• Ақпарат
  • 15 Қаңтар, 2009

Біріне тисең, бірі секірген дүние

Дағдарысқа байланысты сәт сайын құбылып жатқан бағаға дәл қазір таңданудан қалдық. Бұған былтырғы жылы бірқатар тауар бағалары мен коммуналдық қызмет түрлеріне төленетін төлемнің тұрақтамай, құдды бір жел айдаған қаңбақтай ұшып-қонуы себеп болса керек. Қоңыр күздің соңында коммуналдық төлем бағасына кезекті рет өзгеріс енгенде, ҚР Табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің Жамбыл облысы бойынша басқармасы жыл соңында жарық бағасының арзандайтынын, әзірге келіссөздер жүріп жатқандығын айтқан-ды. Шамасы, жарық төңірегінде жүргізілген сол келіссөздер нәтижелі аяқталса керек. Жақында Жамбыл облысында электр энергиясының бағасы 80 тиынға арзандады. Осылайша қарашаның басында біршама төмен түскен мазут бағасы жарыққа өз әсерін тигізді. Керісінше, күтпеген жерден су бағасы күрт көтерілді. Табиғи монополияларды және бағаларды реттеу бөлімінің бастығы Мүсілім Қасымовтың түсіндіруінше, су бағасының қымбаттауы негізінен «Тараз-су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының Энергетика және минералды ресурстар министрлігіне жер асты суын тұтынғандығы үшін төленетін «Роялти» салығының өсуімен байланысты болса, негізгі қорды қайта бағалау, ұзақ жылдардан бері жөндеу көрмеген су құбырларын қайта жөндеуден өткізу де суық су бағасының бір шаршы метрі 15,63 теңгеден 22 теңге, 46 тиынға яғни 40 пайызға көтерілуіне негіз болған. Сондай-ақ, әдетте адам басына қарай төленетін ыстық су 33 теңгеге, жылу бағасы жалпы аумағына қарай 57,87 теңгеден 62, 29 теңгеге өссе, кәріз (канализация) судың шаршы метрі 1,7 теңгеге қымбаттады. Десек те өзге оңтүстік өңірлерге қарағанда Жамбыл облысында су бағасы анағұрлым арзан. Мәселен көршілес жатқан Оңтүстік Қазақстан облысында суық судың бір шаршы метрі дәл қазір 35,9 теңгені көрсетіп отыр. Басқа емес, су бағасының бірден жеті теңгеге көтерілуі (шамамен) әсіресе көп қабатты үйлерде тұрып жатқан тұрғындарға «Судың да сұрауы бар екенін» аңғартты. Ал, ҚР Табиғи монополияларды реттеу Агенттігінің облыс бойынша басқармасы жыл аяғына дейін коммуналдық қызмет түрлеріне төленетін төлемнің әлі де сан рет құбылатындығын айтуда. Жарықтан өзге, жыл басында Тараз қаласының дүкендерінде «ас атасының» бағасы да 45 теңгеден 40 теңгеге арзандады. Дәл қазір ел ішін кезген дағдарыс үрейі түрлі дақпырттардың тарауына негіз болып тұрғанда, бағаның сәл де болса түсуі бұқара халық үшін үлкен демеу. Әлгіндей қауесеттерді де сейілтуге өз ықпалын тигізері сөзсіз. Салтанат Әлімқұлова Жамбыл облысы

2718 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы