• Cұхбаттар
  • 07 Сәуір, 2021

Досмұхамед НҰР-АХМЕТ, қоғам қайраткері:ҰЛТ МҮДДЕСІН ҚОРҒАЙ АЛҒАН МЕМЛЕКЕТ ЖЕҢІСКЕ ЖЕТЕДІ

Тәуелсіздіктің мерейлі отызыншы жылына аяқ басқан тұста, сонау 1990 жылдарда ел болу идеясына біріккен топта кімдердің болғаны бәрімізді де бей-жай қалдырмайтыны анық қой. Ел мен жердің тұтастығы, тағдыры, болашағы мен дұрыс бағытқа өтуі жолында еңбек еткен тұлғалармен сұхбаттар легін ұйым­дастыру арқылы сол заман­ның тамырын басып, бүгінгі күні сол көңіл күйі ауаны қалай сезілетінін білгіміз  келген еді. 

Халықаралық «Түркі–Славян («TURKISLAV») академиясының президенті, «Еуропа Жаратылыстану академиясының» және «Оксфорд Академиялық қауымдастығының» академигі, философия докторы Досмұхамед Нұр-Ахмет тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттік лауазымды қызметтер атқарған тұлға. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында ҚР Вице-президентінің штаттан тыс кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің ғылым, білім және жаңа технологиялар жөніндегі комитет төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары, әл-Фараби атындағы Жас таланттарды қолдайтын республикалық қордың президенті, бас ­директоры, Қазақстан Республикасының стратегиялық жоспарлау және реформалау жөніндегі агенттіктің Парламентпен байланыс жөніндегі хатшысы, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ұйымдастыру және кадр жұмысы департаментінің директоры, т.б. қызметтер атқарған.

Бүгінгі сұхбатта да тәуелсіз елдің негізгі ұстанымдары туралы ой өрбітеді...

– Егемендіктің алғашқы жылда­рында лауазымды қызмет атқарған тұлға ретінде, ең алғашқы сауалымыз сол уақыт туралы қойылмақ. Ол кездегі көңіл күй, ұстаным, жалпы тәуелсіз­діктің алғашқы жылдарындағы бола­шаққа деген көзқарас қандай еді?

– Ол жылдардағы болашаққа деген көзқарас, бір сөзбен айтқанда, жаңа ұлттық интеллигенцияның жаңа көзқарасы болатын. Ал олар қандай топ және олардың көзқарасы қандай еді деген сауалға толығырақ тоқталайын.

Жаңа ұлттық интеллигенция «жоқ жерден» пайда болмайды, олар «қартайған» қоғамның қойнауында, отарлық аумақтарда өсіп жетіледі. Олар өз заманына сай озық білім алған тұлғалар болғандықтан, басқарушы режимнің өзіне де, халқына да қатысты әділетсіздігін барған ­сайын көбірек сезінеді. Сөйтіп, олар өз наразылықтарын білдіре бастайды.

Дей тұрғанмен, негізінен, тұрмыстық жағдайларға байланыс­ты, олардың көпшілігі «қос агент қабығында» қала береді, сырттай бақылап, талдап, ақыл айтқанды ұнатады, әйтеуір «жеңімпаз командада» болу мүмкіндігін жіберіп алмауға тырысады. Мұны мен «жанкүйерлер психологиясы» деп атаймын. Өзіңіз білесіз, қанша құрметпен қарасақ та, бірақ жанкүйерлер «гол соқпайды» ғой... Сондықтан коғамда саны жағынан көп болмаса да, жасампаздыққа, қарекетке қабілетті адамдардың тағы бір тобына қажеттілік туындап, әділдік пен өз ұлтына деген сезімі жоғары, намысты адамдардың белгілі бір тобы қалыптасады. Осылай саналы зиялылардың әлеуметтік мобильді қауымдастығы құрылады.

 Оларға енді «Сырттай бақылау және ойлау» мүмкін емес боп қалады. Бұл адамдар қоғамдағы істердің әділетсіздігін бірінші болып сезініп қана қоймай, оны өз басынан да өткереді, өз жүрегінен өткізеді. Билеу­ші топ өз халқын «төменгі топ» деп, тіпті «санда бар, санатта жоқ» деп санаған­дықтан, ұлттың ең жақсы өкілдері қажет болмай қалады. Олар өз туған жерлерінде өмір сүріп, өз мәдениеті мен халқының өкілі болға­нына қарамастан, «бөтен адамдар» болып саналады және өз елінде әртүрлі мәдени, лингвистикалық және басқа да кемсіту мен қуғын-сүргінге ұшырайды.

 Осылайша, ұлттық қарсыласу орталықтары мәжбүрлі түрде пайда болады. Ал жаңа ұлттық интел­лиген­цияның басты айырмашылығы – олар билеушілерге емес, өз мәдениеті мен өз ұлтының мүддесіне қызмет етеді.

 Жаңа ұлттық интеллигенцияның өкілдері, не істесе де, өз ұлттық мемлекетін құру жолында аянбай еңбек етеді, сол мемлекеттің құрылысшылары, дәлірек айтсақ сәулетшілері болып саналады. Сондықтан ел тәуелсіздігін алу, сақтау және нығайту мәселелері, негізінен, ұлт зиялысы болып саналатын осы патриоттық топтың үлесінде қалады. Олар кез келген саналы адамдар сияқты: «Кез келген халық өз батырларын, басшыларын туады, бірақ бірде-бір батыр немесе басшы бүкіл халықты туа алмайды» деп біледі. Оның үстіне олардың көпшілігі: «Менің халқым ертең өлгенше, өзімнің бүгін өлгенім артық» деген қағида бойынша өмір сүреді! Мен де әлі осы топ өкілдеріне тән көзқараста келемін.

Міне, өзің сұраған тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы көңіл күй, ұс­таным, көзқарас та осындай болатын.

– Енді сәл арғы уақытқа жылжысақ. «Қайта құру» уақытында Балтық жағалауы елдеріне барып, олардың іс-тәжірибесімен танысып қайттыңыз. Олардан не үйрендік, нені байқадық?

– Ол кезең «Тәуелсіздік елесі» КСРО-ны кезіп жүрген уақыт еді ғой. Әрбір одақтық республика, әрбір саналы ұлт өз Ұлттық мемлекетін калай құра алатынын ойлай бастаған заман еді. Бұл үрдістің алдыңғы шебінде – Балтық жағалауы елдері тұратын. Олардың КСРО-ға қосылғандарына да көп уақыт болмаған еді, яғни ұлттық сана-сезімі де, сенімі де жоғалып кетпеген-ді. Эстониялық академик Бронштейн бастаған топ КСРО-дан бөлінудің өте тиімді жолын ойлап тапқан болатын және сол тәсіл алғашқылардың бірі болып Эстонияда жүзеге аса бастаған еді. Ол жүйенің аты «Аумақтық есеп айыру (Территориальный хозрасчет)» деп аталды. Бұл жүйенің ерекшелігі: Жерді, Жер қойнауындағы барлық қазына байлықты, Әуе кеңістігін, Су акваториясын әр республика халқының «Эксклюзивті ерекше меншігі» (Исключительная собственность) деп танылуына мүмкіндік берді. Сөйтіп, «бейбіт ажырасуға» тарихи мүмкіндік жасады...

Осы тәжірибені үйрену және соңынан өзімізде үйлестіру үшін мені Қазақстаннан Балтық жағалауына іссапарға аттандырды. Нәтижесінде Қазақстан министрлер кеңесінің сол кездегі Төрағасы Н.Назарбаевтың шешімімен Қазақстанда да Балтық жағалауындағыдай Ұлттық академия және Мемлекеттік жоспарлау комитеті жанынан «Аумақтық есеп айыру (Территориальный хозрасчет)» жұмыс топтары құрылды. Оған қоса, біздің азаматтық қоғам ішінде бейресми «Ұлттық фронт» («Народный фронт») жұмыс атқара бастады... Одан соң Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде өз жерімізді, жер қойнауындағы барлық қазына-байлықтарымызды, Әуе кеңістігін, су акваториямызды біздің халқымыздың «Эксклюзивті ерекше меншігі» (Исключительная собственность) деп танылған «Меншік жайлы заң» қабылданды... Ары қарай болған жайдың көбі елге аян. Бұның бәрін тәптіштеп айтып жатудың қазір қажеттілігі бар ма екен? Дей тұрғанмен, бұл процестердің барлығына да шамам келгенше аянбай атсалысқанымды іштей мәртебе тұтамын.

– Тәуелсіздік алуға қатысты алғашқы өткен митинг туралы бір сұхбатыңызда айтып өткен едіңіз. Соны толыққанды баяндап берсеңіз.

– Тағдырдың жазғаны болар, бұл кезең менің Мәскеу мемлекеттік университетінің Философия факуль­тетінің аспирантурасын аяқтап, Қазақ КСР Мемлекеттік жоспарлау комитетінің ғылыми-зерттеу инс­титутына аға ғылыми қызметкер болып орналасқан уақытыма сай келді. Бұл менің жоғарыда атап өткен барлық ғылыми-теориялық үрдістерге толыққанды атсалысуыма мүмкіндік берсе, кеудедегі ұлттық мүдде, бойдағы жастық жалын, жүректегі патриотизм сенімдері мені практикалық өмірге де қоян-қолтық араласуға итермеледі. Оның үстіне, Тәуелсіздік алу жолындағы алғашқы митингке келсек, оны ұйымдастыруға мұрындық болған жайт мынау еді. Мен сол кезде Қазақ КСР-ы Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы, соңынан Қазақстан Республикасының алғашқы әзірше соңғы Вице-президенті болған Е.Асанбаевтың штаттан тыс кеңесшісі едім. Қазақстанның егемен ел болуы­на биліктегілердің де, қарапайым халықтың да басым көпшілігі сол уақытта мүдделі болды, олар біртұтас болмаса да, бір-біріне етене жақын еді... Осы факторлардың арқасында біз ескі алаңда (Жоғарғы Кеңес алдында) бейресми тұрғыдан Қазақстан Тәуелсіздігін талап еткен үлкен саяси митинг өткіздік. Алдын ала кімнің қай тақырыпта сөйлейтінін, сөзді қалай бастап, қалай аяқтайтынымызды да, Мәскеуге жіберілетін митингтің талап-резолюциясын да, өз билігімізге арналған шарттарды да, бәрін мұқият дайындадық. Ары қарай оның жүзеге асуына да шама-шарқымызша бақылау жасадық. Бір жақсысы, ол кезде мүдде бір еді... «Желтоқсан көтерілісінен» бастап, Тәуелсіздігімізге мұрындық болған (ғылыми болсын, саяси болсын...) тарихи оқиғаларға, іс-шараларға толыққанды қатыса алғаныма Аллаға да, тағдырға да ризамын. Тек қана өзім мен кейбір замандасыма ғана көңілім толмайды. Себебі сол митингтің талаптары әлі де орындалмай жатқандай көрінеді...

– Тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік стратегиялық құжаттарды әзірлеген тұлғалардың бірісіз. Ол құжаттар нендей тақырып аясында еді? Маңызы қандай болатын?

Егемендік алғаннан кейін қабылдаған ең алғашқы стратегиялық құжаттан бастайын. Ол – 1992 жылғы «Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуының стратегиясы». Бұл Егемендік жайлы Декларация мен Заң қабылданғаннан кейін, бірақ әлі тәуелсіз жаңа ­Конституция қабылданбаған, «өлара» уақытта дүниеге келген, өте маңызды құжат. Бұл құжатта біздің ұлттық мемлекет болып қалыптасуымызға қажет жан-жақты дамуымыздың барлық саласы қамтылған болатын. Онда әрбір саланың даму бағыты көрсетіліп қана қоймай, оған нақтылы жауапты мекемелер де бекітілген еді. Мысалы, оқу және білім саласының дамуына, тиесілі министрлікпен бірге, сол кездегі ­Президент Н.Назарбаев пен Жоғарғы Кеңес Төрағасы Е.Асанбаевтың қолдауларымен Жоғарғы Кеңестің жанынан арнайы құрылған біздің «Әбу Насыр әл-Фараби атындағы республикалық жас таланттарды қолдау қоры (ФАРАБИ ҚОРЫ)» да жауапты болды және жаңа мемлекеттің алғашқы жылдарында оны дарынды жас кадрлармен қамтамасыз етуге айтулы үлес қосты. «Дарын», «Болашақ» сынды бағдарламалар ұсынды, ең алғаш жүздеген таланты жасты ­шетелде оқытып, олардың елге оралып, қазақстандық дамуға үлесін қосуға септігін тигізді. Біздің қор Түркияда әрбір түркітілдес бауырлас мемлекеттерден 2000 жас кадрдың оқып, білім алуына да мұрындық болды. Қазір ол азаматтардың көпшілігі жас мемлекетіміздің іргесіне «кірпіш» болып қаланды, тіпті «баған» бола алғандары да бар...

Одан соңғы жылдарда, басқа да азаматтармен бірге Үкіметтің барлық «Қысқа, орта, ұзақ мерзімді» бағдарламаларын дайындауға атсалыс­тым. Көпшілікке кеңінен танымал «Қазақстан – 2030» бағдарламасын қолдану үшін арнайы құрылған «Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінде» министрдің орынбасары болып қызмет атқардым. Қысқа мерзімде бірнеше маңызды заң жобаларын әзірлеп, Мәжіліске ұсындық. Мысалы, «Мемлекеттік қызмет ­туралы заң» жобасын дайындайтын Үкіметтік комиссияны басқарған кезде, сол заңды дайындап қана қоймай, оны Парламенттің қабылдауынан да өткіздік. Оған қоса, сол агенттіктің ішінен, кейініректе, жеке мекеме боп құрылған – Мемлекеттік қызмет агенттігінің өзегіне айналған құрылым құрдық. Байқап отырсаңыз, қай кезеңде болса да, тек қана ойымызды ұсынып қана қоймай, оны іске асыруға барынша ұмтылдық. Себебі бізге, МГУ-де философия оқығанда, «шындық өлшемі – нәтижесінде» деп үйреткен болатын.

– Жас таланттарды қолдайтын республикалық қордың президенті, бас директоры болдыңыз. Жалпы жас таланттарды қолдаудың үлгі-мысалын қай елдерден нақты байқауға болады? Біздің елдегі жастарды қолдау ерекшелігі қандай?

– Үлгі-мысал ретінде АҚШ жүйесін алуға болар. Америкада талантты азаматтар, шыққан тегіне, немесе, әлеуметтік жағдайына қарамастан кез келген дәрежеге қол жеткізе алады екен. Бұл жүйенің негізінде әділетті сұрыптау принципі жатыр ма деп ойлаймын. Мен оны, АҚШ-тағы «Техас штатының Құрметті аза­маты» болғандықтан емес, онда барып зерттегендіктен, Техастың қалай санаулы-ақ жыл ішінде «ауыл­шаруашылық», «мұнайшы» штаттан «жаңа технологиясы дамыған» штатқа айналғанын қөзбен көріп, осындай дәрежеге жеткізген кейбір азаматтардың қолын ұстағандықтан айтып отырмын. Техаста Билік, Бизнес және Ғылымнан тұратын «Үш­тұғырлы» технологиялық орталықтар құрылған екен. Келген соң, бұл жағдайды айшықтап, аналитикалық қызметтік жазба ретінде жолдаған едім. Шешуі келген іс болды ма, әйтеуір, көп ұзамай сол кездегі Қазақстан Премьері Қасым-Жомарт Тоқаев пен сол кездегі Президент Н.Назарбаевтың шешімдерімен Қазақстанда «Алатау» және т.б. Технопарктер дүниеге келгенінің куәсі болдық.

– Тәуелсіздік туралы сөз болғанда, нақты 1991 жылғы тәуелсіздікті «Тәңір­дің берген сыйы ретінде, қантөгіссіз келген тәуелсіздік» деп баға беріп жататындар бар. Ол туралы ойыңыз қандай?

– Тәуелсіздік пен Егемендік – екеуі екі басқа ұғым деп есептеймін. Егемендік – Тәуелсіздіктің алғышарты ғана. Ойымды салыстырмалы түрде жеткізіп көрейін.

Демократиялық әлемде кез келген жетістіктер мен позицияларға, мейлі спортта болсын, саясатта болсын, қоғамдық өмірдің басқа салаларында болсын, қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру қиынырақ екені белгілі. Белгілі бір уақыт өткеннен кейін, сіз олар­ға шын мәнінде ие екеніңізді қайта-қайта дәлелдеп тұруға тура келеді.

Мемлекет тәуелсіздігі де мәңгілікке берілмейді және де ол орасан зор күш-жігер мен тұрақты түрде күресті талап етеді. Тәуелсіздік үшін күрес бір реттік әрекет емес, тұрақты құндылық, сондықтан барлық қолда бар ресурстарды үнемі шашыратуды емес, үнемдеп күш жұмсауды қажет етеді. Қазіргі әлемде кім дамымаса, оның тағдыры қысқа. Жылдам немесе баяу, бірақ бәрібір «демі» үзіледі.

Демек, Мемлекеттің тәуелсіздігі мен өркендеуі үшін күрес «мәңгілік шайқас», оған елдің барлық азаматтары қатысуы керек. «Жаһандану» деп аталатын, жүріп жатқан әлемдік бәсекелестікте: тек өздерінің ұлттық мүдделерін мейлінше қорғай алатын және өздеріне мүмкіндігінше көп қолдаушыларды тарта білген мемлекеттер мен халықтар ғана жеңіске жетеді.

Бұл елдер арасындағы бейбіт күрес (бәсекелестік), ресурстарды барынша шоғырландыруды қажет етеді, өйткені ол соғыс іспеттес, тек қана ол басқа әдістермен жүзеге асырылады. Сондықтан, біздің ойымызша, елдің өзін сырттай «мәңгілік» деп атап қана қоймай, оның тәуелсіздігі үшін жүретін күресті «Мәңгілік» деп жариялау керек!

Бұл ойларымды толығырақ бұдан бес жыл бұрын Мәскеу шаһарында шыққан «Мемлекет және Ұлт» атты монографиямда жазған едім. Аталмыш кітап «Қазақстанның ұлттық бірлігі доктринасында» ұсынған идеямның жалғасы және біздің Тәуелсіздігіміз үшін күрескен барлық шейіттерге бағышталған және тірілер мен болашақ күрескерлерге де арналған.

– Тәуелсіздіктің отыз жылында Қазақстан нақты қандай биіктерден көріне алды? Ұтқанымыз не? Ұтылға­нымыз қай тұс?

– Әр қазақстандықтың үйіне: қорасына, мұздатқышына, мал-мүлкіне, бар болса – банктегі есепшоттарына қарап осы сұрақтың жауабын табуға болады. Жалпы халықтың саны мен сапасының өсуіне қарап бағамдай аламыз. Себебі қай мемлекеттің қанша­лықты дамығаны – оның қарапайым халқының әл-ауқатымен өлшенеді.

– Тәуелсіздіктің алғашқы сүйінші хабарын қайда жүргенде естідіңіз? Жеке өзіңіз қандай сезімде болдыңыз? Елдің болашағы туралы нені армандадыңыз?

– Біздің мемлекеттік тәуелсіз­дігімізді алғашқылардың бірі болып, бірнеше сағат ішінде, бауырлас Түрік мемлекетінің танығаны белгілі. 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстанда ең алғаш, халықтың тікелей дауыс беруі арқылы, Президент пен Вице-президент сайлауы өткізілді. Мен сол ­сайлауда Назарбаев – ­Асанбаев сайлау штабында Аналитикалық ­топты басқарып, сайлау аяқтала сала, арнайы топпен, бірден Түркияға іссапарға аттанған едім. «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы заң» жобасы да шұғыл дайындалып жатқан. Сонымен, келе жатқан керемет хабар үшін сүйіншіні түрік бауырлардан алдық. Бұл пісіп-жетілген, бүкіл жұртшылық асыға күткен оқиға еді, себебі басқа мемлекеттер өздерінің Тәуелсіздігін бізден бұрынырақ жариялап қойған болатын. Ал менің жеке сезіміме келетін болсақ, қуаныштан басым айналғаны соншалық, бір-екі апта ішінде үйленіп, қалай «тәуелді» болып қалғанымды байқамай қалыппын...

Ел болашағы жайлы мендегі арман:

– Өзімді әлі сол Арманға «жегемін»,

Сондықтан да жетеріме – сенемін:

«Армандардың «Алаш Орда» аңсаған,

Орындалған сәтін көрсем» деп едім...

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Қарагөз СІМӘДІЛ

5891 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы