• Cұхбаттар
  • 25 Ақпан, 2021

«КӘУСАРДЫҢ» ЕМІ ШИПАЛЫ

Медициналық оңалту – денсаулықты қалпына келтіру емі түрлі жіті және созылмалы ауруларды емдеу және жарақат зақымдану кезіндегі маңызды кезең. Соңғы жылдары медицина көмегіндегі осы түрінің тек әлеуметтік-медициналық қана емес, сонымен қатар экономикалық маңызы да артып отыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында медициналық және әлеуметтік қолдау көрсету сапасын жақсарту міндетін қойды. Жолдауда көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында ҚР Үкіметі бұл бағыттағы шаралар жоспарын әзірлеп, жұмыстар жүргізуде. Дегенмен, бүгінде қарапайым жұртшылық медициналық оңалту дегенді түсіне бермейді және оны қолдануға ниет білдіре қоймайды екен. Біз осы орайда Алматы облыстық «Кәусар» оңалту орталығының директоры Берікжан Қойлыбаевты әңгімеге тарттық. 

– Әңгімемізді медициналық оңалту қызметінен бастайықшы. Бұл  қызмет түрін кім және қалай ала алады?

– Соңғы жылдары медициналық көмек құрылымында арнайы көмектің дербес тармақтары бөлінді. Оның ішінде емделушілерді жылдам қалыпқа келтіруге көмектесетіні – медициналық оңалту және санитарлық-курорттық ем.

Медициналық оңалту – науқастардың және мүгедектер организмінің бұзылған және жойылған функцияларын сақтауға, ішінара немесе толық қалпына келтіруге бағытталған медициналық қызметтердің кешені. Оңалту орталықтарында басына түскен немесе туа біткен аурулардың нәтижесінде, сонымен қатар жарақат нәтижесінде пайда болған физикалық және психологиялық шектеулері бар тұлғалардың автономдығын, еңбекке жарамдылығын және денсаулықтарын қалпына келтіру бойынша медициналық, психологиялық, педагогикалық, кәсіби және заңды шаралар кешені өткізіледі. Қарапайым тілмен айтқанда, емделуші ауруханадан шыққан соң, емін ары қарай жалғастыру үшін, өз-өзіне тезірек келу үшін медициналық оңалту қызметін пайдалана алады. Ол үшін өзі емделген емханадан өзіне ыңғайлы оңалту орталығына жолдама алып, денсаулығы бойынша 10 күннен 21 күнге дейін тағы да оңалту орталығында ем ала алады. Былтырдан бері «Қазақстан Республикасының халқына медициналық оңалту көрсетуді ұйымдастыру стандартына» сәйкес медициналық оңалту көрсететін медициналық ұйымдарға республикалық, облыстық, қалалық оңалту орталықтары болып қызмет көрсете бастады. Оның ішінде  республикалық орталықтардың, көпбейінді стационарлардың (облыстық, қалалық ауруханалар, аудандық орталық ауруханалар, ауданаралық ауруханалар және ауылдық аурухана) медициналық оңалту бөлімшелері, амбулаториялық- ем­ханалық көмек көрсететін меди­ци­налық ұйымдардың медици­налық оңалту бөлімшелері, санаторийлер оңалту жұмысын істей бастады.

– Мұндай медициналық оңалтудың негізгі қағидасы қандай?

– Медициналық оңалтудың негізгі қағи­даттарына ерте бастау,кезең-кезеңімен жүргізу, үздіксіз және үйлесімді болуы, жеке және мультитәртіптік тәсілі, қолжетімділігі және т.б. болуы керек.

– Оңалтуды ұйымдастыру үшін ол орталыққа не қажет? Жалпы қазақстандық оңалту орталықтары бұл талапқа дайын болды ма?

– Жалпы еліміздегі оңалту жұмыстары осыдан бес жыл бұрын басталды. Оңалту орталықтарын ашып, осы бағытпен жұмыс істеу тапсырылғанда еліміздегі көптеген мекемелер дайын болмай қалды. Дегенмен, қазір бәрі де толық игеріп, жұмыстарына кірісіп кеткені сөзсіз. Мәселен, оңалтуды өткізу үшін төсек онтайлы орны, жарақтандырудың ең төменгі стандарттарына сәйкес ұйымның материалдық-техникалық жағдайы, ме­дициналық оңалтуды көрсететін мамандар үшін кәсіби білім беру бағдар­ламасы, халықаралық талаптарға сәйкес оңалту бойынша кадр­ларды даярлау және клиникалық хаттамаларды әзірлеу,  практикада медициналық оңалтуға инновациялық, тиімді әдістерін енгізу керек. Оңалту орталығы өзінің ішінде тек қана күрделі және қымбат тұратын ­аппараттарды жинамайды, сонымен қатар медицина мен әлеуметтік-медицина оңалтудың түрлі облыстарындағы жоғары сыныпты мамандарды жинайды, сондықтан оның үстіне ұйымдастыру-методикалық жұмыс жүктеледі. Сонымен қатар денсаулықты қалпына келтіру медицина мекемелерінің кадрларының оқытылуы мен біліктіліктерін арттыру, әдістемелік ұсыныстарды әзірлеу, оңалту процесінің тиімділігін бағалау өткізіледі. Одан басқа, орталық, әлеуметтік-медицина оңалту құрылымдарының басқа емдеу және профилактика мекемелерінің, сонымен қатар қоғамдық институт арасындағы өзара байланыстарын қамтамасыз етуінде үлкен рөл атқарады.

– Ал сіздер қаншалықты дайын бол­дыңыздар?

– Қазақстанның қазіргі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын осыдан 10 жыл бұрынғымен салыстыруға болмайды. Одан бері еліміздегі жағдай әлдеқайда көтерілді. Ал тұрмыс жағдайы көтерілген кезде ­туберкулез, неврология, қотыр, қышыма сияқты аурулар болмайды. Мұны неге ­айтып отырмын: бұл мекеме бұрын балаларға арналған туберкулезге қарсы шипажай болған. Бұрындары халықтың 20 пайызы туберкулезбен ауырған жылдар болды. Ата-анасы ауырғанда, байланыста болған балаларын осы мекемеде оқшаулайтын. Ай сайын 250 бала жатқан кездер болған. Бірақ кейін уақыт өте келе туберкулез ауруы азая бастады. Оның бірден-бір себебі халықтың жағдайының жақсаруы деп білемін.

Біз аурулар азайып, жағдай тұрақ­тана бастаған кезде түбінде оңалту жұмыс­тарымен айналысатынымызды болжай білдік. Сол жылдардан бастап оңалтуға не керектің бәрін шама келгенше алдыра бердім. Мысалы, тұзды шахтаны осыдан бес жыл бұрын алдырттым. Құрғақ емдеу, физиоемдеу, массаж дегендердің барлығын сол кезден бастап істей бастадық.

Ал 2019 жылы «2020 жылдан бастап әрбір емдеу орталықтарында оңалту орталығы ашылсын» дегенде көп мекеме абдырап қалғаны рас. Біз бұл шешімге дайын болдық. Тексеру тобы келіп, барлық талапқа сай екенімізді растады. Осылайша, оңалту орталығы болғанымен, біз Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен келісімге келіп, жұмысқа кірісіп кеттік. Әр емделуші мен оған кеткен шығынды түгел МӘМС-ке қағаз жүзінде есеп береміз. Өйткені бізді қаржыландырып отырған осы жүйе. Бұл денсаулық сақтау саласындағы ең тиімді жоба болып отырғаны рас.

– Оңалтудың бөлімдері ауру түрлеріне қарай бөлінетін шығар? Әлде жалпы ортақ жұмыс жүре ме?

– Оңалту жұмыстары мақсаты мен ұстанымына сәйкес функционалдық-диагностикалық, физикалық әдістер, психологиялық, әлеуметтік еңбек және бейінді бөлімшелер болып бөлінеді. Оның ішінде кардио-оңалту, нейро-оңалту, ортопед-оңалту, тәуелділерге арналған оңалту, әскери-медициналық оңалту орталықтары бар. Бізде осының алғашқы үшеуі бойынша қызу жұмыстар жүріп жатыр.

– Пандемия кезінде оңалту ісі қалай жүзеге асырылды? Сіздің мекеме қандай жұмыстар атқарды?

– Біздің оңалту жұмыстарына 2020 жылдың екінші жартысынан кірістік. Сол екі ортада әлемді әуре-сарсаңға салған пандемия біздің елде де басталып кетті. Біз осы кезде ғимаратымызды жауып, коронавируспен емдеу жұмыстарына тапсырдық. Бұған дейін BI Group құрылыс компаниясынан көмек сұрадық. Аталған компания бізге 120 млн қаржы бөліп, ­коронавирусты емдеуге қажетті төсек орын, медициналық аппараттар, медициналық киімдер мен қажетті заттарды алуымызға көмектесті. Сөйтіп, пандемия кезінде біздің мекемеде екінші категория бойынша ковидті емдедік. Дәрігерлеріміз күндіз-түні кезекшілікпен жұмыс істеді. Осындай қауіп пен қатердің ішінде жүріп жұмыс істеген соң, өз жұмысымызға кірісер алдында облыстан және қаладан шақырып, екі рет күрделі дезинфекция жасатып, мекемені толықтай тазарттық. Қазір оңалту жұмыстары қайтадан жолға қойыла ­бастады.

– «Кәусар» оңалту орталығына көбіне қандай науқастар келеді? Балалар мен ересектер арасында қандай ауру жиі кездеседі?

– Бізге келуші балалар арасында көбіне өкпе аурулары мен сынық түрлері жиі кездеседі. Орталыққа 3 жастан 17 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Төсек айналымы бойынша ол жерде балалар 21 күнге дейін жатады. Ал ересектер арасында түрлі дене жарақаттарын алғандар, жүрек ауруымен сырқаттанғандар бар. Түрлі егулермен қатар, массаж, ­физиоемдеу, ­парафинемдеу, бассейн, сауна, ыстық ­монша, бәрі де қызмет көрсетеді. Орталықта жалпы 102 маман бар, оның ішінде 14-і дәрігер, 36 мейірбике, 36 санитарка, сосын әртүрлі қызметкерлер. Барлық мамандар толығымен қамтылған. Медициналық қызметкерлер жоғары санатты мамандар.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

– Мемлекет оңалту жұмыстарын барлық медициналық мекемелерге міндеттеп отырғаны белгілі. Аудандық, қалалық, облыстық аурухана-емханаларға шұғыл көмекті қажет ететін науқастар келеді. Олардың оңалту жұмыстарымен айналысуға мүмкіндіктері аз. Жанынан оңалту орталығын ашқанымен, емделуші небәрі 5-7 күн ғана қарала алады. Өйткені ол жерге күн сайын түрлі науқастар келіп жатады. Дегенмен, оңалтудың 1-2-кезеңін осы ауруханаларға жүктеп қойды. Ал бізде ондай шұғыл жағдайлар болмайды. Бізге оңалту жұмыстарына 3-кезеңді міндеттеген. Негізінде біз де оңалтудың 1-2-кезеңдерін жүзеге асырамыз. Сон­дық­тан кез келген емделуші өзінің емханасына барып, «осындай орталық бар екен, соған жолдама беріңізші» десе, біз қабылдаймыз. Бізде қазіргі төсек орны 210, яғни айына 500 адамды қарап шығара аламыз.

Аталған жұмыстарды жолға қойып алсақ, амбулаториялық-емханалық қызмет те көрсете аламыз. Осы төңіректегі 3-5 мың адамды қамтып,  емханалық қызмет  көрсетуге мүмкіндігіміз бар.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен

Ақбота ҚУАТОВА

1829 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы