• Ақпарат
  • 23 Ақпан, 2009

Сақалды сақтайтын заң керек

«Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айрылыпты». Осы бір сөздің парқын түсінесіз бе? Әрине, мемлекетіміздің мүйізі қарағайдай болғанын әр қазақ армандайды. Басқаның бүйірінен «ыңқ» еткізіп сүзбесек те, абырой үшін ешкінікіндей болса да мүйіз болғанға не жетсін? Десек те, ойланып көріңізші... Көнекөз қариялар «Алланың разылығы үшін қойылған сақалдың әр талында мыңдаған періштелер отырады» деуші еді. Ол періштелер жамандық атаулыны адамзат бойынан аластайды екен. Біз қазір сол сақалды кейінге ысырып қойып, жаппай мүйіз сұрап кеттік. Ой, кешірерсіз... Мемлекетіміздің мүйіздің болғанына қарсылығым жоқ. Адал құлдың жайған қолын құр қайтарудан ұялатын Хақ-Тағаланың мейірімі мол ғой. Береді. Егерәки, олай болмаса, тәуелсіздіктің таң нұрына шомылар ма едік? Осы күнді көрер ме едік? Ақтаңдақ тарихтың сартап беттеріне саралы төрелік айтар ма едік? Жо-жоқ. Бұл бақытты бізге алдымен Алла сыйлады. Онан соң... Рас. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Біз содан бері бірнеше мәрте сүріндік. Сүріндік деппін-ау жығылдық. Есімнің ескі, Қасымның қасқа жолын іздеп жүріп, талай соқпақтарға түстік. Адастық. Ақыры, мемлекетіміздің тілі мен дінін қызғыштай қори алмайтын жайға жеттік. «Жеті жарғының» жұқанағындай Ата-заңымызды әзірлей жүріп, діннен айрылдық. Бір құрсақтан шыққан қос бауырға қос ағымның апиынынан дәм бұйырды. Кінәлі кім? Заң. Өткен жыл ұлтымыздың жүрегін жаралап тұрған сол заңымызды өзгертуге бел-сыбана кіріскен едік. Амал не? Олпы-солпы заңды өзгертсек, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның тізгінін ұстай алмай қалады екенбіз. Сол себепті, «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктердің мәселелері жөніндегі заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» май-шаммен қаралған мәселенің білтесі таусылды. Заңға өзгерту енгізілмейтін болды. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп сақалынан айрылыпты». Біздің тағы да мүйізге аңсарымыз ауды. Сақалды сақтайтын заң керек еді... Оны да түсінбей төрағалық үшін, миссионерлер қазанына қандастарымызды тоғыта салдық. Өкінішті. Өстіп жүріп, сақалымыздан айрылмасақ етті. Ақан БІРЛІК

3790 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы