• Тарих
  • 30 Наурыз, 2021

Қарадаладағы қадым тарих іздері

Ғылыми деректер жердің жаралғанына 4,6 млрд жыл болды десе, әзірге қолда бар деректер Жетісуды адамзат алғаш қоныс еткелі шамамен 40 000 жылдай уақыт болғанын алға тартады (Майбұлақ, Рахат тұрақтары). Алайда, мұның өзін соңғы әрі, нақты мәлімет дей алмас едік. Жалпы, Жетісу аймағы тарихи-мәдени мұраларға өте бай өлке. Бұл жердегі тоқымдай ғана жердің өзінен біз археологиялық ежелгі дәуір мен этнографиялық уақытқа тән мәдениеттер мен өркениеттер дамуының ізін кездестіре аламыз.

Осынау жазиралы өлкенің бір пұшпағы, Кетпен тауының (ежелде «Үйсінтау» деп атапты деседі) етегін ала Іле дарияға дейінгі қазақтың кең қолтық шапанындай көсіле далиып «Қарадала» («Ұлы дала», «Үлкен дала» деп түсініңіз) атты өңір жатыр.

Бұл Қарадалаңыз сан жұрт келіп-кеткен жер, дүниені тітіретіп сақтар мен үйсіндердің самдағай қолы да, Еуропа мен Азияның арасында алапатымен алтын көпір болып тұрған Түрік қағанаты да, дүниені тітіреткен Шыңғыс қаған мен Ақсақ Темірдің сүңгісінің ұшына күн ойнатқан қаһарлы әскері де, қазақты жер бетінен жойып жібермек болған қалың қалмақ қолы да өткен сайын дала бұл. Қалмақты түре қуғанда Райымбек сардардың бастауындағы қалың қолдың бір бөлігін Қалыбек, Өтей, Ескене және т.б. батырлар басқарып Кетпентаудың теріскейіндегі атажұртты арам пиғылдардан тазартқан қаһарман өлке.  Қойнауына қырық қатпарлы тарихты, сан қатпарлы сырды бүгіп жатқан, қазақтың жетпіс жеті атасының жетпіс жеті атасына құт мекен болған Ана бұл. Бұл даланың төсінде шалқар теңіз де, ну орман да, мыңғырған мал да, жайқалған бау да, үйірімен жортқан аң да болған-дүр. Бұл өлкеде беріде «Сары бидайын» шырқап Сәдіқожа, шымыр жырларымен елді шамырқандырып Шарғын ақындар дәурен сүрген. Одан беріде иісі Алашқа әйгілі болған қаншама атпал азаматтар шықты.

Шықса шыққандай-ақ қой. Аумағында әлемге аты кеткен Шарын каньондары, әлемде екі-ақ жерде өсетін шетен ағашы ну орман боп самсаған Сарытоғай, ауырған жанға дауа болар шипалы сулары, Іледен өрлеп басталатын тақыр даласы оңтүстікке қарай асқақ таулар мен орман-бауларға ұласып кететін сан бояулы табиғаты бар өлкенің өрендері осал болмаса керек. Оған қоса, бұл аудан туризмді өркендетуге де аса қолайлы жер. Тек туризм саласы табиғи туризм ғана емес, тарихи-мәдени туризм арқылы да өркендейтінін ұмытпаған абзал. Ал, оған мүмкіндіктер өте мол.

Қарадаланың тарихы тым тереңде. Дегенмен біздің білуімізше әлі де болса сол қадымнан қауға тартатын, шыңырауда сыры жатқан тарих әлі де болса толық ашыла қойған жоқ. Осынау қойнауы тарихқа толы құт мекеннің арғы-бергі деректерін зерделеу үшін біраз мәліметтерді ақтардық. Басқасын былай қойғанда көне тарихына қатысты қаншама тың деректерге қол жеткенде әуелі таң қалғанымыз рас. Алайда артынша ес жиып ежелден әлемдік сауда жолдарының бойында жатқан, өмір сүруге өте қолайлы аймақта мұндай тарихи-мәдени ескерткіштердің болуы заңдылық қой деген ой келді. Ендігі меже сол ескерткіштерді зерттеп, зерделеп, оны мәдени, білім беру және туризм мақсатында пайдалану. Ал, ол қалай жүзеге асып жатыр деген сұраққа жауап берместен бұрын Қарадала қойнауындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін бір сараптап өтуді жөн көрдік.

Біз оларды өз тарапымыздан қорған-қорымдар, қала орындары, петроглифтер жиынтығы деп бірнеше топқа бөлер едік.

 

Қорған-қорымдар

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне қарасты  Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты 2006 жылы Алматы облысы Ұйғыр ауданы аумағында ауқымды ғылыми-археологиялық барлау-зерттеу жұмыстарын жүргізді (экспедиция жетекшісі – К.М. Байпақов, топ бастығы – А.А. Горячев). 2007 жылы осы зерттеулер нәтижесінде «Алматы облысы Ұйғыр ауданындағы Алматы барлау археологиялық экспедициясы Түрген тобының далалық зерттеу жұмыстары туралы есеп» жинағы жарық көрді.  Осы жұмыс нәтижесіне көз салсақ негізгі зерттеу жұмыстары Үлкен Бұғыты мен Кетпен тауларының солтүстік қыраттарында, Темірлік пен Шарын өзендерінің аңғарында жүргізіліп қола және ерте темір дәуіріне тән 100 ескерткіш анықталыпты. Олардың ішінде кейінгі қола дәуіріне жататын анағұрлым көне ескерткіштер қатарында Ақтам және Шошанай ауылдарының маңындағы қорымдарды келтіреді. Әрі, бұл ауылдардың маңында ерте темір дәуірінің қорымдары да көптеп кездеседі. Ал, «Есік» қорық-музейінің 2017 жылы Шошанай ауылының маңында жүргізген барлау экспедициясы кезінде Шошанай ауылының шығысына қарай 3 шақырым жерде «Көкөзек қорымдары», Дардамты ауылының солтүстік-батыс жағынан ерте темір дәуіріне жататын бір топ қорғандардағы заң бұзушылықтар анықталған болатын.    

Марқұм К.М. Байпақов басқарған экспедиция аталмыш ауданда ерте темір дәуіріне жататын қорғандарды да көптеп анықтады. Олардың басым бөлігі Темірлік өзенінің оң жағалауынан, Шошанай, Сүмбе, Кіші Ақсу, Ақтам ауылдарының аумағынан анықталды. Дегенмен олардың ең көп шоғырланған жері Үлкен Бұғыты мен Шарын ұлттық паркінің аумағында болып шықты. Зерттеуші топ мәліметінше мұнда әрқайсысы бірнеше жүздеген қорғандардан тұратын, солтүстік-оңтүстік бағыты бойынша 5 шақырымға дейін созылатын бірнеше ондаған қорымдар тобы кездескен.  Бұл мақалада ол қорғандарды топ-тобымен сипаттап жазуға газет көлемі көтермейді. Бұйырса, оны болашақтың еншісіне қалдырайық.

Ал, түрік кезеңінің қорғандары негізінен Кетпен тау сілемдерінде, Сүмбе мен Ақтам ауылдарының маңында анықталған. Алайда бұл түбегейлі зерттеулер деп айта алмас едік. Қарадаланың қалың қатпарында әлі де болса анықталмаған қорымдар жетерлік.

 

Жартас суреттері

Қарадала жартас суреттері туралы сөз болғанда ойымызға ең бірінші әйгілі ғалымдар Н.Н. Пантусов, А. Аманжолов пен А.Н. Марьяшевтер келеді. Себебі, осы аумақтағы петроглифтер шоғырын ең алғаш зерттеген ғалымдар осылар еді. Мысалы, 1885 жылы шығыстанушы, әуесқой-археолог, 1882 жылы Қытайға Құлжа аймағын беру және Іле алқабына Қытайдан көшіп келуші ұйғырларды қоныстандыру мәселелерімен айналысқан Жетісу әскери губернаторының ерекше міндеттерді орындайтын аға шенеунігі Н.Н. Пантусов Дардамты петроглифтерін алғаш ашушы жан ретінде белгілі. Алайда аталмыш петроглифтерді ғалым – А.Н Марьяшев 2014 жылдары жүйелі түрде зерттеді. Әйгілі ғалым А.Аманжолов ағамыз 1964 жылдары Долайты ауылынан оңтүстікке қарай 5-6 шақырым қашықтықта, тау ішінде орналасқан Науакескен, Болыссай сайларынан петроглифтер шоғырын байқайды. Кейіннен 2017-2018 жылдары Мәдениет және спорт министрлігі бағдарламалы-нысаналы қаржыландырған «Жетісу сақтарының идеологиясы мен мифологиясы» жобасы аясында «Есік» қорық-музейі де арнайы зерттеу жүргізіп, нәтижесінде «Аққора», «Науакескен», «Болыссай», «Ұзынкүңгей-1», «Ұзынкүңгей-2» жартас суреттерін ашып, зерттеді. Дегенмен, бұл аудандағы жартас суреттері осымен шектеліп қалмақ емес. Болашақта тағы да жаңа петроглифтер орны ашылады деп сенеміз. Бұдан басқа да Дардамты ауылына жақын маңдағы «Таңбалы тас», Сүмбе ауылының оңтүстігіндегі «Терексай петроглифтері» бар.

Ежелгі елдімекендер

Қарадаладағы қала жұрттар арасынан ең жақсы зерттелгені Сүмбе қалашығы. Ол туралы К.М. Байпақов, Т.В. Савельева, К. Чанг жазған «Мәдени мұра» Мемлекеттік бағдарламасы аясында жарық көрген  «Средневековые города и поселения северо-восточного Жеттысу» атты ұжымдық монографияда (Алматы, 2005 ж) «Сүмбе қалашығы өзі аттас ауылдың солтүстік жағында, Кетпен тауының солтүстік етегінде орналасқан» дейді. Сүмбе қалашығынан шыққан қыш ыдыстар Шу мен Талас алқаптарынан табылған, ІХ-Х ғасырларға жататын қыш ыдыстармен бір текті болып шыққан. Қалашыққа ең алғаш қазба жұмыстарын 1960 жылдары К. Ақышев жүргізген.

Ал,  Сарытоғай қонысы – Шарын өзенінің бойындағы Сарытоғай шатқалында, Шарын ұлттық паркінде орналасқан. Өкінішке қарай қоныстың орны әлі дәл анықталған жоқ. 1991 жылы әкелі-балалы Кемал және Әлішер Ақышевтар жүргізген қазба жұмыстарының нәтижесінде Шарын өзенінің бойында бірнеше шақырымға дейін созылған аумақтан көптеген тас кетпен, дән үккіштер, қыш сынықтары табылған.

 Қарадаладағы ең аз зерттелген қалашық Ащиноха болып саналады. Аталмыш қалашық Қалжат пен кіші Диқан ауылдарының арасында, Кетпентау баурайында орналасқан. Өкінішке қарай, қалашық орны бұл күнде жермен-жексен болған. Қлашық туралы мәліметтер академик К.М. Байпақовтың еңбектерінде кездеседі.

Алайда Қарадала өңіріндегі тарихи-мәдени ескерткіштердің басы-аяғы бұл емес. Болашақта әлі талай-талай жаңа ескерткіштер ашылып, Отандық ғылымға сүбелі үлес қосуға қауқары жетеді бұл маңның! Дегенмен біз қашан да болсын қолда барды ұқсатуға ұсынықсыз халықпыз.

Осынау тарих және мәдениет ескерткіштерінің насихатталу деңгейі қандай екен деген оймен ауданның басты айнасы – Ұйғыр ауданы әкімдігінің сайтын шолып көрдік. Жоғарыда жаңа ашылған ескерткіштерге қысқаша шолу жасап өттік. Зерттелген ескерткіштер анықталған күннен бастап мемлекеттік қорғауға алынып, оларға қамқорлық танытылуға тиіс. Ал, Ұйғыр ауданы әкімшілігінің сайтында (https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-uigur/activities/6253) тарихи-мәдени ескерткіштер туралы бір ауыз сөз иәки жазба таба алмай пұшайман болдық. Әлеуметтік желідегі парақшаларында да мұндай мәліметтер кездесе қоймады. Мәлімет болмаған жерде тарихи мұраларды қорғауға көңіл бөлінбейді, көңіл бөлінбеген соң оны талқандауға жол беріле ме деп алаңдаймыз. Аудан әкімдігі сайттары мүмкіндік берсе сайттарына, болмаса әлеуметтік желідегі парақшаларына қажетті мәліметтерді салып отырса біріншіден халықтың тарихи-мәдени ескерткіштерге деген көзқарасы өзгереді, екіншіден туған жерлерінің тарихын тану арқылы  мақтаныш сезімдері оянады, үшіншіден сол мұраларды қастерлеуді үйренеді.

Өздерінде мәліметтер жоқ болса ғалымдармен, Алматы облыстық тарихи-мәдени мұралар басқармасынан  алуға болады деп ойлаймыз. Тарихи-мәдени мұраларымызға келгенде аса сергек болмасқа болмайды. Себебі, ол бабадан жеткен аманат. Аманатқа қиянат жасау текті адамға кешірілмес күнә.  

Досым Зікірия

«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени

қорық-музейінің директор орынбасары

 

2709 рет

көрсетілді

4

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы