• Cұхбаттар
  • 04 Наурыз, 2021

БІЗДІҢ МІНДЕТІМІЗ – АЛАШ МҰРАСЫН ЗЕРДЕЛЕУ, НАСИХАТТАУ

Ермек Көшербаев,
Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

Қазақтың жыраулық дәстүрінде болсын, кейінгі жазба әдебиетінде болсын, жиһанкездер естеліктерінде болсын көршіміз Ресей туралы, бүгінде Ресей қарамағындағы туыс елдер туралы дерек табу оп-оңай. Талай жылғы көршілік, географиялық жақындықтың сабағы бізге нені үйретті деген сауал төңірегінде де ойланарымыз да, ойға аларымыз да көп. Ресей архивтері мен музейлеріндегі деректер мен материалдар осы күнге дейін екі ел арасын жіпсіз байлап тұрғаны өтірік емес. Әрі қаны қазақ туыстарымыз да бір шоғыр ел болып отырған мемлекет есебінде бұл елдің бары мен жоғы бізді де алаңдатады. Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті Елшісі Ермек Көшербаевпен сұхбатта екі мемлекет арасындағы бұрынғы-қазіргі-болашақтағы жобалар мен жоспарларды кеңінен әңгімелеуге тырыстық...

– Елші мырза, дүниежүзіндегі құр­лық бойынша ең ұзақ шекара маңындағы екі елдің – Қазақстан мен Ресей Феде­рациясының ынтымақтастығы осы күні қалай дамып жатыр?

– Ең маңызды нәрсе – бейбітшілік пен сенім шекарасы. 2005 жылы екі ел арасындағы мемлекеттік шекара туралы шартқа қол қойылды. 2009 жылғы мамырда тараптар бірлесе отырып шекара белгілерін орнатуға кірісті. Қазақстан-Ресей шекарасын демаркациялау үрдісі жалғасып келеді, сонымен бірге қазіргі уақытта негізгі көлік магистральдары мен шекарадан өту орындарында бұл үрдіс толығымен аяқталды.

Мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас екі ел астаналарының арасын­дағы диалог қана емес. Бұл екі жақты бай­ланыстың ауқымын қамтитын өңіраралық ынтымақ­тастықтың да бір белгісі. Шекара бойында Қазақстанның 7 облысы мен Ресейдің 12 субъектісі орналасқан. Олар бір-бірімен ерекше тығыз байланыста өмір сүріп, дамып келеді.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің бастамасымен екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа форматы ретінде жыл сайын өткізілетін Өңіраралық ынтымақтастық форумын мысалға алуға болады. Бұл форумда екі жақты мәселелердің маңызды іс-шарасы қарастырылады. Уақыт өте келе Форум елде­ріміздің барлық өңірлерінің көпжос­парлы ынтымақтастығы жағдайын талқы­лауға және жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ерекше алаңға айналды. Кезекті XVII Өңіраралық форум 2020 жылдың қараша айында Көкшетау қаласында өт­кізілуге тиіс еді, бірақ COVID-19 пандемиясына байланысты 2021 жылға ауыс­тырылды.

Елшілік 2020 жылы Ресей өңірлерімен байланысты кеңейтуге бағытталған белсенді жұмысын жалғастырды. Өткен жылы Санкт-Петербург қаласында, Ленинград, Омбы, Астрахань және Тверь облыстарында, Татарстан мен Башқұртстанда сапарлармен болдым. Осы аймақтардың басшылығымен, іскер және ғылыми топтардың, сондай-ақ қазақ қауымдастығының өкілдерімен өткен кездесулерім аясында өңіраралық ынтымақтастықтың кең перспективаларына, сонымен бірге ресейлік серіктестеріміздің бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделілігіне көзімді жеткізе түстім. Елшілік тарапынан мұндай бастамаларға барынша қолдау көрсетуге дайын екенімізді жеткіздім.

Жасыратыны жоқ, COVID-19 пандемиясы жекелеген елдердің денсаулық сақтау жүйелері мен экономикалары үшін де, мемлекетаралық қатынастардың беріктігі үшін де үлкен сынақ болды.

Қазақстан мен Ресей осы ортақ қатерге лайықты түрде қарсы тұрып қана қоймай, сонымен бірге коронавирустың жағымсыз салдарымен бірлескен тиімді күрес жоспарын жасай алды. Пандемия кезінде шекарада енгізілген шектеулерге қарамастан екі ел азаматтарын эвакуациялау және денсаулық сақтау саласындағы өзара тығыз іс-қимыл біздің ынтымақтастықтың ерекше екенін айқын көрсетті.

– Қазір күллі әлем коронавирус пан­демия­сының ауыр салдарларын бас­тан кешіп отыр. Осы кезеңде Ресейдегі біздің азаматтар сізге, негізінен, қандай өтініштермен хабарласты? Олардың барлық мәселелерін шеше алдыңыз ба?

– COVID-19 пандемиясы біздің азамат­та­рымыздың, соның ішінде Ресей Федерациясында тұратын азаматтарымыздың күн­делікті өміріне үлкен өзгеріс әкелді. Бұл, әрине, өткен жылы азаматтардың қауіп­сіздігін қамтамасыз ету бойынша қатаң шектеу шараларын енгізу барысында, оның ішінде мемлекеттік шекаралардан өту тәр­тібінің қатаңдауы, халықаралық әуе қаты­насының қысқаруы кезеңінде ерекше сезілді.

Мұндай жағдайдағы Елшіліктің әрекеті туралы айтсақ, бірінші кезекте, Қазақстан азаматтарына Отанына оралуға көмек көрсетуге көңіл бөлгенімізді атап өткен жөн. Екі елдің әуекомпаниялары мен уәкілетті органдарымен бірлескен жұмыс нәтижесінде біздің Елшілігіміз бен консулдықтарымыз 9 мыңға жуық азаматтарымыздың үйіне қайтуына жәрдемдесті. Нақтырақ айтсақ, Мәскеуден – 5500 мың, Омбыдан – 1530, Санкт-Петербургтен – 950, Қазаннан – 596, Астраханьнан – 352 адам Қазақстанға оралды. Олардың, шамамен, 90%-ы – ­Ресейде оқитын студенттер еді.

Сонымен бірге Ресейде тұрақты өмір сүретін және заңды құқықтары мен мүдделерінің қорғалуын қажет ететін азаматтарымызды да ұмытпау керек. Бұл, негізінен, төлқұжатты рәсімдеу, азаматтық хал актілерін тіркеу, нотариалдық қызмет көрсету, Қазақстан Республикасынан жеке құжаттарды талап ету және т.б. мәселелер. Осылайша, өткен жылы 6 мыңнан аса өтініш өңделіп, әрбір азаматымызға қажетті мемлекеттік қызмет көрсетілді.

– Пандемияға дейін Қазақстан мен Ресейдің мәдени-гуманитарлық ынты­мақтастығы жоғары қарқынды болып есептелетін. Қазір коронавирус шектеулері жағдайындағы ынты­мақтастық мәселесі қалай болып тұр?

– Тереңдігі мен маңыздылығы тарихтың мыңжылдықтарымен есептелетін мәдени-гуманитарлық байланыстар екі ел арасындағы қатынастардың маңызды құрамдас бөлігі екені сөзсіз.

2020 жылы Елшілік Абай Құнан­баевтың туғанына 175 жыл толу мерейтойына орай бірқатар іс-шаралар өткізді. Ұлы ақынның ескерткіші Мәскеудің орталығында «Чистые пруды» аумағында орналасқаны екіжақты достықтың белгісі деп білемін. Пандемия салдарынан енгізілген шектеулерге қарамастан, сол жылы есте қаларлық жиырма шақты мәдени іс-шара ұйымдастырдық. Оларға әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толу мерейтойын, Ұлы Жеңістің 75 жылдығын және т.б. мерекелерді жатқызуға болады.

Бүгінгі күні екі елдің мәдениет ми­нистр­ліктері арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған мәдениет сала­сындағы ынтымақтастық бағдар­ламасы жемісті іске асырылып келеді. Бағдарлама Қазақстанның Ресейдегі және Ресейдің Қазақ­стандағы «Мә­дениет күндерін» өткізуді көздейді, сондай-ақ өнер сала­сындағы ынты­мақтастықты дамытуды, мәдениет мекемелері арасындағы байланыстарды кеңейтуге жәрдемдесуді, өнер ұжымдарының халықаралық музы­калық фестивальдарға, конкурстарға және т.б. өзара қатысуын көздейді.

Сонымен қатар ведомстволар арасында Ресейдің Мемлекеттік фильмдер қорында сақталып келген қазақстандық бес фильмді цифрландыру бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, жақын арада қазақстандық киноның бірегей коллекциясының қорын цифрлық форматта құрмақпыз.

Мұражайлар, мұрағаттар, кітапха­налар және осы саладағы түрлі үкі­меттік емес ұйымдар тұрақты түрде тығыз байланыста. Осыған Елшілік өз құзыреті шеңберінде көмегін беріп отырады.

Бұдан басқа, білім беру саласын­дағы ынтымақтастықты дамыту мәсе­лелеріне ерекше мән бері­леді. Ресей қазақстандық жастар үшін ең тартымды бағыттардың біріне айналды. Бүгінде Ресейдің түрлі жоғары оқу орындарында 70 мыңға жуық қазақстандық студент оқиды. Мемлекеттеріміздің бейінді министрліктері мен жоғары оқу орындары деңгейінде, оның ішінде профессорлық-оқытушылық құрам арасында тәжірибе алмасу, академиялық ұтқырлық, сондай-ақ білім беру саласында 2021 жылға арналған бірлескен жобаларды іске асыру аясында тығыз өзара іс-қимыл жүзеге асырылады.

Мәселен, Астрахань облысына сапарым барысында ресей­лік әріптестер қазақ тілінен сабақ бе­ретін мұғалімдердің жетпейтінін атап өтті. Осыған орай, оқы­тушылық ұтқырлықтың бірлескен бағ­дар­ла­маларын құруға келістік. Осы күні Елшілік бастамасымен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Астрахань мемлекеттік университеті арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері белсенді талқыланып келеді.

Атап айтқанда, осы жылы ақпанда екі оқу орнының өкілдері АМУ базасында қазақ тілі мен мәдениеті орталығының ашылуы, ЕҰУ базасында осыған ұқсас Каспий Жоғары аударма мектебін құру, ЕҰУ филология факультетінің аударма теориясы мен практикасы кафедрасының оқытушыларын қазақ тілінде аударма пәндерін өткізуге тарту, білім алушыларды академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысуға тарту, сондай-ақ педагогикалық және гуманитарлық бағыттар бойынша қос дипломды білім беру шеңберінде келісілген жұмыс оқу жоспарын құру мәселелерін пысықтады.

– Ресейдегі қазақтар, негізінен, Мәскеуде, Орынбор, Омбы, Түмен, Астрахань, Саратов аймақтарында тұрады ғой. Ресейдегі қазақтардың жалпы саны қанша? Олардың қазақ тілін білуі, қазақ тіліндегі кітап, басы­лымдарға қолы жетуі, қазақ тіліндегі мектептерге бару мәселесі қалай?

– Расында, Ресейдегі қазақтардың көбі Қазақстанмен шекаралас аймақтарда шоғырланған: Астрахань (149 мың), Орынбор (120 мың), Омбы (78 мың), Саратов (76 мың), Волгоград (76 мың), Челябі (35 мың) және Түмен облыстары (19 мың), Алтай Республикасы (12 мың), сондай-ақ Алтай өлкесі (7 мың).

2010 жылғы бүкілресейлік халық санағының нәтижесі бойынша Ре­сейдегі қазақтар саны 647 732 адамды құрады (бүкіл халықтың 0,47%). Кезекті санақты өткізу осы жылдың сәуір-мамыр айларына жоспарланып отыр.

Ресейде қазақ тілінде оқыту бағдар­ламасының мемлекеттік аккредитация­сы жоқ екеніне, сондай-ақ Қазақстан ­Республикасында шығарылған оқулық­тар Ресей Федерациясының мемлекеттік білім беру стандарттарына сәйкес келмейтініне орай, Ресейдегі қазақ тілі мен әдебиетін факультативтік сабақтар түрінде оқытады.

Бүгінгі күні Омбы облысының 12 орта мектебінде, сондай-ақ «Ана тілі мен әдебиеті» пәні аясында Омбы облысының оқу орындарындағы 7 үйірмесінде қазақ тілі оқытылады. Ал Астрахань облысында 14 мектепте қазақ тілі факультатив түрде оқытылады. Түмен облысында осындай 4 мектеп бар. Алтай Республикасының аумағында қазақ тілі қосымша факультатив ретінде жергілікті 3 мектепте, Алтай өлкесінде 2 орта мектебінде оқытылады.

Қазақ мектептерінің ашылуын тежейтін тағы да бірқатар себептер бар. Оның ішінде Ресей қазақтары жас буынының ана тілін тұрмыста ғана қолдануына орай қандастарымыздың қазақ тілін оқуға ынталана бермейді. Білікті педагог кадрлардың тапшылығы да қазақ тілінің аясын дамытуға кедергі болып тұр.

Осыған байланысты, алдыңғы жылы «Отандастар қоры» және Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен бірлесе отырып, Ресей өңірлерінде қосымша қазақ сыныптарының ашылу шараларына қолдау көрсетіліп, сонымен бірге ана тілін онлайн-форматта оқу мүмкіндіктері қандастарымызға кеңінен таныстырылған болатын. Мәселен, «Зерделі» білім беру орталығы, «El.kz», «Абай институты» сынды қазақ тілінде ашық білім беру онлайн-платформалары жөнінде арнайы көрсетілімдер ұйымдастырылды. Түмен облысында, Омбы қаласында және Астрахань облысының екі ауданындағы мектептердің жанында жаңадан қазақ тілі сыныптары ашылған болатын. Оқу сыныптарын әзірлеуге қажетті техника мен әдістемелік құралдар ұсынылып, тиісті көмек көрсетілді.

Одан басқа, 2020 жылғы 16 қазанда Елшіліктің ұсынысы нәтижесінде «қазақша Мәскеу» жобасының негізін қалаушылары, Ресей азаматтары А.Решетникова және Е.Осипова еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғы­сымен марапатталғанын атап өтейін. Қазақ тілін шебер меңгеріп, «қазақша Мәскеу» блогы арқылы тіл үйренушілер қатарын көбейтуге ерекше үлес қосқаны, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің мәдени-гуманитарлық байланыстарын кеңейтетін игілікті іс көпшіліктің көңілінен шығып, қолдауына ие болғаны үшін Алғыс айтылды.

Қазіргі уақытта шет мемлекеттерде, соның ішінде Ресейде тұратын этникалық қазақтардың ана тілінде білім алуы мәдени-гуманитарлық саладағы екіжақты қарым-қаты­нас­тардың маңызды мәселелері қатарында тұр. Бұл бағытта оң өзгерістер болатынына сенімім мол.

– Ермек Беделбайұлы, дәл қазір Орын­бор­дағы Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үйдің сатылуы, Мәскеудегі Донской зиратындағы Әлихан Бөкейхан мен Нығмет Нұрмақов­тың ескерткіш тақталарының дұрыс орналастырылмауы мәселелері ел-жұртты біраз алаңдатып тұрған жайы бар. Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі есебінде осы жайттарды тереңірек түсіндіріп өтсеңіз.

– Орынбор қаласындағы А.Байтұр­сынұлы тұрған үйдің сатылуына қатысты туындаған мәселені індете зерделеуді тапсырған болатынмын.

А.Байтұрсынұлы тұрған 2 қабатты ғимарат коммуналдық пәтерлер тәрізді шағын 6 пәтерден тұрады. Сол үйдің 2-ші қабатындағы 1 пәтер жалға беріледі деген жарнама шыққан. Пәтер қожайынының ақпараты бойынша ол пәтерін сатпайды, тек қана жалға беріп отыр және ол бұл үй тұрғындардың жекеменшігі болып саналатынын айтты. Жалпы көршілерінің пәтерін сатуға ниеті жоқ екенін хабарлады. Сондықтан әлеуметтік желілердегі «үй толығымен сатылады» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Орынбор облысының Қазақтар қауымдастығының жетекшісі Б.Ермеков ғимараттың сатылуы туралы ақпараттың жалған екенін растады.

Ғимараттың қасбетінде қазақтың ұлы ағартушысына арналып 2010 жылы орнатылған мемориалдық тақта бүгінгі күнге дейін жақсы күйде сақталғанын атап өткеніміз де жөн шығар.

Жалпы Алаш қозғалысы қызме­тінің көптеген аспектілері тарихи әділдікті қалпына келтіру, қалың бұқа­раның ­хабардар болуын қамтамасыз ету және қазіргі Қазақстан үшін тарихи маңызы тұрғысынан әлі ашылған жоқ. Біздің міндетіміз – Алаш мұрасын білу, зерделеу және Еуразия кеңістігі мен одан тыс жерлерде насихаттау. Мәскеудегі «Донской» зиратында жерленген қазақ қайраткерлерінің ескерткіш тақтасын көріктендіру мәселесі де Елшіліктің назарына алынды.

Сол қиын кезеңде жеке адамдар ғана емес, тұтас халықтар да тоталитарлық жүйенің құрбаны болды. Қазақстан осындай тағдыр тәлкегімен еріксіз қоныс аударған түрлі этностардың миллиондаған өкілінің құтты қонысына айналды. Осыдан 5 жыл бұрын Тұңғыш Президентіміз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мереке 1 наурызда атап өтілетін Алғыс айту күнін белгілеу туралы бастама көтерді. Бұл барлық этностардың қазақтарға деген алғысы. Біз 1 наурызда Әлихан Бөкейханның туғаны­на 155 жыл толу мерейтойына арнап, «Донской» зиратында еске алу іс-шарасын өткіздік. Ол осы жерде сол сталиндік қуғын-сүргіннің басқа құрбандарымен бірге жерленген. Ә.Бөкейхан өз заманынан озған адамның жарқын үлгісін көрсете білді. Ол Ресей империясы шеңберінде де, Кеңес мемлекетінің дамуы аясында да қазақ мемлекеттілігі идеясының бастау­ларында тұрды. Бүгін біз оның ­басты арманының орындалғанына куәміз. Іс-шараға Елшілік қызметкерлерімен қатар, Әлихан Бөкейханның немере інісі Нұрым Райымжанұлы және өзінің ғылыми қызметін «Алаш» қозғалысын зерттеуге арнаған ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор Дина Ахметжанқызы Аманжолова қатысты.

Мұндай елді толғандыратын мәселе­лерді алдын ала қадағалап, бақылауда ұстап отыру үшін, қазіргі таңда Елшілік Ресей аумағындағы қазақтың көрнекті тұлғаларына арналған ескерткіштердің тізімін жасап жатыр. Ресейде Отанымызға қатысты 60-тан аса естелік нысандар бар. Аталған тізімді жақын арада екі ел арасында мұндай ескерткіштер мен мүсіндерді сақтау, оларға қарау, абаттандыру мәселелері бойынша жұмыстарды тиісті деңгейде жүргізуді пысықтау үшін дипломатиялық арналар арқылы Қазақстанның өкілетті органдарының ­назарына ұсынамыз.

– Ресей Федерациясының Ленинград облысының Кировск қаласындағы Кеңес Одағының Батыры Сұлтан Баймағамбетовтің ескерткіші қалпына келтіруден кейін өзіңіздің қатысуыңызбен қайта ашылғаны белгілі. Ресей жеріндегі қазақ батырларының атын иемденген мектеп, көше, мекемелерге жиі барып тұрасыздар ма?

– Өзімнің сапарларымның аясында қазақ тұлғаларының есімімен аталған, еліміздің тарихымен ­байланысты нысандарға баруға, кіріп шығуға ­тырысамын. 2020 жылы Омбы, Астрахань қалаларында болған сапарымның барысында Шоқан Уәлихановтың ескерткішіне, Құрманғазы Сағырбайұлының ескерт­кішіне және Алтынжар ауылындағы ұлы күйші атындағы мәдени орталығына құрмет білдіріп барғанмын. Орталықтағы Құрманғазы Сағырбайұлы туралы және жалпы қазақ мәдениеті туралы мәліметтерді одан әрі байытуға мүмкіндік беретін озық технологияларды қолдану арқылы аталған мекеменің тұжырымдамасын заманауи форматтарға сәйкес жетілдіру мәселесін қазір Атырау облысымен берлесіп шешіп жатырмыз.

Бұдан басқа, шекара маңы өңірлердегі тарихи-этнографиялық (өлкетану) мұра­жайларда болғаннан кейін, қолда­ныстағы экспозицияларды, атап айтқанда қазақтың ұлттық аспаптар коллекцияларын, киім-кешегін, тұрмыстық заттарды, фотосуреттер мен кітаптарды және т.б. жаңарту қажеттігін байқадым.

Осы орайда, шекаралас ресейлік аймақ­тардағы барлық этномәдени нысандардағы экспозицияларды жаңалау мәселесін кешенді түрде пысықтау үшін Қазақстан мен Ресей өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығы немесе мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы жөніндегі кіші комиссияларының отырыс­тарының күн тәртібіне шығаруды ұсындым.

Мәскеуде эпидемиологиялық жағдайдың күрделі болуына ­байланысты, Мәскеу қаласының округіне кіретін Зеленоград қаласында орналасқан Бауыржан Момышұлы атындағы мектепке бару сәті енді ғана түсіп тұр. Наурыз айында батырымыздың мектеп ауласында орналасқан мүсініне гүл қойып, оқушылар және оқытушылар құрамымен кездесу өткіземіз деген уағдаластығымыз бар.

– Биыл жыр алыбы Жамбыл Жа­баев­тың туғанына 175 жыл. Осы орайда, Елшілік арнайы бір іс-шаралар ұйым­дастырып жатқан болар? Жамбыл жыр арнаған ленинградтықтардың бұл мерейтойға дайындығы қандай?

– Өзіңізге мәлім, Санкт-Петербург қаласында 2003 жылы Жамбыл атамыздың ескерткіші қойылды және Ресейдің солтүстік астанасының көшелерінің бірі ақын атымен аталды. Бұл жергілікті тұрғындардың біздің бабамызға құрметі.

Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай 28 ақпанда Санкт-Петербург қаласында ақын ескерткішіне жергілікті қазақ қауымдастығы өкілдерінің және қаланың жоғары оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттер мен курсанттардың қатысуымен гүл қою рәсімі өтті. 10 наурызда Ресейдің ұлттық кітапханасында Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына арналған кітап көрмесін ашуды, сондай-ақ іс-шара аясында шығармашылық кеш жасауды ойлас­тырып жатырмыз.

Мәскеуде 2021 жылы басқа да мерейтойлық мерекелерді атап өтпекпіз. Нақтырақ айтқанда, Ы.Алтынсариннің  туғанына 180 жыл, Д.Нұрпейісованың туғанына 160 жыл, Ә.Бөкейханның туғанына 155 жыл, Б.Момышұлының туғанына 110 жыл, Екінші дүниежүзілік соғыстағы панфиловшылардың ерлігінің 80 жыл толу мерейлі даталары және т.б. шаралар. Ең басты мерекеміз – ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы да Елшілік назарынан тыс қалмайды. 

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Әңгімелескен

Қарагөз Сімәділ

2475 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы