• Тіл
  • 03 Наурыз, 2011

Шығыс түркілерінің екінші қағанаты

Қытайлықтардың ықпалына амалсыз түскен түркілер діні де, тілі де бөлек елден қалай да іргені аулақ салып, тәуелсіздікке қол жеткізуді армандаудан бір танбады. Бұл үшін Таң патшасының көзін жою қажет еді. Осыны бас­ты мақсатқа айналдырған Шығыс түркілері 639 жылы Төліс қағанның туыстарының ұйымдастыруымен Қытайдың патша сарайы төңірегіндегілермен байланыстар жасап, Таң Тайцзунға қарсы қастандық ұйымдастыруды қолға алды. Алайда бұл әрекет патша сарайына белгілі болып қалып, Таң Тайцзун Хуанхэ өзенінің оңтүстігінде орналасқан түркі тайпаларынан шындап қауіптеніп, оларды өзеннің арғы бетіндегі түркілердің ежелгі мекеніне қайта көшіріп орналастыруды шұғыл түрде қолға алды.

Ұлы шөлдің оңтүстігіне көшірілген бұл түркі тайпалары шын мәнінде қытайдың тұтқыны және үздіксіз бақылауында еді. Олардың көтері­ліс­ке шығып, астанаға жорық жасау қаупінен біржолата арылу үшін Таң Тайцзун осы түркілерге билеуші қаған етіп, өзінің ықпалындағы Ашина Сымауды (Л.Гумилевте – Ашина Сымо) қаған етіп бекітті. Енді қытай патшасы түркілердің қуатты атты әскер жасақтарын өздерінің жаулары Батыс түркілеріне, Кореяға, Тибетке, Күсанға қарсы пайдалануға толық мүмкіндік алды. Алайда қытай ықпалына түскен түркілер олардың озбыр саясатының мәнін, өздерінің ешқашанда қытайлық бола алмайтындарын көп кешікпей-ақ түсіне бастады. Бұл тәуелсіздік үшін ашық күреске шығуға алып келді. 679 жылы Асадыр Вэнфу мен Асадыр Фэнчжи басқаратын 24 түркі тайпалары бірігіп, орталарынан Ашына Нүзік бекті (Л.Гумилевте – Ашина Нишу бег) қаған көтерді. Ол түркілерге әйгілі Төліс қағанның ұлы болатын. Түркі тайпаларын тәуелсіздік үшін күреске дұрыс ұйымдастыра білген ол қидан, татабы тәрізді тұңғыс-манчжур тілінде сөйлейтін, жалпы алғанда, қытайға қарсы тайпалық бірлестіктерді де өзінің жағына шығарып алып, қытайдың бірқатар аудандарына басып кіріп, оларды аяусыз тонады.

Алғашқы кезде оларды жазалауға жіберілген қытай әскері түркілерден күйрей жеңіліп, 10 мыңға тартасы өлді және тұтқынға түсті. Тәуелсіздік үшін жаппай күреске көтерілген түркілерден құтылмай болмасын жақсы түсінген Таң патшасы келесі жылы солардан үш есе көп, яғни 300 мыңнан астам қол жинап, түркі жасағын Қаратауда (Хэйшань тауында) күйрете жеңді. Бір өкініштісі, Ашына Нүзік бек қаған осындай қиын сәтте опасыздық жасап, қытайдың жағына шығып кеткен қандастарының қолынан қаза тапты. Оның басын кесіп алған сатқындар Таң патшасына тапсырды. Алайда қайсар түркілер күресті жалғастыра берді. Олар Сары өзенді көктеп өтіп, ханзада Ашына Инанды (Л.Гумилевте – Фунянь) қаған жариялады. Ол күші әлдеқайда басым қытай әскерлерін қара үздіріп кету үшін солтүстікке шегінді. Бірақ қағанның әйелі мен балалары да аңдаусызда жау қолына тұтқын болды. Тұйыққа тірелген және әскері әбден қалжыраған Ашына Инан амалсыздан қытаймен келіссөз жүргізіп, олардың өзіне және серіктеріне тимейміз деген тұрлаусыз уәделеріне сеніп, жауға берілді. Таң патшасы өзінің сөзінде тұрмады. Астана Чананьның Шығыс алаңында қытай жендеттері түріктердің қағанының және оның адал серіктерінің, барлығы 54 адамның бастарын балтамен шапты. Таң патшалығының тұрақты әскері көтерілісші түріктердің қалдықтарын қанға бояп тұншықтырды. Түркітілдес халықтар ортақ жауға қарсы бірігіп күресудің орнына өзара алауыз болып осылайша басқаға жем болды. Тұй-ұқұқ (Тоныкөк) мәтінінде бұл мәселе былай баян­далады: «Түркі халқының қағаны жоқ еді. Табғачтан бөлініп, қағанды болды. Қағанынан айырылып, Табғачқа және бағынды. Тәңірі былай деген-ді: қаған бердім. Қағанды жойып,[басқаға] бағындың. Бағынғандығың үшін Тәңірі сені өлімші етті. Түркі халқы қырылды, алқынды, жоқ болды». Дегенмен де тәуелсіз мемлекет құру дәстүрі саналарында берік орныққан түркілер орталарынан жаңа қағанды шығарды. 682 жылы Ашына Құтлық өзінің азғана серіктерімен жаңа көтерілісті бастады. Оның рухани қолдаушысы бұрын қытайлықтардың астанасында тұрып, олардың соғыс өнерін жақсы меңгерген, түркілердің Асадыр тайпасынан шыққан данышпан Тұй-ұқұқ (Тоныкөк) еді. Небары 700 адамнан тұратын көтерілісшілер Қарақұм қаласын басып алып, өздерінің сандарын 5000 адамға дейін көбейтті. Тұй-ұқұқ (Тоныкөк) мәтінінде бұл мәселе былай баяндалады: «Бөд (тақ) киесі қалмады. Орман, тау арасында қалғаны жиылып жеті жүз болды. Екі бөлігі атты еді. Бір бөлігі жаяу еді... Біріктірушісі мен едім – білге Тұй-ұқұқ... Одан соң көктегі Тәңірі білік бергендіктен, өзім құдіретті қағанмен ұғыстым». Бұл деректе «құдіретті қаған» аталып отырған Құтлықты көтерілісшілер Қарақұмда Елтеріс қаған деген атпен таққа отырғызды. Ол данагөй Тұй-ұқұқтың ақылымен жан-жаққа жорыққа аттанды. «Түстікте – табғачты, шығыста – қытайды (қиданды), терістікте – оғызды көп қырды». Осылайша Елтеріс құтлық қаған таққа отырған 682 жылдан бастап Екінші түркі қағанатының өмірі басталды. 683 жылы Таң патшалығының императоры Гаоцзун өлді. Келер жылы мемлекеттік төңкеріс орын алып, қытайда тақ үшін тартыс басталды. Мұны түркілер де тиімді пайдалана білді. Батыс түркі тайпалары да осы тұста қытай билігіне қарсы бас көтерді. 686 жылы Елтеріс құтлық қаған Юньчжоу (Синьчжоу) қамалын қоршап, оны қорғаған қытай әскерін күйрете жеңді. Алайда ол онда орнығып қала алмады. Таң патшалығынан, құрамында Ұйғыр жасағы бар, жаңа жазалаушы күштердің шығуына байланысты ол өзінің әскерін аман сақтау үшін қулыққа көшіп, Гоби шөліне шегініп және сонда өзінің соңына түскендерді жойып жіберді. Елтеріс құтлық қаған батыс пен шығысқа бөлініп кеткен түркілердің басын қайтадан біртұтас қағанатқа біріктіру үшін өзінің ордасын түркілердің байырғы отаны Өтікенге (Ханғайға) көшірді. Оның ұлы Білге (Мойынчор) қағанның кешеніндегі мәтіннен бұл туралы мынаны оқимыз: «... Тәңірі күш бергені үшін Әкем-қағанның (Елтеріс қағанның – Т.О.) әскері бөрі сияқты еді. Жаулары қой сияқты еді... жеті (мәтінде «жетінің» алдындағы «қырық» деген сөз өшіп қалған – Т.О.) жолы жорыққа аттанды. Жиырма рет соғысты. Тәңірі жарылқағаны үшін елді елсіретпеді, қағандықты қағансыратпады. Жауын баз қылды. Тізеліні бүктірді, бастыны жүгіндірді. Әкем-қаған елін, (төрін) орнатып, ұша барды». Иә, 688 жылдан бастап осылайша тоғыз оғыздарды бағындырған Елтеріс қаған өзінің қаһарлылығымен айналасындағы жаулардың бәрін үрейлендіріп, 691 жылы дүниеден өтті (Л.Гумилевте – 693 жыл). Балалары Мойынчор мен Күлтегін жас болғандықтан қағанның інісі Бөгчор (Л.Гумилевте – Мочур немесе Мочжо) Қапаған қаған деген атпен таққа отырды. Мойынчор мәтінінде бұл туралы былай делінген: «Әкем қаған өлгенде өзім сегіз жаста қалдым. Ол төрдің үстіне Ағам-қаған (Қапаған қаған – Т.О.) отырды. Отырып түркі халқын қайта орнатты, қайта игі етті. Шығайды бай қылды, азды көп қылды». Қапаған қағанның 694, 697, 698, 701, 706 жылдары қытайға жасаған жойқын жорықтары ондағы жиыр­ма үш қаланы жермен-жексен етіп, сан мыңдаған хансулықтарды түркі жеріне тұтқын етіп топтап айдап кетумен аяқталып отырды. Бөгшор алғашқы Шығыс түркі қағанатының құдіретті қағаны Ілік тұсындағы түркілердің айбарлы мемлекеттігін қалпына келтірді. Оның әскерінің саны 400 мың адамға жетті. Мойынчор мәтінінде оның жорықтары былай суреттеледі: «Ағам-қағанмен (Қапаған қағанмен – Т.О.) бірге ілгері Жасыл өзенге, Шаңдуң жазығына дейін жорық жасадық. Кері – Темірқақпаға дейін жорық жасадық. Барлығы жиырма бес рет жорыққа шығып, он үш рет соғыстық. Елдігін елсіреттік, қағандығын қансыраттық. Тізеліні бүктірдік, бастыны жүгіндірдік... Батыстағы Кеңү-Тарбанға (Сарыарқаға) дейін түркі халқын біз қондырдық. Ол заманда құл құлды болған еді. Күң күңді болған еді...» Шығыста Татабылар, Қидандар, солтүстікте Қыр­ғыздар мен Аздар батыста Түргештер, Басмылдар мен Соғдылар түгелдей Қапаған қаған басқарған қағанатқа бағынды. Алайда рулық-тайпалық бөліністе өмір сүріп үйренген түркілер отырықшы қытайға бағынбай тәуелсіз ел болу үшін көшпелілерді күшпен біріктіруге мәжбүр болып отырған Қапаған қағанның көреген саясатын түсіне алмады. 711 жылдан бастап Қарлықтар, Аздар және Ізгілдер оған қарсы көтерілді. Оларды біртіндеп Ұйғырлар, Байырқулар және манчжұр-тұңғыс тілінде сөйлейтін, түркілерге жау Қидан және Татабы тайпалары қолдады. Осындай дүрбелеңде 716 жылы Қапаған қаған Байырқулардың көтерілісін басып, қайтып келе жатқанда аңдаусызда тосқауылға тап болып, қайтыс болды. Қытайлықтар оның басын әкелгендерге сыйақы беруге уәде бергендіктен, оны өлтіргендер қытай елшісі арқылы Қапаған қағанның басын қытай астанасы Чананьға жөнелтті. Өздерінің ата жауларының көзінің жойылғанына мәз-мейрам болған олар түркілерге қыр көрсетіп, Қапаған қағанның басын астанаға кіреберіске іліп қойды. Осылайша күллі түркінің басын қоспақ болған Қапаған қағанның басы да жау қолында қалды. Қапағанның тағына оның өзі көзі тірісінде-ақ мұрагер ретінде дайындаған ұлы Инел отырды. Бұл сол тұста өзінің жауынгерлік ерлігімен түркілерді мойындатқан, Екінші Шығыс түрік қағанатының негізін қалаған Елтеріс құтлық қағанның ұлы Күлтегіннің ашу-ызасын туғызды. Өйткені түркілердің заңы бойынша тақ мұрагері оның туған ағасы Мойынчор еді. Инелдің жүгенсіздігіне ты­йым салмақ болған ол Ордаға басып кіріп, Инелді де, оның бауырларын да қырып салды. Осылайша Мойынчор Білге қаған деген атпен тақты иеленді. Ол данагөй кеңесші Тұй-ұқұқтың (Тоныкөктің) тілімен қытайға бейбіт келісімшартын ұсынып, әртүрлі көтерілістерден іргесі шайқалған қағанатты қайта нығайтуды көздеді. Білге қағанның осындай игі мақсаты мен өрелі істері оған арналған кешенде баяндалады. Иә, Білге қаған зор күш-қайрат жұмсап, байырғы Түркі қағанатын қайта қалпына келтірді. Ол қағанатты ыдыратпақ болған Аздарды, Ізгілдерді, Ұйғырларды алғашқы жылы-ақ күйрете талқандады. Қағанатқа қарсы шыққан Басмылдарды жеңіп, осылайша олардың Таң империясының әскер­лерімен, Қидандармен, Хилармен жасаған одағын ыдыратып жіберді. Енді қытайдың түркітілдестерді өзара қарсы қойып, бөлшек­теп ұстау саясаты жүзеге аспай қалды. Осыдан соң келесі 721 жылы Таң империясы амал­сыздан Білге қағанмен бейбіт келісімшарт жасауға мәжбүр болды. Мұның өзі шын мәнінде қытай тарапынан Түркі қағанатының дербес, тәуелсіз мемлекет ретінде мойындалуы еді. Бірақ күшті қағанат тағында отырған Білге қаған бақытсыздыққа ұшырады. Бауыры, түркі дүниесінің әйгілі қолбасшысы Күлтегіннің 731 жылы дүниеден қайтуы оған аса ауыр тиді. Ол оның ескерткішінің басына жиі барып, егіліп жылап, шерін тарқататын еді. Қаһарлы Күлтегіннен қаймығып жүргендер енді біртіндеп бас көтере бастады. 734 жылы Білге қағанды өзінің сенімді уәзірі у беріп өлтірді. Өзі дүниеден өтерде ол қастандық жасағандарды тұқымын қалдырмай қырып кетті. Оның ұлы Ерен (Л.Гумилевте – Ижан-хан) тақта алты жыл ғана отырып дүниеден қайтты да, билікке Ереннің тым жас інісі Тәңір қаған (Л.Гумилевте – Білге Құтлықхан) келді. Оны баласынған жергілікті шадтар 741 жылы өлтіріп тынды. Енді түркі мемлекетінде таққа отырған қағанды өлтіріп отыру әдетке айналды. Осындай саяси шырғалаңды пайдаланған Басмыл, Қарлық, Ұйғыр тайпалары қағанаттан бөлініп шығу әрекетін бас­тады. Ақыры 745 жылы Ұйғырлардың Яғлаһар тайпасы өздерінің тайпа басшысы Құл-бойланың (Л.Гумилевте – Пэйло) бастауымен түркілердің соңғы Болмыш (Л.Гумилевте – Баймэй) қағанын өлтірді. Осылайша опасыздар мен жікшілдердің кесірінен айбынды Екінші түркі қағанаты құлап, тарих сахнасынан біржолата кетті. Онымен бірге о бастан түркі қағанаттарына билік жүргізген Ашына әулеті де тақтан біржолата ығыстырылып, оларды Ұйғырлардың Яғлаһар әулеті ауыстырды. Сөйтіп, қасиетті тәуелсіздікті қастерлей, айбынды қағандарын сақтай білмеген елдің мемлекеттігінің оп-оңай күйреп кететінін тарих тағы да дәлелдеді. Талас Омарбеков, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ халқының ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор

7338 рет

көрсетілді

220

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №19

16 Мамыр, 2024

Жүктеу (PDF)

Нұркен Әшіров, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры: Ұлттық құндылық ұтымды әрекеттен қалыптасады

  • 04 Сәуір, 2024
  • 9013

Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Бейсен Құранбектің жары: «Бейсекеңмен өткен уақыт көктемнің жайма-шуақ күніне ұқсайды»

  • 07 Наурыз, 2024
  • 7196

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4937

Сәбит ШІЛДЕБАЙ, тарихшы, Орталық мемлекеттік архив директоры: Архив ұлттық қауіпсіздігіміз үшін қажет

  • 11 Сәуір, 2024
  • 4322

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, сатирик: Памфлет, фельетон жазатындар көбейсе…

  • 28 Наурыз, 2024
  • 4288

Сәуле Жанпейісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: ХАЛЫҚ ӘНДЕРІ – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ БОЙТҰМАРЫ

  • 07 Наурыз, 2024
  • 4246

Әли БЕКТАЛИЕВ, Алматы хореографиялық училищесінің ұстазы: ШАРТ ҚОЙМАЙ, ШАБЫТ СЫЙЛАЙМЫЗ

  • 11 Сәуір, 2024
  • 3979

Базарбек АТЫҒАЙ, филология ғылымының кандидаты: «Ұлыс күні кәрі-жас құшақтасып көріскен...»

  • 21 Наурыз, 2024
  • 3976

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы