• Cұхбаттар
  • 09 Желтоқсан, 2020

Досмұхамед Кішібеков, академик: ҚАЗАҚТЫҢ МАҢДАЙЫ АШЫЛДЫ

Досмұхамед Кішібеков. Елге танымал ғалым. ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымының докторы, профессор. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері.
Ол жайында әріптестері мен шәкірттері «Қазақстан философия ғылымының патриархы», «Қазақ философия ғылымының бәйтерегі» деп зор мақтаныш білдіреді. Бұл да жайдан-жай емес. Жүректен шыққан сөзде негіз де бар. Ғалым жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған қазақ тіліндегі тұңғыш философия оқулығының авторы. Өмірге сегіз жүзден астам ғылыми еңбек әкелді. Еңбектерінің негізгі тақырыбы – қазақ халқының өмірі, ұлттың тарихы мен мәдениеті, дәстүрлі дүниетанымы... Бір сөзбен айтқанда, ұлттық идеяның жақтаушысы әрі насихаттаушысы. Өзінің қамқорлығымен 5 ғылым докторын, 19 ғылым кандидатын тәрбиелеп шығарды.
Таяуда 95 деген жоталы жастың төріне шыққалы отырған ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз Досмұхамед ағамызға жолығып, емен-жарқын әңгіме құрудың сәті түсті. Сыр бөліскен сұхбаттың бір парасы оқырман назарына ұсынылып отыр.

– Сіз бен біздің сұхбатымыз еліміз үшін ұлы әрі басты мереке саналатын Тәуелсіздік күні қарсаңында болып отыр. Көпті көрген, көп жайтты бастан өткерген ел азаматы ретінде тәуелсіздік ұғымын қалай түсінесіз?

– Тәуелсіздік – ол әрбір халықтың, әрбір ұлттың жарқын мақсаты. Яғни тәуел­сіз өмір сүру, ешкімге бағынышты болмау. Біреуге бағынышты болу деген өте қиын.

Біз, қазақ халқы  – еркін халықпыз. Кең далада мал бағып, аң аулап өмір сүрдік. «Мынау шекара, былай етсең болмайды» дегенді білмедік.

Біздің арғы бабаларымыз бүкіл әлемді жайлаған. Чукотка мен Альясканың ­арасы бірігіп жатыр ғой, сол кезде атымен, ­малымен көшіп, жағалап-жағалап Америка­дан бір-ақ шыққан. Ол жақтағы халықты  «үндістер» дейтінін білеміз. Ол батыстың қойған аты. Олардың бізге еш бөтендігі жоқ.

Бабаларымыз бүкіл Азияны биледі. Қытай, Үнді жерін, мынау Таяу Шығыс, сосын Греция, анау атақты Суэц ­каналы жоқ кезде Африкаға дейін жетті. ­Сондай халықпыз. Еркін болғандықтан тұтқындықты, бағыныштылықты жек көрген. Американың үндістері туралы Батыстың өзі жазды. Олар қолға түскеннен гөрі, күресіп, алысып өлгенді жөн көреді екен.

Бізден батырлар көп шықты. Еркіндіктің арқасында жойылып кетпей, аман келдік. Отызыншы жылдары қырғынға ұшырадық. Сонда да аман қалдық.

– Үш жарым ғасырға жуық бодан ел болдық. Ақырында тәуелсіздікке қол жет­кіз­дік. Осы талай жыл асыға күткен жарқын жаңалықты қалай қабылдадыңыз?

– Тәуелсіздікті бүкіл ел қуанып қабылдады. Зор қуаныш. «Көп жыл аңсаған мақсатымызға жеттік» дедік. Шынайы, дербес мемлекет атандық.

Ең алғаш үңгірден сыртқа шығып, мал өсіріп, тіршілік еткен біздің бабаларымыз. Ол қай жер? Ол – Батыс Сібір, Алтай мен Орал тауының арасы. Осы жерде алғашқы өркениет басталған дейді. Оның дәлелі бар. Бір жылдың тоғыз айы, ең болмағанда жеті айы – тіршілік айлары. Көктемі, жазы, күзі. Жылдың төрт мезгілінің үш мезгілі осы жерде. Барлық малдың өсіп-өніп, тіршіліктің басталатын жері. Ұшып келген құстар осы жерге ұя салып, балапанын өсіріп, күзге қарай өсірген балапандарымен кері қайтады. Құстар неге келіп ұя салады? Тіршілікке жақсы. Аспанда есекқырған деген жұлдыз бар. Ол атты кім қойған? Біздің бабаларымыз. Соған қарап уақытты жобалап отырған.

«Ең алғаш өркениет қайдан басталған?» деген сұрақ туатын болса, оған қиналмай жауап беруге болады. Кітаптардан оқып, зерделегенде аңғарғаным, өркениет түркі жұртынан бастау алған. Батыс Сібірде өмір сүрген түркінің бабалары бұғыдан бастап түйе, есекке дейін өсірді. Арасында жылқы бар. Осы малдың бәрі қолға үйретуге оңай. Басқа малдардай емес. Сосын мына Қаратау. Бұл тарихта ең ескі тау саналады. Бұдан ескі тау жоқ. Кеңес өкіметінің  соңғы жылдарында одақтағы археология институтының ғалымдары Қаратауды зерттеді. Неге зерттеді? Өркениеттің қай жерден басталғанын білу үшін. Үңгірлерді қазғанда граниттен бастап түрлі заттар кезіккен. Осы заттардан жасалған тоқпақтайтын немесе кесетін құралдар табылған. Бұлардың қай дәуірге жататынын зерттегенде 900-950 мың жыл бұрын пайдаланғанын анықтаған. Ойлай алатын, санасы бар адамның пайда болғанына бір миллион жыл болды делінеді. Сонда көп жайтты аңғаруға болады.

Тағы бір дәлел, жаңағы құстардан, аңдардан, малдардан басқа. Ол – жер, су, тау аттары. Осы Азияда түркі тілінен басқа жер аты жоқ. Мәселен, Камчатка, біз «камшат» дейміз, сұлулықты білдірмей ме? «Тундра» – «тоң» емес пе? Тоңды жер. «Байкалың», «Алтайың» белгілі сөздер. Екіншіден, екі дыбыстан құралған сөз ешбір халықта кездеспейді. Мысалы ай, ат, ер, ел... Гректердің сөзін алайық, олардың біразы түркі сөздері. Түркі сөзін бұрмалап өз сөздеріне айналдырған. Батыстың сөзі деп қабылдаймыз. Негізі олай емес. Біздің бабаларымыздың қойған аттары, Американың үндістерінің сөздерінде де біздің сөзіміз бар көрінеді. Мұны зерттеген ғалымдар бар. «Жылан», «бақа», «кепе» – оларда да осылай аталады. Әлі күнге дейін сақталған. Осыны біздің ғалымдарымыз зерттеп жатыр. Өйткені бізді кешегі күнге дейін «жабайы халық» деп келді. Олай ­болатыны, біз ерте туып, кеш қалдық. Мал бағып жүріп. Бірақ малдың жақсылығы бізді көп нәрсеге дамытты. Мал арқылы әлемді биледік. Жылқы арқылы. Кемістігі, малды бағу үшін көп жұмыс істеудің керегі жоқ. Малға қарайтын үш-төрт адам болса ауылда сол жетеді. Рухани жағынан дамыдық. Жырға, әнге, әңгімеге мықты болдық. Есесіне тұрмысымыз қалып қойды. Одан қалды орыстар келіп биледі. Бізді «татар-моңғол» деп атымызға дейін өзгертті.

Сөзіміз бай. Айтыстың өзін алайықшы. Мұндай өнер еш халықта ұшыраспайды. Бар болса кейініректе дамыған шығар. Суырып салып айтады. Жауап бергенде де дәлелді сөз айту керек. Осының өзі тіліміздің байлығы.

Кентавр деген ат бар. Былай қарағанда бір құбыжық. Неге құбыжық? Жартылай адам, жартылай ат. Ол кімдер? Біздің бабаларымызды бейнелегендері. Аттың үстінде өмір сүрген, аттың үстінде ұйықтаған. Ат – адамның пырағы. Әлгі атаудың ар жағын Батыс Еуропа білмейді. «Кентавр» дегенде «тав» тау деген мағынаны білдіреді. Сонда «кентау» болмай ма? «Кентаулық» дегенді аңғартуы мүмкін.

Аттила дейміз – біздіңше, бұл Еділ қаған бабамыз. Еділден шықты деген сөз екен. Ең ақырында Еуропаға табан тіреді. Осы жерден барған Еділ Еуропаны биледі. Ол кезде испан, француз, неміс деп еш халықты атамаған. Мұндай халық аттары да жоқ. Сол жерді Англияға дейін Рим билеп отырған. Еділ Рим империясын құлатады. Соғыспайды. Римнің терістік шығысында үлкен тау бар. Сол тауға мен де шығып көрдім. Үстіне шығып қарасаң бүкіл Рим алақаныңда тұрады. Еділ де сол жақтан келіп қарағанда шаһардың сұлулығына, әдемілігіне ерекше сүйсінген. Қиратқысы келмейді. Жаны ашиды. «Адам жіберейік, сөйлессін. Егер соғыспай берілем десе, соған тоқтайық» дейді. Осыны естігеннен кейін қаланың басқарушылары келіп, келіскендіктерін білдіреді. Сөйтіп, Рим ­империясы құлайды. Осы кездері ­Еуропада француздардың, немістердің, испандардың... ел-жұрты пайда болады. Олардың қалалары дүниеге келеді. Кейбір ғалымдар қалалардың аттары да түркі сөздері екенін көлденең тартады. Париж «парыз», «Берлин» – «берді», сыйлық ретінде берді дегенді айғақтайтынын айтады. Ал «Мадридтің» түркі сөзі екені онсыз да белгілі. Осы секілді шетелдің көп сөздерінде түркі сөздеріне ұқсайтындар жетерлік. «Барселон», «Александр» деген сөздерден де түркілік мағынаны кездестіре аласыз. Осының бәрі біздің ерте дүниеге келгеніміздің дәлелі. Себебі бұл табиғаттың жағдайынан. Біз жылдың төрт мезгілін де бастан кешеміз.

Қазір көп мәселелер айтылып та, ­жазылып та жатыр. Дәлелденіп жатыр. Біздің қазір қолымыз ашылып тұр. Осыған дейін қорқып келдік. Пікір айтуға үркектейтінбіз. Өз тарихымызды зерттейтін заман енді басталды.

Бес томдық тарих жаздық. Жақсы жазылған тарих. Қазақстан тарихы. Алайда біз тереңдей бара алмадық. Ол кезде көп нәрсені айтуға бата алмадық. Енді айтатын кез келді.

Мына бір нәрсені де тілге тиек ете кетейін. Жапондар туралы. Неге 37-жылдары қазақтың марқасқаларын «жапонның тыңшысы» деп ату жазасына кесті. Жапонға қарағанда қытай жақын жерде емес пе? Неге қытай емес, жапон тыңшысы деді. Неге олай?

Мен Жапонияда, Хиросимада болдым. Хиросима университетінде лекция оқыдым. Бір сағат, тіпті одан да артық уақыт отырып, ректормен сөйлестім. Әлгі өздерінің көк шайын ішіп отырып. Менің ұлтым қазақ екенін білген ректор: «Біз сендердің туыстарыңбыз, біз сендерге туыс боламыз» деп еді сөзінің арасында. Ол кісінің аты-жөні менде жазулы. «Біз, жапондар Батыс Сібірден шыққанбыз» деді. Мен осыны бір еңбектерімде жаздым. Жапондар бізге өте ұқсас. Кәрістер, қытайлар ұқсас емес. Неге жапондар бізге ұқсас? Жапондағы мінез бізде де бар. Жапондар ер, батыр, патриот халық. Олар неге кешегі соғыс жылдары бізге шабуыл жасамады? 1940 жылы болуы керек, жапонның елшісі не Сыртқы істер министрі ме, Мәскеуге келеді. Сталин қабылдайды. Қабылдағаны былай тұрсын, вокзалға дейін шығарып салады. Былай қарағанда Сталин бір мемлекеттің басшысы, келген көрші мемлекеттің бірінші адамы емес. Ережеге салса, Сталин ондай лауазымдағы адамды шығарып салмауы керек. Бірақ бірге еріп шығады. Вокзалға барғаннан кейін Сталин: «Біз сіздермен жақын халықпыз, бізді көп нәрсе байланыстырады. Бірімізге біріміз түсіністікпен қарауымыз керек. Бірімізді біріміз сатпауымыз керек. Мен соған уәде беремін» дейді. Анау да: «Біздің де ойымыз солай деп» екеуі қол алысады. Яғни екі ел бір-біріне тиіспеуге сөз байласады. Жапондар осы сөзінде тұрып, соғысқа қатыспады. Егер олар қырық бірінші жылы ­шабуыл жасағанда біздің аман қалуымыз екі талай-тын. Сталиннің жаңағы сөзінің арқасында жапондар соғысты бастамай, берген уәдесінде тұрды. Ал Сталин сөзінде тұрмады. Қырық бесінші жылы квантун армиясын қиратты. Бұл біздің жағымыздан болған тәртіп бұзушылық еді. 

Жапондардың сөзде тұратындығы, олардың батырлығы, ерлігі бізден, түркілерден барған. Түркі деген де жалпы сөз. Өзбек те, қырғыз да, әзербайжан да, түрікмен де... түрік. Тағы бар ғой. Осылардың ішінде қазақтың орны бөлек. Біз осыны айтуға да жарамай келдік. Өйткені қырылумен болдық. Өспедік. Қытайлар, үнділер, басқа халықтар өсіп кетті. Егер қырылмағанда әлемді билейтін біз болуымыз керек еді. Бір жағынан көшпелі тұрмысымыз соған жетуге  зиянын келтірді. Өсе алмай қалдық. Әйтпесе, біздің артықшылығымыз көп. Сөзге тұрамыз. Баймыз. Сатқындыққа қаспыз. Қазақтың қиссаларында батыр біреу ғой, ол жалғыз өзі жауға шапқан жоқ шығар. Бірақ осы арқылы елдің қасиетін көрсетіп отыр. Осындай халықтың өкіліміз. Тіліміз де бай. Адамгершілігіміз де мол. Батырлық та бар. Сол халықтың өкілі екенімізді айта алмай келе жатырмыз. Қазақстан тарихшыларына айтып жүрмін. Ар жағын қазайық, ар жағын көрсетейік деп. Негізі түбіміз мықты.

– Уақытында Қаныш Сәтбаевтай қазақтың біртуар ұлы перзентінің қамқор­лығына бөленген  екенсіз. Ғұламаның пейілі өзіңізге жайдан-жай түспеген шығар...

– Қаныш Сәтбаев адам танитын кісі екен. Ол кезде білмеймін ғой. Таудай көрі­нетін. Бүгін де солай. Алдына бар­ғаныңда кім екеніңді, кіммен сөйлескеніңді ұмытып кетесің. Соған таңғаламын.

Институтты Қызылордада бітірдім. Тарих факультетін. Мені тарихтан сабақ беруге қалдырды. Оқу орнын үздік бітірген болатынмын.

Философиядан бір кәріс азаматы сабақ беретін. 1 қыркүйек жақындағанда өкпе ауруына шалдығып, нәтижесінде оған сабақ беруге тыйым салды. Табан астында оқытушы керек болды. Содан ректор мені шақырып алды. «Философиядан сабақ берсеңіз қайтеді?» деді. «Қалай беремін? Тәжірибем де жоқ» деп едім». «Сол пәннен сабақ беретіндермен ақылдас, сен жассың ғой, алып кетесің» деді. Сенім, қанат бітірді. Саяси ағарту үйінен кітаптар, кітапшалар алып, өзімше іздендім. Сөйтіп, бір жыл сабақ бердім. Жаман болмаған сияқты. ­Ректор риза болды. Сол кезде сабақ барысын тексеретін жоғарыдан  комиссия да келді. Ол сынақтан да жақсы өттім.

Бір күні «Социалистік Қазақстан» газетінің кезекті нөмірін қарап отырып, хабарламаға көзім түсті. Ғылым академиясы аспирантураға адам қабылдайды екен. Әр ғылымнан бір, екі, үш адам деп көрсетіпті. Философиядан бір адам деп қойыпты. ­Отбасымызда бір баламыз бар. Зайыбыммен ақылдасып ем, қарсы болмады. Құжатымды жинап, Алматыға келдім.

Үш пәннен емтихан тапсырады екен. Оның үстіне бір орынға үш адам таластық. Комиссияның таңдауы маған түсті. Бір балл ғана жанымдағылардан артық шығыппын.

Сәтбаев мені қабылдады: «Философиядан мамандар жоқ. Сені қабылдадық. Жақсылап оқы. Бірақ бізде маман жоқ даярлайтын. Сол себепті Мәскеуге оқуға жібереміз» деді.

Мәскеуге баруға аса құлқым жоқ. ­Алматыда қала бергім келеді. Қайдан есіме түскенін білмеймін бір кезде: «Ол жақтағы студенттер қаланың сыртында тұрады екен. Қатынау қиын көрінеді ғой» дедім. «Ол жағын ойластырамыз. Бәрі дұрыс болады. Ешқандай алаңдауға негіз жоқ. Жолың болсын!» деп Қанекең арқамнан қақты. Амал жоқ, бармасаң болмайтын еді.

Мәскеуге келдім. Академияға барып құжаттарымды тапсырдым. Құжаттармен танысқан адам менің аты-жөнімнің тұсына бөгеліп: «Якорь» деді. «Ол не нәрсе?» деп сұрадым. «Бұл қонақүй». Шошып кеттім. «Маған қонақүй қажеті жоқ. Жатақхана беруіңізді сұраймын». «Олай ете алмаймыз. Бұл Сергей Ивановичтің шешімі» деді. Қарап тұрмай: «Сергей Иванович деген кім?» деймін. Анау таңырқап жатыр: «Қалай? Сергей Ивановичті білмейсіз бе? Академияның президенті Вавилов. Мұндай орынды кез келгенге бермейді. Сізге ғана ұсынып отыр» деді. Бір кезде: «Кім төлейді?» дедім. «Сергей Иванович шешкен екен, онда алаңдамаңыз» деді.

Сөйтсем, бұл Қаныш ағамыздың қамқорлығы екен. Менің бір ауыз: «Студенттер мен аспиранттар қаланың сыртында тұрады екен» деген сөзімнен қорытынды шығарып, академия прези­дентіне арнайы менің аты-жөнімді айтқан. «Осы балаға жәрдемдес» деп.

Қонақүйдің ерекшелігі белгілі. Барлық жағдай бар. Қанекеңнің арқасында жайлы қонақүйде үш жарым жылдан астам жаттым.

Қанекең анда-санда өзіне шақырады. Қал-жағдайымды сұрайды. Сосын шайсыз қайтармайды. Шағын үстелдің үстінде кесе-шәйнек, кәмпит, печенье тұрады. Шайды өзі құяды. Бірінші сұрағаны: «Сүтпен ішесің бе?» дейді. «Бәрібір ғой» деймін. «Жоқ, бәрібір емес. Біз қазақпыз. Сүтке үйренген халықпыз» дейді. «Ащы емес пе?» дейтіні де бар. Сөйлеп отырып кім екеніңді, кімнің алдында отырғаныңды ұмытып кетесің. Осы дастарқан үстіндегі бірінші кездесуім. Осыдан кейін үйреніп алдым. Тіпті Қанекеңе еркелейтін болдым.

Академияда қызмет етіп жүргенде «Исламның пайда болуы және оның мәні» деген тақырыппен мақала жаздым. Мақалаға Бекмаханов пен Сүлейменов пікір жазды. Мақала «Академия хабаршысына» шығу керек. Редакцияға өткіздім. Бір уақыттары басылым жарық көрді. Ал онда менің мақалам жоқ. Салып ұрып бас редактор Сергей Иванович Покровскийге бардым. Бұл кісі туралы бірер сөз. 37-жылы атылған адамдарға қол қойған кісі. Қол қойған үш адамның біреуі. Атышулы, әйгілі адам. Негізгі қызметі академиядағы қоғамдық ғылымдар бөлімінің меңгерушісі. «Мақалам шықпай жатыр. Себебін білейін деп едім» дедім оған. «Мақалаңызды алып тастадық. Себебі сіздің мақалаңызға рецензия жазған Бекмаханов пен Сүлейменов. Бұл екеуі қауіпті адамдар. Бұлардың пікірімен жібере алмаймын. Пікір жазатын басқа адам табыңыз» деді. «Олар тиісті мерзімдерін өтеп келді ғой» дедім. «Заң жүзінде оралып келгені рас, ал саяси жағынан келгенде әлі бақылауда» деді.

Редакциядан қаным басыма теуіп шықтым. Жаспын ғой. Күйіп кеттім. Ойыма Қанекең түсті. Ол кісіге жолығу қиын. Азаннан кешке дейін жұмыста отыра бермейді. Іссапар, жиналыс, жиын бар дегендей.

Бір жақсысы мен келгенде Қаныш аға өзінде екен. Қабылдау күні болса керек. Кабинетінің алды толы адам. Арасында елден келгендер де бар.

Хатшы әйелге Қанекеңе жолығуым керек екенін, жұмысымның мақсатын айттым. Ол ішке беттеп, тез оралды да: «Кіріңіз» деді.

– Шырағым, не нәрсемен өкпелеп келдің? – деді. Мен болған жайды баяндап бердім.

– Мақалаң қайда?

Қолына ұстаттым. Асықпай оқып шықты. Сосын телефонның тұтқасын алып, Покровскиймен сөйлесті. Бәрі естіліп тұр. Анау бірдеңе деп жатыр. Бір кезде Қанекең: «Сергей Иванович, үшінші пікірді мен берді деп есептеңіз. Қабылдауыңызды өтінемін» деді. Сөйтті де, хатшысын шақырып алып: «Мынаны Сергей          Ивановичке апарып беріңіз» деп, қолына менің мақаламды ұстатты.

Мақала журналдың келесі нөмірінде жарық көрді.

Қанекеңнің адамгершілігіне бұл бір мысал. Осындай адамдардың болатынына таңырқаймын. Мен кім? Ол кім? «Кейін хабарласамыз» десе де ренжімейсің ғой. Қабылдау бөлмесіндегі топ адамға қарамастан мені қабылдады. Және мәселені сол мезетте шешіп берді.

Сол уақытта аспиранттар философия­дан, шет тілінен емтиханды академияда тапсыратын. Қалған мамандық бойынша өз институттарында тапсырады. Қанекең мені академияда кафедра меңгерушісі етіп қойды.

Аспирантураға байланысты тағы бір қызық жағдай. Үлкен академиктердің аспиранттары бар. Аспиранттарын іссапарға жібереді. Ғылыми іссапар кейде бір ай, кейде екі айға созылады. Жазды, күзді күндері тіпті ұзақ.

Кафедра меңгерушісі болғаннан кейін студенттерді қатты ұстаймын. Әсіресе сабақ­тан кешіккендерге. «Сабаққа келмейсіңдер, аспирантураны қалай бітіресіңдер, қалай емтихан тапсырасыңдар?» деп батыра айтамын. Олар бұл сөзімді көтере алмай ғылыми жетекшілеріне: «Ана кісі бізді қысып ­жатыр» деп шағымданатын көрінеді. Ал академиктер Қанекеңе ­барып өкпелерін айтады екен: «Ана кафедра меңгерушісі аспиранттарды қорқытады екен. Іссапарға жіберемін дейтін көрінеді. Сөйтіп, қиянат көрсететін секілді» деп. Бір күні Қаныш аға мені шақырып алды. «Не жағдай? «Аспиранттарды қорқытады, қиянат жасайды» дейді». Мен ешқандай қиянат жасамайтынымды, бірақ қатаң талап қоятынымды жасырмай айтамын. Сонда Қанекеңнің айтатыны ғой: «Шырағым, қайтесің, бес болмаса, төрт болады, төрт болмаса үш болады, түбінде жауап беретін сен емессің ғой, ғылыми жетекшілері жауап береді, неғыласың» деп. Міне, сенімен осылай сөйлесіп отырған адамға қалай риза болмассың. Қолында тұр ғой бәрі. Сөгіс берем, қызметтен шығарам десе де. Оның бірде біреуін жасаған жоқ. Қаттырақ айтып, ескерту де бермеді. Мұндай мысалдарды көп айтуға болады.

– Бір жерден «Көшпелілер қоғамы» деген кітабыңыздың баспадан шығуы қиын болғанын оқыған едім. Осы жайлы біле отырсақ.

– Бұл кітапты 1974 жылы жазып бітірдім. Барлық талқылаудан өтті. Шығу керек еді, шықпады. 1974 жылы шығу керек еді, 1975 жылға қалдырды. Одан 1976 жылға шегерді. Жылда солай. Ешнәрсе айтпайды. Арада он жылға жуық уақыт өтті. Шықпай жатыр.

Философия институтында жүрген күннен бастап өзгелер секілді мен де КОКП Орталық комитетінің ғылым бөлімінің есебінде болдым. Ғылымға қатысты шетелдерге іссапар болса, мені де шақыратын. Бір күні мені Италияға баратын делегация құрамына қосты.

Кезінде бірге оқыған армян жігіті бар еді. Черненконың көмекшілерінің бірі болатын. Мәскеуге келгесін сол азаматпен хабарластым. Амандық-саулықтан кейін бір кітабымды он жылдан бері шығара алмай жүргенімді айттым. «Бас хатшыға кіріп, өтінішімді жеткізсем қайтеді?» дедім. Ол кісіге кіру қиын екен. «Одан да Бас хатшының атына өтініш жаз. Соны жеткізуді мен мойныма алайын» деді. Айтқанын орындадым. Ертеңіне Италияға ұшып кеттік. Он күннен кейін оралдық.

Үйдегілер: «Сені Орталық комитеттен қайта-қайта телефон шалып, іздеді. Біз шетелде іссапарда екеніңді айттық» дейді. Орталық комитетпен хабарласып, келгенімді баяндадым. «Ғылым академия­сына барыңыз. Мәселеңіз шешілді» деді. «Не мәселе екен?» деп қоямын өзіме өзім.

Барғасын білдім. Шықпай жүрген кітап туралы екен. Черненконың атынан Қонаевқа хат келіпті. Кітаптың не себепті шықпай жүргенін сұрайды. Орталық комитеттегілер біздің кінәміз жоқ деп, «литоның» кінәсі екенін алға тартады. «Литоның» өкілін шақырып сұраса, ол міңгірлеп майда-шүйде бірдеңелерді сөз етіпті. Не керек,  ақырында кітап шығатын болды. Сірә, гәп «майда-шүйдеде» емес, басқада болса керек. Сол уақытта Олжастың әйгілі «АзиЯ»-сы шу болып жатқан. Соған байланысты менің кітабымның атының өзінен үріксе керек.

– Кітап не туралы еді?

– Қазақтың өмірі туралы. Ежелгі халық екендігі. Тұрмысы, ерлік істері жайында.

– 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының сіздің өміріңізде ерекше орын алатынын жақсы білеміз. «Қазақ ұлтшылдығы» ­деген теріс түсінікке тойтарыс беріп, қарсы шыққандардың бірісіз. Сол күндерді тағы бір еске түсіріп көрелікші.

– Желтоқсанның  18-і ме, 19-ы ма, біздің институтқа Мәскеуден ­Соломенцев келді. Орталық комитетте партиялық бақылауды басқаратын. Колбин, біздің идеология хатшысы Камалиденов, тағы басқа бір топ адам келді. Жабық жиналыс. Партком мүшелері мен ректорат ғана жиналды. Соломенцев сөйледі. Ол кісінің сөзінің мазмұны былайша өрбіді: «Сіздермен сөйлесіп, жағдайды білуге келдік. Бұл оқиға неліктен орын алды? Сіздерде кеше қала активі болған екен. «Қазақ ұлтшылдығы» туралы айтылыпты. Соны білуге, өздеріңізді тыңдауға келіп отырмыз». Мұнан соң сөз ректорымыз Б.Рақышовқа берілді. Ол институт туралы айтты. Жастар шеруінің институт жанынан өткенін, сабақтың тоқтамағанын сыпайы сөйлеп жеткізді. «Тағы кім сөйлейді?» дегенде мен қол көтердім. Сөзімде: «Бұл оқиғаның ұлтшылдыққа ешқандай қатысы жоқ. Ұлтшылдық емес. Михаил ­Сергеевич, кезінде өзіңіз Қазақстанда қызмет еттіңіз. Сіз сонда қазақ халқының ұлы орыс халқына, басқа да халықтарға ­байланысты ұлтшылдығын  байқадыңыз ба? Бізде ­патриотизм, достық күшті. Еңбексүйгіш халықпыз. Әлгі баға дұрыс емес. Ол сөзді алып тастау керек» деп келе жатыр едім, Соломенцев тоқтатып, қолын шошайтып: «Кешегі алаңда орын алған жағдайды қалай түсіндіріп берер едіңіз?» деді. «Алаңдағы жағдайды зерттеу қажет. Оның төркіні ұлтшылдықта жатқан жоқ. Басқа себептері болуы мүмкін». Осы сөзден соң орныма келіп жайғастым. Менен кейін ешкім шыққан жоқ. Ешкім сөйлеген жоқ. Сосын Соломенцев өзі отырып сөйледі. Қазақ халқын мақтады. Бірге жұмыс істегенін еске алды. «Алайда мынау ерекше жағдай. Әлгіндей баға берген өздеріңіз. Мұны кейін зерттейміз. Өз басым қазақ халқына ризамын...» деп жұмсартып сөйледі. Бәріміз отырып суретке түстік. Бірақ ол сурет еш жерге шыққан жоқ.

Арада  оншақты күн өткеннен кейін Колбиннің көмекшісі В.Ауман деген мені шақырды. Бардым. «Сіз солай деп сөйледіңіз. Сондай кісілердің алдында. Қалалық партия комитетінің шешімін жоққа шығардыңыз. Ол КОКП арқылы қабылданды. Сіз осыған жауап бересіз» деді маған. «Мен ол пікірді ойланбай айтқан жоқпын. Негізі бар. Ашулансаңыз, ашуланыңыз. Мен өз пікірімде қаламын. Мұны дәлелдей де аламын» дедім. «Камалиденовке барамыз» деді. «Камалиденовке бармаймын. Барсаң өзің бар. Егер шақырса барамын. Ал сенімен бармаймын» дедім. Орнымнан тұрдым да есікті жауып кетіп қалдым. Менікі де тентектік қой. Кейін осыныма таңғаламын. Сірә, халыққа арқа сүйеген болуым керек. Өйткені халқымды жақтап тұрмын ғой.

Бірақ Камалиденов шақырған жоқ.

Арада үш-төрт ай өтті. Мәскеуден «КОКП тарихының мәселелері» деген ­журнал шығатын. Сонда 1986 жылғы оқиғаға байланысты көлемді мақала жарияланыпты. Соның ішінде мені сынапты. «Осындай институттың кафедра меңгерушісі мемлекеттің саясатына қарсы шыққан» деген секілді сөздермен мені кінәлайды.

Сол жылдың қыркүйегінде өткен КОКП -ның пленумында Назарбаев қаулыдағы намысымызға тиген ұлтшылдық ­дегенге қарсы шығып, тұтас халыққа мұндай баға беруге болмайтынын айтқаны бар. Назарбаевтың сөзінде «осыны барша жұртшылықпен қатар ғалымдар да талап етіп отыр» деген кездеседі. Осыған қарағанда мен айтқан сөз өзге де әріптестерімнің аузынан шыққан сияқты. Демек, мен қателеспеген екенмін.

– Әңгімеміздің аяғында өзіңізден бата-тілек сұраймыз, аға. Ел-жұртыңызға не айтар едіңіз.

– Тәуелсіздікке жетіп, қазақ халқының маңдайы ашылды. Ол еркіндігі. Өз алдына  дербес, тәуелсіз ел болғанымыз. Егемен­дігіміз ұзағынан болсын. Егемендіктен айырылып қалмайық. Халқымызға аманшы­лық тілеймін. Еліміз табыстан табысқа жете берсін!

Әңгімелескен

Нұрперзент ДОМБАЙ

2218 рет

көрсетілді

12

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы