• Тіл
  • 09 Желтоқсан, 2010

«Мемлекеттік тіл» туралы заң болмай, қазақ тілінің мәселесі толық шешілмейді

(Бауыржан Момышұлының қазақ тілі туралы ойлары хақында)

Біздер Бауыржан Момышұлын көбіне халқымыздың дара туған тұлғасы, кешегі Ұлы Отан соғысының хас батыры, атақты қолбасшы, екі тілде бірдей жазған қаламы жүйрік жазушы ретінде білеміз. Ал нағыз қуатты ағысы тереңде жатқан дария-дарын иесі, рухани ұстаз ретінде Баукеңді әлі толық танып-білгеніміз жоқ. Әсілі, қазақтың арқалы ақындарының бірі Хамит Ерғалиевтің «Баукеңнің телегей-теңіз тағылымы – болашақтың, таяу мыңжылдықтың әңгімесі» деуі тегіннен-тегін болмаса керек. Бауыржан Момышұлы – жалпы адам баласының, абзал қасиеттері бар азамат тәрбиесін отыз ойланып, тоқсан толғанған парасатты ойшыл. Ол, әсіресе, ұлттық тәрбиеге ерекше көңіл бөлген. Баукеңнің «Өзінің ұлтын сыйламаған – ұлтын мақтаныш тұта да алмайды, ол, сөз жоқ, арамза, тексіз әрі қаңғыбас» деуі жайдан-жай емес. Оның адами қасиеттер қатарына жатқызатын – ақыл, ар, ерік-жігер, намыс, сезім, парыз, ұлттық рух, ұлттық мінез-құлық, ұлттық патриотизм, ұлттық мақтаныш, т.б. туралы ойлары арнайы зерттеуді қажет етеді. Бұл ойлар арысы Абайдың «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады», берісі Мұстафа Шоқайдың «ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігінің болуы мүмкін емес» деген қағидаларымен сабақтасып жатыр.

Енді Бауыржан Момыш­ұлының қазақ тілінің болашағын ойлап, оның алда неге алып келетінін болжап, біліп, ол туралы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Әбдіхалықовқа жаз­ған хатын арнайы әңгіме өзегі етіп, бірер ойымызды ортаға сала кетсек. Бұл хаттың мән-мағынасын кешегі ке­ңес­тік кезеңде ұлтымыздың басшылары тү­сінгенімен, оны жүзеге асыру үшін еш шара қолдана алмады. Қайта жағдай те­реңдей түсті. Оған елімізде 700 қазақ мек­тептерінің жабылып, жаппай аралас мектептер қаптағанын айта кетсек те жетер. Олардың, шындығына келгенде, орыс мек­тептерінен айырмасы шамалы болатын. Иә, хат жазылған кез 1944 жылдың наурызы еді. Жаудың беті кеңестік кеңістіктен толық түріліп, Ұлы Отан соғысының бағыты айқындалғанымен, кескілескен ұрыстар әлі жүріп жатқан-ды. Осындай кезеңде қысқа демалысқа елге келген, сезімі сергек, ойы ұшқыр Бауыржан Момышұлының ойға түйген­дері көп еді. Соның ішінде қазақ тіліне қатысты газеттерді оқып, кейбір кейінгі кезде басылған қазақ тіліндегі кітаптарды желе жортып қарап шығып, күннен-күнге ұлғайып, шым-шытырық «шүршіттенуді» көзбен көре, құлақпен естігендері бір төбе еді. Баукең қазақ қоғамындағы әлеуметтік орталарда орыс тілінің үстемдік ете бас­тағанын байқаған, келешегін таныған. Бұл мәселенің тұтас халықтың бүкіл тағдырындағы аса күрделі екенін, терең тамырлы келеңсіз көріністің алда ушығып, кері әсер етіп, қазақ халқын өзі сан ғасыр жинаған рухани байлығынан айыратынын ойлап күйзелген. Ол соғыстағы жеңілістен рухани жеңілісті жоғары қойған. Бір соғыста жеңілген келесі бір шайқаста жеңіске жетуі мүмкін. Ал рухани жеңілісте әсте жеңіс бола қоймайды деп санаған. Бауыржан Момышұлы бүйте берсе күндердің күнінде қазақ елінің де тағ­дыры қыл үстінде болатынын жақсы түсінді. Түсініп қана қойған жоқ, онымен күресті өзінің қазақ ұлтының өкілі ретінде азаматтық борышы санады. Сол үшін хат жазды. «Мен әскери адаммын, – дейді ол, – тіл мәселесі туралы араласарлық жө­нім жоқ сияқты, бірақ та айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез-құлқын тәрбиелеу, салт-сана, ел намысы, ер намысына, адамгершілік арына, жауынгерлік мұра дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп, біліп, сезіп тұра айтпағанымды өзіме үлкен ар, кешпес күнә деп түсінгендігімнен жазып отыр­мын». Этикетті қатты сақтайтын автор өзінің көзқарасының, түсініктерінің бәрі бірдей дұрыс бола бермеуі мүмкін екенін де ескертеді. Хат ана тілі туралы терең толғаныс­тар­ға толы. Оны ерекше сезім құшағында болмай, бейжай оқу мүмкін емес. Соның бірін, ұзақ та болса, келтіре кетейік: «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді», «Ат жүйрігі айырады, тіл жүйрігі қайырады», «Сөз жүйесін табады, мал иесін табады», «Қиыстырып қаласаң – отын жанар, қи­сындырып айт­саң – халық нанар», «Зе­кетсіздің малы арам, тілсіздің дауы арам» дегендейін, қазақ тілі өзінің таза түрінде бірнеше ғасыр, біздің заманымызға дейін, өткірлігімен, бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан-жүйеңді жандырып, құ­лақ құрышыңды қандырып, ұғымыңа қо­нымды, жүрегіңе тиімді, көңіл көтеріп, керегінде жанға тиіп, ашындырып, өтін сыртқа шығарып, долдандырып, қысыл-таяң – қатал жағдайда қайрап, егеп, «сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендейін – ерге, елге медет болып, ер намысын, ел намысын, адамгершілік арын, қан майданда, қырғын соғыста қасиетті тудай жоғары көтеріп, текті сезім оятып-туғызып, адам түгіл жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл болған емес пе еді». Осы тебіренісін ары қарай жалғастыра келіп, Баукең қазақ тілінің еш уақытта өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып көрмегенін, өз сыбағасын ешкімге жегізбегенін, тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, оның салт-санасының негізгі өнеге, нағыз белгісі екендігін атап көрсетеді. Бауыржан Момышұлы тілдің тазалығын сақтаудағы бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне ерекше көңіл бөлген. Баукең «елге жақын, барлық жаңалықтарды елге түр-түрлерімен қоғамдық әр алуан арнасынан күнделікті жеткізіп тұратын арнаулы үлгі-насихат құралдары» саналатын сол кездегі қазақ газеттері мен радиосын оқығанда «сөй­лем құрылыстарына тіл күрмеленетінін», «тыңдағанда құлаққа суық тиіп, денеңді түршіктіретін», қазақ жур­налистерінің «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» кеткен жан аяр­лығы молын, жауапсыздығын, ана тілін қадірлемей, қазақша ойлап, үйлестіре сөйлеп, жазуға тырыс­пағандықтарын қатты сынайды. Хаттағы тіл саласының аса маңызды буыны – термин жасау туралы ойлар да кемел. Ана тілді дамытудың, оны шеттен тіл ауысу арқылы термин жасаудың әлемдік жолын Бауыржан Момышұлы жақсы білген. Ол «тілді байытам деген ақ адал ниеттің негізі, ана тілін толығынан сақтап, жаңалықтарды оның үстіне қосып, дамыту, таныту әбден айқын, әр халықтың тарихында бар арналы жол – нұсқа» деп атап көрсетеді. Барлық сырттан алынған сөздер теріліп, жиналып, әділ билік айтылып, «өзіміздің тіл байлығымызда жоқ, бұрын халқымыздың өмірінде кездеспеген жаңа заттардың аты, сөздер теріліп, жиналып, сөз азаматтығына қабылданып, заңды жүйеге салынуы керек» дейді. Сондай-ақ қазақ тілін орысшамен байытамыз деген «талабы таудай» жігіттер қазақша іркілмей айтатын сөздердің орнына жан қинамай орысшаны жаңбырдай төгіп-төгіп жіберу көбіне әдет болғанын батыл сынай отырып, хатта өзі ұсынған көптеген сөздердің аударма нұсқалары келтірілген. Олар қазір тілімізде солай қалыптасты. Сонымен қатар хатта Ресейдегідей терминологиялық, түсін­дірмелік, орфографиялық сөздіктер жа­саудың қажеттігі атап көрсетіледі. Бұл ойлар сол кез үшін өте өзекті болатын. Бауыржан Момышұлы хатта қазақ тілінің тағдырына қатысты нақты бірнеше ұсыныстар жасайды. Солардың екі-үшеуіне арнайы тоқтай кетейік. Алдымен, 30-жылдардың басынан қазақ тілінің бұрмалануына, бүлдіріле, бұзыла бастағанына әділ баға беріліп, «қазақыландыру мәселесін алдымен қазақтардың өздерінен, тіл жөнін тәр­тіптеуден бастап, барлық үкімет, кеңсе, ғылым, оқу, өндіріс, өнеркәсіп орындарында бұл мәселені қайтадан әділдікпен көтеріп, қолға алынылуын ұсынды. Алайда бұл принципті мәселе әлі толық шешілмей, осы күнге дейін күнтәртібінде тұр. Сонан соң қазақ тілінің беделін түсіру, бұрмалау, бүлдіру халықтың халық, ұлттың ұлт болуына өте қауіпті, зиянды болғандықтан, тіл білмейтіндер, шүршіт болып кеткендердің орнына «салмақты, саналы, жауапты, қазақ тілінің мүддесін қабырғасы қайыса ойлайтын адамдар тағайындалсын» дейді. Бұл арада әңгіме өз ұлтымыздың өкілдері туралы болып отыр. Осыларды және басқаларды айтып келеді де, Қазақстанда қазақ тілі заңның әділдігі бойынша мемлекеттік тіл болып саналып, төрге шығарылып, бұрынғы қал­пына кешікпей келтірудің шаралары тездетіп қолға алынып, іс жүзінде қатал төңкеріс жүзеге асырылуы тиіс деген қорытындыға келеді. Бірақ бұған сол кездегі ұлттық мұраттарды мойындай бер­мейтін ұлы державалық шовинистік ауруға шалдыққан Орталыққа қатаң ба­ғын­ған жағдайда мүмкіндік жоқ болатын. Бауыржан Момышұлының хатынан бері 60 жылдан артық уақыт өтті. Құдайға шүкір, еліміз егемендікке жетіп, мемлекетіміз тәуелсіздік алды. Баукең армандаған қазақ тілі мемлекеттік мәр­тебеге ие болды. Бұл турасында заң да, конституциялық шешім де бар. Тілдерді қолдану мен дамытудың кезең-кезеңге арналған мемлекеттік бағдарламалары жасалып келеді. Елімізде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңи түсті. Рас, сең қозғалды. Бірақ осыны айтсам, көз алдыма сонау балалық шақ еске түседі. Ол кездері Сырдариядағы сеңнің кеткенін қызықтап, өзен жағасына жиі баратынбыз. Сонда әуелгі кезде су орта­сындағы үлкен мұздар бірін-бірі ұстап, сеңнің қозғалысына қарқын бермей тұратын. Бұл сонымен қатар өзеннің айналмалары мен қолтықтарындағы мұздың ыдырауын тежейтін. Сондықтан біздер осы аумақтарда біразға дейін коньки тебе беретінбіз. Біздегі ана тілінің жағдайы осыған ұқсас. Ең негізгісі – қоғамда мемлекеттік тіл өз мәртебесіне лайықты орын ала алмай отыр. Көптеген әлеуметтік орталарда қазақ тілі босағадан сығалап қарап тұр. Қалаларда қазақша тілі шыққан жас балаларды кездестіру бүгін де таңсық. Қазақ тілін кедей тіл, онымен айта­йын деген ойыңды еркін айта алмайсың дегендер мен ұлттық мақтаныш сезімі мен ұлт намысынан ада, өзінің рухани кедейлігін мойындағысы келмейтіндерді қазіргі басшы қызметкерлер мен кез келген мамандық иелері арасынан табу қиын емес. Өзінің ұлтын сыйлай, мақ­таныш ете алмай, өзінің ана тіліне көңіл бөлмей, оны менсінбей, не орысшаны, не қазақшаны дұрыс сөйлей алмай шалдыр-батпаққа бөленіп жүрген, сонан соң бүгін азын-аулақ ағылшынша білгеніне мәз болып, өз ана тілінен жеріп жүргендерді, мәдениеттің көзін тек өзге тілден іздеп жүргендерді кездестіру осы күндері де қиындыққа түспейді. Баукең айтқан «қазақ тілін ана тілім деп танымай, қазақша дұрыс сөйлеп, жазып, оқып өсуді міндетім деп білмейтін» «немере-шөберелерді» қазіргі қазақтың кез келген отбасынан табуға болады. Бұл арада принципшілдікті таныта алмай отырған ата да, әке де кінәлі, дегенмен салмақтың басы анада жатыр. Өйткені ана өз тілінде сөйлемей, баласы анасының тілінде сөй­лемейді. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Мұның бәрі – мемлекеттік тілдің бо­лашағы шешілетін мектеп алды мекемелер мен жалпы білім, орталық, аймақтық билік жүйелерінде қазақ тіліне қажеттілікті туғыза алмай отырғанымызда. Барлық қазақ ұл-қыздары қазақ мектептерінде оқып, өз ана тілінде білім, ғылым алулары қажет деген рухани ұстаз пікірін ескеретін де ешкімнің болмауында. Расында да, орысша оқып, орысша тәрбиеленген қазақ баласын ата дәстүрінде тәрбиелеу де, оның ұлттық сана-сезімін қалыптастыру да – қиынның қиыны. Сонымен өткен ғасырдың 40-жыл­дары көтерілген принципті мәселелер түгел шешілді деуге әлі ерте. Оның толып жатқан әлеуметтік, саяси-құқықтық себептері бар. Оны тарқатып айтуға уақыт тар болып отыр. Дегенмен мына бір мәселені ескерте кеткен артық болмас. Ол әлемдік тәжірибеде мемлекет құраушы ұлт 60 пайыздан асса, онда сол мемлекетте мемлекеттік саясат мемлекет құраушы ұлттың мүддесі мен мұратына жұмыс істеуі қажет. Бұл шындықты біздер ғана мойындай алмай отырмыз. Қазір посткеңестік кеңістіктегі елдер түгел дерлік мемлекеттік тіл туралы заң қабылдады. Біздер артта қалдық. Рас, мемлекеттік тіл туралы заң қабылдаудың аса күрделі екенін түсінеміз. Алайда ғасырлар қордаланған жағдайдан тек мемлекеттік тіл туралы арнайы заң ғана алып шыға алады. Оны қабылдаудың қажеттілігі туралы құқықтық норма Негізгі заңымыздың 93-бабында айқын жазылған. Қоғамдағы саяси-әлеуметтік және экономикалық күй де орнықты. Демографиялық жағдай сонау тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда әлдеқайда жақсарды. Елімізде өзге этнос өкілдерінің көзқарасында жер иесінің ана тіліне деген ізгілікті түсінік қалыптасты. Мемлекеттік тіл туралы заң қазақ халқына ғана емес, Қазақстанды туған елім, өз жерім дейтін басқа этнос өкілдеріне де қажеттілікке айналды. Оны кейінгі кездегі қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер анық байқатып отыр. Осының барлығы және Бауыржан Момышұлының хатын қайта-қайта оқығандағы түйген ойымыз – мемлекеттік тіл туралы заң болмай, қазақ тілінің мәселесі толық шешімін таба алмайды.

Әбдіжәлел Бәкір, саяси ғылымдар докторы

7416 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 8753

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7057

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4801

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4187

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4149

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4110

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3839

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3839

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы