөрекілік, қастандық жасалғаны үшін ұялған жалпыадамзаттық болмысқа тән шығар. Ал қазақ үшін ұяттың шегі тым кең. Қазақ гигиеналық, дәстүрлік, сыйластық, ағайын-туыс арасындағы қарым-қатынас ретінің нормаларын «ұят болады», «әдепсіздік» деген түсінікпен тәрбиелеп отырған. Мысалы, қонаққа қоғамдағы әлеумет­тік мәртебесіне сай, өзіне тиісті жілік мүшесін тартпау немесе шатастырып, ауыстырып жіберу ұят саналған және адамды қорлаудың белгісі болып саналады. Мұндай жаңылыс қонақтардың өкпе-ренішінің тууына әкеліп соғатын. Сондай-ақ қазақта ас беруге қанша халық келсе де, олардың ешқайсысы ас беру барысында тамақтың тапшылығын сезбеуі тиіс. Бұл дәстүрлі ортада бұлжымас қағида болып орныққан. Қонақты күту, сыйлау көбінесе әйел адамға қатысты болады. Сондықтан қазақ әйелдері қонақты сыйлау, күту мәселесін терең меңгерген және оны бала тәрбиесінде қатаң ұстанады, егер үйде ата-анасы болмаған жағдайда баласы келген қонақты үйге кіргізіп, қонаққа шай береді. Қазақтар арасында келген қонақты үйге кіргізбей сырттан қайтару ұят болып есептелініп, ата-анасына сын болған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық даналығында отбасында алған тәрбиенің кез келген уақытта көрініс табатындығын меңзейді. Сондай-ақ әйел адам қонақ келген кезде бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі, қонақ отырғанда баласына ұрыспайды немесе дауысын көтеріп сөйлемейді. «Қонағын сүймеген, баласын ұрады не үйін сы­пырады» деген мақал осыған қатысты айтылған. Кісілік – адам бойындағы жақсы ­қа­сиеттердің жиынтығы. Ол – адамгерші­ліктің қалыптасқан міндетті түрі. Адам болу физиологиялық, психологиялық құбылысқа байланысты болса, ал кісі болудың алғышарты – кішіпейілділік, яғни үлкен адамның беделі кішіпейілділікпен, парасаттылықпен, салиқалылықпен, саналылықпен баянды болу қажет. Нағыз кісі болу үшін үлкен адамның өнегелік қасиеттері болу керек. Біз ұрпағымызға өзіміз өнеге көрсету арқылы нағыз кісілікті үйретеміз. «Үлкейсең үлгі көрсет, өссең өнеге көрсет» деп халқымыз кісілік парызын жоғары қояды. Кісілік тәрбиесі де «кішілік – кісілікке апаратын даңғыл жол» деген халық даналығынан басталады. Одан соң ұрпақтарға: «кең болсаң кем болмайсың», «ұлық болсаң – кішік бол» деп кішіпейіл, кешірімділік сияқты тамаша кісілік қасиет қалыптастырып, кекшіл болмай көпшіл болуға, кешірерде кешірім сұрай да білетін жақсы азамат болып жетілуге тәрбиелейді. Жамандық істегендерге қолдан келгенше жақсылық жасап тату-тәтті береке-бірлігі жарасқан жақсы өмір салтын орнатуды дәріптейді. Ар-намыс – адам мінез-құлқының көркі. Адамды адам қалпында ұстап тұратын алтын діңгек деп есептеп бүкіл тәлім-тәрбие, қоғамдық қарым-қатынаста ар-намысты, адамгершілікті сақтауды дәріптейді. Дәстүрлі қазақы ортада «ата-баба жолының» қағидаларын берік ұстану кісіліктің ең басты кепілі болды. Ар – азаматтың немесе заңды тұлғаның қоғамдағы қатынасын анықтайтын және  жеке тұлғаға берілетін әділ баға, бұл моральдік және тағы да басқа қасиеттеріне берілетін әлеуметтік баға. Ар – адамның адамгершілік қасиетін бейнелейтін басқа категориялар және ұғымдармен өзара себеп-салдарлық байланыстағы, яғни құрылым жағынан күрделі этикалық категория. Мазмұны мен қолданыс аясы адамаралық немесе адам және объект арасындағы, басқаша айтқанда, субъектаралық және субъект-объектаралық қатынастардың ахуалдық сипатына байланысты нақтыланып отырады. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп келетін белгілі фразеологизм қазақы ортада ар категориясы кісіліктің ең биік моральдық-этикалық өлшемі болғандығын айғақтайды. Ар ауқымдылығы соншалықты көбінесе ұят, намыс және адамгершіліктің нормалары мен принциптерінің бірыңғай семантикалық баламасы ретінде де қолданыла береді. Сонымен қатар ар ауыс­палы «арнайы» мағынада да қолданылды. Мысалы, ар ұяттың немесе кісіліктің баламасы ретінде жүрді деген сияқты. Ұлттық рухани құндылықтардың бірі – абырой. Қазақта абырой сөзі кең мағынасында – ар-ұят, бедел, құрмет, қадір-қасиет ұғымдарының жиынтық мазмұнын білдіреді, тар мағынасында – сәттілік, істің көңілдегідей, ойдағыдай шығуы, тиімділік ұғымдарының баламасы ретінде қолданылады. Абыройдың ауызекі тілдегі «әбүйір» тұлғасы көбіне осы соңғы мәндерін білдіреді. Абырой философияда моральдық ұғым, этикалық категория тұрғысынан қарастырылады. Абырой –  адам бойындағы ең асыл құндылықтардың бірі; кісілік, адамгершіліктің тірегі. Қорыта келгенде, қазақтың философия­лық ұғымдары адамды даналыққа, өнегелі болуға, сыйластыққа, кішіпейілділік пен қарапайымдылыққа, қамқор болуға, жанашыр болуға, шынайы, адал болуға, намысшыл, қайсар болуға, әділ болуға тәрбиелейді. Халық ауыз әдебиетінде сақталған адами құндылықтардың кереметтілігі қазақтың рухани философиясын бесік жырынан бастап, адамды о дүниеге аттандыру ғұрпына дейін әрбір жырына, әрбір дәстүріне, әрбір ырымына, әрбір даналық сөзіне жақсылыққа баулу мүддесімен сіңген. Сондықтан қазақтың танымы – фило­софиялық таным. Қазақтың сөзі – дана сөз.

Адалдық ұғымы

Адалдық – адам бойындағы таза ниет, бағалы қасиет, адамның сана-сезімі мен ар-ұжданына қайшы келмейтін әрекеттердің моральдық-этикалық жиынтығы. Қазақ пайымында адам бойында адалдық, пәктік, ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді қасиеттердің қалыптасқан нормаға сай болуы керек. Көшпелі қазақтардың адамгершілік, адалдық қасиеттері тұрғысынан кіршіксіз таза, мәрт болатындығы туралы шетелдік саяхатшылардың жол жазбалары мен күнделіктерінде көп айтылады.

Қазақтың адалдық жайында өзіндік пайым-түсінігі туралы ұлы Абай: «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлі қазақтың әулиесі сол» дейді. Адамгершілік ұжымдық ортада бойына сіңірген тәрбиесіне, біліміне, адал еңбектенуге байланысты қалыптасып, адамның жеке басы мен моральдық тұлғасын сипаттайды. Шәкәрім қажы адалдық турасында: Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи, Ғибадат пен пен адалдық ар үшін жи, – деп бақыттың өзі адалдыққа негізделетінін айта келіп, адалдықтың ар біліміне қатысына да ерекше көңіл бөледі. Адалдық қорғау қажетті­гін, ол үшін адам бойындағы асыл қасиеттердің бірлікте болуын ашып көрсетеді. Тіліміздегі «Адалдық үшін арыдым деме». «Адалдық — ардың ісі, ауырды көтеру – нардың ісі». «Ала жіпті аттамағанның абыройы биік». «Асылдың бірі — адалдық». «Адалдық жүрген жерде, адамдық жүреді». «Адал істің әулие-пірі бар». «Адалдың арқаны ұзын». «Арамнан алған түйеден, адалдан алған түйме артық». «Адалдық аздырмас, арамдық бойды жаздырмас». «Арам, арам түбі – реніш, адал, адал түбі – кеніш». «Арамдықты адалдық жеңеді, жамандықты адамдық жеңеді» деген сөз қолданыстар адал істің аты тек жақсылық екенін мойындағанмен тең. Қазақ дүниетанымында адал дүниелер, адалдық түсінігі ғұрыптық жосын-жоралғыларда терең сақталған. Мысалы, «Ақ сөйле, атым!» – отау көтерген кезде ақ, пәк мәрттік үшін деп айтылатын дағдылы сөз. Оның адалдық, тазалық, отбасы бірлігін меңзейтін серт үшін айтылатын магиялық мәні бар. Осы жерде «атым» сөзі айтушы адам өзінің пәктігін, ақтығын айғақтау үшін өзін өзі сертке байлағандығын бейнелейді. Баланы қырқынан шығарарда шомылдыратын ыдыстың түбіне күміс жүзік, күміс білезік, күміс сөлкебай сияқты заттар салып, 40 қасық таза су құяды. Қазақ ұғымында күміс – адалдықтың белгісі, күміс салынған су – ең таза су (арам су, уланған ас құйылса күміс ыдыс қараяды) боп есеп­­телінеді және оған жын-шайтан жоламайды. Фольклорлық деректерде аспанға сабақпен оқ ату арқылы адамның кiнәсiн анықтау және жазалау салты жиi айтылады. Бұл салт бойынша адамның адалдығын тексеру мақ­са­тымен оған аспанға сабақпен оқ атқызады, егер адам өтiрiк айтқан болса оқ оның төбесiне түседi деп сенген, егер оқ оның жанына түссе онда оның адалдығының дәлелi деп санаған. Қазақ қоғамында тағамға пайдаланылатын етті адал немесе арам деп бөледі. Бұл жануарлардың шөп жей­тіндері мен ет жейтіндеріне қатысты ажы­ратылған. Шөп жейтіндер адал жануарлар, ет жейтіндер жырт­қыш аңдар болғандықтан арам деп танылған. Қазақта «адал жар», «адал мал», «адал құс», «адал ит», «адал іс», «адал кәсіп» тіркестерінің өзі таза ұғымымен ұш­та­сып жатыр. Рухани таза, «шынайы берілген» деген мағыналарды білдіреді. Адами құндылықтардың бірі – ­намыс. Намыс адамның жан дүниесі мен Отанының, отбасының, ұлтының, қоршаған орта мен қоғамының мәнін сезінуімен оянып, соның амандығы мен бүтіндігі үшін күресінен көрініс табады. Өзін-өзі танудан бастау алған адамның рухани ізденісі оның қоршаған ортасын меңгеруіне ұласады. Намыстың тағы бір көрінісі – қоғамдағы өз орнын белгілегеннен кейінгі қауым алдындағы өзінің адам­дық борышы, халқына еңбек ету бағытындағы адамның отансүй­гіштік сезімі. Бұл оның ұлттық құн­ды­лықтарын түйсінуінен, туған халқымен етенелігін сезініп, оның рухани мұраларына деген риясыз ықыласынан және туған елін қорғауға ұмтылысынан байқалады. Сондай-ақ отбасының мұң-мұқтажын қамтамасыз ету және оны қорғаумен байланыс­ты намыс тағы да көрініс береді. Адам өзі қымбат деп білген нәрсесін неғұрлым қастерлеп, құрметтесе және оған сүйіспеншілік сезіммен қараса – бұл намыстың белгісі. Демек, ­намыс адамға тән асыл ізгі махаббат сезімімен тығыз байланысты. Махаббат намыстың сезімдік қайнары болса, намыс махаббаттың құндылықтық мәні, әрекеттік қыры. намыс адамның жігерін жанып, ерлік пен тәуекелге жетелейтін, табандылығын арттырып, қажыр-қайрат беретін қуат. Намыс жайлы Мұхаммед пайғамбар(с.ғ.с.) хадисінде былай делінеді: «Ер жігіттің үш намысы бар: бірі – иманы, екіншісі – Отаны, үшіншісі – отбасы, өзгесі жалған намыс». Яғни баянсыз нәрселер үшін бәсекеге түсу намыстың белгісі емес. Ал адам қадір-қасиеті мәлім нәрселерді сыртқы жаудан қорғаумен қатар, ішкі жаудан яғни адамның өз бойындағы ішкі кеселдерінен қорғауының да маңызы зор және бұған өте көп күш-қайратын жұмсауға тура келеді. Намыс деңгейі адамның өз бойындағы нәпсіқұмарлық, қиянатшылдықпен күресінен де көрінеді. Себебі жоғарыда аталған құндылықтарға сыртқы дұшпанның жаулығынан гөрі адамның рухани азғындауымен ұштас қандай да бір қадірлі нәрсенің қасиетін жоятын нәпсіқұмарлықтың жаулығы басым. Қазақ дүниетанымында намыс ұғымы адамға тән ұлы қасиеттерді қорғау, құрметтеу, өзгелерді де солай қадірлеуін талап ететін рухани күш ретінде түсініледі. Мысалы, «Ер — намысының құлы». «Шөлдің қамысы болмайды, жаманның намысы болмайды». «Жігітке жар қымбат, намыс пен ар қымбат» және т.б. Қазақы дүниетанымда қалып­тасып, ұлттық санаға сіңген түсінік бойынша ер жігіттің ел-жұрты ал­дындағы намысы әр кез жоғары тұрды. Өйткені қазақта қашанда намысты жігіт әр кез қандай жағдай болмасын алдымен өзінің бағып-қаққан әке-шешесінің, сосын өзі туып өскен жерінің, ел-жұртының, халқының ­намысын жоғары қойды.

«Ат-шапан айып» дегеніміз не?

Ата-бабадан мирас болып келе жатқан қағидаларды сақтамау және оларды өрескел бұзу қатаң жазалауға ұшыратып отырды. Тарихи және тарихи-этнографиялық сан алуан мәліметтер, әсіресе кісі өлтіру, зинақорлық жасау, ауылдың, әрісі рудың, тайпаның, елдің сыйлы немесе үлкен адамдарын қорлау, біреудің малын ұрлау, зорлықпен алып кету, я болмаса нақақ барымталау «елдің (рудың) сүйегіне түскен таңба» ретінде бағаланып, күнәлілер ауыр жазаларға кесілгендігін дәлелдейді. Тіпті кінәлілер «іштен шыққан жау жаман» қағидасы бойынша күнәһар деп танылып, өлім жазасына кесіліп немесе елден (рудан) аластатылып отырған. Ал қазақ қауымында адамның ел-жұрттан (рудан) аластатылуы, тіпті өлім жазасынан да әсері күшті масқара жайт ретінде қабылданды. Көшпелі ортада «өлімнен ұят күшті» деп осындай жайттарға байланыс­ты айтылса керек.

Керегеге таңу – айыпты болған адамды керегеге байлау. Керегеге таңу – құқықтық жазаның бұрынғы заманда жиі қолданылған түрі. Билер, ақсақалдар шешімі шыққанға дейін жазаланатын адамды киіз үйдің керегесіне аяқ-қолын байлап, таңып тастайды. Абайдың өлеңінде: Арсыз адам арсаңдап, арсылдайды, Әр жерде керегеге таңылса да, – деген жолдар осы жайтқа байланысты айтылса керек. Ал ант, уәде, серт беру үрдісінде имандай шыны, имандай сену сияқты тұрақты сөз тіркестері қолданылады. Құдайдан қорықпай, ар-ұяттан аттап кеткен адамға қарата – иманын ұмытты, иманнан безді, иманнан аттады, имансыз деген сияқты назалы сөз қолданады. «Ұят кімде болса, иман сонда», «иман кеткен жерден ұят кетеді», «имандының беті жарық, имансыздың беті – көншарық», «иман екі дүниеге де керек», «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген мақал-мәтелдер, сенімді адам туралы «аузында иманы бар», «иманжүзді», ал керісінше сенімсіз, ұятсыз адам туралы «имансыз» деген қазақтың сөздері осының дәлеліне жүре алады. Нығмет – адам баласына Алла тағаладан берілген барлық игілік, рақымшылық пен бақыт, иманның өзі де бір қарағанда адамның қолындағы дүние сияқты көрінгенмен, о баста Алладан адамға берілген рухани нығмет. Иманды да Алла адамға бұйырғанымен, оның сақталуы, бұзылмай, кемімей, артып отыруы адамның қолында деп, иманды ұлы нығметтердің бірегейі ретінде сақтауға зор мән берген. Жерге қаратты – этикалық мәнді метафоралық атау. Бұл ұғым жақынының жасаған жағымсыз әрекетінен туысқандарының ұятқа қалып, ел бетіне қарай алмай қалуы жайын білдіреді. Сондықтан жерге қаратты ­деген сияқты т.б. осы тәрізді мағынада қолданылатын этноинъек­­тивалар жоғары-төмен, биік-аласа, ақ-қара, жақсы-жаман сияқты дуалистік ілімге сай жұртшылық алдындағы жауапкершілікті сезінуінің психологиялық жай-күйі. Ұятсыз қылықтар жасағаны үшін қазақта қатаң жазалау амалдары болғаны да белгілі. Мысалы: Есекке теріс мінгізу – моральдық-этикалық нормаларды бұзған адамды жазалаудың дәстүрлі ортада қолданылған түрі. Мұндай жазалаудың түрін ар жазасы немесе масқаралау деп атаған. Ата-анасына тіл тигізген, ерсі іс істеп елге ұят келтірген, сүйекке таңба түсірген ұлды немесе қызды көк есекке теріс қаратып мінгізіп, бетіне күйе жағып, есектің бауырының астынан арқан өткізіп аяқтарын қосарлап байлап, мойнына құрым іліп, ауыл, үй аралатып мазақ етеді. Осылайша әбден қорлап, бетіне түкіріп, етегін кесіп елден шығарып жібереді. Бұл жаза түрі дәстүрлі ортада тәрбие құралы ретінде де маңызды рөл атқарған. Жазалаудың бұл түрін кей жерде қара сиырға теріс мінгізу деп те айтады. Бетке салық, сүйекке таңба – салтқа, жөн-жосыққа қатысты императивті этикалық нормалардың бұзылуымен байланысты тұтас бір әулеттің, тіпті рудың ар-намысына дақ түсіретін жағымсыз әрекеттің атауы. Ел ішінде қатаң сақталатын дәстүрді аттаған адамның жүзі қара есептелгендіктен ортадан аластаған белгісі ретінде етегін кесіп, елден қуу, бас құйқасын маңдайдан желкеге, оң самайдан сол самайға қарай қасқалап тілу (қасқалдақтау) сияқты әртүрлі масқаралау әрекеттері жасалған. Ат-шапан айып – дәстүрлі әдет-ғұрып заңында жәбірленуші, жапа шегушіге айыпты деп танылған жақтан мал-мүлік (материалдық) түрінде төленетін кең тараған айып түрлерінің бірі. Айып көбінесе біреудің ар-намысына тіл тигізу, қалыптасқан моральдық-этикалық және құқықтық нормаларды өрескел бұзғандығы үшін айыпкерден алынады.

Сөз сыры

Әдептілік – адам көркі

Қазақы дәстүрлі ортада тұрақтанып қалыптасқан моралдық нормалар мен ережелерден туындайтын қауым мүшелерінің мінез-құлқына қойылатын этикалық талапты әдеп-иба деп атайды. Ол бағзыдағы адамдардың дүниетанымдық пайымдаулары мен дәстүрлі ортадағы рухани, моральдық құндылықтарынан туындап, тарихи-мәдени даму барысында орныққан қоғам мүшелері арасындағы (түрлі деңгейдегі – жеке адам, ата, ру, қауым, этнос) қатынас нормаларын реттеу қызметін атқарады, яғни тіршілік қамы мәдениетінде өзіндік реттеуші «тетік» ретінде қарастырылады. Қазақы түсінікте әдеп-иба сақтау адамның жеке басының моральдық қасиеттерін таныта білуі ғана емес, оның қоғамдағы орнын, абыройы мен беделінің көрінісі. Әсіресе әдептілік, ибалық қасиет қазақ әйелінің, жастардың табиғатына тән, олардың санасында берік қалыптасуы, оның ізгі, яғни жағымды деп қабылданған дәстүрлі құндылықтарға сай болуы талап етіледі. Қазақ әйелдері үлкеннің алдын кесіп өтпеу, дауыс көтеріп сөйлемеу, қайын жұртындағы үлкен әрі сыйлы адамдардың атын атамау, ат тергеу сияқты әдептілікке қатысты ережелерді қатаң сақтаған.

Пайдаланылған әдебиеттер: 1. Нысанбаев Ә Қазақ философиясының рухани бастаулары //Егемен Қазақстан. 17 шілде 2013ж; 2.Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi. Энциклопедия. 1-том. – Алматы: DPS, 2011. – 738 бет. 3.Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi. Энциклопедия. 2-том. – Алматы: DPS, 2011; 4.Бабалар сөзi: Көп томдық / М.О. Әуезов атын. әдебиет және өнер ин-ты; - Астана: Фолиант, 2002

Бетті дайындаған Айгүл Әмірбекова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымының кандидаты

33686 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы