• Тіл
  • 01 Қыркүйек, 2010

Қазақ тілі тілдік тұлғаның капиталы болуы тиіс

Нұргелді УәлиҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы:

Қазір еліміздің әр түкпірінде Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасының жобасы қызу талқылануда. Осыған орай филология ғылымдарының докторы Нұргелді Уәлиұлы аталмыш жобаның «бәрекелдісі» мен «әттеген-ай» дейтін тұстарына өз пікірін білдірді. – 2011-2020 жылдарға арналған бағдар­ламаның бұрынғы бағдарламаларға қарағанда артықшылығы бар екендігі даусыз. Бұл заңды да. Өйткені бұған дейін тәжірибе жинақталып, тиісті алғышарттар жасалды. Дегенмен бұл бұрынғы бағдарламалар түкке тұрғысыз болды деген сөз емес. Жалпы, Тілдік саясат тілдік жағдайға сәйкес болғанда ғана іске асады, үйлесімді болады, – деп бастады әңгімесін ғалым. – Меніңше, бағдарламада айтылған «Қазіргі ахуалды талдау» дейтін тармақта осыған дейін қол жеткізген табыстар жазылуы тиіс. Яғни «өткен жиырма жылда не жасалды? Алдыңғы бағдарламаларда көзделген мақсат, міндеттерге сәйкес қандай нәтижелерге қол жеткізіп, қандай жетістіктерге жеттік?» деген сұраққа жауап іздеуіміз қажет. – Сіздіңше, тіл туралы қабылданған алдыңғы бағдарламалар бізге не берді? – Қазақ тілі мемлекеттік тіл дәрежесінде құқықтық жақтан қамтамасыз етілді, оқыту-әдістемелік, лингвистикалық, коммуникативтік, демографиялық базасы жасалып, қолдану аясы кеңейді. – Енді қазіргі бағдарламаға байланысты ой-пікіріңізді айтсаңыз... – Бағдарламада терминология, ономастика, тіл мәдениеті дейтін өзекті үш сала бар. Мысалы, «Дамыған тіл мәдениеті – зиялы ұлттың күш-қуаты» дейтін үшінші мақсаттың «Қазақ тілінің лексикалық қорын жетілдіру және жүйеге келтіру» дейтін тармағында «Өңірлердің көрнекі ақпаратты пайдалануды бақылаумен қамтылу дәрежесі, әзірленген және шығарылған ономастикалық бюллетеньдердің саны, әзірленген және шығарылған терминологиялық бюллетеньдердің саны көрсеткіш болады» деп жазыпты. Меніңше, мұндай нәтиже көрсеткіштері көрсеткіш болмайды, тым жадағай. Бұл жерде тіл байлығын көрсететін бір томдық, көптомдық түсіндірме сөздік жасау мәселесі назардан тыс қалмауы керек. «Бұрын шыққан еді ғой» деуге болмайды. Өйткені түсіндірме сөздіктің корпусы жетіле береді, толықтырыла береді, кейбір сөздер қолданыстан шығып қалып жатса, кейбір сөздердің аудармалары жасалып, жаңа сөздер пайда болады. Тілдің лексикалық жүйесінде өзгерістер көп болатындықтан, түсіндірме сөздіктер үздіксіз шығып отыруы керек. Бағдарламадағы тілдік қор, лексикалық қор дегенде ең бірінші осы түсіндірме сөздік жайы айтылуы тиіс. Сөздік шыққан сайын жақсарады, бұрынғы кемшіліктер түзеледі. Мысалы, орыс тілінде қаншама сөздіктер шықты... – Шындығында, осы сөздіктер мәселесі бағдарламаға ұсыныстар ішінде көп айтылды. «Сөздік бір орталықтан шығарылу керек» деп пікір білдірген ғалымдар да аз болған жоқ. Сіз не дейсіз? – Кез келген орталықтан шыққан сөздік сөздік болмайды. Сөздік шығарудың да өзіндік қағидаттары бар. Орфографиялық сөздікке байланысты айтарым, жалпы халық пайдалану үшін жасалған орфографиялық заңдылық бәріне ортақ болуы тиіс. Негізі, орфографиялық комиссия құрылғаны жөн. Өйткені әр жерден шыққан сөздіктер көбінде бір-біріне қайшы келіп жатады. Сондықтан бағдарламада көрсетілген терминологиялық комиссия, ономастикалық комиссиялар тәрізді орфографиялық комиссия дегенді кіргізу керек. Бағдарламадағы тағы бір түйткілді мәселе – «қоғамның тіл мәдениетін көтеру» деген сөйлем. Әттеген-айы, осы тармақта қоғамның тіл мәдениетін қалай көтеру жағы қарастырылмаған. Жалпы, бағдарламада ғылым, ғылыми мекеме ұғымдары жоқтың қасы. Мысалы, мектепке арналған түсіндірме сөздіктің, орфографиялық сөздіктің қажет екенін айтқанымызға да біраз болды. Дегенмен бұл мәселе де бағдарламадан тыс қалыпты. Негізінде, қазақ тілі түсіндірме сөздігінің мектепке арналған шағын нұсқасын шығару – кезек күттірмейтін іс. Орыс мектептерінде мұндай сөздіктердің сан алуан түрі бар. Сауатты сөздіктер жұртшылықтың лингвистикалық біліктілігін арттырады. Лингвистикалық біліктілік деген сөздің этимологиясын, терминдік мағынасын, жазылу емлесінің мәнін біліп отыру деген сөз. Енді бір мәселе, бағдарламадағы «сөйлеу мәдениетін дамыту» дегенді «сөз мәдениетін дамыту» деп алған жөн. Ал «Сөз мәдениетін дамыту» деген айтыс, мүшәйра өткізумен шектелмейді. Мұнда тілдің ғылымда қолданылуын басты назарда алған жөн. Мысалы, терминологиялық сөздік шығарумен ештеңе шешілмейді. Ол ғылымда қолданылмаса өлі дүние болып қала бермек. Сондықтан ғылыми дискурс болуы керек. Бұл дегеніңіз – ғылыми конференцияларда, тек қоғамдық ғылымдарда емес, әсіресе, жаратылыстану ғылымдарында қазақ тілін қолдану көрсеткішін арттыру деген сөз. Бағдарламаның индикаторлары ретінде осыларды көрсету керек. Сондықтан халықаралық, республикалық конференцияларды қазақ тілінде өткізуді, ғылыми диссертацияларды қазақ тілінде қорғатуды қолға алған жөн. Егер бұлай болмаса тілдің әлеуметтік беделі төмен екендігін көрсетеді. Айталық, тарихта дінге қызмет еткен (араб, грек тілдері) тілдердің әлеуметтік мәртебесі жоғары болған. Ал қазіргі заманда тіл телеарнаның, интернеттің, басқарудың, білім беру мен ғылымның, бизнестің тілі болғанда ғана беделі жоғары болмақ. Бағдарламада осы мәселелер нақты көрінсе дейміз. – Мемлекеттік қызметкерлерге мемлекеттік тілді білуді міндеттеу жағы да осыған сайса керек... – Бұрынғы бағдарламаларда міндеттеу жағы кемшін болғаны шындық. Өйткені алдымен мемлекеттік тілдің тілдік, лингвистикалық, құқықтық, әдістемелік базасы жасалуы керек болды. Осыған байланысты лингвистикалық сөздіктер шығару жұмысы да ақсап тұрды. Сондықтан кей адамдар, тіпті кей мекемелер «сұрауы жоқ дүние екен» дегендей еркінсініп кетті. Бірақ тіл мәселесі ешқашан сұраусыз қалмайды, оны халық бақылап отырады. Сол себепті қазіргідей негізгі жағдайлар жасалынған уақытта міндеттеу мен талап етуді күшейтетін уақыт жетті, оған қоғам да, қоғамдық сана да дайын. «Оқимын, білемін» деген адамға жақсы оқулықтар мен жетілген оқыту орталықтары баршылық. «Оқу-әдістемелік құралдар нашар, лингвистикалық базасы жоқ» дегендер тек сылтау ғана. Сондықтан осы бағдарламада «мынандай жылдан бастап мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді білу міндеттеледі» дейтін нақты тұжырым керек. Әйтпегенде, тәуелсіздіктің отыз жылдығында да мемлекеттік қызметкерлерді қазақ тілінде сөйлете алмасымыз анық. – Орыс тілі де бағдарламада қам­тылған. Осыған пікіріңіз... – Орыс тілі бағдарламада қамтылып, қам­қор­­лық көрсетілетіндей бейшара тіл емес. Ресейдің өзі-ақ әлемдегі орыс тілінің беделін көтеру жағын мықтап қолға алып отыр. Шындығын айтқанда, Қазақстандағы қай салада болмасын орыс тілі әлі де үстемдік етіп келеді. Сондықтан көңіл жықпас, жалтақтыққа салынып, төрт тұрманы түгел орыс тілін мемлекеттік тілмен жарыстырып қоюдың аяғы жақсылыққа әкелмейді. Өйткені мұндай жарыспалылық конфликтегендік жағдаяттың әлеуетін күшейте түседі. Қазақстан қоғамындағы екі мәдениет (қазақтілділер мен орыстілділер) бір-біріне қайшы келмеуі керек. Яғни «өкпелетіп алмайық, ренжітіп алмайық» деген бұрынғы қасаң идеядан арылғанымыз жөн. Өйткені қазіргі Қазақстан халқының санасында үлкен өзгеріс бар. Сондықтан бағдарламаның ең басты міндеті ретінде қазақ тілін бірегейлендіру мәселесін қарастырған дұрыс. Жалпы, толеранттылық ұғымын Қазақстандағы өзге этнос өкілдеріне де түсіндіргеніміз жөн. Толеранттылықтың жаппай халық­тық сипат алуын қолға алуымыз керек. Оны тек қазақтан ғана емес, Қазақстанды мекен етіп отырған басқа халықтар­дан да талап етуіміз тиіс. Жалпы, қазақ тілін орыстілділердің әлеуметтік белсенді жіктеріне, яғни жастардың лингвистикалық капиталына айналдыру қажет. – Сонда орыс тілі бағдарламада қай деңгейде қамтылуы керек деп ойлайсыз? – Орыс тілі қазақтілді тұлғалардың, керісінше, қазақ тілі орыстілділердің лингвистикалық капиталы болуы қажет. Сонда ғана екі тілдің үйлесімділігі қалыптасады. Бағдарламада орыс тілі осы тұрғыдан қаралуы керек деп ойлаймын. – Ұлттық құндылықтарды көздеген мемлекеттік мәселелерді талқылауда еліміздегі орыстілді басылымдар көбінде шет қалып жатады. Бұл неліктен? – Мемлекеттік тіл мәселесі мемлекеттік дәрежеде талқылануы керек. Сондықтан бағдарламаның мемлекеттік тілді насихаттау туралы тармағына «мемлекеттік, мемлекеттік емес басылымдардың барлығы атсалыссын» дейтін міндеттеме енгізуіміз қажет. Білген адамға мемлекеттік тіл мәселесі – Қазақстанда тұрам дейтін барлық адамға ортақ мәселе. – Мемлекеттік тілдің проблемасы осы бағдарламамен толық шешіледі деп ойлайсыз ба? – Оны уақыт көрсетеді. Дегенмен «Мемлекеттік тіл» туралы арнайы Заң қабылдау керектігі – бұлтартпас шындық. Үкімет жап-жақсы қолға алып еді. Аяғы сиырқұйымшақтанып кетті. Тым құрыса, осы бағдарламада «мынадай жылы Мемлекеттік тіл туралы Заң» қабылданады деген бір сөйлем болғаны жөн. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, барлық өркениетті елдерде мұндай заң бар. Егер «Мемлекеттік тіл» туралы Заңды уақытында қабылдамасақ, оның аяғы үміт азайып, күдік көбейген шиеленісті жағдайға, сенімсіздікке апаруы мүмкін. Өйткені екі тілді жарыстыру қоғам үшін, мемлекет үшін өте қауіпті. Сондықтан Мемлекеттік тілдің мәртебесін бірегейлендіруіміз қажет. Яғни ол Қазақстан халқының нұрлы болашақ пен жақсы өмір сүруінің кепілі болуы тиіс. Қазіргі орыстілді жастарды да, қазақтілді жастарды да декларация, декорация арқылы сендіре алмайсыз. Олар – прагматиктер. Оларды нақты нәтиже арқылы ғана сендіре аламыз. Сондықтан олардың жарқын болашағының кепілі ретінде мемлекеттік тілдің мәртебесін нақтылауымыз қажет. Бұдан «тілдік капитал» деген ұғым шығады. Яғни кез келген қазақстандық қазақ тілі арқылы көптеген мүмкіндіктерге қол жеткізе алатын болғанда ғана мақсатымыздың орындалғаны. – Қазақ тіліндегі телеарналар жайы да бағдарламаның басты назарында болуы керек емес пе? – Иә. Өйткені әлеуметтік лингвистикада белгілі бір тілдің қоғамдық беделі телеарнамен өлшенеді. Бірнеше телеарна тәулік бойы қай тілде сөйлеп жатса, сол тілдің қоғамдық беделінің, әлеуметтік мәртебесінің жоғары болғаны. Осы тұрғыдан қазақ тілі толыққанды телеарна тіліне айналмаса, онда мемлекеттік тілдің мәртебесінің өте төмен сатыда қалғаны. Өткен жылы айтқан сөзі жерде қалмайтын белгілі саясаткер, Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев 24 сағат мемлекеттік тілде сөйлейтін 3 телеарна ашылады деп жұртты елең еткізген. Сондықтан аталмыш телеарналардың қашан ашылатындығы бағдарламада нақты көрсетілуі қажет. – Мемлекеттік мекемелердегі жиналыс тілі қашан қазақшаланады? – Тілдік коммуникация тек жазбаша ғана емес, ауызша түрде де жүзеге асуы керек. Мұны тіл ғылымында ресми дискурс дейді. Мысалы, жиналыстар мемлекеттік тілде өтіп, тапсырмалар мемлекеттік тілде берілгенде ғана тіл өз мәртебесін нақтыламақ. Сондықтан ресми қарым-қатынастың да ауызша түрі мықтап жұмыс істегені жөн. – Бағдарламада қамтылмаса да, шетелден келетін қазақтарға орыс тілін үйрету мәселесі де көп айтылып жүр. Осыған не дейсіз? – Атажұртына оралған қандастары­мызға орыс тілін үйреткеннен гөрі шетелдегі қазақтарға өз ана тілінде оқуға мүмкіндік беру жағын қадағалағанымыз жөн болар... Әңгімелескен Біләл Қуаныш

4146 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8773

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7065

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4809

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4195

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4157

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4118

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3848

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3848

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы