• Мәдениет
  • 19 Ақпан, 2009

Ұлтты әйгілейтін – мәдениеттің мәйегі

Кеше Орталық музейде мәдениет және өнертану институтының ұйымдастыруымен «Қазақтың мәдени ұлттық брендін қалыптастыру: тәжірибе және болашағы» тақырыбында дөгелек үстел өтті. Мақсат – ұлттық мәдениетті әлемге қасиетті құндылықтарымыз арқылы таныту. Салт-дәстүрімізді басқа халықтарға бренд ретінде көрсете білу. Бір сөзбен айтқанда, өзіміздікін өзгеге әйгілі ету. Дөңгелек үстелге мәдениеттанушылар, атақты ғалымдар, белгілі қоғам және мәдениет қайраткерлері қатысты. Жиналысты Мәдениет және өнертану институтының директоры Ерлан Саиров жүргізді. – Адамзат тарихының күретамыры – мәдениет, ал мәдениеттің күретамыры адамзаттың ақыл-ойы мен іс-әрекетін дүниеге әкелген материалдық құндылықтар болып табылады. Бұл – бәрімізге белгілі ақиқат. Қай халықтың болмасын өзге жұртқа ұқсамайтын бөлек болмыс-бітімін даралап, өзіндік тағдырын айқындайтын басты белгі – мәдениеті. Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен, салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпымен мақтанады. Елімізге келген шетелдіктер киелі қазақ жері мен елінің қасиетін осындай ұлттық нақышта жасалған дүниелеріміз арқылы танып-білуі қажет. Ол үшін өркениеттілікке ұмтылған, әлемді «жаһандық» билеген мына заманда қазақтың ұлттық бедерін айшықтап көрсетуіміз, бренд қалыптастыруымыз керек, – деді ол. «Көшпенділер өркениеті» орталығының бас директоры Ахметбек Күсетайұлы слайд-шоуды пайдаланып, «Ата-баба мұрасын әлемге таныстыру» деген тақырыптағы жиналған көпшілікті жоғары өреде дайындаған жоба-жоспарларымен таныстырды. Қазақ халқының асыл мұраларын арқау етіп, ата-баба дәстүрін айдай әлемге паш ету үшін біраз жұмыстар атқарыпты. Келген қонақтардың алдына қойылған бір ғана «Саржайлау» қымызының өзі рухымызды биіктетіп, Орталық музейде емес, Ордада отырғандай болдық. Совет-Хан Ғаббас ағамыздың көшпенді деген атауға қарсылық білдіргені бомаса, «күлтөбеге» жиылған жұрт Ахметбек Күсетайұлының ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаудағы еңбегін ерекше бағалады. Белгілі ғалым, этнограф, абыз ақсақал Жағда Бабалықұлы да әңгімені тереңнен термеледі: – Бүкіл қазақтың мәдениетін бір жиналыспен айтып бітіре алмаймыз. Осы жасқа дейін қазақ халқының әдет-салтын, ғұрпын, ұлттық рухын, т.б. ұшан-теңіз ұлылығын қағазға түсіріп қалуға көп еңбектендім. Бірақ шамам жетпеді. Тал бесіктен жер бесікке дейінгі қазақ мәдениетін қағазға түсіру бір адамның қолынан келмейді екен. Қазақтың этнографиясын жақсы білетін 10-15 адаммен бір топ құрып, осыны зерттеу жөнінде сөйлесіп көрдім. Барлығы қосылғанымен, отырып ортақ ой қорытатын орын жоқ. Әртүрлі материалдық қажеттіліктер табылса, бір жылдың ішінде көп нәрсені қағазға түсіріп болармыз. Қазақтың жаңа туған нәрестелерінің жамбасында екі жасқа дейін сақталатын көк таңба бар. Ал осы таңба ішінара халықтарда бірді-екілі кездескенімен, тек қазақта ғана жүз пайыз сақталған. Осыны ғылыми түрде дәлелдеп, ұлтымыздың биологиялық таңбасына айналдыруымыз керек. Осы нәрсе бізді әйгілейтін өзгеше дүние болмақ. Қазақта «Жақсы айғыр жатырына шаппайды» деген мақал бар. Жеті атаға толмай қыз алыспау – қан тазалығын сақтаудың ең тамаша жолы. Қыз ұзатудың өзі – өте ертеден келе жатқан дәстүр. Бұлар – ұлттың ұлылығы. Біз өзіміздің мәдениетімізге ие боларлық ғылымға, әкімшілікке жете алмай отырмыз. Қымызды немістер, қазыны өзбектер иемденіп алыпты, – деп, қартайса да қасқайып сөйледі қайсар атамыз. Сонымен бірге 6000 жылдық тарихы бар тастағы домбыраның «Мәдени мұра» бағдарламасына енбей отырғанына да өкпесін білдірді. Жазушы Қабдеш Жұмаділов «Өзіміз шала білетін затты басқаға үйрете алмайтынымызды» айта отырып, ең әуелі бір сағатта бұзып, бір сағатта тігіп алатын киіз үйдің құдіретін, оның таңғажайып табиғатын танытуды ерекше ескертті. «Жетпіс атасынан бері арақ ішіп келген орыстың жанын сақтап қалған – монша, қазақты сақтап келген – бесік» деген әзілді айтып, бесіктің қазақ өміріндегі айрықша маңызды рөл атқарғанын тарихтан таратып айтты. Қан қуырдақ пен тас қуырдақ дейтін тамаша тағамдарды таныстыра кетті. «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнес Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың былтырғы наурызда сөйлеген сөзін еске алып, наурыз дегенде қазақ, қазақ дегенде наурыз еске түсетін, бір ай тойланатын ұлттық мереке қалыптастыруымыз, соны пайдаланып ішкі туризмді дамытуымыз керектігі жайында ой қозғады. Айтса ауыз талатын, жазса қол талатын ұшан-теңіз ұлт мәдениетінің бір басқосуда бас-аяғы түгенделе қоймайтыны анық. Келелі дүниенің кереметтігі өз қасиетімен өзгелерден бөлектеніп тұратындығын ескерсек, бір ұлттың брендін қалыптастыру бірнеше адамның жұмысы емес. Сондықтан халықтың жеңінен қол шығып жатқанда, жоғарғы жақтағылардың жағасынан бас шығып жатса, құба-құп. Тамызық Дәурен Қуат, «Жас қазақ» газетінің бас редакторы: – Бұрын «Алматы – орыстардың баспанасы, ұйғырлардың асханасы, қазақтың астанасы» дейтін сөз бар болатын. Астанамыз өзгергені болмаса, басқасы өзгере қоймады. Бір ғана Алматыда емес, басқа қалаларда да солай. Біз басқалардың жасағанын жасай алатын, тіпті артық жасайтын ұлт бола тұра көп нәрсені жоғалтып алдық. Қазір ең үлкен қаламыз Алматының өзінде бірде-бір ұлттық асхана жоқ. «Жерұйық» дегенімізбен, ол тоңазытқышта қатып тұрған, сөлі қалмаған етті асып береді. Ал біздің қазақ, негізі, етті тұздап, сүрлеп сақтайды. «Бешбармақ» дегенді де ұялмай әлі айтып жүрміз. Біз қазір сіріңкеге дейін өзгелерден сатып алатын тұтынушы халыққа айналдық. Өзімізде тамаша тамақ мәдениеті бола тұра басқалардікін таңсық көреміз. Мысалы, балалар ішетін «коланың» құрамында денсаулыққа зиянды, масаң күйге түсіретін кофеин бар. Бұл жас ұрпақтың бойын улап, генофонды бұзады. Құрт, май жеп, қымыз ішіп өскен бала аттан жығылып, тіпті шоқпар тиіп жатса да былқ етпейтін, сүйегі мықты болушы еді. Қазіргілер боркемік болып сүрініп кетсе, сүйегі сынатын болды. Әр ұлттың өзінің организмі, табиғаты жейтін тамағына бейімделген. «Ет жемеу керек, тез қартайтады» дейтіндер – ет жемей өскен ұлттар. Сондықтан жаттардың айтқанын жаттай бермеуіміз керек. Ұшақтарда жүректің айнуын басатын кәмпит емес, құрт жеуіміз керек еді. Бірақ бізде ұлттық тағамдарды насихаттау – жоқтың қасы. Теледидарда көрсетіп жатқандай, хот дог жеп емес, қымыз ішіп, ет жеп жарысайық. Тай болмаса да, қойдың етін жеп қоятын қазақтар бар. Соны халықаралық телеарналардан көрсетуіміз керек. Архитектурада ұлттық бояуды жоғалтып алдық. Шаш үлгісінің өзінен қазақты әйгілеуге болатын еді. Мысалы, кекілді Рональдо қойып, әлемді таңғалдырды. Ал кекіл қазақтікі еді ғой. Біләл ҚУАНЫШ

4285 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы