• Қоғам
  • 13 Қазан, 2010

Қазақстан Республикасы аумағындағы ядролық сынақтар: зардаптар мен ақтаңдақтар

erkinАҚШ, Техас A&M университетінің профессоры, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шетелдік ғылыми кеңесшісі PhD доктор Синтия Вернер

Жарты ғасырға жуық қолданыста болған «Семипалатинск-21» Ядролық сынақ алаңы шын мәнінде нені ишаралайды? Иә, ол – КСРО мен АҚШ-тың жасырын түрдегі соғысқа дайындығын және күш сына­суын білдіретін бірегей нысан. Сонымен бірге ол – марксистік және капиталистік идеологиялардың ымырасыз таласының басты ескерткіші. Бәріміз білеміз, үшінші әлемдік соғыстың ықтималдылығы сезіле бастаған сонау ызғарлы жылдары екі алып держава жаппай қарулануға көшті. Алайда саясаттанушылар бүгінде арқасын кеңге салып, «тікелей соғыс пен қақтығыс болмады» деп айтқанымен, аталмыш текетірес адам шығындарынсыз өтпеді. Онда да аталмыш үрдіс көбіне соғысқа дайындық барысында, яки ядролық жарысу науқанында қатты белең алды. Ал сол тыраштануларда «халыққа радиация салқыны тимеді» деп әсте айтуға болмайды, айта да алмаймыз. Өйткені бұл – ата тарих үшін, әділдік салтанаты үшін де қиянат болар еді.

Сынақтар сыны Әрісі мен берісін қатар айтар болсақ, 1949-1991 жылдар аралығында Семей сынақ алаңында Хиросима мен Нагасакидегі зарядтарды он, тіптен жүз орайтындай қуатқа ие ядролық сынақтар жүргізілді. Ал 1989 жылға дейін кеңестік тоталитарлық жүйе ядролық сынақтың зардаптары туралы пікірталасқа жол бермеді. Тек қайта құрумен айшықталған Горбачевтің ашық саясатынан кейін Невада-Семей антиядролық қозғалысы өз мақсатын нақты жариялай алды. Қозғалысқа Қазақстан Республикасы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ақын Олжас Сүлейменов сынды қазақ халқының біртуар азаматтары қолдау көрсетіп, сынақ алаңы 1991 жылы жабылды. Және де сол жылы Қазақстан Республикасы өзге де бауырлас республикалармен бірге тәуелсіздігін алды. Бірақ бұған дейін Семей халқына ұзақ та шырғалаң жарты ғасырға созылған ядролық дәуірді бастан кешуге тура келді. 1947 жылдың тамызында АҚШ үкіметі Құрама Штаттардың Нью-Мексикасы мен Аламогорында үштік сынағын жүргізді. Өз кезегінде бұл әрекет КСРО-ны да бейқам отырмай, өз қауіпсіздігін ойластыруына итермеледі. Сөйтіп, кеңестік ядролық қарудың басты сынақ алаңына «Семипалатинск-21» деген атау берілді. Оның жабық қала болғаны айтпаса да түсінікті. Бұл мекен арнайы әскери жасақтармен қорғалып, келіп-кетушілер ішіне тек рұқсат қағаздарымен ғана кіргізілді. Және бұқара халыққа оның ішкі һәм сыртқы сипаты белгісіз болып, тек кейін, 1990 жылы атақты физик-ғалым Игорь Курчатовтың есімі берілге­сін ғана барып топонимика ретінде кар­таға түсірілді. Дегенмен қорқыныштысы бұл емес. Семипалатинск қаласы «Се­мипалатинск-21» сынақ аланынан 80 ша­қырымдай қашықтықта орналасып, 40 мыңға тарта адамның денсаулығына қауіп туғызды. Одан қалса, осы жерде орын тепкен тұрғындар қатты қадағалауға алынып, әміршіл-әкімшілдік жүйе өрістеді. Сынақ зардаптарын бастан өткізгендер үшін немесе жақындарынан айырылғандарға өз қайғылары туралы ләм деуге тыйым салынып, барша түйткілдер жабулы қазан күйінше қалып отырды. Бұған қарсы тұрушылар да болмай қалған жоқ. Обалы не керек, сынақты басынан кешір­ген жергілікті халықтар бұл сұмдықтың кешірілмейтіндігін айтып, өздерін сынақ алаңындағы қоян секілді сезінетіндігін жасырмады. «Семипалатинск-21» солтүстік-шы­ғыс­та 7 мың шаршы шақырым жерді қамты­ды. Сынақты жүргізушілердің басқасы бас­қа, бұл мекенді тандауының бірнеше себеп­тері болды. Ол мекеннің географиялық және стратегиялық орналасуымен де бекі­тіле түсті. Айталық, керек-жарақ құралдар мен қызметкерлерді тасымалдауға қажетті арнайы әуежай жұмыс істеді. Ресейден керекті материалдарды жеткізудегі маңызды транспорт көзі болып табылатын – Ертіс өзені де назардан тыс қалмады. Сонымен қатар үрдістерді жылдамдату мақсатында және транспорттардың ішіндегі ең қолайлысы – теміржол салынды. Аталған факторлар сынақты жүргізушілер үшін өз жоспарын іске асыруға өте қолайлы алғышарттар жасауына мүмкіндік берді. Бұл мекеннің таңдалудағы тағы бір себебі – оның оң­түстігін Дегелең тау қыраттарының қор­шауы, ал солтүстігі тұрғылықты жерлер арқылы өтетіндіктен сынақтың ықпалы мен күшін байқауға ұтымды жағдай тудырды. Осынау ядролық сынақтардан 7 елді мекенде орналасқан 1.5 миллионға тарта халық радиацияның зардаптарын өз жүрегінен өткізді. Сынақ әсері Қазақ­станның үш үлкен облысын – Семей, Пав­лодар және Қарағанды аймақтарын да қамтыды. Өз орайында бір айта кетерлігі, 1949-1989 жылдар аралығында Курчатовтағы жүргізілген 456 ядролық сынақтың 30-ы жер қабатының беткейінде, 86-сы атмос­ферада өткізілген. Қалай десе де, осы­лардың зардаптарынан туындаған адам өліміне қатысты деректер әлі күнге дейін белгісіз. Бұл туралы осы күнге шейін еш­қандай статистика жүргізілмеген десе де болады.

(Басы 3-бетте) Әрине, қазіргі таңда да, яғни сынақтардың доғарылғанына қарамастан радиация әсері өсу үстінде десек, артық айтқандық емес. Сондықтан мұның залалды ықпалын қазақ шекарасының арғы жағы – Ресейдегі Алтай өңірлерінен де байқауға болады. Ал бұл жердегілердің көпшілігі қазақ және орыс ұлттары өкілдерінен тұрады. Сонымен қатар аздаған неміс және украин ұлттары да баршылық. Мұндағы украин­дар мен орыстар ХІХ ғасырда бостандық алған кешегі басыбайлылар еді. Неміс ұлты өкілдері болса, сталиндік кезең­де­гі жер аударылған тұтқындар болды. Аталған этнос­тар­дың көпшілігі солтүстік-шығыста, ал қазақ этносы­ның басым көпшілігі оңтүстік-шығысқа шоғырланды. Патшалы Ресей кезіндегі орыс шаруаларының (1865-1900 жж.) келіп қоныстануы, Бірінші дүниежүзілік соғыс (1914-1918 жж.), Орыс төңкерісі мен Азаматтық соғыс (1917-1921 жж.) және кеңестік ұжымдастыру саясаты (1928-1938 жж.) және Семипалатинск ядролық сынақ аумағы қазақ халқының көшпенді өмір салтын бұзып, олардың бұл атыраптарда барынша азаюына алып келді. Алғашқы сынақтар төрт облыста өткізіліп, оның алғашқы ошағы «Семипалатинск-21» аймағының сол­түс­тігінде, қаладан 43 шақырымдай жерде болды. Ал қалған үш ошақ – Балапан, Дегелең және Сары-Өзен аймақтарында жерасты сынақтары түрінде жүргізілді. Мұхиттың арғы жағындағы басты қарсыласқа келсек, ол жақтың да шекесі шылқып тұрмады. Ядро­лық сынақтарды өткізуден сайысқа түскен АҚШ өз тәжірибелерін Семеймен параллельді түрде Невадада өткізе отырып, жарылыс сәттерін зерттеу барысында ұшақ арқылы ауа құрамын алып, тексеруден өткізіп отыр­ды. Бұдан бөлек, Маршал аралында қоян және т.б. жануарларға, абақтыдағы отырған адамдарға жасырын радиациямен эксперименттер жүргізіп отырды. Бір таңғаларлығы, ондағы да, мұндағы да ядрошылардың өз істерінің ақтығына имандары кәміл-тін. Мәселен, Курчатовтағы ядро саласындағы арнайы дайындалған мамандар өз әрекеттерінің дұрыс екендігіне тол­ық сенімді болды. Мұны кейіннен зерттеу жүргізген талай ғалымдар атап өтті де. Мамандардың көбісі «мемлекеттің әскери қуатын көрсету арқылы, халықтың қауіпсіздігіне төніп тұрған көптеген қатердің алдын аламыз» деген ұстанымға берік болды. Осы принцип тарихи тұрғыдан өзін-өзі ақтады ма, ақтамады ма, бұл жағы енді болашақ тарихшылардың еншісінде. Сынақтардан сынбағандар... Жалпы, таяқтың бір ұшы – Семей сынақ алаңына қатысты пікірлерді беделді ғалымдар тоқтамы мен бұрын-соңғы жүргізілген ғылыми жұмыстарға сүйене отырып, үш топ типологиясында бөліп көрсетуге болады: ең әуелі, ядро саласындағы мамандар, яғни осы тұрғыда сынаққа қарсы топтармен «ядрофобия» асыра сілтеушілері суреттеледі. Екіншісі, дәрігер-зерттеу­ші ғалымдар. Мысалы, халықаралық радиациялық зерттеулер сыйлығының лауреаты, профессор Са­йым Балмұханов – осы топтың жарқын өкілі. Ол кісі сынақтардың зардаптарын баса айтушыларға жатады.Үшіншісі, жергілікті қазақ және орыс ұлты өкілдері. Олардың басым көпшілігі «мемлекет қауіпсіздік мәселесін асыра сілтеп, халықтың денсаулығын ұмыт қалдырды» деп тұжырымдайды. Ұлттық ұжымдық Мониторинг орталығы – Сандия зертханасы мен ҚР Ғылыми-зерттеу институты бірлесіп шығарған «Семей сынақ алаңы: құрылуы, әрекеттер мен өзгерістері» атты еңбекке сүйенсек. 1951 жылы әскери сынақты жүргізуші топтар, радиацияның адам денсаулығына әсерін бақылайтын арнайы медициналық зерттеулер жүргізетін топ құрып, бақылау жүргізіп отырған. Белгілі себептерге байланысты бұл зерттеулердің нәтижесі және зиянды зардаптары туралы көпшілік халыққа жария етіліп, хабарланбады. Жарылыстардың орын алуы жергілікті тұрғын­дардың өмір сүру аймағын күйзеліске ұшыратып, қиын-қыстау күндер кештірді. Мәселенің бұл тұрғысы талас тудырмайды. Мұндай іркілістің ең алғашқысы және ең үлкені 1953 жылғы термоядролық құрылыстың жарылысына дейін соқтыра жаздады. Сөйтіп, ондаған ауыл және мыңдаған үй қожалықтары, 450 мыңға жуық мал басы сондағы отты ошақтан 75 шақырым жерге орналастырылды. Алайда ауыл толықтай көшірілмегендік­тен, жарылыс 59 ауылдық мекеннің астан-кестеңін шығарып, сол жердегі қалып кеткен жан-жануарларды жан түршігерлік зардаптарға ұшыратты. Курчатовтағы ғалымдар жарылыстың тек сол сәттегі зиянды әсерін мойындағанымен, ол шақта қауіпсіздігі жоғары өз тұрақтарында, яғни радиацияның әсерінен барынша қорғалған қалың да қатты қабырғалармен жасалған бөлмелерде отырды. Мысалы, 1953 жылғы сынақтың алдында көште болған тұрғындардың бірі сынақтың денсаулыққа зиян екендігі хақында ешқашан түсіндіру жұмыстары жүргізілмегенін айтады (Сұралушының өз қалауы бойынша, этикалық себептерге байланысты есімі аталынбады). Немесе «Қайнар» атты ауыл қариясы жарылыстан кейін ауылын барып көргенде, сонда қалып кеткен мысық, ит және т.б. жануарлардың азаппен өліп жатқанын көрген. Ол да «бұл сынақтың еш жақсылық әкелмейтінін түсіндім» дейді ағынан жарылып. (Біз бұл мәліметтерді Ұлттық ұжымдық Мониторинг орталығы – Сандия зертханасы мен ҚР Ғылыми-зерттеу институты бірлесіп шығарған сол еңбектен табамыз). Тағы бір назар аударарлық жайт, ондағы қандай да бір зерттеулердің бүркемеленіп жүргізілгендігі. Мәселенки, 1957 жылы Курчатов ғалымдары Семейдегі №4 амбулаториясын ашып, аудан тұрғындарының зиянды әсерлер жағдайындағы денсаулығын бақылап отырды. Құпиялылықты сақтау мақсатында оған – Бруцеллезге қарсы №4 амбулатория деген атау беріп, Абай, Бесқарағай және Жаңа-Семейдің 20 мыңға тарта тұрғынының қан және нәжіс құрамын алып, радиацияның әсерін тексерген көрінеді. Сонымен бірге 2 мыңға тарта жасөспірімдер зерттеуге алынып, нәтижелері орталыққа беріліп отырған. Ғалымдар жергілікті адамдар бойынан үлкен өзгерістер күткенімен, олардың тек ішкі құрылыс және жүрек-қан тамырлары ауруына ұшырағандығын ғана байқады. Өзіміз де осы іске тікелей сұрау шалушы ретінде кірісіп көрген едік. Сол ізденістің нәтижелеріне қарағанда, естеліктер көңіл босатарлықтай-ақ азалы. Орташа статистикалық қоғамдық пікірді анықтау үшін біз бұл ретте Нұржан Мұқанов есімді семейлікпен сұхбат құрдық. Оның айтуынша, сынақтардың қызған жылдарында бұл кісі радиостанцияда қызмет етіп жүрген. Ал жаңағы апатты сынақ өтер сәтте оны және оның әріптестерін «қызметтік іссапар» дей отырып, демалысқа жіберіпті. Сонымен бірге арақ-шараптарын әперіп, «өстуге сіздерге арнайы тапсырма берілді, жағдайдың соңын күтіңдер» деген. Яғни ол осылайша жарылыс туралы ақпараттың радиостанция арқылы таралмау қауіпсіздігін қамтамасыз еткендігін айтады. Мұқанов Нұржан сол сәттегі өз халқына жарылыстың болатынын айтып жеткізе алмағандығына өкінішін білдіреді. Сұрапыл сынақ заманындағы жас бала кезін есіне алған тағы бір кісінің айтуынша, ақпаратты жеткізіп отыратын әскери қызметкер жарылыстарды «ядролық сынақтар» немесе «атомдық бомбалар» деп айтпай, жай «әскери сынақ» деп жеткізетін болған. «Ата-аналарымызға үйдің есік-терезесін жауып, баспананы тез қалдыруға бұйыратынын білеміз» деп ойға шома­ды және де ол. Дей тұрғанмен, кейбір аймақтарда ядролық әскери сынақтардың жүргізілетіндігі туралы алдын ала айтылып, 1950 жылы «Семипалатинск-21» сынақ алаңынан 600 шақырымдай қашықтықта орналасқан Қызыл-орда қаласына көшу үрдісі жүргізілген. Себебі Бөдене тұрғындары ондай қауіпті ақпаратты естімейінше тұрғылықты жерлерінен көшпейтін еді. Өзіміз де тақырыпты аша түсу үшін бұл жағынан да сауалдар жолдадық. Жергілікті адамдардан «сол сынақ уақытында өздеріңіздің денсаулықтарыңыздың сыр бергендігі байқалды ма» дегенде, олар бас ауруы мен тіс ауруларын сезініп, жүректері айнығанын еске алысты. Мұны байқаған және қауіпті сезінген «Қайнар» ауылының тұрғыны Болат Жәкішев есімді кісі, әсіресе, 1970 жылдардағы сынақтың ел үшін ауыр әрі зияндығын айтты. Кезінде ол сонысы үшін де, яғни ядролық жарылыстарға қарсы пікір айтып, қарсылық танытқаны үшін жұмысынан шығып қалған екен. Алайда заман өзгерді. Бүгінде КСРО да, оның ядролық әлемдік қатері де тарих күресінінде. Бәрін айт та, бірін айт, Горбачев тұсындағы сөз бостандығы мен саяси жаңа леп және ішкі оң күштердің талпынысы Семей ядролық сынақ алаңының жабылуына алып келді. Әйтсе де зардапқа толы үрдістер тоқталғанымен, тұрғындар өмірі мен тіршілігінде оның зиянды әсері тоқталды деп айта алмаймыз. Алайда бастау алған ядроға қарсы толқудың бетін қайтару мақсатында ядролық сынақты жүргізуші мамандардың ғылыми тұжырымдарын алға тарта, өз істерін жақтауға әрекет еткені де бұлтартпас шындық. Бұл жерде ұтылыста қалған – тағы да халық. Бүгін жағдай өзгерді ме? Өзгерді, өзгермедімен ештеңе өзгермейді. Әйтеуір анығы: олардың өз мүддесін қорғауға мүмкіндіктері аздығынан және осы бағытта жұмыс жасайтын ұйымдардың қолдауы болмай, жабылуға жақындығына байланысты, зардап шеккен халықтардың денсаулығына көрсетілетін қаржылай көмектер төмендеп, азаюда. Сондықтан да осы олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті және шетелдік ғалымдар халықаралық ғылыми орталықтардың көмегіне иек арта, семейліктер мұқтаждығын жаһандық мүдделі тараптарға жеткізіп, бірлесіп жұмыс жасауға дайындығын көрсетсе болар еді. 1990 жылдан бастап Семей ядролық сынағынан зардап шеккен тұрғындарға көмек мәселесі АҚШ-тағы «Нью-Йорк Таймс» және «Нэйшнл Географик» және т.б. БАҚ саласында көп көтеріліп, Батыс тарапынан азды-көпті жәрдемдер көрсетілді. Рас, тарихта кеткен қателіктерді түзеудің өте қиынға соғары сөзсіз. Дегенмен осындай қарлығаштың қанатымен су сепкендей елеусіз бастамалар зардап шеккен жандардың жарысын жеңілдету жолында атқарылатын істердің кезекті жалғасы бола бермек. Түйін: Сонымен ядролық сынақты жүргізушілер өз сынағын барынша зиянсыз жүргізуге тырысты ма, әлде жос­парлы түрде радиация мөлшерін арттырды ма? Егерде сынақты жүргізушілер адамға қауіпті әсерлерді жасауға әрекет етсе, олар адам денсаулығына әсер деңгейін тексеріп отыруы тиіс. Мәселенің осы жағы қалай болды? Сынақтар мен радиация зардаптарын жергілікті халықтар білді ме? «Не» деп жауап береміз? Әлбетте, бұған осы материалдарды ежіктей оқып отырып, ой түйе жауап берсек те болады. Бұл игілікті істің дұрыс шешім табуына қосылған аз үлес пе, көп үлес пе, ол да әркімнің өз талқысында. Бастысы – шындықтың шаң қауып қалмауы десек, еш қателеспейміз. Ағылшын тілінен ықшамдап аударған – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультеті мәдени антропология кафедрасының PhD докторанты Е.Масанов

8873 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы