• Тіл
  • 26 Тамыз, 2010

Ұлт бірлігін нығайтудың кепілі Атырауда Тіл бағдарламасының жобасы талқыланды

Өткен аптада Атырау әкімдігінде Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылаған жиналыс өтті. Мәжілісті ашып, жүргізген облыс әкімінің орынбасары С.Аманғалиев бұл шара шілденің 26-сы күні Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің қатысуымен Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылаған кеңейтілген мәжілістің аймақтардағы жалғасы екендігін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Мә­де­ниет министрлігі Тіл коми­те­тінің төрағасы Бауыржан Омаров: – Атырау – ұлт тілінің ұя салған жері. Жайықтың жағасын жайлаған жүректі жұрт жырдың да тілін ұға алған, күйдің де тілін таба алған, – деп, осы өлкеден шығып, еліміздің даңқын асырған атақты ақын-жазушылардың есімдерін кестелі сөзбен термелеп, жиналғандарды бір серпілтіп тас­тады. – Бұл Мемлекеттік бағдарламаны жасау – Елбасымыздың Үкіметке берген тікелей тапсырмасы. Тапсырманы орындау мақсатында жыл басында құрамына тілші-ғалымдар, қоғам қайраткерлері, тіл жанашырлары енгізілген, жетпіс адамнан тұратын жұмыс тобы құрылды. Сондай-ақ Министрлік құрамында да жұмыс тобы құрылып, оған мемлекеттік тілмен бірге шет тілдерді де жетік меңгерген мамандар тартылды. Жобада 30-дан астам шетелдің тәжірибесі зерделенді, – деді ол. Бауыржан Омаров мұның алдындағы бағдарламаны былайша сипаттады: Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған бағдарламасын іске асырудың өткен онжылдық кезеңінде де бірқатар нәтижелерге қол жеткізілді. Солтүстіктегі тілдік орта едәуір қазақыланды. Ше­неуніктер кәдімгідей сөз саптай алатын болды. Өзге ұлт өкілдері тіл игеруге барынша ықылас танытты. Қазақ мектептері мен балабақшалардың саны көбейді. Тележурналистикаға қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт жастары көптеп келді. Қазақша құжаттама тілі қалыптасты. Екі тілде, кейбірі үш тілде сөйлеп, жаза алатын жастар мемлекеттік қызметте де, бұқаралық ақпарат құралдарында да жиі бой көрсете бастады. Мемлекеттік бағдарламаның басты стра­тегиялық мақсаты – Қазақстанда тұ­ратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қызметін қамтамасыз ететін үйлесімді тілдік саясат қалыптастырудан келіп, 4 мақсат туындайтынына тоқталған Тіл комитетінің төрағасы әрбір мақсатқа жан-жақты тоқталды. Талқылайтынымыз — тілдің тағдыры. Ал тіл тағдыры елдің болашағын бедерлейді. Тіл бірлікке жеткізеді. Бірлік береке мен ырыс­қа жеткізеді. Тілегіміз — ырыс болса, тірлігіміз дұрыс болса, тіліміздің де түтіні түзу ұшатыны анық. Қариясы көшелі, несібесі еселі, тілінің бағы бес елі өрісті өлкеден терең талқы, орамды ой, ұтымды ұсыныс күтеміз, – деп аяқтады сөзін Б.Омаров. Сонан кейін Атырау өлкесінде тіл саласында жасалып жатқан жұмыстар және жаңа бағдарлама жөнінде облыстық Тіл басқармасының бастығы Г.Сабирова сөйледі. – Тілдерді қолдану мен дамыту бағдарламасының жобасы облысымызда үлкен қоғамдық серпіліс туғызып, жер-жерде талқыланып жатыр. Қала, аудандарда жұртшылықтың қатысуымен осы бағытта жиындар болып өтті. Тұтастай алғанда, жұртшылық тарапынан жобаға қолдау бар. Өздеріңіз білесіздер, қазір 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аяқталып келеді. Нәтижесі бар. Өзімізге пір тұтып, мақтаныш етіп жүрген небір жыр жебелері мен сөз өнері зергерлері шыққан қасиетті өңіріміздің өзінде тілдік ахуал 2000 жылдары 20-30 пайыздан аспаған болса, бүгінгі күні көп өзгерді және бұл өзгерістер негізінен қазақ тілінің позициясын нығайтуға әсер етті. Айта кетсек, жалпы басқару жүйесі облыста толықтай мемлекеттік тілге көшті. Білім беру, мәдениет саласында қазақ тілі кең қанат жайды. Ақпараттық кеңістік қазақшаланып келеді. Бұрындары қазақша тіл қатсаң, орысша жауап беретін халыққа қызмет көрсету саласы да өз тілінде сөйлеуді дағдыға айналдыруда. Ономастика саласында елді мекендер негізінен қазақи, ел тарихынан сыр шертетін атауларды, ұлы тұлғалардың есімдерін иемденді. Бұл жерде облыс басшылығының позициясын ерекше айтып кету керек. Тілдік ортаны дамыту, соның ішінде мемлекеттік тілге қолдау көрсету үрдісі соңғы 3-4 жылда тың серпін алды. Нәтижесінде құжат айналымы мемлекеттік органдарда 98-99% мемлекеттік тілде жүргізілуде. Облыс басшылығының қатаң талап қойып, қадағалауының арқасында осындай өзгерістер болды. Жаңа бағдарлама осы бағыттағы жұ­мыстарды бұрынғыдан қарқынды жүргізуге мүмкіндік береді деп есептейміз. Әрине, Атыраудағы тілдік ахуалдың жалпы­рес­публикалық жағдайдан ерекшелігі бар. Мысалы, кейбір аймақтарда, орталық атқарушы органдардағы сияқты мемлекеттік тілдің басқару жүйесінде қолданылу деңгейін арттыру дейтін проблема бізде жоқ. Қазір біз үшін басымдылық – өндіріс және халыққа қызмет көрсету, қаржы саласында қазақ тілінің толық қолданылуын қамтамасыз етуді жетілдіру. Қазақша мектеп, балабақша жоқ немесе жетпейді деген мәселе де аса өзекті емес. Соңғы жылдары салынып жатқан осындай мекемелердің барлығы дерлік қазақ тілінде оқытып, тәрбие береді. Тек осы үдерістің сапасын арттыруды қадағалауымыз керек. Жалпы, облысымызда қолайлы тілдік орта бар. Бағдарлама қазақ тілін мең­гергендердің үлесін қазіргі 60%-дан 2020 жылы 95%-ға жеткізуді жоспарласа, Атырауда бұл көрсеткіш бүгіннің өзінде көрініс беруде. Сондықтан жобадағы межеге жетуге өңірде әбден мүмкіндік бар, – деді Г.Сабирова. Жалпы, тілді оқыту мұғалімдердің ен­шісінде екені белгілі. Соған орай бағдарлама жобасы туралы облыстық мұғалімдер бі­ліктілігін арттыру және қайта даярлау инс­титутының директоры Н.Сәрсенованың пікірлері де көпшіліктің көңілінен шықты. – Қазақ тілін тек оқыту бағдарламасы­ның тілі емес, ақпарат пен білім алудың тіліне айналдыру қажет. Ал мұғалім сабақты кітаптан бас көтермей, алдындағыны оқып берсе, пән оқушылардың қызығушылығын тудырмасы анық. Облыс көлемінде жалпы білім беретін орта мектептерде тілді үйрету деңгейін көтеру үшін жақсы ұстаздар қажет. Орыс сыныптарындағы қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдердің 50 пайызына дерлігі – орыс мектептеріндегі орыс тілінің мамандары. Білгір тіл мамандары аударма ісімен жеке фирмалар мен кәсіпорындарда жүр. Жақсы ұстаз мектепке келу үшін еңбекақыны көбейту қажет деп ойлаймын, – деді ол. Мәжіліс барысында Атырау мемлекеттік университетінің профессоры Қ.Жүсіп, «Қазақтелеком» АҚ АОТД аудармашысы А.Әміржанұлы, «Атырау» газетінің бас редакторы Н.Қабылов, «Вайнах» шешен-ингуш ҰМО төрағасы С.Акаев, т.б. жаңа жоба туралы өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Ұсыныстардың түйіні мынадай: Мұ­ғалімдердің еңбек жалақысын өсіру, мектепте қазақ тілін топқа бөліп оқыту, гранттар бөлу. Көшедегі және жалпы барлық жарнамаларды тек қазақ тілінде жазу-ілуді реттеу. Азаматтардың аты-жөнін, тегін жазуды реттеу, бірізділікті қалыптастыру. Елімізге, аймаққа келген, осында еңбек етіп жатқан шетелдік компаниялар жұмысқа алу үшін жергілікті халықтан шет тілін білуді талап етеді. Өз елімізде өз тіліміз өгейлік кешіп отыр, соны неге реттемеске? Неге біз олардан «қазақ тілін білуің керек» деп талап етпейміз? Ғаламторды қазақша сөйлету, яғни қазақ тіліндегі бағдарламаларды көбейту, терминдерді қазақшалаймыз деп, тілдің заңдылығын, шұрайын бұзып алмау, «Әр қазақ пен қазақстандық қазақ тілінде сөйлеуі тиіс» деген ұранның өзектілігі, басқа да тілдің болашағын көздеген көптеген ұсыныс-пікірлер айтылды. Мәжіліс соңында Бауыржан Омаров келіп түскен сауалдарға, ұсыныс-пікірлерге қатысты өз ойларын білдірді. Өтеген Нәукиев Атырау

4192 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8775

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7067

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4811

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4197

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4159

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4120

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3850

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3850

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы